Оралман да отандасымыз емес пе?

Оралман да отандасымыз емес пе?

Оралман да отандасымыз емес пе?
ашық дереккөзі
Қолданыстағы көші-қон заңнамасы бойынша күні бүгінге дейін тек оралмандардың отбасына ғана квота бөлініп келді. Ал жалғызбасты оралмандардың мәртебесі анықталмаған еді. Жаңа заң жобасында осы олқылықты түзетіп, қоныс аударушылар арасындағы некеге тұрмаған азаматтарды да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтып, өңірлік квотаға енгізу көзделген. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, жаңа заң жобасы атамекеніне оралуға ниетті, алайда қолданыстағы заң бойынша мемлекет тарапынан ешқандай қолдауға ие бола алмай жүрген қандастарымызға көмек қолын созбақ. «Бұған дейін оралмандардың отбасына ғана квота бөлінді. Өкінішке қарай, заңда сондай бір олқылық болды. Ал жалғызбасты оралмандардың заңды мәртебесі болмады. Ондай азаматтар аз емес. Енді жаңа заң жобасы аясында отбасы бар оралмандар ғана емес, жалғызбасты оралмандар да квота ала алады», – дейді вице-министр. Бұдан бөлек, оралмандардың Қазақстан азаматтығын алуына қатысты сан алуан мәселелер бар. Атап айтқанда, шетелден келген мыңдаған оралман объективті және субъективті себептермен қолданыстағы заңнамада қарастырылған бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алуға қажетті құжаттарын жинап, тапсырып үлгере алмай қиындық көріп жүргендігі белгілі. Бұл жөнінде олар парламентке талай рет хат жазып, оралман мәртебесінің мерзімін ұзарту жөнінде өтініш білдірген болатын. Жаңа заң жобасында бұл мәселенің де шешімі табылды. «Енді, оралман мәртебесін үш айға созуға болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру керек. Бірақ ондай мүмкіндік бір рет қана беріледі. Ал өтінішті оралман мәртебесі аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде жазуға болады», – деп түсіндірді Н.Әлтаев. Тарихи Отанына оралған қандастарымызға оралман мәртебесі барлық аймақта беріледі. Оралман мәртебесін Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес толық құжаттар топтамасын өткізгеннен кейін 5 жұмыс күн ішінде ала алады. Бір жылға берілетін оралман мәртебесін алған азамат тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін, Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып, жеңілдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Егер оралман мәртебесін алған азамат бір жыл ішінде азаматтық алмаса, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, оралман мәртебесінің мерзімі тоқтатылады да, ол этникалық қазақ санатына қосылып, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алмайды, жұмысқа орналасуы да қиындайды. Өйткені этникалық қазақ дегеніміз – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам. Ал шетел азаматтары азаматтықты тек Президенттің Жарлығымен алатыны белгілі. Елімізге көшіп келген қандастардың көбі бір жыл ішінде тиісті құжаттарды рәсімдеп үлгере алмай, жеңілдіктен қағылып жатады. Оралман мәртебесін үш айға созу олардың азаматтық алып үлгеруіне мүмкіндік бермек.

Азаматтық ала алмай сенделгендер

Қазақстанға көшіп келгеніне екі жылдың жүзі болса да, азаматтық ала алмай сенделгендердің бірі – Қытайдан оралған қандасымыз Нұрдаш Жайылханның отбасы. Көші-қон полициясы олардың оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін алға тартады. Ал оралман отбасы Атыраудағы жергілікті билік орындарындағы қағазбастылық пен салғырттық салдарынан азаматтыққа іліге алмай қалдық дейді. 48 жастағы Нұрдаш Жайылхан Қытайдың Іле аймағындағы Нұрат ауданында дүниеге келген. Айтуынша, он бес жылдан астам уақыт Қытайдағы түрлі мекемелерде электрші болып жұмыс істеген, әйелі Нұргүл Қыдырбек базарда сауда-саттықпен айналысқан. 2016 жылы балалары Қазақстанға оқуға аттанғанда бірге ілесіп келуді ұйғарған. «Балаларымыз қытай тіліндегі балабақшаға барды, мектепті де сол тілде тәмамдады. Кейін жоғары оқу орнын Қазақстанда жалғастырамыз әрі сонда тұрамыз деп шешті. Балаларсыз қайда барамыз, біз де бірге келдік», – дейді Нұргүл Қыдырбек. Қазақстанға 2016 жылы маусымда келген отбасы әуелі Талдықорғаннан үй сатып алған. Бірақ оны өз аттарына рәсімдеуге әрі жеке кәсіппен айналысуға азаматтық жоқтығы қолбайлау болған. Кейін балаларының жоғары оқу орны орналасқан Атырау қаласына қоныс аударады. «2016 жылдың тамызында оралман куәлігін алдық. Ал ыхтиярхатқа тек 2017 жылдың наурызында ғана қолымыз жетті. Біз азаматтыққа құжат жинап апарғанша оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетті. Бірақ бізге куәліктің жарамдылық мерзімін тағы жарты жылға ұзартамыз деген соң, соған сендік, сөйтсек, заң тағы өзгеріп кетіпті», – дейді Нұргүл Қыдырбек. Оралман отбасы қолдарында ыхтиярхат барына қарамастан өздерін Қытайға кері шақырып алуы мүмкін деп қорқады. «Енді азаматтық алмай барсақ, сотталуымыз кәміл. Біз Қазақстаннан азаматтықтан басқа ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ. Бізге квота да, жер де керек емес. Атамекенге масыл болу үшін келген жоқпыз. Денсаулығымыз жараса, екі қолға бір күрек тауып, өз жанымызды бағамыз», – дейді Нұрдаш Жайылхан. Атырау қалалық көші-қон полициясының шетел азаматтарын Қазақстанда тұрақты тұруға қалдыру жөніндегі бөлім қызметкері, полиция капитаны Айсұлу Жапақованың айтуынша, Нұрдаш Жайылхан мен Нұргүл Қыдырбекке берілген оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен, олар жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу құқығын пайдалана алмайды. Азаматтық алу туралы заңның 16-бабына сәйкес, олардың құжаты енді жалпы тәртіп бойынша қабылданады. Яғни, бес жылдан кейін немесе жақын туыстарымен бірігу үшін үш жылдан соң азаматтық ала алады. Оралмандарды қоғамға бейімдеу, азаматтық алуына жәрдемдесу қызметімен айналысып жүрген «Жібек жолы» бауырластар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Тазабекованың айтуынша, көші-қон полициясында маман жетіспегендіктен, құжаттарды рәсімдеу тым ұзаққа созылады. «Түсініксіз кедергілерге тап болған оралмандар құжаттарын уақтылы ала алмайды. Құзырлы орындар тексереміз деп уақыт созады. Бұған қоса, оралмандарға қандай құжаттар қажеттігін бірден түсіндіріп те айтпайды», – дейді Отанына оралған қандастарға қол ұшын созып жүрген Әлия ханым. Оның пікірінше, атқарушы органдар жұмысындағы жүйесіздік пен қағазбастылыққа тоқтау болмаса, оралмандарға берілетін қосымша үш айдан еш қайыр жоқ.

Термин түзелсе, түйткіл түгесіле ме?

Шеттен көшіп келген қандастарға жауыр болған тағы бір мәселе – оларды өзге шетелдіктерден даралайтын «оралман» атауына қатысты қоғамдағы екіұдай көзқарас. Көпшілік бұл атау атамекенін аңсап келген ағайындарды бауырға тартудың орнына қоғамнан оқшаулай түседі деген пікірде. Тіпті, «оралман» сөзі орыстың «пришельцы, возвращенцы» сөзінің тікелей аудармасы немесе «қаңғыған», «адасып кеткен» деген түсінікті береді, бұл шетелден келіп жатқан этникалық қазақтардың ар-намысын қорлау болып есептеледі» деген пікір де бар. Ақын, шеттен келген қандастарымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек те «оралман» сөзінен құтылуды қолдайтындардың бірі. «Оралман» деген сүйкімсіз сөз. Бұл сөздің қолданысқа қалай енгенінен толық хабарым жоқ. 1997 жылы 13 желтоқсанда «Халықтың көші-қоны туралы» заң шықты. Сол заңда осы термин қолданылған екен. Мен ол кезде елге әлі келмеген болатынмын. Отаныма бір жылдан кейін, яғни 1998 жылы оралдым. Бұл сөз шынымен құлаққа түрпідей тиетін. Бір жиында Елбасының өзі осы сөз ұнамайды деген еді. Мұны өзгертуге құзырлы мекемелер құлықты болмады. Оның үстіне, 2013 жылы «Көші-қон» туралы заңның өзі қиындап кетті. Ол кезде «Байтал түгіл бас қайғы» болды. Кейіннен заң өзінің бұрынғы арнасына түсті», – дейді Ауыт Мұқибек. Ал енді бір топ «оралман» көші-қон заңындағы «репатриант» терминінің дәл мағынасын беріп тұрғанын алға тартады. «Ана тілі» газетінде жарияланған «Оралман» сөзін олқы көрмейік» атты мақаласында филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәлиұлы терминді өзгертудің қисынсыз екенін дәлелдермен дәйектеген еді. «Этникалық отандастардың тарихи Отанына қайтуға бел байлап, шекара аттағандары ғана ерекше әлеуметтік мәртебе алып, оралман атауына ие болады. Олай болса, бір кезде жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, этникалық тазалаудан (геноцидтен) бас сауғалап, жат жерге қоныс аударуға мәжбүр болған, Отанына қайта оралған бауырластарымызды құқықтық мәртебеге ие, әлеуметтік топ ретінде тану үшін өзгелерден ерекшелеп атау қажет болды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы қолдау мен қамқорлықтың көрсетілуін негіздеу мақсатымен және оларға берілетін жеңілдіктер мен құқықтарының толықтай жүзеге асырылуы үшін олар оралман деген арнайы терминмен аталды. Ал этникалық отандас атауы бұл ақиқат ұғымға сәйкес келмейді. Бір кезде жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымыздың тәуелсіздік алған, егемен елдікке қол жеткізген Отанына қайта оралғандарына өзіндік ат беріп, сол арқылы осы әлеуметтік топқа тән ерекше құқықтарды негіздеудің мәні зор. Сондықтан оралман деген атау қалың халық арасына бірден сіңісіп, қолданыс тауып кетті», – деп жазады маман. Ғалымның айтуынша, бұл атауда қазақ ұлтының бір кездердегі тарихи тағдырымен астасып жатқан терең мән бар. «1920-30 жылдар аралығында Орталықтың нұсқауымен әдейі, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан халықтың үштен бірі қаза болды. 65 мың адам репрессияға ұшырап, 25 мың адам атылды. Халықтың біраз бөлігі саяси сауға сұрап, жат елге еріксіз қоныс аударды, халқымыздың демографиялық ахуалы күйзеліске ұшырады. Ендігі жерде Отанына оралғандарды төлтума сөзімізбен терминдік мағына беріп, ерекше атау қажет болды. Оралман атауы осындай мәнділіктермен байланысты қажеттіктен туған. Қайсыбір ұлттардың тарихында басқыншылық, саяси, діни қудалау т.б. себептермен байланысты бөтен елді, өзге жерді паналап, жаппай қоныс аудару уақиғасы елдің тарихи тағдыры деп танылып, өз тіліндегі атаумен арнайы аталады. Мысалы, бір кездерде Меккеден Мединеге қоныс аударушыларды арабтар діни, саяси әрі тарихи мән беріп, өз тілінде мұқажырлар деп атаған», – дейді Нұргелді Уәлиұлы. «Оралман» термині төңірегінде пікірталастың туғанына қаншама жылдың жүзі. Қоғамдағы екіге жарылған пікірлерді, түрлі ұсыныстарды сарапқа салып, атауды өзгерту мәселесіне нүкте қою үшін ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы комиссия құрыпты. «Оралман» терминіне қатысты депутаттар да, халық та түрлі ұсыныс білдірді. Кей мемлекетте «оралман» терминін «отандастар» сөзімен алмастырады, ал кейбірі өзге терминдерді пайдаланады. Қазір арнайы комиссия талдау жұмыстарын жүргізуде. Талдау нәтижесіне сәйкес шешім қабылдайтын боламыз», – дейді вице-министр Н.Әлтаев. Көп ұзамай «оралман» сөзі көнерген сөздер қатарына қосылуы ғажап емес. Бірақ комиссия қандай терминді бекітері белгісіз. Атау өзгерсе, елге оралған қандастарды тығырыққа тірейтін түйткілдердің түйіні тарқайды дегенге сенгіміз-ақ келеді...