Бәленің басы – балмұздақ

Көктем келіп, күн жылынып, жұрт Наурыз мерекесін арқа-жарқа боп тойлаған еді. Көп ұзамай қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Шымкенттен жағымсыз ақпарат жетті. Қаладағы «Южное» сауда орнынан балмұздақ алып жеген елуден астам тұрғын уланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан бір-ақ шықты.

Бір мезетте елуге жуық адамның балмұздақтан улануы бүкіл республика жұртшылығын дүр сілкінтті. Ал соңғы деректерге сүйенсек, балмұздақтан уланғандар саны 188-ге жеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, уланған адамдардың барлығы Республика даңғылында орналасқан жеке кәсіпкер М.Ешмұратовқа тиесілі сауда нүктесінен жеміс дәмдес балмұздақ жеген. Бұл балмұздақтар үйде жасалған. Сәйкесінше, санитарлық талаптар сақталмаған. Осы жағдайдан кейін балмұздақ сататын орын уақытша жабылып, оқиға орнында Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тексеру шараларын жүргізді. Өңірдің Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысуда.

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабековтің хабарлауынша, ауруханаға 28-29 наурыз күндері 36 адам стационарлық ем алуға жатқызылса, 30 наурыз күні балмұздақтан уланғандар саны 79-ға жеткен. Келесі күні дәл осындай диагнозбен 52 адам ауруханаға жеткізілсе, 1 сәуір күні тағы 20 адам келген. Аурухананың бас дәрігері балмұздақтан уланғандардың басым бөлігі дер кезінде ақ халаттылардың көмегіне жүгінбегендігін айтып отыр.

Балмұздақтан жаппай улану оқиғасынан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына арнайы барып, науқастармен жүздесті. Өңір басшысы аталмыш жағдайға байланысты ауруханада жедел штаб отырысын өткізіп, науқастардың жағдайы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында болатындығын ескертті. «Барлық науқастардың жағдайымен танысып шықтым. Бүгінгі күнге олардың жағдайы тұрақты, барлық тиісті ем-дом көрсетілуде. Ауруханада дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Ең бастысы, науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдайды жасауымыз қажет. Осы ретте мен Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Оқиғаның себеп-салдары талқыланған жиында өңір басшысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұмысына шүйлікті. Жансейіт Түймебаевтың департамент жұмысын сынға алуына себеп жоқ емес. Мамандар өңір басшысына ішек инфекциясын жұқтыру санитарлық эпидемиологиялық талаптардың сақталмауынан орын алғанын жасырмай жеткізді. Ал қоғамдық тамақтандыру орындарына тиісті қадағалау жүргізуі қажет департамент халықтың денсаулығы әркез маңызды екенін естерінен шығарып алғаны ма? Тұрғындарға қызмет көрсететін орындарда санитарлық нормалар неге сақталмаған? Екі жүзге жуық адамның денсаулығына нұқсан келтірген сауда орнын ешкім қадағаламағаны ма? Ал санитарлық талапқа сай емес өнімді сатқан сауда орнының иесі қалай жазаланбақ?

Балмұздақтан улану оқиғасынан кейін Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Шымкенттегі қоғамдық тамақтану орындарына жаппай тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдады. Ал 200-ге жуық адамның ішек инфекциясын жұқтыруына себеп болған «Южное» дүңгіршегіне жүргізілген тексерулер нәтижесі кісі шошытарлықтай. Үй жағдайында дайындалған балмұздақты жұмысшылар жеңіл көлікпен тасымалдайды екен. Балмұздақ жасайтын дүңгіршекте жұмыс істейтін 5 адамның біреуінде ғана медициналық тексеруден өткендігін растайтын анықтама бар. «Осы келеңсіз оқиғадан кейін қаламыздағы барлық жұмсақ балмұздақ сатумен айналысатын нүктелерге тексеріс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, мұндай тексерулер жылына бір рет жүргізіледі. Балмұздақ нүктелерін тексеріп болған соң барлық қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық нормаларға сай келетінін тексереміз», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Нұрбек Нышанов.

Тексеру жүргізуге бел шеше кіріскен Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті осы уақытқа дейін толыққанды тексерулерді неге жүргізбеген? Біздің елде адамдар зардап шекпейінше, әрекет етуге тырыспайтындардың көп екендігіне наразылар көп. Шығыстағы жұрт та тасқынның алдын алуға әрекет етпегендердің кесірінен, салдарымен күресіп жүр. Мұндай мысалдар аз емес. Шымкенттегі оқиға да көпке сабақ болуы қажет. Ал санитарлық талаптарға назар аудармаған кәсіпкер тиісті жазасын алуы тиіс.

 

 

Back to top button