Вано МЕРАБИШВИЛИ: РЕСЕЙ БҰЛ СОҒЫСҚА КYНДIЗ–ТYНI ДАЙЫНДАЛДЫ

Вано МЕРАБИШВИЛИ: РЕСЕЙ БҰЛ СОҒЫСҚА КYНДIЗ–ТYНI ДАЙЫНДАЛДЫ

Вано МЕРАБИШВИЛИ: РЕСЕЙ БҰЛ СОҒЫСҚА КYНДIЗ–ТYНI ДАЙЫНДАЛДЫ
ашық дереккөзі
226

Тамыз айындағы Кавказ соғысы әлемдiк саясатқа үлкен өзгерiстер әкелгенi айдан анық. Грузия мен орыс армиясының қысқа уақытқа созылған, жергiлiктi маңызы бар қиян-кескi ұрыстары “қырғи-қабақ соғысты” қайта тiрiлте жаздап, алып державаларды баррикаданың екi жағына әкелетiн қаупi әлi сейiлген жоқ.

Соғыс өртiнiң тұтануына кiм кiнәлi? Күшi әлдеқайда басым, атом қаруына ие алып держава – Ресей ме, әлде егемендiгiне ендi ғана қол жеткiзген, Тәуелсiздiгiн баянды ету үшiн күшi басым жауларымен жұлқысып жүрген Грузия ма?! Ақпараттың басым бөлiгiн, тiптi, барлығын дерлiк Ресей ақпарат көздерiнен алатын қазақ қоғамы үшiн бұл соғыстың шынайы астары, барша шындығы әлi күнге айқын емес. Әсiлi, Грузияны мейлiнше қаралауға құмбыл болып алған Ресейдiң көзқарасы бiзге белгiлi, бiрақ бостандық сүйгiш грузин халқының, оның саяси, мемлекет қайраткерлерiнiң көзқарастарынан бейхабармыз. Тiптi, Тбилисиде парламент комиссиясы құрылып, онда тамыз соғысының себептерi мен салдарлары талқыға салынғанын көп адамдар бiле бермейдi.

Грузияда осы соғыстың бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн адамдардың бiрi ретiнде Iшкi Iстер министрi Вано Мерабишвилидiң аты жиi ауызға iлiнедi. Қазан айының соңғы күндерiнде “Коммерсантъ” газетiнiң арнаулы тiлшiсi Ольга Алленова Вано Мерабишвилимен сұхбаттасқан болатын. (“Коммерсантъ” газетi, №197, 29 қазан, 2008 ж.). Осы сұхбатты оқырмандарымыздың назарына қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

“РЕСЕЙ ӘСКЕРЛЕРI ОНДА ЖЕТIСI КҮНI ЕНДI”

– Грузин қоғамында Грузия әскери бөлiмдерi Оңтүстiк Осетияға нелiктен жетiсi күнi енгiзiлдi деген сұрақ жиi қойылады.

– Сегiзiнде. Онда жетiсi күнi орыс әскерлерi ендiрiлген едi. Олар 7 тамыз күнi таңғы үште басып кiрдi, ал бiз сегiзiне қараған түнi түнгi бiрде ендiк. Бұл – дәлелденген жайт.

– Мұны кiм дәлелдедi?

– Бiзде оңтүстiк осетиялық шекарашылардың 7 тамыз күнi түндегi телефонмен сөйлескен жазбалары бар. Рокс тоннелiнiң аузында тұрған кезекшi шекарашы Цхинвалидегi басшыларына тоннель арқылы ресейлiк әскери колонналардың өтiп жатқанын мәлiмдеген.

Бұл жазбаларды сұхбат алардан бiраз ғана бұрын министрдiң көмекшiсi Шота Утиашвили көрсетiп, тыңдауға мүмкiндiк жасаған едi. Онда әлдебiр Гасиев, Рокс тоннелiндегi кезекшi шекарашы, 7 тамыз күнi таңғы 3-те полковник Хромченко басқаратын орыс әскери колоннасы тоннель арқылы өтiп бара жатқанын Цхинвалидегi командирiне жанұшыра хабарлап жатты. “Мына бiр Хромченко өзiне барлық билiк берiлуiн талап етуде, – дейдi Гасиев. – Мен не iстеймiн?” Командир колоннаны өткiзу керектiгi жөнiнде бұйрық бередi.

– Тiптi, Ресей БАҚ-тарының өзiнде жетiсi күнi-ақ Оңтүстiк Осетияда болғандары жөнiнде нақты кесiп айтқан әлдебiр капитандардың сұхбаттары жарияланды, – деп жалғастырды сөзiн Вано Мерабишвили. – Жалпы, бiз соғыс жайын айтқанда, 7 немесе 8 тамыз туралы сөз қозғамасақ та болады. Осыдан бiр жыл бұрын-ақ Кокойтының қолында кем дегенде 20 танк және өздiгiнен жүретiн 25 артиллериялық қондырғы болатын. Небары 20 мың тұрғыны бар қала (Цхинвали – Ж.Ш.) мұндай қаруларды кiмнен және қалай алады? Бұл соғыс ең кем дегенде 2001 жылы басталған. 2000 жылы Оңтүстiк Осетияда президент Путин үшiн бар болғаны 1,2 мың адам дауыс берген-дi. Ал осы жылы Медведев үшiн 30 мыңнан астам адам дауыс берген. Егер мұндағы тұрғындардың екi есеге азайғанын ескерсек, Оңтүстiк Осетиядағы Ресей азаматтарының отыз есе көбеюi қалай? Цхинвалиге орыс генералдары мен министрлерi жiберiлдi. Мiне, бұл соғыс сонда басталған едi. Путин Ресей тарихына орыс жерiн жинаушы болып енгiсi келедi. Ресей бұл соғысқа күндiз-түнi дайындалғаны даусыз.

– Тiптi, бұл арандату болған күннiң өзiнде бұған Грузия қалайша ұрынып қалды?

– Бiзде басқа мүмкiндiк бар ма едi?

– Сiздiң айтуыңызша Оңтүстiк Осетияға Ресей әскерлерi 7 тамызда енген болса, онда әлемдiк қауымдастықтың назарын аудартуға мүмкiндiк бар ғой.

– Бiз назар аудартуға күш салмаған күн жоқ. Бiз Джава мен Цхинвалиде соңғы жылы ғана салынған әскери базалардың фотосуреттерiн көрсеттiк. 5 тамыз күнi менiң орынбасарым Батыс дипломаттарына, оның iшiнде ресейлiк елшi де бар, гранометтардан атқыланған елдi мекендердi көрсетiп, аралатты. Кокойта грузин деревняларын “азат ететiнi” туралы күн сайын айтатын. Егер бiз қол қусырып отырғанда не боларын бiлесiз бе? Қазiр басып алынған әлгi деревняларды орыс әскерлерiнiң қолдауымен бәрiбiр Кокойта басып алар едi, бiрақ, қазiр жұрт оны орыс әскерлерi емес, Кокойта алды деп айтар едi.

– Сонда, яғни, сiз үшiн оларды Кокойта емес, орыс әскерлерiнiң тартып алғаны тәуiр ме? Сiз осы соғысқа араласқан Ресей өз абыройын жоғалтты деп санайсыз ба?

– Мен үшiн бiздiң не жоғалтқанымыз маңызды. Ал Ресей несiн жоғалтты, оның мәнi мен үшiн екiншi кезекте.

– Дегенмен Грузиядағы көптеген адамдар Цхинвалиге кiрмеулерiңiз керек едi деп есептейдi.

– Цхинвали ұстап отырған анклавтағы он бес мың грузиндi тазалау басталғанда қалай қол қусырып қарап отыруға болады? Бiздiң полиция онда бара алмайтын, ал осы он бес мың адам 1 тамыздан бастап Кокойтаның кепiлдерiне айналды. Осы күндердiң бәрiнде бұл елдi мекендер тоқтаусыз артиллериялық атқылау мен бомбалаудың астында қалды, ал бiз оларды қорғай алмадық. Ресей бұл соғысқа әбден дайындалды, бұған еш күмән жоқ. Тiптi, 3 тамызда Цхинвалиде 50 ресейлiк журналистер болып, сол жерден тiкелей хабарлар жүргiзумен шұғылданды. 2 тамыз күнi Оңтүстiк Осетиядан ұйымдасқан түрде босқындарды әкете бастады. Ал жетiсi күнi онда Ресей әскерлерi енгiзiлдi. Бiзге не iстеу керек едi?

– Дегенмен, ресейлiк әскерлердiң Рокс тоннелiнен қалай өтiп жатқанын ғарыштан суретке түсiрiп, нақты айғақтарды бүкiл әлемге таратуға болар едi ғой.

– Ғарыштан мұндай фотосуреттер үнемi түсiрiлiп тұрды, бұл суреттерде Джавада бiр жылдың iшiнде орасан зор соғыс базасы салынғаны айқын көрiнедi.

– Бiрақ, база – бiр бөлек, ал тұрақты әскерлердiң ендiрiлуi мүлдем басқа ғой.

– Түнгi үште ештеңе түсiруге болмайтынын олар жақсы бiледi. Колонна таңға дейiн шеру тартып, Джавадағы базаға келiп тоқтаған – таңертең ештеңе де көрiнбейтiн. Дима Санакоев (Тбилиси Оңтүстiк Осетия әкiмшiлiгiнiң басшысы етiп тағайындаған кiсi – Ж.Ш.) маған мынадай оқиғаны айтып берген едi. Ол бiр кездерi Оңтүстiк Осетияның Қорғаныс министрi болған. Бұрынғы соғыста бұларға танкiлерiн берген ресейлiктер: “Күннiң бұлтты болғанын тосуымыз керек, сонда ғана беремiз”, – деген көрiнедi. Санакоев таңданып: “Неге?” – деп сұрайды. Ал әлгiлер болса: “Американдықтар фотосуретке түсiредi”, – деп жауап қатқан. Олар бұл жолы бәрiн де мұқият есептедi, сондықтан Батыс үшiн бұл соғыс күтпеген қантөгiс болып шықты.

“ОЛАР ТБИЛИСИДI ҮШ КҮНДЕ БАСЫП АЛАТЫН ЕДI”

– Яғни, қазiр сiз Цхинвалиге әскер енгiзу бiрден-бiр дұрыс шешiм болатын деп ойлайсыз ба?

– Бiз таңдау жасай алмайтын жағдайға келiп тiрелдiк. Сiз қазiр маған Тбилисидiң маңында тұрып, орыс танкiлерiн күту керек едi дей де аласыз. Сонда, бәлкiм, уақыт ұтар ма едiк? Егер орыс танкiлерi енiп, ешқандай қарсылықсыз Тбилисиге дейiн жетсе ше?

– Олар Тбилисиге басып кiрер едi деп нелiктен ойлайсыз?

– Екi жол ғана бар болатын. Олар Цхинвалиде тоқтап, анклавта қалған әлгi грузин ауылдарын “азат етер” едi немесе Тбилиси бағытына бет алар едi. Екi жағдайда да бiз қазiргiден әлдеқайда ауыр жағдайға тап болатынымыз даусыз. Егер бiз ешқандай қарсылықсыз территориядан айрылғанымызда Грузия қоғамы мұны ешқашан кешiрмесi даусыз. Ал одан да қайғылы жағдайда олар Тбилисидi үш-ақ күнде басып алатын – мұндай жағдайда әлемдiк қауымдастық қимылдап та үлгермейтiн едi. Бiр айдан соң олар мұнда жаңа сайлау өткiзiп, әлдебiр Гиоргадзе президент болып шыға келетiнi аян.

– Ресей әскерлерi нелiктен Тбилисиге қарай ентелемедi?

– Олар уақыттан ұтылды. Екi күндi қиян-кескi ұрыстарда жоғалтты. Одан соң Гориге таяп келдi. Гориден Тбилисиге қарай бiр аптаға жуық уақыттан соң аттанды. Содан кейiн келiссөздер басталды. Ең алғашқы халықаралық реакция бес-алты күннен кейiн ғана белгiлi болды. Буштың мәлiмдемесi шын мәнiнде 13 тамыз күнi жасалды. Егер бұл уақытта орыс танкiлерi Тбилисидi таптап жүрсе, онда бәрi де кеш болар едi. Ал ресейлiктер мұнда Ресейдiң итаршы саясаткерлерiн әкелуге дайындалғаны құпия емес. Мен сiзге генерал Борисов пен сiздер қойындарыңызға алған Абашидзенiң телефонмен сөйлескендерiн тыңдатайын.

Вано Мерабишвили жаңа файлды ашқан. Ар жақтан: “Амансыз ба, Аслан Ибрагимович! Бұл – Борисов. Қалай, сiз үшiн кек алдық па, Аслан Ибрагимович! Потиге дейiн келiп жеттiк! Мұнда менiмен бiрге Думбадзе отыр. Сiздi онымен сөйлестiрейiн” деген орыс сөздерi естiлдi. Думбадзе мен Абашидзенiң сөйлескендерiн министр маған тыңдатқан жоқ: жазбаны тоқтатып тастады.

– Грузияда тамыз оқиғаларын тергеуге байланысты парламент комиссиясы құрылды. Олар қойғалы отырған сұрақтардың бiрi Оңтүстiк Осетияға жақын орналасқан грузин елдi мекендерiндегi тұрғындар нелiктен көшiрiлiп әкетiлмедi? Және бұл сұрақты сiзге де қоюға дайындалуда.

– Шынымды айтайын, 7 тамыз күнгi кешкi тоғызға дейiн менен соғыс басталуының мүмкiндiгi қанша пайыз десе, мен “отыз пайыз” деген болар едiм. Саакашвили уақытша бейбiтшiлiк жариялағанда, бiз – ресейлiктер де, осетиндер де оған үн қатады деп санадық, бұл жағдайдың ұшығуын тоқтатуға сеп болар едi. Әрине, бiз аса маңызды әлденелердiң дайындалып жатқанын сездiк. Ресей одан әрi дандайсып, КСРО құлағаннан берi ондаған жылдар өткен соң орыстар өз танкiлерiн тағы да өзге елдiң территориясына енгiзедi деп сенген жоқпыз.

– Комиссияның сiзге бағыттап отырған тағы бiр сұрағы бар. Цхинвали үшiн жүргiзiлген ұрыстардан соң грузин бөлiмдерi ешқандай қарсылық көрсетпестен Тбилисиге дейiн неге шегiндi?

– Өйткенi, бiз бұл уақытта уақытша атыс тоқтатылсын деп жариялап, еуропалық мемлекеттердiң ара ағайындық жасауын өтiнген болатынбыз. Ресей әскерлерiнiң алға жылжуы уақытша бейбiтшiлiк кезiнде де тоқтатылған жоқ.

– Айтқандай, отандастарыңыз сiзге тағып отырған айыптардың бiрi мынау. Сiздер неге тым жылдам шегiндiңiздер?

– Өз адамдарымызды аман сақтауға тырысқанымыздың қандай жаманшылығы бар? Бiз Цхинвалиде соғыстық. Бiрақ, бiз бұл уақытта ара ағайыншылыққа кiрiскен еуропалықтармен бiрге уақытша бейбiтшiлiк жөнiндегi шартқа сай әрекет жасадық. Егер ұрыстар одан әрi жүрiп жатса, Ресейдi тоқтатуға мәжбүрлеу мүмкiн емес едi.

– Донор елдер Грузияға зор көлемде қаржылай көмектесуде. Ол қаржы гуманитарлық түйткiлдердi шешуге жұмсала ма, әлде әскери кешендi қайта тiрiлтуге де бағыттала ма?

– Ресейдегiлер айтуға әбден машықтанғандай емес, бұл саладағы бiздiң шығындарымыз сонша көп деуге келмейдi. Иә, ресейлiк әскерилер бiздiң әскери базаларымыздан көптеген заттарды талапайлап әкеттi. Унитаздарды, кереует, әскери аяқ киiмдердi “Камаздармен” тасыды. Кондиционерлердi де бас салды, және бiр таңданарлығы, кондиционерлердiң сыртқа шығып тұрған бөлiктерiн емес, бөлменiң iшкi жағына қараған бөлiктерiн ғана тасыды. Компьютерлердi де талапайлап, ең қызығы, мониторларды ғана әкеттi, ал процессорларға тиiскен жоқ. Олар бiздiң базаларды екiншi рет неге шабуылдап алғанын бiлесiз бе? Оларға әлдекiмдер мониторларға қосымша процессор да болатынын түсiндiрген соң, олар қайтадан керi оралды. Бiрақ, мұның бәрi соншалықты көп шығын емес, 2-3 млн.лари шамасында деуге болады. Тiптi, олардың жартысын өзiмiз-ақ қайтарып алдық.

– Қалайша?

– Сiздердiң әскерлер осында тұрғанда бiз ол заттарды араққа айырбастап немесе ұрланған құрал-жабдықтардың басым бөлiгiн ақшаға қайта сатып алдық. Бұның қалай жүзеге асқанын қазiр сiзге көрсетiп берейiн.

Министр компьютердi iске қосып, киiмiн ауыстырып киген грузин полицейлерiнiң ресейлiк жауынгерлермен сөйлесуiн жасырын камералар түсiрген сәттердi көрсете бастады: қолдан-қолға өткен темекенi кезектесiп бөлiп шеккен әлгiлер ұрланған компьютерлердi қайта сату жөнiнде уағдаласып жатыр. 900 лариге (750 доллар шамасында) полицейлер ресейлiктердiң қолындағы компьютерлердiң барлығын қайта сатып алды. Одан соң полицейлер қару-жарақ сатып алуға қызығушылық танытты – қысқа ғана саудаласудан кейiн олар бiрнеше гранатаны сутегiнге сатып алды.

Министр күлiмсiреп тұр.

– Менiң өзiм де әбден таңқалдым, – деп жалғастырды ол сөзiн. – Ресей әскерилерiнiң жалақысы аз емес қой. Бiрақ, олар арзан заттарды да ұрлаудан бас тартқан жоқ. Бiз бiрде броньдалған “КамАЗ”-ды қолға түсiрдiк, әжетхана қағазы мен қоюлатылған шырын толтыра тиелген екен. Сондықтан, қаржы шығындарымыз соншалықты қомақты емес. Бiз бұл соғыста құрал-жабдықтардан гөрi әлдеқайда ауқымды нәрсенi жоғалттық.

– Бомбалаулардан шеккен шығындар ше? Базалар, Потидегi порт…

– Олардан шеккен шығындарымыз да соншалықты көп емес. Өйткенi, бiрде-бiр бомба нысаналарға тиген жоқ. Гориде бейбiт адамдар нелiктен үлкен шығынға ұшырады? Бұл үйлердi қасақана бомбалағандықтан емес, керiсiнше, олар базаны бомба астына алмақ болған, бiрақ дәл тигiзе алмады. Олар Тбилисидегi әуежайды бомбалағанда – онда әскери әуежай мен Су-25 ұшақтарын шығаратын зауыт та орналасқан – олар әуежайды дәл көздей алмай, қараусыз қалған қойманың күл-талқанын шығарды. Еш шығын шеккен жоқпыз.

– Осыларға қарамастан бұл соғыстың нәтижесiнде Грузия Абхазия мен Оңтүстiк Осетияны мәңгiлiкке жоғалтқан жоқ па?

– Оңтүстiк Осетия және Абхазияны ең алдымен абхаздар мен осетиндердiң өздерi жоғалтты. Олар ресейлiк стандарт және ережелермен ғана өмiр сүретiн болады. Егер оларға бұл ұнайтын болса – мейлi, алдарынан жарылқасын. Ал егер ұнамайтын болса – онда оларды жоғалтқан жоқпыз.

Тәржiмалаған, Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары