МУЗЫКА ӘЛЕМIНДЕГI ЖАҢАЛЫҚ

МУЗЫКА ӘЛЕМIНДЕГI ЖАҢАЛЫҚ

МУЗЫКА ӘЛЕМIНДЕГI ЖАҢАЛЫҚ
ашық дереккөзі
385

Жақында Қазақстан Республикасының сенаторы, композитор Төлеген Мұхамеджанов өзiнiң авторлық жобасымен БАҚ өкiлдерiн таныстырды. Жалпы жоба аясында 8 ән жинақ және композитордың Алматы, Мәскеу қалаларындағы шығармашылық кештерiнiң DVD нұсқасы дайындалған екен.

2007 жылы композитор халықаралық шығармашылық концерт-қойылымын ұйымдастырады. Осы мақсатта Төлеген Мұхамеджанов алдымен Астана, Алматы қалаларында содан соң Мәскеуде жеке шығармашылық кештерiн өткiзедi. Көп ұзамай “Азия дауысы” фестивалiнiң директоры Мұрат Ерғалиев оған авторлық жоба дайындауын ұсынады. Осылай композитордың авторлық жобасы жарыққа шықты. 8 ән жинақ қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған. Әрбiр альбомда Төлеген Мұхамеджановтың соңғы жылдардағы әндерi жанр-жанрына қарай бөлiнген. Қазақ тiлiндегi ән жинақ “Өмiр махаббат” деп аталады. Жинақтың бұлай аталу себебiн композитор: “Жүректегi махаббатымды өз музыкам арқылы паш еткiм келдi” – деп түсiндiрдi. “Өмiр махаббатқа” жаңа аранжировкамен әрленген, жас әншiлердiң орындауындағы композитордың “Iңкәрiм-ай”, “Аяулым”, “Құс жолы”, “Мен деп ойла” сияқты әндерi енгiзiлген. Ал камералық-вокалдық музыкалар “Сап-сап, көңiлiм”, камералық аспаптық музыкалар “Сағымдар” атты ән жинақтарынан табылады. Комозитордың өзi авторы болып табылатын, 1980 жылы тұсауы кесiлiп, әлем сахналарында көрсетiлген “Жерұйық” рок-операсы да жаңа сипатпен ән жинақ болып жазылған. 80-жылдарғы “Жерұйықтың” орындаушылары әйгiлi “Дос Мұқасан” болса, жаңа “Жерұйықтағы” туындыларды орындау Алтынай Жорабаева, Бауыржан Исаев, Нұрлан Өнербаев сияқты белгiлi әншiлерге бұйырған екен. Бұдан бөлек композитордың симфониялық шығармаларының басын бiрiктiретiн “Қаһар” және әлем әншiлерiнiң орындауындағы әндерi жинақталған “Любовь через всю жизнь” атты ән жинақтары да жарыққа шықты. Сондай-ақ, осыдан он жыл бұрын жарыққа шыққан “Мелодия” аспаптық туындыларынан құралған ән жинақ қайта шығарылып, композитордың 2007 жылғы жеке авторлық кешiне арналып жазылған аспаптық туындылар “Мелодия-2” деген атпен ән жинақ болып шығады. Журналистердiң сұрақтарына жауап берген Төлеген Мұхамеджанов тағы бiр жаңалығымен бөлiстi. 2007 жылы 6 наурызда Мәскеу қаласында композитор Жан Луна деген бүркеншек атымен “Обьяснение в любви” атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсiмiн өткiздi. Кiтап 2 апта iшiнде толық сатылған екен. Осы орайда журналистердiң:

– Кiтап қазақ тiлiне аударыла ма және сiздiң Жан Луна деген бүркеншек атыңыз сақтала ма, жоқ, әлде Төлеген Мұхамеджанов деген өз атыңызбен жарыққа шығады ма?- деген сауалына композитор:

– Кiтапты ақын Серiк Тұрғынбеков аударып бiттi, Құдай қаласа жарыққа шығады. Ал Жан Луна ақын ретiндегi бүркеншек есiмiм. Сондықтан солай қалғаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Жан Луна – ақын, ал Төлеген Мұхамеджанов композитор болып қала бередi, – деп жауап бердi. Көп ұзамай жаңа ақынның туындысымен де таныса жатармыз. Ал әзiрге Төлеген Мұхамеджановтың авторлық жобасы әнсүйер қауымға жол тартты. Бағасын өздерiңiз бере жатарсыз.

Әйгерiм ДОСЫМОВА

Серіктес жаңалықтары