Смартфонға үңілген сансыз жұрт 

Смартфонға үңілген сансыз жұрт 

Смартфонға үңілген сансыз жұрт 
ашық дереккөзі
Ұршықтай айналып, дөңгеленген дүние ағысына ілесе білмеген жұрт ілгері озған уақыт көшінен кешеуілдеп, өркениеттен қалыс қалатынын Алаш зиялылары айтып та, жазып та кетті. Ұлт ұлыларының өсиетіне адал Елбасының бүгінгі қам-қарекеті қазақ елін дамудың алдыңғы шебіне шығаруға, әлемдік өркениетке қосылатын өзіндік үлесімізді еселеуге, рухани кеңістігімізде ғылым мен технология, өндірісімізде инновация сынды замана айшықтарын берік орнықтыруға бағытталған. «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын ілгерілетуге басымдық беруі сөзімізге дәлел. Бағдарлама аясында атқарылып жатқан іс-шаралар құжат жинап, қағаз арқалаудан, кезек күтіп, есікке телміруден шаршаған жұрттың тірлігін жеңілдете түсті. Құжатын қамдаған қауымның жұмысы Халыққа қызмет көрсету орталығынсыз бітпейтіні белгілі. Мәселен, былтыр елімізде 38 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұрын тілдей анықтама алу үшін сағаттап кезекте тұрып, жүйке жұқартуға тура келсе, бүгінде үйде отырып-ақ көп құжатқа қол жеткізуге болады. Мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландырып, құжаттардың қолжетімділігін арттыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қолға алған шаралардың арқасында қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтарында атқарылатын бірқатар шаруаны смартфонның көмегімен тындыру мүмкіндігі туды. Мәселен, бұдан былай сәбилі болған аналар баласының туу туралы куәлігін алу үшін табан тоздырып, уақыт кетірмейді. Перзентханада жатып-ақ, ұялы телефонның көмегімен смс-хабарламаға жауап беру арқылы нәрестенің құжатына әп-сәтте қол жеткізе алады. Ол үшін элек­тронды сандық қолтаңба болса жеткілікті. Мұндай жеңілдікті алғаш боп пайдаланғандардың бірі – алматылық келіншек Айнұр Бауыржанқызы. Электронды үкіметке тіркелген келіншектің ұялы телефонына босанғаннан кейін арнайы құттықтау хабарлама келіпті. Артынша баласының аты-жөнін смс-хабарламамен жіберу арқылы туу туралы куәліктің рәсімделетіндігі жөнінде ақпарат жеткен. Мұндай мүмкіндіктің тиімді екенін ескерген жас ана ойланбастан пайдалануды құп көрген. Кейінірек тағы да сол «1414» нөмірінен шақалақты қазірден бастап балабақшаға тіркеуге қоюға болатындығы жөнінде хат келіпті. Айнұр бұл жеңілдікті де қолданып, баласына балабақшадан орынды қазірден бастап қамдауды жөн санаған. Бұл қызметтерден бөлек, босанғаннан кейін алатын жәрдемақыны да үйден шықпай-ақ, ұялы телефонның көмегімен рәсімдеуге болады. Тек жеке шотыңыздың нөмірін смс-хабарлама арқылы жіберсеңіз жеткілікті. «Азаматтар әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды қолтаңба алуы керек. Сол кезде орталық мамандары ұялы телефон нөмірін мобильді үкіметке тіркейді. Яғни, ортақ базада аты-жөні тұрғаннан кейін, қандай қызмет ала алатындығы жөнінде 1414 нөмірінен хабарлама келіп тұрады. Мәселен, туу туралы куәлігін рәсімдеген соң, кейіннен өзіне ыңғайлы, жақын жердегі АХАЖ бөлімінен алуға болады», ‒ дейді Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Әсел Мамажанова. Биыл ел тұрғындарын қуантқан тағы бір жаңалық – жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру қызметінің іске қосылғаны. Бұл қызмет Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарының тұрғындарына ұсынылып отыр. Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электронды сандық қолтаңба қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында тіркеуден өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, электронды сандық қолтаңбамен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса, фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, мемлекеттік баж салығын төлейді. Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы элек­трондық чекті басып шығару керек. Тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының Тіркеу-емтихан алу бөлімшелеріне барып, дайын құжатты алып кетуге болады. Онлайн жүзеге асырыла бастаған тағы бір қызмет түрі – уақытша тіркеуге тұру. Бұдан былай мекен-жай бойынша тіркелу үшін азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ. Бұл туралы жуырда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті. – 25 ақпаннан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелуі» қызметін автоматтандырдық. Бұрын азамат мекен-жай бойынша тіркелу үшін электронды сандық қолтаңбамен бірге өтінішті толтырып, бұдан кейін қолға түскен құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына апаратын. Осылайша жаңа мекен-жай жеке куәліктің чипіне түсіп, аталған мәлімет ҚР ІІМ-нің базасына енгізілетін. Бұдан былай өтініш Egov.kz порталына түскеннен кейін азаматтың ХҚКО-ға баруы міндетті емес. Себебі аталған мәлімет бірден ҚР ІІМ-нің базасында жаңартылады, – деп түсіндірді ол. Жүргізуші куәлігін ауыстырғысы келетін кез-келген азамат бұл жұмыстың нәтижесін 15 минуттың ішінде тексере алады. Биылдан бастап мемлекеттік қызметтер үшін ақыны смартфон арқылы төлеу мүмкіндігі де біршама кеңейді. Жуырда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы банк картасы мен электрондық әмияны бар азаматтарға ақшасыз қолма-қол есептесуді ұсынатын fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосты. Енді ақшасыз қолма-қол есептесуді қалайтын азаматтар кең таралған 37 мемлекеттік қызметтің ақысын тек банк карталары арқылы ғана емес, «WebMoney», «Qiwi» жəне «WalletOne» электрондық әмияндары арқылы да төлей алады. Сондай-ақ, онлайн-сервистің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұлдар мен жол ережесіне қатысты айыппұлдарды төлеуге болады. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түспек. Жаңа сервис – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифрландыруға жасалған кезекті қадам. Сервистің көмегімен қызмет алушылар кассаға кезекке тұрмай-ақ, интернет желісі қосылған смартфон немесе басқа да гаджетпен www.fastpay.kz сайтына кіріп, тиесілі мемлекеттік қызметке шұғыл түрде төлем жасай алады. Төлем жасалған соң азаматтың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті мен электрондық поштасына электрондық чек бекітілген хабарлама келіп түседі. Мұның бәрі – цифрландырудың игілігі. Ендігі міндет – мүгедектер, зейнеткерлер және көпбалалы аналар пайдаланатын мемлекеттік қызмет түрлерін оңтайландыру. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, аталған санаттағы азаматтарға қажетті құжат айналымын автоматтандыру қолға алынуда. Атап айтқанда, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне жәрдем­ақы тағайындауды айтарлықтай оңтайландыруға басымдық берілмек. «Қазір көп балалы аналар «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» санаттары бойынша жәрдемақыға қол жеткізу үшін мемлекеттік корпорацияға барып, құжат өткізуі тиіс. Бұл қызметті жеңілдету үшін біз Президент әкімшілігі арқылы ақпарат алып, соның негізінде төлемдерді автоматты түрде тапсыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша экономикалық тиімділіктің болжамды көрсеткішін есептеп шығардық. Құжаттардың қағаз түріндегі айналымын алып тастауды көздеп отырмыз», ‒ дейді Абылайхан Оспанов. Қазақстандықтарды қағазбастылықтан түбегейлі арылтуды прокуратура өкілдері де қолдайды. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин жеке куәліктен, жүргізуші куәлігінен және көліктің техникалық паспортынан бас тартып, оның барлығын телефондағы қосымшаға ауыстыруды ұсынды. «Бұрындары заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге тұрғаны жайлы қызғыл түсті куәлік болатын. Жылжымайтын мүліктің мемлекеттік тіркеуге қойылғаны жайлы да куәлік болды. Қазір бұлардың бірі де жоқ. Қандай да бір мәлімет керек болған жағдайда, базаға кіріп қарай аласың. Сол секілді жеке куәлік, жүргізуші куәлігін, сондай-ақ, көліктің техникалық паспорты сияқты құжаттарды да алып тастаған дұрыс деп ойлаймын», ‒ дейді ол. Оның айтуынша, осы құжаттарды шығаруда қаржы үнемдей отырып, еліміздегі бүкіл халықты смартфондармен қамтамасыз етуге болады: «Қазақстандықтар өзімен бірге ұялы телефоннан басқа ештеңе ұстамайды. Осы құжаттардың әрқайсысын шығарғаннан гөрі әр тұрғынға смартфон алып берген арзанға түседі. Смартфонның өз бағасы 5-10 мың теңге. Осындай бағаға алсақ, еліміздің барлық азаматын смартфонмен қамтамасыз етуге болады». Кім біледі, елімізде цифрлық технологиялар бүгінгі қарқынмен ілгерілесе, ол күннің де шалғайлығы жоқ. Алайда онсыз да гаджеттерге телмірген жұрт сымсыз тетіктен мүлдем бас көтермей қоймай ма деген күдік маза бермейді. Цифрландырумен бірге ұлт саулығы мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін де қаперден шығармауымыз керек.