Балалардың мерекеге тартуы

Балалардың мерекеге тартуы

Балалардың мерекеге тартуы
ашық дереккөзі
Биылғы Халықаралық балаларды қорғау күні «Астана Операның» театралдық студиясының бес жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуде. 1 маусым  күні «Астана Опера» Камералық залының сахнасында театралдық студияның тәрбиеленушілері ерекше мерекелік бағдарлама ұсынбақ. Концертте балдырғандар алғаш рет жеке нөмірлермен өнер көрсететін болады. Кіші топтағы ұлдар итальян әншісі Робертино Лореттидің репертуарынан танымал «Santa Lucia», «O sole mio», «Funiculi funikula» және тағы басқа туындыларды орындайды. Жасы үлкен топтағы қыздар күрделі бағдарлама даярлаған, олар көп дауыспен шырқалатын шығармаларды ұсынады. Балет студиясының жас әртістері кең ауқымды бағдарлама әзірлеген. «Шолпы» қазақ халық биі, Й.Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен вариация, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен полька, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Китридің вариациясы және өзге де нөмірлер кештің көркін қыздыра түспек. «Шамамен екі ай бойы осы концертке дайындық жүргізілді. Жаңа бағдарламаға әртүрлі нөмірлерді, соның ішінде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан марш, «Япурай» қазақ халық әні, сонымен қатар жақын арада Үлкен зал сахнасында тұсауы кесілетін Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан үзінді енгіздік. V театр маусымының репертуарын да ішінара көрсететін боламыз. Студиямыздың ашылған сәтінен бастап күні бүгінге дейін шығармашылықпен айналысатын балалар, сондай-ақ, соңғы екі-үш жылда келіп қосылған балалар да бар. «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп, тәлім алып жатқан Балалар студиясының тәрбиеленушілері осы бес жыл ішінде ұжымның қарқынын арттыруда. Балаларда асқақ өнерге деген ұмтылыс бар, көпшілігі алдағы уақыттағы қызметтерін театрмен байланыстырып, өздері үшін осылай шешім қабылдап қойған», – дейді хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова. Сонымен қатар, көрермендер Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», Ж.Бизенің «Кармен», сондай-ақ, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операларынан хор студиясының тәрбиеленушілерін көре алады, ал балет студиясының жеткіншектері «Дон Кихот» қойылымында аты аңызға айналған миландық Ла Скала театры әртістерімен, сонымен қатар Мариинск театрының гастролі аясында Рихард Вагнердің «Рейн алтыны» операсында майталмандармен бірге сахнада өнер көрсетті. Хор және балет студиясының тәрбиеленушілері симфониялық оркестрмен, сонымен бірге ересек әртістермен бірге тұңғыш рет «Пер Гюнттің саяхаты» атты бірегей жобасына қатысқан.