ҚАЛАҒАҢМЕН БIРГЕ...

ҚАЛАҒАҢМЕН БIРГЕ...

ҚАЛАҒАҢМЕН БIРГЕ...
ашық дереккөзі
189

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Қалекеңнiң кезектi бiр лездемеде бiздi құлаққа жағымды жаңалығымен қуантқаны естерiңiзде болар. “Ал, жолбарыстарым! Мен Түркиядағы “Заман” қоғамымен жақсы келiсiм-шарт жасастым”. Бiз елең етiп, ошарыла бұрылып, аузына қарадық.

Қалағаң шылымын тұтатып, сөзiн жалғады. “Бұл шарттың кереметi сонда, сендерге жаңа тұрғын үй мен баспахана жайын салып беретiн болды. Баспаханаға құны миллион долларлық қуаттылығы жоғары техникалық жабдықтарын шетелден әкеледi. Газеттен бөлек өз кiтаптарыңды да бастырып, шығарасыңдар. Сондай-ақ, Стамбұлға iс-сапармен жiберiп тұрамыз. Бiр күн онда, бiр күн мұнда”. Қалекеңнiң айтып отырғаны рас па, өтiрiк пе? Аңтарылған көңiл ауанымызды байқады ма, екiжақты қол қойылып, мөр басылған құжатты көрсеттi. Ендi көрiп тұрып қалай сенбейсiң. Шындығына күмәнiмiз қалмады. Көңiл күйiмiз көтерiлiп, сол жақсылықтың бәрiне сол күнi кенелгендей дабырласып жатқанымызда Қалағаң: “Ау, сендер, Стамбұлға бәрiң бүгiн кетiп қалмаңдар. Әуелi газеттiң бiрiншi санын шығарып, алайық та”, — деп езу тартты. Бiз жарыса күлдiк.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Сол құжатта бiзге “Известия” газетiнiң тiлшiлерi қанша айлық алса, сонша беремiз” деген арнайы баб та бар едi. Сөйтсек дәметкенiмiз қашпаған сиырдың уызы екен ғой.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Иә, Қалағаң сол келiсiм-шарт талаптарының орындалуын екi жылдай күттi. Өзiне байланысты жағынан кiнәрат болған жоқ. Күн өткен сайын жағдай шиеленiсе түстi. Қалағаңның шыдамы таусылып, оларға газеттi жабатынын ескерттi. Iстiң насырға шапқанын сезiп, ағамызды райынан айла-тәсiлмен қайтарғысы келдi. Кабинетiне кiрсем, Қалағаң жауар бұлттай түнерiп отыр екен. “Дидахмет, әлгiнде ғана маған осындағы Әли Байрам мен Гүрсал келiп, мына конверттi тастап кеттi. “Үйiңiздегi жеңгейге сыйлық” дегендерiне қарағанда ақша секiлдi”. — Столының астыңғы жағындағы кнопканы басты. Iшке енген Айнашқа: “Қызым, редакция қызметкерлерiнiң бәрiн шақыр. Анау “Заманның” осындағы өкiлдерi Әли Байрам мен Гүрсал да келсiн”, — дедi. Сәлден соң бәрiмiз ұзын столдың қос қапталына жағалай жайғастық. Байрам мен Гүрсал Қалекеңнiң қарсы алдындағы орындықтарға тiзе бүктi. Қалтай аға тартпадан конверттi алып, менiң алдыма тастады. “Дидахмет, конверттi аш”. Жапсырма бет бүктеуiн жырта көтерсем iшiндегi 100 таңбалы бiрнеше доллар екен. Қалағаң: “Сана”, — дедi қатқыл үнмен. Мен көк құлақтарды шытырлатып санай бастадым. Анау екеуi Қалағаңнан мұндайды күтпесе керек. Әуелi не айтарларын бiлмей абдырап барып, артынша естерiн жыйды. “Қалеке, мұны бiз үйдегi жеңгейге тарту ретiнде бердiк қой”. Екеуi жамырай сөйлеп шоқ басқандай орындарынан ыршып тұрды. “Қалеке, бұл жеңгейге тиесiлi”. Ағамыз оларға қолын ербең еткiздi. “Мұны алғаннан жеңгең байып кетпес. Бұл осындағы газеттiң ыстығына күйiп, суығына тоңып жүрген мына жiгiттер мен қыздарға тиесiлi”. Мен қолымдағы соңғы долларды стол үстiне қойдым. “Қалаға, жалпы саны мың”. Қалекең: “Газет қызметкерлерiне теңдей бөл”, — дедi. Байрам мен Гүрсал бiр жағынан күйiнiп, бiр жағынан шарасыздық танытты. “Қалеке, сiздiкi жөн емес. Қалеке, сiздiкi жөн емес”. Басқа сөз таппағандай қайталап, екеуi есiктен шыға жөнелдi. Сол ақшаны бөлгенде әрқайсымызға 33 доллардан айналды.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Дидаға, осы бiр болған жайды кейiндеу мен газетке “Қалағаңның мырзалығы” деген тақырыппен жазғанмын. Олар Қалекеңнiң қолын ондайға былғамайтын, арына ғана жүгiнетiн жан екенiн содан кейiн бiлдi.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Иә, Қалекең дүние-боқтың адамы емес. Осы тақылеттес тағы бiр жай есiме түсiп отыр. Ретi келiп тұрғанда айта кетейiн.

Бiр жолы Қалаға Түркiстанға баратын болып, жанына Абзал Бөкендi, Шәкизада Құттаяқовты және менi ерттi. Шымкентте газет оқырмандарымен жүздесiп, ертеңiне Түркiстанға жеттiк. Сол кезде Мұрат Жұрынов Қазақ-түрiк университетiнде ректор едi. Студенттермен қызықты кездесу өткiзiп, Нұртас Оңдасыновтың аулына ат iзiн салдық. Түркiстанға қайтып келген соң Жұрынов үйiне қонаққа шақырды. Дастарқан басында ел жайында, ғылым, бiлiм туралы сөз қозғадық. Қоштасар сәтте Жұрынов қадiрлi қонағы Қалағаға мiнгiзген атым деп конверт ұстатты. Бiздi де азын-аулақ сый-сияпаттан құр қалдырмады. Вокзалға барған соң Қалекең, әлгi конверттi қалтасынан шығарып, әдеттегiдей жымиды. “Әй, жолбарыстарым, әлгiнде Жұрыновтың маған мынаны атың деп ұстатқанын естiдiңдер ғой. Мен ендi осы аттың төрт борбайын төртеумiзге бөлейiн”. — Бiздiң қарсылығымызға қарамай ақшаны бiзге теңдей бөлiп берiп, өзi Қызылордаға, ал бiз Алматыға қарай жол тарттық. “Өле жегенше, бөле же” демей ме. Қалекең соны осылай iстедi.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Бөгенбай батыр көшесiндегi редакция орналасқан үй қос қабаттан тұратын едi ғой. Қалаға соның бiрiншi қабатын коммерциялық құрылымдарға жалға берген. Жыл бойына, ай сайын солардан түсетiн қаражатты жалақымызға үстеме ретiнде бiзге бөлiп бердi емес пе. Сонда соның бәрiн өзi алса, кiм қолынан қағар едi. Кейiн Шамшиддин Паттеев редактордың орынбасары болып келген кезде бұны заңға сәйкестендiрдi.

Жалақысын уақытында ала алмай жүрген басқа газет-журналдағылар бiздiң жағдайымызға қызығатын. Бiрде әрiптестерiмiздiң бiрi Еркiн Нұразхановқа кездесiп, тарығып жүргендерiн жырласа керек. Сонда ол: “Бастығың народный болса, өзiң голодный болмайсың” — деген екен. Шынында, ұжымның қандай күйде болмағы бастығына тiкелей байланысты ғой.

Қазақта “Бөрi арығын бiлдiрмес” деген мақал бар. Сырттай қомпиғанымыз болмаса, бiздiң де басқалардан асып-тасып бара жатқан жайымыз жоқ едi. Несiн жасырайық өзегiмiздi талдырған талай күндер өттi ғой. Бiздiң Қалағаңа деген құрметiмiз, Қалағаңның бiзге деген ықыласы, өзара сыйластығымыз барлық қиыншылықтарға шыдауымызға себепшi болды.

Айнаш САТАЕВА:

— Тәуелсiздiктiң алғашқы қалыптасу жылдары есiмде. Айлық жалақыны уақтысында ала алмай қиналып жүрдiк. Сондай шақтарда Қалтай аға: “Қызым, ақша болмай қарындарың ашып жүр-ау. Жiгiттердiң көңiл күйлерiн айтпасаң да бiлемiн. Көппен көрген ұлы той. Шыдайық. Жағдайдың да түзелетiн кезi болар, — деп қалтасындағы барын шығарды. — Аздау екен. Дегенмен түстiктерiңе жетiп қалар”. Қалағаңның бергенi тек бұл бiр емес, содан кейiн де бiрнеше рет қайталанды. Кейде: “Қалаға, сiзден ала берген де ыңғайсыз” — десем: “Қызым, сендердiң жағдайларың болмай жүрсе, мен қалай қаннен-қаперсiз жүрейiн”, — дейтiн. Үйiндегi Фарида апа да жай-күйiмiздi жиi-жиi сұрап отырса керек. Бiр жолы келiнi Валентина Семеновна үлкен сөмке көтерiп келдi. “Айнаш, мынадағы тамақты Фарида апаң сендерге берiп жiбердi”. Үлкен столдың үстi буы бұрқыраған етке, тәттi тағамдарға толды. Мұндай сәттер де бiрнеше рет қайталанғаны бәрiмiздiң есiмiзде. Тiптен редакция ұжымын екi-үш рет үйiне де шақырып, барымен күттi емес пе. Қалағаң мен Фарида апай тумысы бөлек жандар ғой. Iшiңдегiнi айтқызбай-ақ сезедi.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Әңгiме ауанымен бiраз жерге кетiп қалдық бiлем. Ендi мен “Түркiстан” газетiнiң қалай ашылғанына тоқталайын. Қалекең Республика Президентi бастаған делегация құрамымен Түркияға барып келген соң, менi кабинетiне шақырды. “Дидахмет, “Заман-Қазақстан” газетiн жабатын болдық. Себебiн өздерiң де жақсы бiлесiңдер”. Сөзiн осылай бастап ұшақта Президентпен кеңескенiн, сосын Орта Азиядағы түркi елдерiне ортақ жаңа газет ашқысы келетiнiн айтқанда, оны Елбасының қолдағанын тiлге тиек еттi. “Жаңа газеттi “Түркiстан тынысы” деп атағанымыз жөн шығар. Сен бұл атқа қалай қарайсың?” — Жауабымды күтiп үн-түнсiз отыр. Табан астынан не айта қояйын. Бiр сәтке ойланып қалдым. “Қалаға, кешегi Совет дәуiрiнде “Коммунизм туы, “Коммунизм жолы”, “Еңбек туы” деген газет атауларынан аяқ алып жүру мүмкiн емес едi ғой. Жаңа газеттiң атын солар секiлдi “Түркiстан тынысы” демей неге “Түркiстан” деп атамасқа?” Ұсынысым ұнады бiлем жымиып күлдi. “Дидахмет, мынауың — Маркстың идеясы. Гениально!” Сұқ саусағын шошайтып, жоғары көтердi. Алаулаған жүзiнен қуаныш табын көрдiм. Алдында жатқан қағаздан “тынысы” деген сөздi қаламымен сызып, “Түркiстан” атауын жалғыз қалдырды. 1994 жылы 28 қаңтарда Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауымен “Түркiстан” газетiнiң бiрiншi саны жарыққа шықты.

Айтпақшы, “Заман-Қазақстан” газетiн бiр жылға жуық шығарғаннан кейiн, бiр лездеме үстiнде Қалағаң ешкiм күтпеген шешiм жасаған. Ол уақытта Әбiлмәжiн Жұмабаев аға бас редактордың орынбасары едi. “Әбiлмәжiн, орныңды мына Дидахметке бер, демесi бар ма, – Ендi орынбасарлықты сол атқарсын”. Алдын ала ескертпеген соң ба, мен ыңғайсызданып қалдым. Ал Әбiлмәжiн аға қашанғы сабырлы қалыбын сақтады. Қайта жылы шыраймен былай дедi. “Қалтай-ау, орнымды Дидахметке бермегенде, кiмге беремiн?! Газеттi Дидахмет шығармағанда, кiм шығарады?!” Ол солай айтса да мен өзiмдi бiртүрлi сезiндiм. “Қалаға, қызметке қызығатын жан мен емес. Ұсынысыңызға рахмет! Әбекең өз орнында iстей берсiн”. Қалаға киiп кеттi. “Жоқ, Дидахмет, Әбiлмәжiн талай қызметтiң дәмiн татқан. Ендiгi орын сенiкi”.

Арада бiраз уақыт өткен соң Бiшкекте көршi үш республика Президенттерiнiң кездесуi болды. Ресми келiссөздерден кейiн Елбасылар Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов, Асқар Ақаев журналистер алдына шығып, пресс-конференция өткiздi. Сонда түркi елдерiне ортақ бiр басылым шығару туралы мәселе көтерiлдi. Мен орнымнан тұрдым. “Бiзде сондай басылым бар. Оның аты — “Түркiстан!” — Қолымдағы газеттi жоғары көтердiм. — Тек сiздер тарапынан қолдау қажет”. Үш Елбасы бiр-бiрiне әлденелердi айтып жатты. Сол күнi Өзбекстан Президентi Ислам Каримов өзiнiң Баспасөз министрiне: “Сендер әне-мiне деп жүргенде қазақ ағайындар ортақ газеттi шығарып та қойыпты”, — деп ренжiсе керек. Алайда Өзбекстан мен Қырғыз республикаларындағы экономикалық жағдайдың төмендiгiнен газетке қолдау болмады. Бiрақ сол пресс-конференцияда Қалекеңнiң алдын ала болжағыш қасиетi менi тәнтi еттi.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Бiз Қалағаңнан тәрбие де, тәлiм де алдық. Тәрбиесi – бiзге ақылгөйсiп сөз айтқан жоқ. Кемшiлiктерiмiздi жеңiл юморымен жеткiзетiн. Қай кезде де ар-ұятты, адамгершiлiктi алға қойды. Тәлiмi — тiлге қатал едi.

Жауапты хатшы кезiм. Дидаға, тiлшiлер дайындаған мақалалар әуелi сiздiң қолыңыздан өтiп, содан соң секретариат бөлiмiне түсушi едi ғой. Сiз iс сапарға шығып кеткенде Қалағаңның өзi қарайтын. “Көлбай, қолыңда қандай мақала бар, бәрiн маған бер. Данышпандар не жазды екен, қарап шығайын”. Жиналған он шақты материалдарды алдына қоямын. Сонда таң қалатыным, ағаның мақалаларды тез оқитыны. Әрқайсысына қаншама түзетулер енгiзедi. Жақсысына сүйсiнiп, көңiлi толмағанына ренжитiн. “Мына жiгiттi тәп-тәуiр жаза ма десем”… Сөз соңын жұтып, қабағын шытты. — Орыста “Семь раз отмерь, один раз отрежь” деген мақал бар. Соны бұл “Жетi рет өлшеп, бiр рет кес” деп сөзбе-сөз аударыпты. Қазақтың мағынасы одан асып түспесе, бiр мысқал да кем емес “Кеңесiп пiшкен тон келте болмас” мақалы тақиясына тар келген-ау. Осындай жауапсыз талғамнан, немқұрайдылықтан шаршайсың”. Ал жақсы мақала оқыса өң-түсi жадырап, күнi бойы көңiлдi жүретiн.

Дидаға, есiңiзде ме, Қалекең лездемелерде қазақ тiлiнiң байлығы, құнары жөнiнде жиi айтып отырушы едi ғой. Арғы, бергi ақын-жыраулардан мысалдар келтiретiн. “Кемпiрбай ақын өмiрiнiң соңында қатты сырқаттаныпты. Көңiлiн сұрай келгендерге ақын: “Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты, Бiлмеймiн сол шiркiннiң өлең бiлем…” дегенi қандай! Ақынның өмiрмен қоштасуын, жан серiгi өлеңмен қоштасуын дәл осылай әсерлi жеткiзген орыс ақындарын көрген де, оқыған да емеспiн. Олар да жан күйзелiсiн жазған. Бiрақ бiздiң Кемпiрбайдай емес”. Қалағаңның тiл байлығын дәрiптеген осындай мысалдары көп болды. Қайсы бiрiн айта берейiк. Тiптен парсы ақындарының өлеңдерiн сол тiлде жатқа оқып, мән-мағынасын түсiндiрiп те беруден жалықпайтын. Өз басым әдеби кiтаптарды көп оқитын адамдарды бiлемiн. Бiрақ қайтарымы жоқ. Не жазбайды, не айтпайды. Ал Қалағаң оқыған, тоқығанын жазып та, айтып та жүрдi. Қайтарымы көп.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Қалекеңде бiр қызық мiнез бар едi. Кейде өзiн жорта төмендете салатын. “Жолбарыстарым, мен сендерге сенемiн. Сендер маған қарағанда журналистиканың майын iшкенсiңдер. Мен өзi бұрын есi дұрыс қабырға газетiнiң редакторы болмаған жанмын”.

Шындығына келсек Қалағаң газетке қандай материал беру керек, соны жақсы бiлетiн. Сосын өзектi тақырыптың өткiр, жақсы материалын бiрден таниды. Әлгiнде өзiң айтқандай ең бастысы тiл тазалығына, жазылу стилiне қатты мән беретiн. Өзiнiң сөздiк қоры бай болған соң ба, бiзден соны талап етушi едi. Журналистердiң арасынан Абзал Бөкеннiң тiлiн ұнататын. Өзi жақсы ақын да. Бiр мақаласында ол: “Бiздiң шаруалардың қалтасына өрмекшi ұя салғалы қай заман” деп жазыпты. Оның осы бейнелi сөзiн тапқырлық, шеберлiкке балағаны есiмде. Қалағаңнан мақтау есту, үлкен сыйлық алғанмен бiрдей ғой.

Қалекең — тума талант. Бұл қасиетi тек драматургиялық шығармаларынан ғана емес, республикалық басылымдарға жарияланған публицистикаларынан да байқалатын. Мақаланы қолымен жазбайтын, мына Айнашқа диктовка жасаушы едi. Сондағы толқындардай бiрiн бiрi қуалаған терең ойларын айтсайшы! Орынымен қолданған мақал-мәтелдi, айшықты сөз тiркестерi сол ойларының ажарын ашып тұратын. Ара-арасында өткiр фразаларымен тұздықтап, материалдың құндылығын көтерiп жiбергенде қайраң қаласың.

Айнаш САТАЕВА:

— Редакцияда “Ятрань” маркiлi электронды басу мәшинка бар едi ғой. Қалағаң компьютер тұрса да, сол мәшинканы менiң кабиентiме кiргiзiп қойыңдар дейтiн. Диктовка жасайтынын күн iлгерi ескертедi. Өзi алақандай қағазға не жөнiнде және қай бағытта айтатынын қысқа төрт бес сөйлеммен түртiп алады. Соның әрқайсысынан кемi бiр беттiк ой туындататын. Алғашқыда өзiмнiң кейбiр сөздердiң мағынасын жетiк түсiне бермейтiнiмдi ескертiп, қазақшасы жақсы мәшинискалардың бiрiне бастыруын өтiнген едiм. “Қызым, сенiң қазақшаң маған жарайды. Тек сөзiмдi қалай есiтсең, солай баса бер”. Қалағаңның осы сөзiнiң өзi менi ойланып жұмыс iстеуiме жетелейтiн. Сөз мәнiн ұғуыма көп көмегiн тигiздi. Диктовкадан соң басылған материалын қайта қарап шығады. Азғантай түзету енгiзедi. Көбiне сол күйiнде қалдырады.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Қалекеңнiң өз қызметкерлерiне деген жанашырлығы бөлек едi ғой. “Адамды тұрмыс билейдi” деген сөздiң жаны бар. Ана бiр жылы пәтерiмдi түрiктерге арендаға берiп, өзiм отбасыммен қаланың күнбатыс жағындағы бiр туысымның ескi шағын үйiне қоныстандым. Балалар мектепте, әйел жұмыста. Сыртқы есiкте қара құлып қана тұратын. Солай күн кешiп жүргенiмiзде суық қолды бiреулер үйдi аздап үптеп кетiптi. Көрдiм де Айнашқа телефон арқылы мән-жайды айтып, түс қайта жұмысқа бара алмайтынымды ескерттiм. Содан жарты сағат өттi ме, өтпедi ме, бұзылған есiктiң құлпын ауыстырып жатыр едiм, дәл үйдiң алдына Сәрсен Жақыпов жүргiзетiн редакцияның “Рафигi” тоқтай қалды. Алдыңғы жағынан Қалағаң, салонынан редакция қызметкерлерi түсiп жатыр. Ой жүйрiк қой. Әуелгiде тiксiнiп, аңтарыла тұрып қалдым. “Ау, Қалеке, жай жүрсiздер ме?” Қалағам қолымды алып: “Өй, жолбарысым, амансың ба?” — дедi. “Аманмын, аға”. “Сенiң үйiңдi үптеп кетiптi деген соң қалай қарап отырайық. Қал-жағдайыңды бiлуге келдiк”. Өрекпiген жүрегiм орнына түстi. “Алғандары ұсақ-түйек, аға”. Қалағаң: “Өз басыңның саулығын айт. Ұрланған ұсақ-түйектi отбасымның садақасы де”, — деп жұбаныш айтты. Үлкен басымен келiп, жанашыр сөзiн айтқан, жабыққанда демеу болған Қалағаңды қалай ұмытайын.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Дидаға, сөзден сөз туындайды. Сiздiң осы айтқандарыңыз маған тағы бiр жайды есiме түсiрдi. Түстен кейiн жұмысқа келсем кабинетте Абзал Бөкен отыр екен. Төр жақтағы орындыққа қасы мен көзiн сүрмелеген бейтаныс әйел жайғасыпты. Абзал әйелдiң аты-жөнiн айтып таныстырды. “Менде алты айдан берi өлеңдерi жатыр едi. Соларды келесi нөмiрге салып жiбершi”. Әйел сөз соңын iлiп алды. “Күте, күте газеттен өлеңдерiмдi көре алмаған соң бүгiн өзiм келдiм”. Мен жуырда ғана редакция алқасының газетке өлең жарияланбасын деген шешiмiн Абзалдың есiне салдым. “Бұл кiсi бiраз таныстарын газетке жаздырмақшы. Қалағаңа соны айтсақ түсiнер”. Амалсыз келiстiм. Көлемi едәуiр орын алатын өлеңдерiн суретiмен бердiк.

Ертеңiне Қалағаң шақыртты. Кабинетiнiң есiгiн аштым. Қалағаңның түсi суық. Сәлемiмдi салқын алды. Алдында газеттiң жаңа саны жатыр. “Көлбай, мына әйелдi газетке кiм бердi?” Үнi зiлдi естiлдi. Қоңырқай өңiнен суық ызғар тебiндеп шыға келгенде, ағаттық жiбергенiмiздi сезiнiп, сасқанымнан мен кешегi болған әңгiменi ауызға алдым. “Қалеке, оның қандай әйел екенi маңдайына жазылмаса бiз қайдан бiлемiз”. Жан қысылғанда ақталған түрiм. “Сендер бiлмесеңдер, басқалар бiледi. Мұның сондай әйел екенiн бiр емес, бiрнеше ақыннан естiдiм. Сенбеп едiм сендiрдi. Ендi газетте қандай бедел қалады?”. Көкiрегiн кернеген бар аушын бiр-ақ шығарғандай күрсiндi. Өзiне өзi келгенше шылымын тұтатып, көк түтiндi будақтатты. Менде үн жоқ. “Кеше маған Тұрсынхан Әбдiрахманова келдi. Қолындағы семiз папкiсiн жуан белi майыса көтерiп, есiктен ендi. Папкiсi толған өлең екен. Мен: “Газетке өлең бермейтiн болғанбыз” деп зорға шығарып салдым. Ал сендердiң iстегендерiң мынау”. Менде үн жоқ. Қалағаң сәл тыныстап сөзiн қайта жалғады. “Бүгiн Тұрсынхан газеттен мынаны көрiп, қан қысымы көтерiледi. Сосын түнiмен бар “ашу-ызасын” екi бөтелкеге құяды да таңертең келiп, Абзал екеуiңе шашады”. Шылымының тұқылын күлсағышқа салып, езiлгенше жаншыды.

Қалағаңның ренiшiн сiз бен Абзалға жеткiздiм. Сiз: “Болар iс болған екен. Ендiгiсiн көрiп алдық”, — деп кабинетiңiзге ендiңiз. Абзал дәлiзге Қалағаң шығып қалардай жалтақтап, тықыршып кеттi.

Ертеңiне әдеттегiдей уақытта жұмысқа келдiм. Айнаш редактордың iздеп жатқанын айтты. Қалағаңның алдынан Тұрсынхан Әбдiрахманованы көрдiм. Маған бiр қырын отырған ол сәлемiмдi басын бұрмастан селқос алды. Сазарған өңiнде өкпенiң нышаны бар. Қалағаң да кешегi райынан қайта қоймаған. Даусын көтере сөйледi. “Көлбай, кеше не дедiм?” Мен: “Тұрсынхан апам келедi дегенсiз, аға”.

“Апаң мiне отыр”. — Сұқ саусағымен Әбдiрахманованы көрсеттi. Апам тұлданып: “Бұлар жастар тұрғанда бiздiң өлеңiмiздi қайтсын”, — дей бергенi сол едi, Қалағаң киiп кеттi. “Көлбай, ендi не iстемек ойларың бар?” Мен iле жауап қаттым. “Тұрсынхан апаның да өлеңдерiн газетке жариялайық, Қалаға”. Ағам апайға бұрылды. “Тұрсынхан, өлеңдерiң келесi нөмiрге шығады. Қазiр мына папкiңдегiнi iрiктеп, Дидахметке бер”. Кабинетiнен шыққан бойда сiз ұшырастыңыз, Дидаға. “Апа, мен сiздiң iнiңiзбiн. Жүрiңiз өлеңдерiңiздi алып қалайын”. — Сiз жұмыс орныңызға қарай жол бастадыңыз. Стол басына жайғасқан соң апайдың бiр топ өлеңiне көз жүгiртiп шықтыңыз. “Апа, лирикалық өлеңдерiңiз жақсы екен. Дегенмен қазiр Тәуелсiздiктiң қалыптасу жылдары ғой. Жастардың рухын көтеретiн патриоттық жырларыңызды берсеңiзшi”. Сiздiң жылы сөздерiңiз апайды сабасына түсiрдi. Пәкесiнен тағы да бiр топ өлеңдердi шығарды. Сiз оқыдыңыз да: “Мiне, бұларыңыз қазiр халыққа өте қажет” — деп едiңiз апайдың өңiне қан жүгiрiп, жадырап сала бердi.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Қалекең пендешiлiкке бой алдыра бермейтiн. Керiсiнше адамгершiлiгiне риза боласың. Соған дәлел ретiнде мына бiр болған жайды айтайын.

Темiрбек Қожакеев 70 жасқа толғанда мақала жаздым. Өзiне деген құрметiм жоғары едi. Ұлтын жанындай сүйетiн. Мақаламның аты — “Темiрбек көп, Қожакеев бiреу”. Жазарын жазсам да, көңiлiмде бiр күдiктi ой көлденең тұрды. “Қалағаң қалай қарар екен? Газетке жариялата ма, жоқ па? Әй, бергiзе қоймас”. Өйткенi, Темкеңнiң: “Ара” мен “Заман-Қазақстанды” бiрге ұстап отыр” деп, Қалекеңдi сынағаны бар. Жай сөзiмен сынаса мақұл-ау, ащы мысқылымен бiраз жерге апарып тастаса керек.

Нар тәуекелмен алдына бардым. “Қалеке, Қожакеев ұстазым ғой. Жетпiске толыпты. Сол кiсi туралы бiр мақала жазып едiм. Оқып көресiз бе?” Қалаға миығынан мырс еттi. “Иә, не жаздың? Қане, әкел оқиын”. — Мақаланың басынан бастап, әп-сәтте соңынан бiр-ақ шықты да әнтек жымиды. “Әй, Дидахмет, ұстазыңды қатырыпсың! Мақалаң өте жақсы! Алдағы нөмiрге сал”. Бiрiншi бетiне бұрыштап қолын қойды. Қайран қалып тұрғанымда “мә” деп қолыма ұстатты. “Қалеке, сiздi қарсы бола ма деп, тiптен оқымай қоятын шығар деп те ойлап едiм”. — Iшкi күдiгiмдi жасыра алмадым. Қалаға салмақпен тiл қатты. “Дидахмет, пендешiлiк кiмде жоқ? Жеке баста не болмайды? Жауласқаннан ұтарымыз не? Ал, газет – қоғамдiкi, халықтiкi. Сол халық тұлғаларын бiлу керек”. Бұл да Қалекеңнiң тәрбиесi. Басқа бiреу болса “мақалаңды көзiме көрсетпе” дер едi-ау. Марқұм Темкең сонда өзiнiң артық кеткенiн сездi ме екен..

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Қалекеңнiң терiсi кең едi. Ардың iсiн арыдан ойлайтын. Олжас Сүлейменов те қитұрқы сөздермен қаншама рет қырын келдi. Жетпiске толғанда Қалекең оның сол әжуаларын қаперiне де алған жоқ. “Кiм болғанда да Олжас халық жауы емес” деп газетке бiр бет материал бергiздi. Қашанда елдiктiң, бiрлiктiң жағында екенiн осы жүрекке iзгiлiк нұрын құятын сондай оң iстерiнен байқайсыз.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Пендешiлiк дегеннен шығады. Бiреулер маған: “Қалекең газеттiң бар жүгiн сенiң мойыныңа артып қойған болар. Ал өзiнiң ертелi-кеш әзiл-оспақ айтудан қолы босамайды-ау” — дейдi. Мен: “Керiсiнше, Қалаға менiң жұмысымды көп жеңiлдетiп жүр. Шет елдерге де баруыма қолдау жасады”, — деймiн. — Әлгi: “Өй, сен де соғасың-ау. Ол мақалаларды оқып, қорытып, езiлiп отыратын жан емес қой”, — дейдi жанығып. Мен: “Қателесесiң. Бiз мақала жазу мен қорытуды Қалекеңнен үйренiп жатырмыз”, — деймiн тойтарып. Осындай араға от тастайтындар да болды. Бiр ақсақал бар. Келген сайын мына жақтан маған, ана жақтан Қалағаңа ылғи сына қағып кететiн. Бiрақ оның дегенi iске аспады. Көзденгенi мүлт кетiп жатты. Мiне, адамның пендешiлiгi.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Қалағаңның үйiнде ұзын саны 14 мыңнан асатын кiтап бар. Өте сирек кездесетiндерi қаншама. “Мен оқудан жалықпаймын. Кiтап оқу менiң хоббиiм”. — Қалекең әрдайым осылай дейтiн. Үйiндегi кiтаптарын көрiп: “Осыншама көп кiтапты қалай оқып үлгересiз, аға?”— деп сұраған едiм. Сонда ол: “Кiтапты оқи бiлу керек. Мен кiтапты диагналдық тәсiлмен оқимын. Бұл деген сөз — кiтаптың әр тұстарынан өзектi жерлерiн тауып оқу. Соның өзiнен-ақ автордың идеясы, адамға қандай ой салары белгiлi болады”, — дедi.

Қалағаңның кiтап оқуға дайындығы күштi. Әдебиеттен де, тарихтан да, философиядан да бiлiм-бiлiктiлiгi асып түспесе ешкiмнен кем емес. Сондықтан кiтапты аттатып оқыса да тез түсiнедi. Бiрақ жұрттың бәрi Қалекеңдей алғыр оқымысты емес қой. Оның талантының бiр қыры осыдан да көрiнетiн.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ:

— Бiзде аудармашылар баршылық. Бiрақ солардың iшiнде Қалтайға, Ғафуға, Шерханға, Әбiшке, Қалиханға жететiндерi жоқ. Шыңғыс Айтматовтың “Ақ кеме” повесiн мысалға алайықшы. Қалекең соны қандай шеберлiкпен аударған десеңшi. Түп нұсқадан еш айырмасы жоқ. Басқа да аудармаларын сүйсiнiп оқисың. Қалағаң аударманы үлкен өнер деп қастерлеген.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ:

— Ұлт тағдыры Қалекеңдi көп алаңдатты. “Ұлтты дiн бiрiктiредi” деушi едi. Шетелдiк миссионерлер мен сектанттар сол кезде-ақ ел iшiне мысықтабандап кiрiп, аңғал жастарды алдап, жiк-жiкке бөле бастаған жоқ па. Бiр қазақ қаншаға жарылды. Қалағаң содан қауiп еттi. Күнi бұрын республикалық газеттерге мақалалар жазып, әлеуметтiк кеселден елдi сақтандырып бақты. Тiптен, Үкiмет басшыларына бiр ұлтты бiрнеше дiнге бөлгiзiп қоюға болмайтынын, оның арты жақсылыққа апармайтынын, дәстүрлi екi дiннен басқаларға шұғыл түрде тыйым салу керектiгiн ескерттi. Сондай-ақ, дiн саласын қадағалап, ретке келтiрiп тұратын мемлекеттiк комитет құруды да ұсынды. Өкiнiшке қарай, Қалағаңның жанашырлығын сол кезде тыңдар құлақ болмады. “Ескермеген ауру жаман”. Ендi мiне, асқынтып алғандары мынау.

Қалай айтқанда да, Қалтай ағамыз халқының алдындағы перзенттiк парызын өтеп кеттi.

Әңгiменi дайындаған Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

P.S. Қадiрлi, оқырман! Халқымызда “Жақсының артынан сөз ередi” деген ұлағат бар. Бiз марқұм Қалтай Мұхамеджанның қалжыңдарынан басқа адами қасиеттерiнiң бiразын естелiктерiмiзде арқау еттiк. Газет көлемiне байланысты әлi де айтылмай қалғандары қаншама.

Қалтай – ұлттық тұлға! Қазақтың – Қалтайы! Әдебиетiмiздiң классигi! Ұлт санасына осылай сiңiп кеткен. Ендi мiне, рухани қазынамызға да айналып отыр. Онсыз қазақтың болмысын, қазақтың қалжыңын, қазақтың тапқырлығын, шешендiгiн елестету қиын. Ол туралы естелiктер бұрын да айтылған, қазiр де айтылуда, алдағы уақытта да айтыла берерi хақ.

Серіктес жаңалықтары