Венгрияның су мамандары - Алматыда

Венгрияның су мамандары - Алматыда

Венгрияның су мамандары - Алматыда
ашық дереккөзі
Алматы қаласына арнайы іссапармен келген Венгрия консулы және Су компаниялары қауымдастығы мамандарының айтары көп. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде бас қосқан Венгрияның Бас консулы Юдит Ланг, сыртқы экономика жөніндегі атташе Дердь Тар, Венгрия Су компаниялар Қауымдастығының хатшысы Эдит Надь, Хатшылық қауымдастығының референті Балаж Ковач, Қауымдастықтың техникалық референті Кинг Кашперкиевиц қазақ ғалымдарымен бас қосты. Мажар елінен келген делегация су шаруашылығы және кәріз жүйелерімен айналысатын компаниялардың экспорттық өнімдерін таныстырып, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасты. Оқу орнында Азия даму банкінің қолдауымен Су хабы құрылған болатын. Бүгінде бұл тәжірибе алмасу алаңына айналып, шұғыл жағдайда жедел әрекет етуге қажетті ақпаратпен дәл уақытында алмасуды қамтамасыз етеді. Яғни, су хабының қызметі – су ресурстарын қорғауға, су балансы, жердің тозуы мен топырақтың сортаңдалуы, мелиорация, суландыру, қуаңшылық, өңірдегі тұщы су көлемінің, өзендегі су деңгейінің төмендеуі бойынша сұрақтарды талқылап, сарапшыларды орталықтан тартуға, сондай-ақ, барлық мүдделі тұлғалар мен ұйымдарды оқыту мен ақпараттандыруды назарда ұстайды. Жиынды ашқан ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов университеттің халықаралық байланыстары туралы: «Еліміз Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде көптеген мемлекеттермен халықаралық байланыс орнатты. Соның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін Венгрияның орны ерекше. Қазақстан мен Венгрия ауыл шаруашылығы саласындағы азық-түлік айналымы 6 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Венгрияға жөнелткен ауыл шаруашылығы тауарларының экспорт мөлшері 1,5 есеге ұлғайды. Ал соңғы жылдары оқу орны Венгрия мемлекетінің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан», – деді. Ал Венгрияның Бас консулы Юдит Ланг университет басшылығына жылы қабылдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталса, Венгрия Су компаниялар қауымдастығының хатшысы Эдит Надь компания тарихымен таныстыра кетті. 1990 жылы  құрылған Венгрия сумен жабдықтау Қауымдастығы (MaVíz) – сауда мен инженерлік саланы дамыту бойынша қызметтерді ұсына отырып, су шаруашылығы мүдделерін қорғайтын тәуелсіз өкіл болуға ұмтылып келеді. Эдит Надьтың айтуынша, Венгрияда қоғамдық су шаруашылық қызметтерді мемлекеттік муниципалитет (бес ірі аймақтық коммуналдық кәсіпорындар) және  жергілікті өзін-өзі басқару мемлекеттік органдарына тиесілі коммуналдық кәсіпорындар атқарады. «Әртүрлі құрылымдармен етене жақын жұмыс істейтін 41 коммуналдық кәсіп­орынның 39-ы қауымдастықтың аффинаждалған (тазартылған) мүшелері болып табылады. Бұл елдің жалпы сумен жабдықтау көрсеткішінің 95 пайызын құрайды», – дейді ол. Қауымдастықтың негізгі міндеттері – аталған ұйымдарды сумен жабдықтау саласында үйлестіру, мүдделерді қорғау, ұлттық және шетелдік ұйымдар, министрліктер, муниципалитеттер, парламенттік, ғылыми және әлеуметтік комитеттер, қауымдастықтар мен палаталармен қарым-қатынасты жақсарту, қатысушы компанияларға кәсіби көмек беру, ақпараттық қамтамасыз ету, басылымдар мен конференцияларды техникалық, экономикалық және әкімшілік жағынан ұйымдастыру. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі озық технологиялар мен әдістерді пайдалана отырып, су шаруашылығы және сауда компаниялары, жергілікті билік органдары және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Венгрия Су компаниялар қауымдастығының хатшысы Эдит Надь: «Осы жиынға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Ынтымақтастықты орнату арқылы үлкен жетістіктерге жететінімізге сенім мол. Сонымен қатар ұйым сарапшылары сіздерге су шаруашылығы саласында өз кеңестерін беруге дайын. Себебі су – тірішіліктің нәрі. Бұл қауымдастық тектен-тек құрылған жоқ. Соңғы жылдары әлемде су мәселесіне қатысты түйткіл көп. Оны қауымдастық аясында шешуге мүмкіндік мол. Сондықтан болашақта екіжақты байланыс арта береді деп ойлаймын» дегенді айтты.  Бұдан соң ҚазҰАУ мен Венгрия Су компаниялар қауымдастығы арасында әріптестік орнату жөнінде меморандумға қол қойылды.