256
Франциядағы «қаралы сейсенбі»
Франциядағы «қаралы сейсенбі»
Францияда теміржол қызметкерлері президент Эммануэль Макронның мемлекеттік теміржол компанияларын жекешелендіру туралы шешіміне қарсылық танытып, жаппай ереуілге шықты. Наразылық акциясына осы салада жұмыс істейтін қызметкерлер түгел шығуға тырысты.
Бұған дейін мемлекет меншігінде болған компаниялар ешқандай қиындыққа тап болмаған. Жалақысы қомақты теміржол қызметкерлері түрлі жеңілдіктерге де ие. Жалпы, Еуропада жолаушылар үшін теміржолмен қатынау тиімді. Сондықтан да қалааралық, халықаралық пойыздардың дәурені жүріп тұр. Францияда теміржол саласында жұмыс істейтіндер ауқаттылар санатында. Қит етсе, ереуілге шығып, қарым-қатынасты тоқтатып, жолаушыларды әбігерге салатыны әдетке айналған.
3 сәуірде Францияда жүрдек пойыздардың 12 пайызы ғана жақын және магистральдық бағыттарға қатынады. Лион вокзалы таң атқаннан кешке дейін діттеген жеріне жете алмаған жолаушыға лық толды. Себебі қалааралық, халықаралық қатынас кілт тоқтаған. Париж қаласы мен оның айналасына жол жүретін пойыздардың үштен бірі ғана маршрутқа шықты. Тіпті, Лион вокзалының бастығы вокзалда не істерін білмей, дал болған топырлаған жолаушыға: «Біз екі күн ереуілге шығамыз. Ал сіздер басқа күні келіңіздер!» дегенде ызадан еріксіз күлгендер болды. Адам себепсіз жолға шықпайды. Бәлкім, басқа қалада ең жақын адамы хал үстінде жатқан шығар, кім білсін? Мұндайда адам не істеуі керек?
Алдын ала жоспарланған ереуілге шыққандардың 80 пайызы – пойыз жүргізушілері. Олардың айтуынша, үкіметтің мұндай әрекетінен онсыз да шығынды сала бәсекелестікке қауқарсыз болып қалған. Ұлттық компанияны жекешелендірумен бірге жұмысшылардың жеңілдіктері мен зейнетақы көлемін қысқартуды көздеген реформаға түбегейлі қарсылығын осылайша білдіруде.
Француз халықаралық радиосының хабарлауынша, үкімет ұсынған реформа теміржолдағы бәсекелестікті күшейтеді. Бұдан өзге реформа аясында теміржолда жұмыс істейтіндерге арналған жеңілдіктер жойылып, оларды ерекше мәртебесінен айыру және жалдамалы жұмысшымен теңестіру жоспарланыпты. Ереуілді ұйымдастырған жеті кәсіподақ ұйымы бұл реформадан кейін компания жекеменшікке өтіп кетуі әбден мүмкін деп қауіптенеді.
Кәсіподақ өкілдері ереуілге күн сайын 4,5 миллион адам шығатынын айтуда. Ал жергілікті билік көлік иелерін каршеринг платформасына тіркеліп, басқа жолаушыларды көлігімен ала кетуге шақырған. Дәлірегінде, 2 күнге жарияланған наразылық акциясына байланысты жүрдек пойыздың 90 пайызы мен қала шетіне қатынайтын темір тұлпарлардың үштен екісі сапарға шықпай қалды.
SNCF ұлттық теміржол компаниясы ескерткендей, бұл ереуіл Intercite қалааралық рейсін 88 пайызға, TER аймақтық пойызының жұмысын 70 пайызға тежейді. Сол сияқты Брюссель қаласына, Лондон, Германия, Голландияның көптеген қалаларына қатынайтын халықаралық рейстер тоқтап қалса, нағыз шығын сол кезде болмақ. Бір айта кетерлігі, реформадан үзілді-кесілді қашқан SNCF ұлттық теміржол компаниясы 46,6 млрд еуро қарыз. Осыншама қарызға белшесінен батқан компанияның ереуілге шығудан басқа амалы жоқ. Олар Франция президенті Эммануэль Макрон сайлау алдында халыққа берген уәдесінде тұру керек деп есептейді. Айта кеткен жөн, президент Макрон еңбек кодексіне енгізген реформаға сәйкес, ұлттық компаниялар жекешелендіріліп, 2020 жылға дейін 5,6 млн жұмыс орны қысқартылмақшы. Себебі мемлекеттің сыртқы қарызы еселеп өсіп кеткен.
Осыдан екі жыл бұрын Францияда бір-екі күннің өзінде 5 миллионнан астам мемлекеттік қызметкер ереуілге шыққаны есте. Оқу орындары, аурухана қызметкерлері, сондай-ақ көлік қызметінің өкілдері жалақыны көтеруді талап етті. Сол кезде Radio France Internationale радиосы Франция азаматтық авиация басқармасы авиакомпаниялардан рейстердің 20 пайызын қысқартуды өтінгенін жариялаған. Бұдан бөлек салық саясатындағы әділетсіздіктер мен лицензиясыз адам тасушылар тарапынан орын алған жүгенсіздіктерге наразы таксистер ірі автомагистральдар бойын жауып тастаған еді. Тіпті, ереуілге шыққан SNUIPP кәсіподағы білім беру жүйесіне реформа жасау мен жалақыны өсіруді талап ететін 100 мыңға жуық оқытушы колледждер мен олардың оқытушылар құрамының жұмысын реформалау туралы заңға келіспейтінін білдірді. Ал бұл ереуілдің жөні бөлек. Біріншіден, 1995 жылы жұртты елең еткен ереуілге қарағанда, осы жолғы наразылық акцияның жөні басқа. Кейбір сарапшылар еңбек кодексіне енгізілген өзгерістің оң нәтиже беретінін айтып бағуда. Бастысы, билік реформаны нақты түрде жүргізуі керек дейді. Екіншіден, халық SNCF ұлттық теміржол компаниясының қызмет көрсету сапасына көңілі толмайды. Әсіресе, қалааралық бағытқа қатынайтын электр пойызының қызметін тұтынушылар бұл салада реформа жүргізу керектігін баса айтады.
Айтпақшы, ереуілге теміржол қызметкерлерінен өзге Air France компаниясының қызметкерлері, энергетикалық компания жұмысшылары, жол тазалаушылар мен студенттер де қатысты. Франция ақпарат құралдары бұл оқиғаны «Қаралы сейсенбі» деген тақырыппен жариялап, әлем назарын аударуға тырысып-ақ жатыр. Ереуіл әр аптаның екі жұмыс күні өтеді және 3 айға дейін жалғаспақшы.