Тәуелсіздік таңында табысқандар

Тәуелсіздік таңында табысқандар

Тәуелсіздік таңында табысқандар
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында тәуелсіз әрі жас Қазақстан Республикасы күрделі экономикалық жағдайларды басынан өткеріп жатты. Бұрын мемлекеттің қарауында болған су арналары жергілікті биліктерге басы бүтін берілді. Ал бюджеттік қаржыландыру мардымсыз ғана еді. Сумен жабдықтау және суды бұру қызметтеріне бекітілген тарифтер кәсіпорынның тек қана күн көруіне жететін. Егемендіктің елең-алаңындағы жылдарда мұндай ұйымдардың көпшілігі банкротқа ұшырады немесе оңтайландыру кезеңдерінен өтіп жатты. Ол кезде жарты миллионнан астам халқы бар Шымкент қаласындағы су арналарының негізгі құрал-жабдықтары әбден ескіріп, тозығы жетіп, апатты жағдайда қалған болатын. Қалаға таза ауыз су жеткізіп беретін жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақылары төмендеп кетті. Ол ол ма, олар бірнеше айлап жалақы да алмайтын. Осы жағдайлардың алдын алу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары мемлекеттік активтерді жеке меншікке өткізуді ұйғарды. Сөйтіп, 1996-1997 жылдары кәсіпорын активтерінің едәуір бөлігі аукционға шығарылып, бөлшектеніп сатылды. Бұрын бір орталыққа біріктірілген өндірістік учаскелерді енді әр түрлі ЖШС-лар иеленді. 1999 жылы ғана олардың барлығы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің құрамына біріктірілді. Ал оның басшысы болып Анарбек Орманның тағайындалуы кездейсоқ емес еді. Өйткені Анарбек Оңғарұлы осы салада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек ете жүріп, кәсіп­орынның жай-жапсарын бес саусағындай меңгеріп алған болатын. Оның үстіне білімді әрі білікті басшының ұйымдастырушылық қабілеті мен заманауи талапқа сай жұмыстарды жүргізе алатын іскерлігі де алдыңғы қатарға шыққан еді.

НАРЫҚТЫҚ  ЭКОНОМИКА ЖАҒДАЙЫНДА

 Су арнасының басшылығы нарықтық экономика жағдайындағы маркетинг тұжырымдамасын жетілдіріп, тұтынушылар туралы деректер базасын қалыптастырды. Мұнда суды есепке алу, коммерциялық және техникалық су ысырабын төмендету, тұтынушылармен тұрақты екі жақты байланыс басымдықтары жете ескеріліп отырды. 2000 жылдың өзінде барлық шаруашылық субъектілері мен бюджеттік ұйымдардың суды тұтынуы 100 пайыздық есепке алынған еді. Ал келесі 2001 жылы Шымкент қаласы тұрғындарының 95 пайызы суды есепке алу құралдарының көрсеткіштері бойынша төлем жасады. Осының есебінен қаланың 2001 жылғы жылдық су тұтынуы 1996 жылмен салыстырғанда үш есе төмендеді. Бір адамның орта тәуліктегі суды пайдалануы 150 литрге дейін азайып, үнемдеу үрдісі пайда болды. Тиісінше, ай сайынғы судың төлемақысы арзандады. Қалаға су беру көлемінің азаюы кәсіпорынның электр қуатын тұтынуын үш есеге дейін қысқартқан болатын. Жалпыүйлік және көшелік суды есепке алу құралдарын орнату бағдарламасын іске асыру нәтижесінде коммерциялық су ысырабы 30 пайыздан 3-5 пайызға төмендеді, ал кәсіпорын табысы 15 пайызға өсті. 2001 жылы кәсіпорын 100 пайыздық тозығы бар (мұндай желілер 560 шақырымнан астам еді) су құбырларын, сондай-ақ, көп қабатты үйлердің, жеке секторлардың жарамсыз күйге түскен су құбырларын ауыстыруды көздейтін инвестициялық бағдарламаны әзірледі. Сонымен бір мезгілде суды есепке алу жүйелерін жаңғырту жүргізілді. Пәтердегі, жеке үй ішіндегі суды есепке алу құралдары тұрғын үйдің кіре берісіне, ал көшелерде арнайы темір жәшіктерге орналастырылды. Басқарудың жаңа жолдары кәсіпорынның өзінде де, өндірістік құрылымдарында да тәжірибеге алынды. Кәсіпорын ескі су құбырларын ауыстыратын пластмассалық құбырларды шығару өндірісін, артезианды бұрғымалардан ас суын, газды сусындарды шыны ыдыстарға құйып шығару ісін жолға қойды. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің қол жеткізген табыстары 2003 жылдың маусым айында Шымкент қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Бүкіләлемдік Банк, республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының өкілдері, қазақстандық және шетелдік сумен жабдықтау және суды бұру салаларында қызмет көрсететін жобалаушылардың қатысуымен өткен І Халықаралық көрмені ұйымдастырып, конференция өткізуге негіз болды. Қазіргі уақытта «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 107-ден астам түрлі көлік және механизмдермен, соның ішінде эксковаторлармен, бұрғылау қондырғылары және жылжымалы электр стансаларымен, мегаполистің ең қуатты техникаларымен жан-жақты жабдықталған кәсіпорын. Осы техникалық құралдарының арқасында серіктестік барлық жөндеу-профилактикалық жұмыстарды уақытылы және сапалы орындап, шаруашылықтың іркіліссіз жұмысын қамтамасыз етіп отыр.

СУДЫ ТАЗАРТУ ЖАҢА ҚОНДЫРҒЫЛАР АРҚЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Ауыл шаруашылығы саласының мұқтажына қолданатын шайынды суларды тазарту енді заманауи технологиялар бойынша жаңа еуропалық жабдықтар арқылы жүргізіледі. Бұл судың сапасын жақсартып, ластаушы заттардың деңгейін барынша азайтуға мүмкіндік береді екен. Инвестициялау бағдарламасы аясында ресейлік кәріз коллекторларын және желілерді тазарту бойынша диаметрі 300 мм «Питон» және М-2512 аппараттарын сатып алу қаланың кәріз жүйесіндегі техникалық өзгерістердің жаңа қадамы болды. Бұл аппараттардың ерекшелігі – өткізгіш құбырларына жабыса өскен ағаштардың түптерін кесетіні, құбырлардың қабырғасындағы қатты түзілімдерді бұзып алуы, аяздарда жұмыс істей алатын қабілетінде болса керек. Оларды қолдану құбырлардағы апаттардың санын 3-5 есе қысқартуға мүмкіндік жасаған. Осы «Питон» және М-2512 қондырғыларының көмегімен су механикалық және биологиялық жолмен тазарудың екі деңгейінен өтеді. Алдымен сүзгіш-торлар тамақ қалдықтарын, пакеттерді, пластик бөтелкелерін ұстайды. Содан соң су құм ұстағыштарға түседі. Ал бұдан кейін алып тұндырғыш табақшаларына барады да, биологиялық тазартуға түседі. Бұрын осы жерде де біраз тұнба қалатын. Бірақ қазіргі жаңа қондырғылардың арқасында су таза болып шығады. Осы жерден су Бөржар су жинақтағышына барады. Сол жақтан ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлерді суаруға кетеді. Компания мамандарының айтуына қарағанда, бұрын тұнбаларды, қоршаған ортаға жүктеме салып және жаман иісімен барлық өңірге жайып, арнайы лайлы тоғанға апарып түсіреді екен. Ал қазір ол мәселе шешілген: артық лайды энергияға айналдырады, яғни, тұнбадан метан газы өндіріледі және химиялық тыңайтқыштардың орнын басатын биомассаға айналады.

СУ САПАСЫН СЫНАҚ ЗЕРТХАНАСЫ БАҚЫЛАЙДЫ

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сынақ зертханасы ауыз судың, өндірістік ағынды сулардың сапасын бақылайды. Ауыз судың сапасы қаланың таратушы желілерінің 97 бақылау нүктесі бойынша қадағаланады. Ауыз суды залалсыздандыру, тасымалдау, өндіру қызметтерін атқаратын Ақбай-Қарасу, Бадам-Сайрам, Тассай, Көмешбұлақ су қабылдағыштарының, қалалық су құбырлары желілерінің, сондай-ақ, кәріздік тазарту құрылғыларының қызметінде судың сапасын тексеруге көп мән береді. Судың сапасын бақылау санитарлық эпидемиологиялық қадағалау және экология департаментімен келісіліп, бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Суды тиімді және сапалы тазартуға жедел ақпарат қажет. Сондай ақпар берушінің міндетін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бас ғимаратындағы сынақ зертханасы орындайды. Бұл жерде орасан зор зерттеулер жүргізіледі. Барлық су қабылдағыштардың және ұңғымалардың, таратушы желілердің бақылау нүктелерінің, кәріздік тазарту құрылғыларының, тұрғын үйлердің, өндірістік кәсіпорындарының, көлік жуғыш орындарының және т.б. сулары тексеруден өтеді. – Ұңғымадан көтерілген су таратушы желілерге түсу алдында әуелі диаметрі 1000 мм су таратқышына түседі. Содан Қарасу екінші көтергішінің сорғы стансасына, әрі қарай Грундфос фирмасының «Selkoperm» қондырғысы арқылы залалсыздандыру процесінен өтеді, – дейді сынақ зертханасының бастығы Гүлжан Жауылбаева. Ауыз судың сапасы ұңғымалардың басында тексеріледі. Мысалы, Ақбай-Қарасу су қабылдағышында 42 ұңғыма және 10 сорғы стансасы, Бадам-Сайрам су қабылдағышында – 28 ұңғыма, Тассай 1,2 су қабылдағыштарында – 17 ұңғыма бар екен. Тек өткен жылы ғана ауыз суына 28 405 талдау, шайынды суларға 17 937 талдау жасалыпты. Қазақстандық үшінші мегаполисті таза әрі сапалы ауыз суымен қамтамасыз етіп келе жатқан «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорнының мінсіз қызметі мен іскерлік абыройы, оның сан-салалы жетістіктері қазақстандық және халықаралық наградалармен орынды марапатталып келеді. Бұл – ұйымшыл ұжымның әрбір қызметкері мен жұмысшысына берілген марапат әрі шаттанып айтып жүре алар мақтанышы да болса керек.  

Тоғжан Зеберханова

Шымкент қаласы