Биологияны қазақша сөйлеткен ғалым

Биологияны қазақша сөйлеткен ғалым

Биологияны қазақша сөйлеткен ғалым
ашық дереккөзі
1719
Профессор Төлеутай Несіпбаевтың отандық аграрлық білім, ғылым саласында алатын орны ерекше. Оған оның отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі мен ұзақ жылдық ұлағатты ұстаздық жолындағы ерен еңбегі дәлел. Оқушы, студент кезінен-ақ ұстаздарының сенімін ақтап, өз уақытында  кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, есімі тек біздің елге ғана әйгілі ғалым-ұстаз болып қалмай, әлемге аты шықты. Ғалымның ғылыми еңбектері дүниежүзіне белгілі ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып, 1991 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген сол кездегі Кеңес Одағының «Ауыл шаруашылығы малдары физиологиясы» атты оқулыққа енді. Төлеутай Несіпбайұлының ғылыми еңбектері бүгінде еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және орта оқу орындарының басты оқу құралдарына айналды. Қазіргі уақытта еліміздің білім-ғылымға сусап отырған сан мыңдаған жас өрендері Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, ұстамы мықты ұстаз-ғалым Т.Несіпбайұлының ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделеп жазған 300 баспа табақты құрайтын 200-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектерін оқып, өндірісте іс жүзінде пайдаланып, қолданып білім-біліктерін шыңдап жүр. Т.Несіпбайұлының азаматтық тұлғасында туа біткен асыл қасиеттер көп-ақ. Соның бірі – ұлтжандылығы десек, қателеспейміз. Елім деп ерен еңбек етуін, қазақ тіліне қатысты қажырлы еңбегін сол қатарға жатқызуға болады. Кер заманның кесірінен кенжелеп қалған тілімізді тірілтуге, оны одан әрі дамытып, ғылым тіліне айналдыруға Т.Несіпбайұлының қосқан үлесі сүбелі. Ол ең алғашқылардың бірі болып, қазақ бөлімінің студенттеріне арналған «Жануарлар физиологиясы» атты екі томдық оқулық жазып, өзі қатарластар мен өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетті. Физиология ғылымының қыр-сырына, мән-мәнісіне жастар тереңірек бойласын деген мақсатта терминдердің орысша-қазақша түсіндірме сөздігін шығарды, физиология ғылымы терминологиясының қазақша қалыптасуына белсене атсалысты. Төкеңнің осындай бір ерен еңбегінің арқасында ауыл шаруашылық ғылымының көптеген салалық терминдері біршама қазақи рең алып, жетіліп қалғанын қазіргі заман оқулықтары мен оқу құралдарын парақтаған кез келген адам мойындайды. Т.Несіпбайұлының бұл саладағы бір ерекшелігі – бұрын қазақша аталмай келген шетелдік сөздерге қазақша балама сөз ұсынып қана қоймай, ол сөздің мән-мағынасына терең үңіліп, дәл бере білуінде. Ғалымның бұл қасиетін өзінің ғылыми-әдістемелік еңбектері мен республикалық түрлі басылымдарда жарық көрген ғылыми-көпшілік мақалаларындағы ой-толғамдарынан анық аңғарамыз. Мәселен, жуырда ғана республикалық «Ана тілі» апталығында (20.03.08ж.) жарияланған «Күретамыр» деген мақаласында Т.Несіпбайұлы: «Көбіне медициналық терминдер орыс тіліндегі анықтамалардың аудармасына айналып кетеді. Мысалы, «Тіл асты без» (подчелюстная железа), «Құлақ маңы без» (околоушная железа), «Қалқанша маңы без» (около щитовидная железа), «Ұйқы артериясы» (сонная артерия) сияқты атаулардың орнына осы ұғымдардың ана тіліміздегі байырғы атауларын негізге ала отырып, «бұғақбез», «алқымбез», «шықшытбез», «қалқанша серік без», «күретамыр» сияқты баламалар енгізілсе. Осы ретте «Күретамыр» термині жөнінде ерекше пікір айтқым келеді. Көп жағдайда әдебиетшілер мен адам дәрігерлері «күретамыр» деген сөзді «ірі артерия» ұғымының баламасы ретінде қолданады. Ал анатомиялық тұрғыдан әрбір артерия өзінің орналасу жағдайына қарай атау алған. Мысалы, білек артериясы, жіліншік артериясы, сан артериясы, балтыр артериясы, бүйрек артериясы т.т. Ал мал бауыздағанда «сан артериясы», «балтыр артериясы» қиылмай, тек күретамыр орылады ғой. Демек, орыс тілінен тікелей аударма ретінде саналатын «ұйқы артериясы», шын мәнінде «күретамыр». Демек, барлық ірі артерияларды емес, тек миға қан жеткізетін артерияны ғана «күретамыр» атаған жөн болар», – деп жазады. Көріп отырғанымыздай, ғалым орыс тілінің жетегіне еріп кетпей, ғылыми ұғымдарға қазақи пайым мен қазақи таным-түсінікке лайық, айтып-жазуға жеңіл атау қоя білейік деп ескерту жасап отыр. Осы және бұдан басқа да көпшілікке арналған мақалаларындағы ғалымның жаңағыдай талап-ұсыныстары көптің көңілінен шығып жүр. Себебі соңғы кезде келсін-келмесін кез келген шетелдік ғылыми атауларды бас салып қазақшалап және онысын «керемет сөз» деп дәріптеп уағыздаушылар тым көбейіп кеткені рас. Осы ретте «қазақша ғылым тілін қалыптастыруға өз үлесімді қосамын» деп жүрген жастарға қазақ тіліне уызынан жарып өскен, оның қыр-сырын терең түсінетін, қазақ тілінің табиғатына аса жетік және оны өзінің ғылыми еңбектері мен соңғы үлгідегі электронды оқыту құралдарымен жабдықталған дәрістерінде орнымен шебер қолданып, пайдалана білетін Т.Несіпбайұлы секілді қайраткер ғалым ағаларымыздың орны бөлек. Осындай кісілігі көпке өнеге, бедел-абыройы биік тұлғалардың дер шағында айтылған ақыл-кеңестері мен дұрыс жолға бағыттайтын бағдаршамдай нұсқаулары бізді адастырмай, жарқын болашаққа бастайтыны анық.  

Қайрат ИСХАН,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент

Серіктес жаңалықтары