Қалың орманға кім қорған?

Қалың орманға кім қорған?

Қалың орманға кім қорған?
ашық дереккөзі
Еліміздің аумағы кең болғанымен, орман қорымыз айтарлықтай үлкен емес. Ал аз ғана орман қорын сақтау – мемлекет үшін аса маңызды міндет. Бір өкініштісі, көктем, жаз айларында орман алқаптарындағы өрт жиі тіркеледі де, тілсіз жау талай байлығымыздың күлін көкке ұшырады. Сондықтан орман және дала өрттерінің алдын алу, қызыл жалынды сөндіру жұмыстары ерте көктемнен-ақ пысықтала бастайды. Алайда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өткен аптадағы Үкімет отырысында келтірген мәліметтері олқылықтардың көп екенін аңғартты.

Орман өртінің жиілеуіне не себеп?

Үкімет жиынында Ішкі істер министрі биыл да өрт қаупінің жоғары екендігін жасырмай айтты. Қалмұханбет Қасымовтың деректеріне қарағанда, ел аумағында жыл басынан бері 45 орман өрті тіркелген. Қызыл жалыннан келген шығын 4,4 млн теңгеге жетті. Ал соңғы 5 жыл ішінде 20 мыңға жуық орман өрті тіркеліп, 2 млн гектарға жуық алқапқа зиян келген. Ресми деректерге жүгінсек, 2017 жылы республиканың мемлекеттік орман қоры аумағында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында 13 368,6 гектар алқапта 563 орман өрті тіркелді. Орман өрттерінен келген залал – 215,5 млн теңге. Орман өрттері әсіресе, Жамбыл, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жиі тіркеледі. 2016 жылмен салыстырсақ, өткен жылы орман қорында 2 есе көп өрт тiркелген. Өртенген аумақ 5 есеге артып, материалдық шығын 7 есеге дейiн өскен. Дала массивiндегi өрттердiң де саны артқаны белгiлi. Олардың жалпы аумағы 850 мың гектарға жетiп отыр. Орман өртінің алдын алуға немесе оны сөндіруге қауқарсыз екенімізді 2018 жылдың 21 мамырында тіркелген Семейдегі жағдай тағы да айқындап берді. Қараған орманнан шыққан алапат өртті ауыздықтауға мамандардың күші әзер жетті. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды тоқтатуға 2 тәуліктерін жұмсады. Жалынды ауыздықтауға өртке қарсы қызмет пен орман қызметкерлерінен 350 адам және 18 арнайы техника жұмылдырылды. Тіпті, оларға Өскеменнен су себетін тікұшақ көмекке келді. Ә дегенде-ақ орманның 40 гектар алқабы жанып кетті. Соңғы деректер бойынша, өртке оранған алқаптың аумағы – 350 гектар. Тиісті органдар қарағайлы орманнан шыққан өртке темекі тұқылының себеп болуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Орманға жақын маңда орналасқан ықшам ауданды да шарпи жаздаған өрттің өршуіне қатты жел себеп болды. Биыл Қостанай облысында да орман өрті көбейді. Облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағында жыл басынан бері 17 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға көп. Соған қарамастан, өңірдегі Сарыкөл, Қамысты, Денисов және Федоров аудандарына қарасты кейбір елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері жоқ.

Қажетті құралдар қат болып тұр

Өрт қаупі жоғары болғанымен, тілсіз жаумен күресуге мүмкіндік беретін техниканың жағдайы мәз емес. Мәселен, 5 мың елді мекенді қызыл жалыннан қорғауға 450 өрт бекеті қажет болса, бізде оның 179-ы ғана бар. Ал ормандардағы өрттің ошағын табу үшін 290 бақылау мұнарасы керек. Бірақ біздегі бары – 200. Қолдағы бар техниканың өзі әбден ескірген, олардың пайдалану мерзімі де әлдеқашан өтіп кеткен. Техниканың әлсіздігі, өрттің алдын алу шараларының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан еліміздегі орман алқаптары азайып кететін түрі бар. «Қолда бар техника мен күш аз екені белгілі. Соның салдарынан соңғы 5 жылда елдегі орман дала алқаптарында 20 мыңнан астам табиғи өрт орын алды. Материалдық залал 600 млн теңгеден, өртенген аудан 1,8 млн гектардан асты. Қабылданып жатқан шаралар мен талаптарға қарамастан, аймақтар қауіпті өрт кезіне толық дайын деп айта алмаймыз», – дейді Ішкі істер министрі. Орман өртін сөндіру өте қиын. Өйткені қалың ағаштың арасына көлікпен бару мүмкін емес. Ол үшін арнайы қондырғылар, әуеден су шашатын тікұшақтар қажет. Бірақ мұндай техника бізде жеткіліксіз. Еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 млн гектарды құрайды. Оның 6,8 млн гектары Ауыл шаруашылығы министрлігінің иелігінде. Ал 22,7 млн гектар орман алқабы әкімдіктер қарауына берілген. Сондықтан да негізінен дала өрттерінің алдын алу мен сөндіру жергілікті атқарушы билікке, ал орман өрттерінің алдын алу және сөндіру жергілікті билік пен орман шаруашылығын қорғау комитеттеріне жүктелген. Бірақ жергілікті биліктегілер де жағдайды реттей алмай отыр. Қазіргі уақытта аймақтарда орман шаруашылықтары мен алқаптардағы өртті сөндіруге қолданылатын автоцистерналар жетіспейді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 460 мың гектар орманға 3, Солтүстік Қазақстан облысында 684 мың гектар орманға 22, Алматы облысында 5,3 млн гектар орманға 30 цистерна қолданылады. Ал Ақтөбе облысындағы табиғи резервуарларда өрт сөндіруге қолданылатын цистерна атымен жоқ. Нақты деректерге қарағанда, Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл, Батыс Алтай, Катонқарағай мемлекеттік қорықтары мен «Семей орманы» резерватының техникамен қамтылуы 80-90 пайызды құрайды екен. Ал облыстық орман шаруашылығы басқармасына қарасты алқаптар қазіргі таңда өрт сөндіру техникаларымен 61 пайызға қамтылған. 2017 жылы облыстық бюджеттен 701 миллион теңге бөлініп, 13 орман шаруашылығына 33 (13 өрт сөндіргіш автомашина, 13 шынжыр табанды трактор, 7 дөңгелекті трактор) техника, басқа да өртке қарсы құрал-жабдықтар сатып алынған. Айта кетер бір жайт, бұл соңғы 15 жыл көлемінде бөлінген қомақты қаражат. Дегенмен бөлінген қомақты қаражат мәселені толық шеше алған жоқ. Әлі де өңірдегі 13 орман шаруашылығына қарасты тәлімбақтарға – 24, орманды өрттен қорғау бригадасына 8 жұмысшы, 13 көлік жүргізушісі, 50 тракторшы, 190 орман қорықшысы, 57 өрт сөндіруші, 45 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 983 мотоцикл (немесе жылқы) керек.

Өртке ойсыз адамдар себеп болады

Орман өрті ауа райының қолайсыздығынан ғана емес, абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқтан да пайда болуы мүмкін. Жасыл желектегі қызыл жалынның негізгі себептері – найзағай, ормандағы адамдардың жауапсыздығы, әдейі от қою, жанартау атқылауы, ауаның ыстық ағыны, қуаңшылық. Өрт – аса қауіпті тілсіз жау, ол экономикаға үлкен материалдық шығын келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Өрт жаздың қатты ыстығында, ұзақ уақыт жауын жаумай, құрғақшылық болған кезде жиілеп, орманды және дала алқабының өртенуіне шөптің өздігінен жануы да себеп болады. Кейде күн күркіреген кезде жай түсуден де орман жиі өртенеді. Өрт өзінің сипатына қарай төмендегі және жоғарыдағы болып бөлінеді. Жалпы өрттің 90 пайызы төменде болады. Мұндай жағдайда от тек топырақтың үстіңгі қабатында ғана болып, өсіп тұрған шөп, ағаштың жер бетіндегі тамыры жанады. Жоғарыдағы шашыранды өрт қатты жел соққанда басталып, от ағаштың діңі арқылы бұтақтан бұтаққа «секіре» береді. Жел ұшқынды, жанған бұтақ пен жапырақты жан-жаққа шашыратып, он шақты, кейде жүз шақты метрден соң басқа жану ошағын туындатады. Кейде жалын сағатына 15-20 км жылдамдықпен жылжиды. Көбінесе жасыл желектегі өрт құрғақшылық жылдары, ерте көктем мен күзде тіркеледі екен. Бұған ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының дұрыс сақталмауы себеп. Орман өрті ағаш қорын азайтып қана қоймай, олардың өсуін нашарлатады. Қазақстанда Ертіс және Обь өзендерінің арасындағы далалық аймақта орналасқан қарағай жолағында өрт жауынды жылдары да көп болады. Себебі бұл жерлерде ауа райы құрғақ болғандықтан, өрт қаупі кезеңінің орташа ұзақтығы 180 күннен асады. Орман өрттері үлкен жылдамдықпен тарайтындықтан, жердің орасан үлкен аумағын өртеп жіберуі ықтимал. Оның үстіне, орман өрттері су тасқыны мен лай көшкінінің ықтималды қауіптілігін ұлғайтады. Ал өрттің әсерінен тіршілік ететін ортаның түрі көбейіп, биологиялық әртүрлілік артады екен. Сондай-ақ, құнарлы заттардың айналымы көбейеді. Орман өрті орын алса, әсіресе, ұзаққа созылған қуаңшылық жылдары жүздеген гектар жерге таралып, жалыны тиген жердің бәрін тып-типыл етеді. Орман өртінің табиғатқа келтіретін зияны аз емес. Өйткені жасыл-желектің қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет. Өрт бола қалған жағдайда орманның табиғи қайта түлеуі жойылады. Зиянды орман жәндіктері орман өртінен нашарлаған сүрек-діңдерге қонып, тез көбейе бастайды да, кейіннен олар жанында өсіп тұрған сау ағаштарға ауысып, оларды зақымдап, шірітеді. Қызыл жалын орман ішіндегі құстардың ұясы мен жан-жануарлардың қоректік базасын да жояды. Ал орман өртінің алдын алу үшін алдымен адамдар табиғатты пайдалану мәдениетін меңгеруі қажет. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес, барша адамзатқа ортақ міндет. Яғни, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қоғам тыныштығының кепілі. Бастысы, жұртшылық өрттің туындауына жол бермеу үшін барын салуы қажет. Орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесі әрқашан басты назарда болып, аталған табиғи апатқа қарсы әрекет етуге дайын болуымыз қажет. Табиғи өрттердің негізгі себептері адам факторларынан болып отыр. Бұл туралы мамандар да жиі айтады. Орман өртінің 80 пайызға жуығы тұрғындар еңбек етіп жатқан немесе дем алып жатқан жерлерінде от қауіпсіздігін сақтамауынан, сол сияқты орманда ақаулы техниканы пайдаланудан болады. Бір өкініштісі, орманға келушілердің көбі өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныс емес, отты сақтықпен пайдалануға дағдыланбағандардың қатары көп. Негізінен, жанып тұрған сіріңкенің шиін, темекі тұқылын жерге тастау, бекітілмеген жерлерге, қылқан жапырақты жас екпелерге, бұрын жанған ағаштарға, орманның зақымдалған учаскелерінде, сондай-ақ, ағаш бұтақтарының астында және кепкен шөбі бар жерлерде от тұтатпау қажет. Жасыл желекті жойып жіберуге қауқары бар қызыл жалынның келтірген шығынын есептегеннен бұрын оның алдын алуға баса назар аудару қажет. Көп жағдайда дала өрттері адамдардың жауапсыздығынан орын алатындығы күмәнсіз. Таулы аймақтарға демалуға шығып, соңында жаққан отты сөндірмей кету, шылымды толық өшірмей, шөпке тастай салу қарапайым жұртшылық үшін әдеттегі жағдай секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бір адамның жауапсыздығынан жүздеген, тіпті мыңдаған гектар орман алқабы отқа оранып, мемлекетке миллиондаған шығын келтіретіндігін естен шығармаған абзал.