12 Сәуір, 12:00 132 0 Қауіпсіздік Анар ЛЕПЕСОВА

Зілзала ошағы қай жаққа қарай жылжыды?

 

Мамандардың мәлімдеуінше, соңғы жылдары Азия құрлығында жер асты дүмпулері жиілеп, сейсмикалық белсенділік артқан. Памир, Гималай, Тянь-Шань тау жүйелерінде соңғы жылдары  күшті жер сілкіністері бірнеше рет болды. Жер қыртыстарының қозғалысы Үндістан, Непал, солтүстік Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріндегі таулы аймақтардан Еуропа жаққа қарай жылжып келеді дейді сейсмологтар. Осы ірі тау жүйелерінен басталатын күшті зілзала ошақтарының Алматы қаласы орналасқан Солтүстік Тянь-Шань жаққа қарай бағыт алып қозғалуына байланысты таяу жылдары Солтүстік Тянь-Шань аймағында сейсмикалық жағдайлар ерекше қарқын алып, жойқын күшті жер сілкіністері туындауы мүмкін деген болжам бар.

Солтүстік Тянь-Шаньға жақындап келе жатқан сейсмикалық белсенділік отандық мамандарды қатты алаңдатып отырғаны рас. Өйткені Алматы қуатты жерасты дүмпулеріне дайын емес. Соңғы кездерде қала тұрғындары жер сілкінісін жиі сезеді. Көбінің қуаты аса күшті болмағанымен, кейбірінің шамдарды шайқалтып, кереуетті теңселтіп жіберерлік қауқары бар. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ жойқын зілзала болатын болса, оны алдын ала болжап, халыққа хабарлап, сақтандару ешбір елдің сейсмолог мамандарының қолынан келмейді. Жаңа технологияны дамыту қарқыны жөнінен әлемде көш бастап тұрған Жапонияның өзі жер сілкінісін алдын ала болжап, нақты мәліметтер беретін құралды жасай алмай отыр. «Апат айтып келмейді». Сондықтан жер бетін қатты  шайқалтатын дүмпулерге дайын болу керек, ол үшін тұрғын үйлер, ғимараттарды соған лайықтап салу керек. Бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Алматы қаласын жер сілкінісінен қорғау» бағдарламасында келтірілген мәліметтер бойынша, қазіргі таңда Алматы тұрғындарының 27 пайызы жер сілкінісінде қауіпті тұрғын үйлерде, 31-і әлі сейсмоқауіпсіздігі  анықталмаған үйлерде және тек 42 пайыз алматылықтар сейсмикалық төзімді ғимараттарда тұрады екен.

Жуырда Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты базасындағы зертханада жасанды 9 балдық жер сілкінісі сыналды. Сол арқылы жаңадан салынып жатқан құрылыс нысанының барлық құрылымдарына тексеріс жүргізілді. Ғимараттың ішкі бөлмелерінің  бекітпелерін сынақтан өткізген құрылыс компаниясы нәтижеге дән риза. «Біз дайын бөлмеаралық панельдерді сынадық. Нәтижесі жаман емес. Өнімдеріміз барлық талаптарға сай келіп отыр. 9-12 қабатты үйді тұрғызуға жарайды және беріктігіне көзіміз жетті», – дейді  құрылыс компаниясының өкілі Сергей Чуднов.

Енді жаңа ережеге сәйкес, Алматы қаласында тұрғызылатын барлық құрылыс құрылымдары жасанды зілзала тудыратын құрылғылар арқылы сейсмологиялық тексеруден өтулері тиіс. Сараптама нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзеу арқылы құрылыс компаниялары сапалы әрі сейсмотөзімді ғимараттар сала алады.

«Өкінішке қарай, барлығы сынақтан өтуге құлық танытпайды. Бірақ қазіргі таңда онсыз құрылыс нарығына ену қиын болып барады. Олай дейтінім, тапсырыс берушілер бұрынғыдай емес, талапшыл бола бастады, яғни құрылымдарын ұсынған компаниялардан сейсмикалық сынақ нәтижесін сұрайды», – дейді «ҚАЗҚСҒЗИ» АҚ зертхана меңгерушісі Игорь Ицков.

Құрылыс сапасы туралы сөз – адам қауіпсіздігі туралы сөз. Сондықтан онда бұра тарту мен көз жұмуға жол берілмеуі тиіс. Еуропалық стандарттарға көшу ел құрылысының көшін түзейді деп сенейік.

 

 

Соңғы жаңалықтар