ЕСТЕН КЕТПЕС БIР КЕЗДЕСУ

ЕСТЕН КЕТПЕС БIР КЕЗДЕСУ

ЕСТЕН КЕТПЕС БIР КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі
254

1.”ҚҰДАҒИ КЕЛIПТI”

Сарыарқаның оңтүстiк шығысында Қарағанды облысына қарайтын Тоқырауын өзенiнiң бойында орналасқан Ақтоғай атты аудан бар… “Тоқырауын бойы — тектiлер мекенi” — деп тегiн айтылмаған. Кезiнде осы Ақтоғай өңiрiнен елдi бiрлiкке, тәуелсiздiкке шақырған аруақты бабалар, әулиелер, билер, батырлар шыққан. Алаштың ардақтылары туған өлке бұл.

Кеңес Одағы кезiнде республикамыз бойынша ең шалағай жатқан 31 ауданның бiрi едi Ақтоғай. Соған қарамастан кезiнде ел экономикасына, мәдениетiне өз үлесiн қоса бiлдi. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасы мен 70-жылдары ауданның мәдениет саласында ерекше бiр серпiлiс болып, әрбiр сенбi сайын аудандағы әрбiр мекеме ұжымы мiндеттi түрде концерт қоятын. Әрбiр мекеме жанында өз көркемөнерпаздар үйiрмесi болатын. Аудан орталығында Мәдениет үйi жанында халық театры, көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс жасайтын. “Ақтоғайға барсаң, әншiмiн деме”, — дейтiн қу тiлдi бiреулер…

1970 жылдардың басы. Аудандық газетте iстеймiн. Газет — аудан өмiрiнiң айнасы, бәрiнен хабардар болып отырамыз. Мәдениет үйi жанындағы халық театры Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтiрiк бөрiк астында” атты комедиясын қоюға дайындалуда”, — деп естiдiк. Бiрер күн өткеннен кейiн барсақ режисер Т.Мұқанов, көркемдiк жағын басқарушы Д.Сәдуақасов, тағы басқаларының мұрнына су жетпей дайындалып жатыр екен. Бiрер айдан кейiн “Бөлтiрiк…” қойылмайтын болыпты. Жоғарыдағы пәрмен болған. “Ұлтшылдық сарыны басым” ұлттарды бiрiне-бiрiн қарсы қоятын көрiнiстер бар” дегенге саяды екен пәрмен мазмұны. Оның орнына осы автордың “Құдағи келiптi” комедиясын қоятын болып келiсiптi.

Сонымен “Құдағи келiптi” аудан сахнасына шықты. 1971 жылдың сәуiр айы едi. Ол кезде аудандық Мәдениет үйiнде концерт болсын, спектакль болсын, халық симай кететiн. Басшы болсын, қосшы болсын, жас болсын, кәрi болсын — бәрi келетiн. Бiрiншi хатшы Ж.Шайдаровтың өзi қатысатын. Қойылымға халық дән риза болды. Спектакльдегi жағдай ауданда да, аудан көлемiнде де кездесiп тұратын. Тiптi соған қатысып, көрiп отырғандарды да көзiм көрген едi…

Редакция журналистерi қойылымға пiкiр жазу, рецензия жазу — ол кезде жазылмаған заң. Жас кез, неге болса да құлшынып тұрасың. Мен де пiкiр жаздым. Жасы алпыстардағы сиыршы, ақ көңiл, адал, мылжың Дауылбай рөлiн аудандық театрдың көркемдiк жетекшiсi Дәртай Сәдуақасов ойнады. Дауылбай рөлiн ойнаған Дәртайды мақтап, еңбегiн бағалай келе: “Дауылбай рөлi кейбiр ұсақ кемшiлiктерiн есептемегенде өз ерекшелiгiмен шыққан роль”, — деген екем. Қазiр есiмде жоқ, редакторлық “правкадан” ба, әлде солай жазылды ма, соған Дәртай ағам бiраз ренжiңкiреп жүрдi. Творчество адамы деген сол, жаны нәзiк, кiрпияз келетiнiн бiлем ғой.

Дәртай сол ауданның мәдениет саласында 60 жылға жуық еңбек еттi. Ыстығына күйдi, суығына тоңды. Театрда, көркемөнерпаздар ұжымында болсын Дәртайдың еңбегi ұшан-теңiз. Ауданның мәдени саласының өркендеуiн Дәртайсыз елестету мүмкiн емес. Дәртай шын мәнiнде талант едi, баянның “құлағында” ойнайтын. Ән болсын, күй болсын, небiр частушкаларды, басқа ұлттардың шығармаларын баянында құйқылжытқанда, сiлiкейiңдi ағызып, айызыңды қандыратын. Тәттiмбеттiң “Сылқылдақ”, “Балбырауын”, басқа да күйлердi орындағанда, аузың ашылып, көзiң жұмылып, түйсiгiңдi түртiп, сезiмiңдi селт еткiзiп, құмарыңды қандыратын, топырағың торқа болғыр! ҚР Мәдениет қайраткерi атанды. Мен Дәртайдай баянда ойнайтын адамды осы жасымда көрген жоқпын.

Сол Дәртай 2007 жылы дүниеден озды.

Иә, Дәртай өз iсiне шын берiлген талант едi. Алыста жатқан ауылда Қалекеңнiң “Құдағи келiптi” комедиясы осылай қойылған. Кейiн бұл комедия аудан совхоздарында да, облыста да қойылып, көрермендерiн риза етiп, жоғары баға алды. Әр туынды белгiлi бiр мақсатты көздеп жазылады. “Құдағи келiптi” комедиясының тәрбиелiк мәнi бар, мақсаты да айқын. Сол мақсатына жеттi.

2. ҚАСИЕТТI “ҚҰРАН КӘРIМ”

Осыдан ширек ғасыр өткен соң қазақтың “қалжың қалтасы” атанған Қалтай ағамен, Қалекеңмен кездесiп, жүздесемiн, — деп кiм ойлапты. “Диiрменнiң тасындай, шыр айналған дүние-ай” демекшi “жұмса жұдырығында, ашса алақанында” ұстаған Кеңес Одағы ыдырады. Көлiк ауыстыратын өтпелi кезең келiп, өмiр сүру қиындады. Өтпелi кезеңмен бiрге жан-жақтан қилы-қилы қитұрқы дiни ағымдар ағылды. Сол кезде жасыратын түгi жоқ, Кеңес Одағын аңсағанымыз да өтiрiк емес қой. Ақын Абдолла Дастан айтқандай: “…Керiп қойып өңештi, кiналаймыз Кеңестi, Кеңестi Кеңесiмнiң кезiнде, Күнiм былай еместi, салды заман басқа сын, (Айтпай-ақ қой басқасын), Бiр қазақта — ислам, бiр қазақта басқа дiн… Қоңырауын қағады, Қитұрқыға салады, Қабырғасы халқымның, Қақ жарылып барады…” — дейтiн заман туды…

Құдайға шүкiр, бiрте-бiрте заман түзеле бастады. Қазiр халық исламға бой ұсына бастады. Бұрынғы партком хатшылары, ауылдық Кеңестiң төрағалары исламды насихаттай бастады. Бiрақ жастар жағы мешiтте көбейiп, имандылыққа бет бұрғаны көз қуантады.

Қандай бiр жаратылыс болсын негiзге тартады. Тектi тегiне тартаныны ақиқат. Қалтай ағаның әкесi Мұхаметжан қари атанған дiндар кiсi екен. 1937 жылы құрбан болған. Қалекеңнiң өзi де ислам дiнiнiң тарихы мен қағидаларын өте жақсы бiлген. Оған дәлел: мүфти Ратбек қажы Нысанбаевпен пiкiр таласын теледидардан көрiп, таңдандық. Одан әрi қазақ тiлiнiң бiлгiр маманы, осы тiлдiң арқасында ғалым, академик атанған I.Кеңесбаевқа қазақ тiлiн қорғап, 1989 жылдың өзiнде “қызыл саясаттың” ызғарынан қорықпай “Ақиқатқа жүгiнейiк, аға!” деген мақаласын оқып, ерлiгiне сүйсiндiк.

Халық жазушысы Ә.Әбiшевтiң әбестiгiн көрiп-бiлiп, естiп отырса да үнсiз “астафралла” деп жағасын ұстап, үндемей отырған зиялылардың арасынан тек қана Қалтай ағам “Барымызды бағалай бiлейiк”, — деп хат жазып, оны жариялағаны мәлiм. Сөйтiп, әдiлiн айтып, имандылыққа шақырған едi. Сыртынан сүйсiнiп, мақтанып жүретiнбiз. “Әй” дейтiн әже жоқ болса да, қой” дейтiн қожа бар екенiн бiлiп жүрсiн, — дегенiн қуаттап, iштей мақұлдаушы едiк. Қалтай аға жөнiнде “Абыз” атты тамаша мақала жазған М.Құл-Мұхаммедке риза болып, iштей рахметiмiздi айтқан болатынбыз.

Бұдан басқа Қалтай айтты деген қалжыңдар ел аузында жиi айтылып, баспасөзде жиi жарияланатын. Соның iшiнде қазақтың бiртуар ұлы Д.А.Қонаевтың қабылдауында болғанда: “Қалеке, үстiңiзден жазылған арыздар көп. Бұл қалай?” дегенде. — Димеке, ау, мен қожа нәсiлiненмiн. Қазақтардың iшiнде жалғызбын, сүйенерiм жоқ, жалғыз жүрген соң арыз жазбағанда қайтедi, — дейдi. Сонда сенде тiптi туыс жоқ па? — Бар ғой, бiрақ оның қолынан не келедi? — Ол кiм? — дейдi Димекең. — Ол жазушы Морис Симашко ғой,— дегенде, Димекеңнiң — Ол қалайша туыс болады, Морис еврей ғой, — деген сұрағына сонау Ибраһим пайғамбардан бастап тарихи оқиғаны тәптiштеп таратып бергенiн оқып, тапқырлығына ерiксiз езу тартатынбыз. — Қалтай, бара бер, жұмысыңды атқара бер, — деген Димекеңнiң кеңдiгiне, кемелдiгiне риза болушы едiк.

Құрдасы Ә.Нұрпейiсовпен бiрге құдаға барып, есiк алдында қолының майын сүртiп, кетiре алмай, арақпен жуып жатқанын қалт жiбермей: “Атырауда жүргенде, қоректенушi едiң шабақпен, Үйсiндерге құда боп, қолыңды жудың арақпен”, — деп қағытатын Қалекең, сол досына да “Бiр ауыз сөз” деп әдiлдiктi жақтап, мақала жазғанын да оқып, қоштағамыз. Қалжыңдарын қуана құптап, тапқырлығына тәнтi боп, таңдандық та тамсандық.

Осының бәрi де халық iшiнде ауызша айтылып та, баспасөзде жазылып та жүр. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын”, — деген ғой. Осы мақаламда мен де кейбiр жайларды қайталасам, оқасы жоқ қой, — деп ойлаймын. “Ағасы жақсы қандайды…” осындайда айтылса керек.

Сол Қалтай ағаммен кездесудiң сәтi 1995 жылы түстi. Жанымда жұбайым бар Алматыға қыздарыма, туған-туыстарға келiп, қаланы бiраз тамашаладық. Бiр күнi “Түркiстан” газетiнiң редакциясына барып, Қалтай ағаға амандаспақшы болдым. Оның тағы бiр себебi: онда жерлесiм, әрi iнiм, айтулы ақын Абзал Бөкен жұмыс жасайтын.

Жұбайымды ертiп, Бөгенбай батыр көшесi, 150 үйде орналасқан “Түркiстан” газетiнiң редакциясына келдiк. Қабылдау бөлмесiне келiп едiк, Абзал: — Айнаш, Қалекең өзiнде ме? — деп сұрады. Айнаш Қалекеңнiң әлi келмегендiгiн айтты. Қалекең жөнiнде Абзалдан естiп, газет-журналдардан да оқып жүрмiз ғой. Абзал “Айнаш” дегеннен-ақ Қалекеңнiң осы Айнашты машинистка етiп қабылдағанда: “Қызым, мен жұмысқа сенен бұрын келе алмаймын. Сенен кейiн келемiн”, — деп сөздiң астарына түсiнген томпиып отырған Айнашқа сүйсiне қарап қойдым.

Кешiкпей Қалекең келiп, Абзал кiрiп айтып шыққан соң, мен кiрiп: — Ассалаумағалейкум, Қалеке! Сонау алыстан, Арқадан келдiм. Әдейi, арнайы Сiзге амандасайын, сәлем берейiн, — деп келдiм. Сыртыңыздан құрметтеп, мақтан тұтамын, әрi iнiңiз боламын, қожа нәсiлiненмiн, — дегендi айтуым-ақ мұң екен, Мекке-Мединеден туған iнiсi келгендей қауқылдады да қалды Қалекем.

— Ой, жолбарысым-ай, жеткен екенсiң ғой, жетуiң жету-ақ, — деп не әзiлдегенi, не қағытқаны, не қуанғаны белгiсiз, қоңқақ мұрнының екi желбезегi жыбырлап, көздерi сәл жұмыла күлiмсiреп, қос қолдап амандасып жатыр.

Аздап бой үйретер әңгiмеден кейiн:

— Шежiре жинау жағынан қалайсың? — дедi. Менде бiраз шежiрелер бар екенiн, бiрақ қожалар жөнiнде шежiре мардымсыз екендiгiн айттым. Қандай шежiрелерiм бар екендiгiн сұрап алды да: — Ой, жолбарысым-ай, жинаған екенсiң. Ал мен Пушкиндi түп атасына дейiн жеткiзе таратамын, — деп әлде әзiл, әлде шын, сол жақ көзiн қуақылана қысып қойды.

Алғаш кiргенде: бетi жалпақтау, мұрны қоңқақтау, ақшыл-бозғылт шашы сәл ұзындау, бейне бiр үлкендеу бастың iшiнен жел үрлеп тұрғандай немесе сол бастың iшiнен қысым көрiп, мазасы кеткендей ұйпа-тұйпа, шаштың жекелеген талдары бастан тұра қашайын деп тұрғандай әсер қалдырды. Құлағы да басқа лайық, бiрақ құлақ қалқаны алға қарай қайқиғандау екен. Онысы: “айтар ауыз болса, тыңдайтын құлақ бар”, — дегендi бiлдiрiп тұрғандай. Қос қабақтан сәл жоғарылау басталып, көз ұясына қарай түскен қос сызық сөйлеген кезде сөз екпiнiне қарай бiр қосылып, бiр жазылып, әңгiмеге мән берiп тұрғандай. Қалекең саусақтарымен үстелдi тықылдатып, тоқылдатып отырды да: — Солай, Айтбай, қарағым! “Қожамын” дейсiң. Менiң де әкем 37-нiң кәсабына iлiнiп кеттi. Онда мен небәрi тоғыздамын. Нағыз дiндар, мұсылман едi әкем, — деп жайдары қалпы сәл мұңдана қалып, аз отырып бетiме тiктеп қарап: — Ислам — дiндердiң iшiндегi ең тазасы. Кiсi ғайбаттау, өсек, өтiрiк исламға жат. Әлгi жаһанды билеген Шыңғыс хан: “Құдай әркiмнiң жүрегiнде болу керек. Жан дүниең — мешiтiң болсын. Одан артық мешiт жоқ”, — дептi. Соныкi дұрыс. Айналайын-ау, өзi жорықта болса, ел көшпендi болса, мешiттi қайдан салсын. Қазiр бар мешiттiң өзiне бармақ түгiл, садақа берудi де ұмытты ғой деймiн осы жұрт, — деп қоңқақ мұрынды бiр сипап қойды.

— Шежiре жинау да оңай емес, — деп әңгiмесiн одан әрi жалғады Қалекең. О да үлкен еңбек, жауапкершiлiктi талап етедi. Имандылыққа бет бұру керек. “Қожамын” дейсiң. Ислам дiнiнiң тарихы мен қағидаларын бiлу парыз. Ендi ешкiм де қудалай қоймас. Дұға оқуды үйрену керек. Әйтпесе, “қожа, қожа қожалақ”, — деп мазақтайды мына қазақтар”, — деп әңгiме ауанын бұрып жiбердi.

Бағанағыдай емес, бой үйретiп алған мен Қалекеңе: — Сiзге амандасуға әйелiмдi де ерте келiп едiм, — деп едiм, Қалекеңнiң жүзiне күлкi үйiрiлiп, көзi күлiмдей, актерлiк, әртiстiк үнмен: — Қойшы, ей! Бағанадан неге айтпадың, шын ба? Жоқ, осы жақтағысы ма? — деп қуақы жүзбен маған қарады. Мен: — Абзал бiледi ғой, шын айтам, өз әйелiм, — деп жатырмын.

Абзал бұл кезде кабинеттен шығып кеткен, хатшысына Абзалды шақыртып, одан да: — Жеңгеңдi неге кiргiзбегенсiң. Бұл өзi осы жақтағы жеңгең бе, жоқ әлде… — деп жатыр. Абзал да: — Шын, ағайдың жұбайы, — деп азар-безер болды.

Бұл екi арада Абзал жеңгесi Қанатты алып кiрiп, Қалекеңе таныстырып жатыр. Қалекең көзiнде күлкi үйiрiлiп, Қанатқа: — Қарағым, мына Айтбайдың өз әйелiсiң бе? Жоқ, әлде мына Абзал екеуi бiрдеме ұйымдастырып, менi алдап отыр ма? — деп сұрады. Кабинеттегi әңгiмеден хабары жоқ Қанат маған бiр, Абзалға бiр, Қалекеңе бiр қарап қойып, сасқанынан: — Иә, ағатай, Айтбайдың әйелiмiн. Сiзге сәлем беруге келдiк, — деп маған “Ненi бүлдiрiп қойдың?” — дегендей еш нәрсенi түсiнбей, таңдана қарап қойды.

Сөйтiп, әп-сәтте шағын кабинетте Қалекем шағын скетч ұйымдастырып та жiбердi. Режиссерi өзi. Өзi де мәз, бiз де мәз…

Қайтар уақыт болған соң Қалекеңе кiтап дүкендерiнен кiтабын таба алмағанымды , автограф жазғызып алайын деп едiм. Бармаған жерiм жоқ екенiн айттым. Отырған орнынан асықпай көтерiлдi де, маң-маң басып, шығар есiк жаққа беттедi. Бiз кiргенде есiктiң сол жағын ала киiм iлетiн шкаф тұрған, соның есiгiн ашып, iшiнен бiр кiтапты алып шықты. Қарасам “Құран Кәрiм” екен. Мұқабасын ашты да, қайырма бетiне:

«Айтбай iнiме!

Аллатағалам от басыңа бақыт береке берсiн. Өркенiң өсiп, көсегең көгере берсiн, – деген тiлекпен

Қ.Мұхамеджанов.

27.10.1995 ж.» деп қолын қойып бердi.

Бұл Халифа Алтай аударған “Құран Кәрiм”. Қазақша мағына және түсiнiгi деген кiтап екен. Кiтапты қолыма ұстатты да Қалекең: — Қарағым, Айтбай! Аллатағаланың жаратылысындағы ақыл иесi адам екен. Әрбiр ақыл иесiн өз қалауымен дүние және ахиретте нағыз бақытқа жеткiзетiн иләһи жүйе дiн болып табылады. Жаратушымыз тұңғыш адам және тұңғыш Пайғамбар Адам алейһиссәләмнан бастап адамзатқа пайғамбарлар арқылы дiнiн жiберiп отырған. Бұл иләһи дiндер кейiннен бұзылу салдарынан Аллаһ Тағала Пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы ақиқат дiндердiң ең соңғысы және ең озығы есебiнде Ислам дiнiн түсiрген. Ислам дiнiндегi адамдарды “мұсылман” дейдi. Мұны мен айтпасам да бiлесiң. Сондықтан да бiз әлхамдулилләһ мұсылманбыз.

Мына “Құран Кәрiм” адамзатқа жiберiлген қасиеттi кiтаптардың ең соңғысы. Ең соңғы Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.)-ке 23 жылда түсiрiлген. Сондықтан осы Қасиеттi Құран Кәрiмдi саған әдейi ұсынып отырмын, — деп Қалекем маған қарады.

Арада мiне 13 жылдам астам уақыт өттi. Қалекең бақилық болды. Менде өзi сыйлаған қасиеттi “Құран Кәрiм” жәдiгер ретiнде сақтаулы. Үй-iшi болып қастерлеп ұстаймыз. Аллаһ Тағала пендесiн мәңгiлiк етiп жаратпаған ғой.

“…Әуеден ұшып жүрген бөденемiз,

Жалғаннан бүйтiп жүрiп не көремiз.

Тататын дәм менен тұз таусылған күн,

Киiп ап жеңсiз көйлек жөнелемiз”, — дегендей, бұл Қасиеттi Құран балаларыма қалады. (Қалекең сыйлаған “Құран Кәрiмнiң” фотонұсқасын қоса жiберiп отырмын). Осы жолы халықаралық “Түркiстан” газетiнiң таратушысы деген анықтама берiп едi, оның да көшiрмесiн осы мақалаға тiркедiм. Сол жылдары шамам келгенше “Түркiстан” газетiн таратуға үлес қостым.

Ал ендi осы маған сыйлаған “Құран Кәрiм” кiтабының iшiн ашқанда, Қалекеңнiң өз қолымен кейбiр жерлерiн қара қарандашпен астын сызып қойғанын көрiп, өзi күнделiктi пайдаланып жүрген ғой деген ойда қалдым. Кей жерлерiне сұрақ белгiсi, кейбiр жерлерiн түзеткен, кей жерлерiне қосымша сөз жазған.

Айтпақшы, Қалекең: “Мына кiсiлердi бүгiн аралат, барам деген жерлерiне апар”, — деп, бас тарқанымызға қарамай ақшыл “Волга” автомашинасына мiнгiзiп жiбердi. Алайда жұбайым екеуiмiз “Түркiстанға” келе жатқанда екi машинаның соқтығысқанын көрген едiк. Бiр жағынан қорқып, бiр жағынан ұят болар, — деп “Балалар әлемi” дүкенi жанынан шопырға рахметiмiздi айтып түсiп қалдық.

Бiр өкiнiштiсi: “Неге сол күнi фотоға түспедiк екен”, — деп әлi күнге өзiмдi кiналi санаймын. Дүниеуи халде жүрген пенде ұмытып кетедi ғой. Әйтпесе, “Түркiстан” газетiнiң бетiнде Қалекеңмен қатар жарқырап тұрмас па едiк… Қалекеңнiң сыйласы Шерхан ағам айтқандай: “Бiр кем дүние…”.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден өтердiң алдында, зулхиджа айының 9 жұлдызында жұма күнi (миләдише 632 жылы) хажылық кезiнде, Арафат тауында жиналған жүз мыңнан астам мұсылмандар алдында айтқан қоштасу сөзiнде: “Сендерге сондай бiр аманат қалдырдым; ол аманатты мықтап ұстағандар ешқашанда тура жолдан адаспайды. Ол Аманатым — Алла Тағаланың кiтабы — Құран Кәрiм”, — деген болатын.

Ал, Сiз берген қасиеттi “Құран Кәрiм”, Қалтай аға, төрiмде. Қастерлеп сақтаудамын. 80 жыл толуы қарсаңында жатқан жерiңiз жайлы, топырағыңыз торқа болып, пейiште нұрыңыз шалқысын”, — дегiм келедi. Жақсы мен жайсаң жан ұмытылмайды, атыңнан айналайын қайран жақсы, — деп еске алады. “Ағасы жақсы қандайды…” деген тiзбектеле келетiн бiр асыл сөздер бар. Қадiрлi Қалиолла, Қалтай аға, Сiз халық аузындасыз, Сiздi халық ұмытпайды…

Айтбай Кәрiпбеков,

Қарағанды облысы, Балқаш қаласы

Серіктес жаңалықтары