«Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабы

«Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабы

«Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабы
ашық дереккөзі
Жуырда Алматыдағы Ұлттық кітапхананың «Нәзира Дәулетова» атындағы залында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл игі шараны ҚР Ұлттық кітапханасы, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы, «ARNA-B» баспасы ұйымдастырды. Кітапты құрастырған әрі жоба авторы  композитор Қалдыбек Құрманәлі. Жиналған көпшілік алдында мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Амалбек Тшанов, ҚР ҮҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбайұлы, ақын Көпен Әмірбек, «Алматы ақшамы» газетінің редакторы, жазушы-публицист Қали Сәрсенбай  композитор туралы естеліктерін айтып, фотоальбом-кітаптың жарыққа шығуымен құттықтады. Жоба авторы Қалдыбек Құрманәлі фотоальбом-кітап «Менің Қазақстаным», «Өмір-өзен», «Сол бір кез есімде...», «Шәмшінің әні», «Сарғайған суреттер сыры», «Аманат», «Шәмші-мұра»  бөлімдерден тұратынын, композитор жайында жан-жақты мәліметтер барын айта келіп, оның арнайы орта және жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары мен студенттерге, сондай-ақ, өнерсүйер қауымға  арналғанын жеткізді. Тұсаукесер соңынан әнші Сәкен Жақсылықұлы  композитор Қалдыбек Құрманәлінің атақты сазгерге арнаған «Ән аға» әнін шырқады.