ЖУРНАЛИСТIҢ ЖҮГI ЖЕҢIЛДЕМЕК

ЖУРНАЛИСТIҢ ЖҮГI ЖЕҢIЛДЕМЕК

ЖУРНАЛИСТIҢ ЖҮГI ЖЕҢIЛДЕМЕК
ашық дереккөзі
194

“БАҚ туралы” Заңға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар журналистердiң еркiн әрекет етуiне жағдай жасауды көздейдi. Заң күшiне енген бойда журналистер қауымы құзырлы органдар сауалына жауап бермеген немесе жауап беруден бас тартқан жағдайда бұрынғыдай есiк тоздырып, телефон қоңыраулатып әуре болмай, бiрден сотқа жүгiнуге құқылы. Сонымен қатар кез келген шенеунiктiң бейнесiн немесе дауысын таспаға түсiру үшiн әр шенеунiктен рұхсат сұрап әлекке түспейдi.

Үстiмiздегi жылдың 11 қарашасындағы үкiметтiк отырыста “БАҚ мәселелерi жөнiндегi кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы” Заң жобасын талқыға салды. Үкiмет мүшелерi бiрауыздан қолдаған заң жобасы қоғамды демократиялық қағидаларға сай болуын қамтамасыз етуi тиiс. Құжаттың бастамашылары — ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед пен ҚР Әдiлет министрi Зағипа Балиева. Аталған құжат бойынша арнайы баяндама жасаған Мұхтар Құл-Мұхаммед: “Заң жобасында “БАҚ туралы” Заңның 213-бап, 4.1 тармақшасын алып тастау ұсынылған. Бұл журналистер сұхбат алған кезде аудио немесе бейнежазба жасауға рұхсат алу мiндетiн жоюға бағытталған. Мысалы, қазiр бiз Үкiметтiң отырысындамыз. Сол себептi журналистердiң бiздiң әрқайсысымызға келiп, түсiрiлiм жасауға рұхсат алуға мүмкiндiгi жоқ. Сiздер мен бiз жариялылықты қолдайтын саясаткер болғандықтан, мұндай түзетудiң қажет екендiгiн түсiнуге тиiспiз. Бұл журналистiң ақпарат алуын жеңiлдете түседi” дедi. Құл-Мұхаммедтiң айтуынша, заң жобасындағы түзетулер журналистiк ұйымдардың ұсыныстары негiзiнде дайындалған. Мысалы, ақпаратты терiске шығару мәселесiнде шағымданушы мен жауапқа тартылушының құқықтарын теңестiру, редакцияның немесе редактордың мекен-жайы өзгерген жағдайда БАҚ-ты қайтадан тiркеуден өту мiндетiнен алып тастау, т.б. Кейiнгi кездерi қазақ қоғамында жиi талқыға түсетiн саяси партиялар туралы мәселе де қамтылды. Ақпарат министрi: “Ұсынылған түзетулер партия құрудағы ұйымдастыру комитетiнiң қызметiндегi жариялылық пен жүйелеудi қамтамасыз етедi” дей келе аталған түзетулердiң қазақстандық оппозиция өкiлдерi тарапынан бiлдiрiлген ұсыныстар негiзiнде әзiрленгенiн тiлге тиек еттi. Жаңа заң жобасына сәйкес, журналист өз сауалына уақытылы жауап бермеген әкiм-қара, шенеунiк, министрдiң үстiнен бiрден сотқа шағымдануға құқылы. Қазiргi заң бойынша, журналист сұрағына белгiленген мерзiм iшiнде жауап бермеген немесе жауап беруден бас тартқан шенеунiктiң үстiнен алдымен вице-премьерге немесе премьерге шағымдануы шарт. Содан кейiн барып сотқа жүгiнедi. Ал жаңа заң жобасындағы түзету егер құзырлы органдар БАҚ өкiлiне белгiленген мерзiм iшiнде жауап бермесе, қажеттi ақпаратты алу үшiн бiрден сотқа арызданып, керектi деректi сот арқылы алуға құқылы.

Әдiлет министрi елдегi сайлауалды науқандағы ахуалдың халықаралық стандарттарға барынша сәйкестендiрiлетiнiн және бақылаушылар санының артып келе жатқанын жеткiздi. Ең бастысы, партиялардың Мәжiлiске өту кедергiсi 7 пайыз қалпында қалдырылғанмен, қазiргiдей бiрпартиялы болмайды. Егер бiр партия 7 пайыздық кедергiден өтсе, одан кейiн көп дауыс жинаған екiншi партия мандаттар бөлiсiнде шет қалмайды. Заңда мұндай партияларға Мәжiлiстен кем дегенде 2 мандат бұйыратыны анық көрсетiлген” деп мәлiмдеген Балиева өзiн өзi басқаруға қатысты заңға енгзiлуi тиiс өзгерiстер мен толықтыруларды жобасын қоса ұсынды. Қызу пiкiрталасқа себеп болған бұл құжатты Министрлер кабинетi бiрауыздан қолдады. Бұдан былай жергiлiктi өзiн өзi басқару органының өкiлi мәслихат болады, атқарушы орган — жергiлiктi мемлекеттiк және өзiн өзi басқару мiндеттерiн қоса атқаратын әкiмдiктер.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары