308
СҮРБОЙДАҚТАР МЕН КӘРI ҚЫЗДАР ТРАГЕДИЯСЫ
СҮРБОЙДАҚТАР МЕН КӘРI ҚЫЗДАР ТРАГЕДИЯСЫ
Неке мен отбасы туралы заңды қайта қарау керек деген пiкiр жиi айтылып жүр. Басқа да мұсылман ұлыстарындай, екi әйел алу түркiлерде ежелден қалыптасқан. Екi әйел алуды заңдастыру керек пе дегенде мынадай жәйттер ойға оралады.
Бiрiншiден, бұл — жаугершiлiктен, тағы да басқа себептен ерлердiң азайып қалғаны секiлдi қажеттiлiктен туындаған, көнеден жеткен әдет. Екiншiден, екi әйел алуға тыйым салу — iске аспайтын заң. Ешбiр адам екi әйел алғаны үшiн жауапқа тартылған емес. Үшiншiден, екi әйел алу — зинақорлыққа қойылған тосқауыл. Жұқпалы аурулардың, оның iшiнде жыныс мүшелерi ауруының басты себебiнiң бiрi зинақорлық екенi баршаға аян. “Зинақорлық — қияметте де кешiрiлмейтiн үлкен күнә” — дейдi Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.с.) өз хадистерiнде. Төртiншiден, сандаған мың оң жақта отырып қалған қыздардың тағдыры адамдарды толғантады. Статистикалық дерекке сүйенсек, 2004 жылы елiмiзде еш уақытта некеге отырмаған әйелдер қатары 102.393 адамды құраған екен. Мұның өзi — бақытсыздық, үлкен қасiрет екенi айтпаса да түсiнiктi. Басқа да мұсылман елдерiндегiдей, бiздiң халық арасында да мұндай келеңсiздiк бұрындары болып көрмеген. Дүниеге қоғам көшiн iлгерi апарар ұрпақ келтiруге жағдай тудыра алмау әйел жынысына жасалған зор қиянат, үлкен қасiрет екенiн ұмытпалық. Әйел — қашанда ошақтың құты, елдiң ұйытқысы. Ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да — бәрiн де дүниеге әкелетiн ана. Азамат болу — ең алдымен ананың ақ сүтiнiң, абзал тәрбиесiнiң жемiсi дегендi дана бабаларымыз өз ұрпағының құлағына құйып келген. Парламент мәжiлiсiнде “егер ерлерге екi әйелдi болуға рұқсат етiлсе, әйелге де екi күйеуге шығуға болатын шығар” деген сұрақ қойылыпты. Деректерге көз жүгiртсек, 2004 жылы елiмiзде 68004 әйел некеге отырмай-ақ босанған екен. Қалыптасқан ұғым бойынша бұны қазақы әдетке жат келеңсiз қылық, ұлт бетiне салық боларлық жәйт дегенiмiзбен, мұнда да ойланарлық нәрселер аз емес. Атап айтқанда, аталған жағдайға байланысты әйелдердi бiр жақты кiнәлаудан аулақпыз. Балтық жағалауындағы республикаларда некеге тұрмай босанғандар балалы болған барлық әйелдiң үштен бiрiн құрайды екен. Қазiргi таңда бiзде де еш некесiз, тұрмыс құрмай-ақ босанған әйелдерге кешiрiммен, түсiнiстiкпен қарайтын сыңайлы. Бала әкесiн, өз тегiн бiлсе, оның несi айып дегендi алға тартады. Дегенмен, мұндай iске барар алдында ер адам ресми некеге тұрмаса да, мешiтке барып, ырымын жасап, шариғаттық некеге тұрса, әйелдiң ар-намысын ескергендiк болар едi. Екi әйелдi болғанның бұл айтылғаннан басқа үш түрiн атауға болады. Ер адамдардың бар жауапкершiлiктi өз мойнына алып, екiншi әйелi мен одан туылған балаларға жағдай жасап, өз алдына жеке отбасын құрғандар бар. Екi әйелмен бiрге тұрып жатқаны да жоқ емес. Бiрде қажылық мiндетiн өтеп қайтқан әлдi, ауқатты кәсiпкер жiгiтпен дастарқандас болған едiк. Оның үш әйелiнен жетi қызы бар, бәрi намазға жығылған, бiр шаңырақ астында ынтымағы жарасып тұрып жатқан жайы бар екен. Отырғандар таңданысын жасыра алмай, осынша топты жанды бiр үйде ұйыстырып ұстау құпиясын сұрағанда, ол жiгiт: “Бiр әйелдi бақытты ете алсаң — ол жақсылық. Ал екi әйелдi бақытты етсең, оның несi әбестiк?” — деп жауап бердi. Өкiнiшке қарай, екiншi әйелiне көңiл көтерер ойнасы ретiнде ғана қарап, оның аңқаулығын немесе ойсыздығын пайдаланып, аборт жасатып, келешегiне аямай балта шауып, қарғысына қалып жүрген жеңiл ойлы еркектер де кездеседi. Бiз екi әйел алуды дәрiптеуден аулақпыз. Әйткенмен, қазiргi таңда туындап отырған бұл проблеманы мойындамай, оған үрке қарау да жөнсiздiк. Мәселенiң бiр ұшы мұсылмандықтан ауытқып, батыстың келеңсiз қылықтарына көзсiз елiктеп, тым кеш үйленуге барып тiрелетiн сияқты. Кеш үйленгендердiң бiр жыл iшiнде ажырасып тынатындары аз болмай отыр. Бiлетiндердiң айтуынша, 30-40 жаста үйлену физиологиялық тұрғыдан да дұрыс бола қоймаса керек. Кеш үйленудi мақсат тұтқандардың екi түрлi келеңсiз жағдайға душар болуы мүмкiн. Атап айтқанда, еркiн жүрiп, зинақорлыққа салынғандар үйленгеннен кейiн де үйреншiктi дағдысын қоймау кесiрiнен әйелiмен тiл табыса алмай, ажырасып тынады. Немесе жасы 40-жасқа таянғанша отбасы құрмағандар жыныстық қарым-қатынас қабiлетiнен айырылып қалу қаупi де жоқ емес. Дана бабаларымыз ұл-қыздарымызды уақыт оздырмай, ертерек аяқтандыруды мiндеттеген. Қыздың 17 жасында, ұлдың 18 жасында үйленуiнiң жалпы денсаулық үшiн маңызды екенiн қазiргi медицина да анықтап отыр. Ертеректе 22 жасар бойжеткендер кәрi қыз болып, 24-ке жеткен жiгiт сүрбойдақ атанған. Абай бабамыз: “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек” — деп басталатын өлеңiн 40 жаста жазған екен. Өйткенi, бұрындары адамдардың басым көпшiлiгi 40 жасқа жетпей-ақ ата-әже болып үлгеретiн. Қайсыбiр зерттеушiлер үй-жайлы болудағы келеңсiздiктiң бiр себебi ретiнде әйелдердiң ерлерден көп екенi әлемдiк үрдiске айналып отырғанын алға тартады. Алайда бұл оншалық қисынға келмейтiн сыңайлы. Бiрiншiден, 50 жастан асқанда ғана әйелдер саны ерлерден көбiрек. Әйелдердiң орта жасы 72 болса, ерлердiкi 61 жас қана. Екiншiден, еш уақытта некеге тұрмаған ерлер де аз болмай отыр. “Оқуды бiтiрем, мамандық алам, әскерлiк мiндетiмдi өтеймiн. Бiрер жыл жұмыс iстеп, қаражат жинаймын, пәтерлi боламын, тағы басқа деп”, көп жiгiттер уақыттың тез өте шыққанын, шашына ақ кiре бастағанын да байқамай қалып жүрген жәйттер орын алып отыр. Көп мәселенiң шешiмi жастардың имандылық тәлiм-тәрбиесiмен байланысты. “Әке ұлды тәрбиелейдi. Әйел ұлтты тәрбиелейдi” демекшi, ұлт келешегi үшiн әйел жынысы тәртiбiнiң маңызы зор. Халқымыз “Қызға қырық үйден тыю” деп, ежелден-ақ нәзiк жанды, тәрбиелi қыз өсiрудi мақсат тұтқан. Ислам дiнiн берiк ұстанған елдерде әлi күнге дейiн әйел баласы балтырын жалтыратып, кiндiгiн көрсетiп киiнудi масқара қылық, ұят санайды. Шашын жалбыратып жiбермей орамал тартады, жалпы денесiнен ашық жер көрсетпей киiнедi. Ер адамның бетiне ажырайып тiке қарау да әдепсiз қылық саналады. Жалғыз басты әйелдер проблемасының жоқтығы бұл елдердегi ұлт рухының мықты да қуатты болып, iргесiнiң берiк екенiн айғақтайды. 60-жылдарға дейiн қазақ жiгiттерiнiң басқа ұлт қыздарына үйленуi кездескенмен, қазақ қыздарының басқа ұлт жiгiттерiне күйеуге шығуы кездеспейтiн едi. Қазiргi чешен жiгiттерi де бiрлi-жарым өзге ұлт өкiлдерiне үйленгенмен, қыздары тек өз ұлтының жiгiттерiмен ғана тұрмыс құрады. Түркiмен елiнде отырып қалған қыз, жесiр әйел немесе ажырасқандар жоқтың қасы. Түркiмендер қыздарын өз ұлтының жiгiттерiне ғана үйлендiредi. Осымен байланысты 1957 жылғы бiр әңгiме есiмнен кетпейдi. Он шақты орыс шалы моншада дем алып отырып, әңгiме-дүкен құрып, өз тұрмыс-тiршiлiктерi туралы сыр шерттi. Қазақтан студент мен ғана. “Осы қазақтың 60-тардағы ерлерi де үйлене бередi дейдi. Не деген денсаулық?!”, — дегенде, екiншiсi: “60-ты айтасың, 70-ке, 80-ге келгендердiң кейбiрi үйленiп, тiптi балалы болғандары да бар. Олар бiз сияқты самогон iшiп, ерте қартаймайды. Атқа мiнедi, қымыз iшедi, таза ауада көбiрек жүредi”, — деп жалғастырды. Қазiр жағдай басқаша. Қыры кеткен тәрбие мен салт — дәстүрдiң шырқын бұзған ғаламдық үрдiстiң салдарынан кеш үйлену мен ажырасу жағынан орыстардан және еуропалықтардан айырмамыз болмай қалған секiлдi. Ер азаматы мықты, ер мiнездi халықтың қыздары да тәлiм-тәрбиелi, инабатты болатынын көрiп жүрмiз. “Қазiргi ерлердiң сапасы нашарлап кеттi”, — дегендi де естiп қаламыз. Маскүнемдiк пен нашақорлықтың, тағы басқа келеңсiз жәйттiң кесiрiнен үйлi-баранды бола алмай жүргендер жоқ емес. Екi әйелдiлiк заңдасқан күннiң өзiнде, ондайға мүмкiндiгi бар, әл-ауқатты, жауапкершiлiктi сезiне бiлетiн, ар-ұжданды ер азаматтар соншалық көп емес болар. Ата-бабаларымыз қыздарға ер азаматты құрметтеудi, ұлдарға әйел баласын аялауды мiндеттеген. “Әйел жерден шыққан жоқ, ол — еркектiң баласы. Еркек көктен түскен жоқ, әйел — оның анасы” деген нақыл сөз тегiн айтылмаса керек. “Ең жаман бес нәрсенi аташы” деген сауалға аузы дуалы атақты бiр шешен би: “Бiрiншiден не жаман? Қатынсыз адам — бақытсыз. Бақытсыз болсаң, сол жаман. Екiншiден не жаман? Баласыз адам — бағасыз. Бағасыз болсаң, сол жаман”, — деп үй-жай болып, ұрпақ сүюдiң маңызын алдымен ауызға алыпты. Сүрбойдақтар мен кәрi қыздар қатарының өсуi кесiрiнен ажырасу да көбейiп, жетiм мен жесiрлер санының арта беруi халқымыздың келешегiне елеулi зардабын тигiзбекшi.
Сейдiн қажы Бизақов