ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА: КYНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА: КYНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА: КYНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI
ашық дереккөзі
337

Құрдымға қарай құлдилаған әлемдiк экономиканың тағдыры шенеунiктер мен үкiметтердiң қолында. Дамыған және дамушы елдер тiзе қоса отырып, нақты әрекет еткенде ғана дағдарыстан келетiн шығын көлемi мен шегетiн зиян аз болмақ.

Апта басында француз президентi Николя Саркозидiң бастамасымен ұйымдастырылған Брюссельдегi халықаралық саммитте Еуропалық Одаққа мүше елдердiң жетекшiлерi әлемдiк қаржылық дағдарыстан шығар жолды пысықтады. Нарықты қадағалауды Халықаралық қаржы қорына мiндеттеген еуропалық шенеунiктер 100 күннiң iшiнде реформалау бағдарламасын түзуге уағдаласты. Үстiмiздегi жылдың 15- қарашасында өткiзiлетiн Вашингтондағы “Жиырмалық топтың” (G20) басқосуына еуропалықтармен бiрге азиялық елдердiң басшылары да қатыспақ. Қаржы алаңындағы қарбаластан әлемдiк экономика тұралап қалмас үшiн Жер шары “бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол” щығаруға мүдделi. Оның үстiне, тәкаппар кәрi құрлықтың Азия аймағына иек артуы тегiн емес. Бүгiнде қаражат тапшылығына ұрынған дамыған елдердiң экономикасы рецессияға қарай құлдырап барады. Батыс үшiн тығырықтан шығар тиiмдi жол – дамушы елдердiң қалтасы қалың инвесторларына иек арту.

Келешегi күңгiрт қор нарығындағы ахуал тұрақсыз. Биржадағы көрсеткiштер бiрде есек аяңмен iлгерi жылжыса, бiрде төмен қарай құлдилайды. Ертеңге деген сенiм мен үмiттiң күл-паршасын шығарған әлемдiк қаржылық дағдарыс ұзаққа созылмақ. Мұны халықаралық сарапшылар қауымы түгел мойындап отыр. Былтыр жыл соңында “келесi жылы-ақ құтыламыз” деп кеуде қаққандар бүгiнде үнсiз. Табиғи заңдылықтарға сәйкес, дағдарыстың спиральдық жүйе бойынша дамитынын ескерсек, қаржылық дағдарыстың үшiншi толқыны жағаны ұратын күн алыс емес. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы еуропалық аймақта экономикалық өсiм мүлде байқалмайды. Ұлыбританияның IЖӨ соңғы он алты жылда алғаш рет 0,5 пайызға төмендеген. Еуропалық орталық банк жетекшiсi Жан-Клод Трише есептiк көрсеткiштердi 3,25 пайызға төмендеткенiн мәлiмдедi. Ал Ұлыбританияның Орталық банкi 4,5 пайыздық көрсеткiштi 3 пайызға дейiн түсiрдi. Бұл – 1955 жылғы көрсеткiшпен тең. Еуропалық жетекшi банктердiң мұндай қадамға баруы батыстық экономиканы рецессиядан аман алып қалудың әрекетiнен туындаған. АҚШ еңбек министрiлiгi таратқан деректерге сүйенсек, 2008 жылдың қазанында жұмыссыз қалғандар саны 6,5 пайызға артқан (240 мың адам). Бұл Құрама Штаттарда соңғы 15 жылда болмаған жағдай. 1980-1982 жылдар аралығында Америкадағы рецессия кезiнде жұмыссыздық деңгейi 10,8 пайызға жетiптi. Сарапшылар қауымы 2009 жылы жұмыссыз америкалықтардың жалпы саны 8 пайызға жетiп жығылады деп болжап отыр. Халықаралық қаржы қоры II Дүниежүзiлiк соғыстан кейiн қайталанбаған экономикалық көрсеткiштердiң керi кетуi орын алатынын ескертуде. Сарапшылардың кейбiрi “АҚШ экономикасы алдағы бiрнеше тоқсанда алдымен рецессияға ұрынады, сосын бiрнеше жыл бойы өте баяу қарқынмен өседi” деген болжам айтуда. Саркози бастаған топтың Вашингтондағы кездесуде қаражат тапшылығынан туындайтын проблемаларды егжей-тегжейлi талқылауды талап етуi сондықтан. 1929 жылы дүние жүзiн жағадан алған Уолл-стриттегi күйреуге жол бермеу үшiн халықаралық қауымдастық қолдан келген қайранды жасап бағуда. Ағылшындардың премьерi Гордон Браун банктер бiрiн бiрi несиелеудi қайта қалпына келтiру керек деген пiкiр айтты. Былтыр жазға дейiнгi арзан да мол қаражат тоқтап қалғалы берi банктер өзара несиелеу әрекетiн кiлт тыйған болатын. Браунның бұл ұсынысына Еуропалық Комиссияның президентi Жозе Мануэль Баррозу үзiлдi-кесiлдi қарсы: “Бiз нарықтың қалыпты да тұрақты жұмыс iстеуiне ғана жағдай жасауымыз қажет”. Саммит соңында басқосуға қатысушылар еуропалық қаржылық нарықты тұрақтандыруға бөлiнетiн 12 млрд. еуроны 25 млрд. еуроға дейiн көбейтуге келiстi. Үстiмiздегi жылдың желтоқсанында өткiзiлетiн Еуропалық Одақ Кеңесiнiң кезектi отырысында Еуропалық Комиссия қаржылық құрылымдарға қосымша кеңестер бермек. Ал 2009 жылдың шiлдесiнде ұйымдастырылатын “үлкен сегiздiктiң” саммитiне дейiн дағдарысқа қарсы жалпыеуропалық бағдарлама нобайы әзiр болуы тиiс.

Үстiмiздегi жылдың 7-қарашасында Франция президентi Н.Саркози “Америкадағы ипотекалық дағдарыстан басталған қаржылық қиындықтың кесiрiнен Еуропа елдерi 800 млрд. еуро (1 трлн. доллар) көлемiнде зиян шектi” деп мәлiмдеген. Алайда, сарапшылардың кейбiрi “батыстық банктерге келген шығын 1 трлн. доллардан екi есеге аз, мүмкiн француз президентi еуропалық аймақтың IЖӨ көрсеткiшiн қоса есептеген болар” дейдi. Франция мен АҚШ арасындағы қатынастың бауырмалдыққа негiзделмегенiн ескерсек, Саркози мәлiмдемесiнiң астарында Ақ Үй жүргiзiп отырған саясатқа көңiл толмаушылық жатқаны анық. Бұған дейiн дағдарыстан шығатын жолды тек эмиссиялар мен мемлекеттiк қарызды өсiру есебiнен қарастырып келген Вашингтонға наразылар саны көп. Бiрақ нақты шаралардың арқасында амеркиалық экономиканың бiраз қиындықтан құтылғанын ескерсек, Буштың командасына ризалар саны да басым. 2008 жылдың 15 қарашасында реформалау бағдарламасы тығырықтан шығар жолды бiрлесiп қарастыруға бағытталатыны сондықтан. Алайда, “Жиырмалық топтың” мүдделерi бiр арнаға тоғыспайтындықтан, нәтижелi iстi күту артық. Күн тәртiбiне экономиканы тұрақтандырумен бiрге энергетикалық қауiпсiздiк мәселесi қатар шыққан кәрi құрлық көп мәселеде АҚШ-тың емес, оның қарсыласы әрi басты бәсекелесi – Ресейдiң ауанына қарай төңкерiлуге мәжбүр. Әрине, ортақ монетарлық саясатты жүргiзу, экономикасы тұралаған елдерге несие бөлу сияқты басқа да мәселелерде оңай келiсуге болады. Бiр жағынан алғанда, бұл банктерге деген сенiмдi күшейту үшiн өте маңызды. Оның үстiне, әлемдiк қор нарығындағы жағдай Үкiметтер қабылдаған жағымды жаңалықтарға тiкелей байланысты. Жексенбi күнi ресми Пекиннiң ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында бюджеттен 586 млрд. доллар бөлiнетiнiн хабарлауы азиялық қор нарығындағы көрсеткiштердiң күтпеген жерден өсуiне себеп болды: Токиода (Nikkei) – 5,49%, Гонконгта – 5,6%, Шанхайда – 5%. Осы себептi, дүние жүзiнiң алпауыт елдерi қабылдайтын нақты шаралардың пәрменi халықаралық экономиканың ертеңi үшiн аса маңызды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары