Жеміс-жидек пен көкөніс тоңазытқышта ұзақ сақталады деген түсінік бар. Алайда бұл бәріне бірдей қолданылатын ереже емес. Кейбір өнімге төмен температура кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Aif.ru басылымының жазуынша, кей жеміс пен көкөніс сабағынан үзіп алғаннан кейін де этилен газын бөле береді. Бұл газ олардың табиғи түрде пісіп-жетілуіне көмектеседі. Ал тоңазытқыштағы суық ауа бұл процесті тежейді. Соның салдарынан өнімнің дәмі бұзылады.
Тоңазытқышта сақтауға болмайтын жемістер:
Банан – оңтүстіктің аса сезімтал өнімі. Оны +13–17°C температурада сақтау ұсынылады. Тоңазытқышқа салынған бананның қабығы қарайып кетеді, бірақ бұл оның ішкі күйіне әрдайым әсер ете бермейді.
Алмұрт – бөлме температурасында жақсы пісіп жетіледі. Оны да салқын жерде ұстауға болмайды.
Авокадо – қатты күйінде бөлме температурасында бірнеше күн сақтауға болады. Бірақ жеміс толық пісіп кеткен соң тоңазытқышқа салуға болады. Алайда температура +4°C-тан төмен болмауы керек және бірнеше күннен артық тұрмауға тиіс.
Қызанақ – піскен қызанақ үшін ең қолайлы температура +13-15°C аралығы. Ал әлі толық піспеген томатты тоңазытқышқа қоюға болады. Қызарып үлгергендерін +0-4°C аралығында, ал сәл бурыл тартқандарын +4-6°C аралығында сақтаған дұрыс.
Тоңазытқышта сақтауға болатын жемістер:
Цитрусты жемістер – мұздатқышта қабығы кеуіп кетпейді.
Алма – суықта жақсы сақталады, бірақ біраз уақыттан кейін дәмі сәл қышқылдана түседі.
Жидектер – жаңасын 5 күннен артық сақтауға болмайды. Бүлінбеген, жуылмаған және картон не пластик қаптамада болуы шарт.
Мамандар қазіргі заманғы тоңазытқыштарда ең төменгі сөре шамамен +2°C болуы керек екенін еске салды. Жеміс-жидек пен көкөніс бүлінбеген, бүтін күйде сақталуға тиіс. Сондай-ақ оларды жиі тексеріп, бұзыла бастағандарын алып тастап отырған жөн.