ҰСТАЗ БЕН ШӘКIРТТIҢ ӘН КЕШI

ҰСТАЗ БЕН ШӘКIРТТIҢ ӘН КЕШI

ҰСТАЗ БЕН ШӘКIРТТIҢ ӘН КЕШI
ашық дереккөзі
576

Апта сайын Алатаудың баурайындағы Республика сарайы сабантойдың маусымын өткiзуден бiр шаршаған емес. Ендi мiне, қоңыр күзбен қоштасып, қаһарлы қыс табалдырық аттайтын сәтте, яғни 3-желтоқсан күнi сарай маңын тағы бiр ән мен әуен жауламақ.

Белгiлi композитор Алтынбек Қоразбаев бұл жолы сахнаға өзiнiң сүйiктi шәкiртi Мейрамбек Беспаевпен шықпақшы. Ұстаз бен шәкiрттiң өз тыңдарманына айтар сыры да, жыры да көп сияқты. 3-желтоқсанда Алматыда, 7-желтоқсанда Астанада өткелi отырған концерттiң тыңдарман үшiн қандай жаңалығы болмақ, ұстаз бен шәкiрт өз тыңдарманына қандай сый ұсынар екен? Осы сауалды кеш иесi, Қазақстанның халық әртiсi Алтынбек Қоразбаевқа қойған едiк.

– Бұл негiзiнде идея емес, бұл бiзiдң жеп жүрген нанымыз, күнделiктi тiрлiгiмiз, тiршiлiгiмiз. Мейрамбектi жеке әншi ретiнде осыдан 20 жыл бұрын орындап шыққан “Бозторғай” әнiмен халқымыз жақсы таниды. Жастайынан әнге құмар боп өскен Мейрамбектi “Ән вундеркиндi” десем қателеспеймiн. Сонау 1989 жылы “Бозторғайды” боздатқан, Мейрамбектi Мейрамбек етiп, “Бозторғайды” “Бозторғай” еткен Мейрамбек осы әнiмен елдiң алдында жарқ ете қалып едi. Маған тоғыз жасынан бастап iлесiп, мiне, 23-24 жыл болып қалды, қасымда келедi. Қазiр ендi елге, Қазақстан халқына, шет елге де Мейрамбектiң аты Құдайға тәубе, белгiлi, танымал. “МузАРТ” триосының құрылғанына да 6-7 жыл болып қалды. Бұл трионың да есiмi әнсүйер қауымға жақсы таныс. “МузАРТ” – Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде өнер көрсетiп қайтты. Көршiлес Қытай халқына да екi рет барып қайтты. Ал Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерiне келесi жылы апарамын ба деген жоспарым бар. Сондай-ақ 2009 жылы Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына барып, өнер көрсетудi де жоспарлап отыр.

Мейрамбектiң бала кездегi дауысымен қазiргi азамат, жiгiт болғандағы дауысы екеуi екi түрлi. Мұны көп ағайындарымыз түсiнбестен, “Мейрамбектiң дауысын құртыпты, дауысы жоқ болып кетiптi” деген сөздер таратыпты. Бұл табиғаттың заңдылығы. Баланың дауысын музыка тiлiнде “дискант” деймiз, сол дауыстан қоңыр дауысқа, яғни “баритонға” ауысқан. Ал қазiр сол қазақтың қоңыр дауысымен бүкiл қазақ халқының сүйiспеншiлiгiне ие. Мейрамбектiң “МузАРТТАН” бөлек, Сандуғаш Стамғазиева, Жанар Айжанова және т.б. әншiлермен бiрге дуэт құрып, ән айтқанын бiлесiздер. Әндi мiндеттi түрде жуан дауыспен айту керек емес, оны өз дауысымен халықтың жүрегiне жеткiзуге болады. Мейрамбек те осындай әншi.

“МузАРТТЫҢ” жеке концертiнде Мейрамбек электронды домбырамен халық термесiн айтқан болатын. Сол кештегi әндердiң төресi сол ән деп ойлаймын. “МузАРТ” триосы сөз жоқ, керемет! Ал оның жеке орындаған әнiне бүкiл халық риза болып, қол соқты.

Концерттiк бағдарламада Ташкентке барып арнайы жазылған Мейрамбектiң бiрнеше тәттi әндерi бар, әлi еш жерде тыңдалмаған әндерi орындалады. Бiздiң Орта Азия бойынша дыбыс жазатын студия Ташкентте. Алматыда ондай студия жоқ. Мейрамбек арнайы Ташкентке екi рет барып қайтып, сол студияда жаздырды.Оның үстiне менiң де 2-3 әндерiм бар. Бiрақ құпия болып қалсын. Оны концерт кезiнде ел-жұрт тыңдап, өздерi көз жеткiзер. Мейрамбектiң тәтi әндерi мен менiң ретро әндерiмдi келген тыңдарман қауым өздерi тамашалайтын болады. “Қара кемпiр”, “Қара шал” сияқты әндерiм орындала қоймас, менiң репертуарымда құпия болып қалсын. Оған қоса, Иран Ғайып халықтың үлкен жүректi азаматы ғой, оның өлеңiне әдемi ән жазылған болатын. Оны дуэт болып орындаймыз. “Аман болшы, ағайын!” деп аталады. Бүкiл елдiң, ағайынның арқасы, бiздiң осылай жүргенiмiз. Сол ағайын аман болсын деген ниетпен арнайы жазып бердi. Кештiң тағы бiр жаңалығы, менiң музыкама жазылған екi би биленедi. Бiреуi “Шашбаулым” әнi. Оны кәсiпкер бишi, оралман қарындасымыз, шұғыланың iзiн басқан Гүлнәр есiмдi бишi қызымыз билейдi. “Айша бибi” деп аталатын алты жетi минуттан тұратын, балет iспеттес бидi Перизат Омарбекова билейтiн болады.

— Құпия болмаса, кешке кiмдер демеушiлiк жасайды?

Қаржылай бiздiң ешқандай демеушiмiз жоқ. «Демеушi болыңыз» деп хат жазғаныммен, “жоқ” деген жауап алам. Осы жағынан келгенде, менiң жолым болмай жүр. Өз күшiмiзге сенiп отырмыз. Осы кештен кейiн, концертiмiз сәттi өтiп жатса, бүкiл елдi аралау ойымызда бар.

– Кешке “МузАРТ” триосы қатыса ма?

– “МузАРТ” қатыспайды. Олар залда көрермен ретiнде отыратын болады. Бiрақ “МузАРТ”-тың аспапты ансамблi қатысатын болады. Концертте орындалатын әндердiң көбi фонограммасыз орындалатын болады. Әлi де айтылмай қалған құпиялар бар. Оған кешке келген тыңдармандардың өздерi куә болады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары