Жақсыбеков футболдағы жемқорлықпен күреспек

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков клуб басшылары мен төрешілерге ескерту жасады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бүгінгі конфенцияның алдында клуб басшылары мен төрешілері арасында әділ ойындар өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – кәсіби футболдың маңызды мәселесі. Оны бәріміз жақсы білеміз. Аталған проблема отандық футболдың имиджіне де, сапасына да кері әсерін тигізеді», – деді Ә.Жақсыбеков Қазақстан футбол федерациясының XVII конференциясында. Ұйым басшысының айтуынша, алдағы уақытта өзара келісілген матчтар бойынша арнайы комиссия құрылады. Ондай жүйе бұрын болған. Енді, оны қайтадан қолға алу жоспарланып отыр. «Бірден айтайын, бұл – федерацияның ұстанымы, барлық атқарушы комитеттің ұстанымы. Сондықтан клуб басшыларына айтарым, біз өзара келісілген матчтармен күресетін боламыз. Ертең арыз-шағымдар, жанжалдар болмасын, келісілген матч анықталса, адамның жасаған еңбегіне және басқа да жетістіктеріне қарамаймыз, қатаң жаза қолданамыз. Әділетсіз судьялар да бар. Олар бопсалаумен айналысатын шығар. Ондай әрекеттерді бірден анықтап, жауапты адамдарды жазалауымыз қажет. Аталған фактор отандық футболдың дамуына кері әсерін тигізеді. Реніш болмасын, нақты дәлел болса, комисиия қатаң шара қолданатын болады», – деп атап көрсетті Ә.Жақсыбеков.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияда ҚФФ-ның «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» атты жаңа стратегиясы таныстырылды. Аталған құжатта батыл мақсат бар. Ол – футболдың қазақстандық стилін қалыптастыру. Соның арқасында Қазақстанның футболы барша әлемге танылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, жаңа стратегияда әйелдер клубтарын арттыру міндеті белгіленіп отыр. Алдағы уақытта Қазақстан футбол федерациясы ортанқол легионерлерден құтылмақшы. Бүгінгі конференцияда үш министр Қазақстан футбол федерациясына мүше болып сайланды.

Back to top button