ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ МӘДЕНИЕТ

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ МӘДЕНИЕТ

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ МӘДЕНИЕТ
ашық дереккөзі
766

Өткен аптада Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң қолдауымен, сондай-ақ Ресейдiң ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейiнiң қатысуымен “Қазақ мәдениетi — көшпендiлердiң ғажап мұрасы “ деген атпен ғылыми-теориялық конференция болып өттi. Аталмыш шара барысында “ Кунсткамера жинағындағы қазақтың дәстүрлi мәдениетi “ атты үш тiлде жарық көрген кiтаптың тұсаукесерi болды. Тұсаукесер – қазақ халқының салт-дәстүрiнде өзiндiк ерекше орны бар қуаныш.

Тұсаукесерде сөз алған институт директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Ерлан Биахметұлы Саиров: “Әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына қосылудағы ең басым бағыттардың бiрi – әлемдiк мәдениет орталықтарымен мәдени байланыстар орнату арқылы ұлттық сәйкестiктi дамыту, әрi ұлттық ерекшелiктi сақтай отырып қарым-қатынас орнату болып табылады. Осы орайда Мәдени саясат және өнертану институтының бiрiгiп жұмыс жасап отырған орталықтарының бiрi — 1714 жылы Петр Бiрiншiнiң қолдауымен құрылған Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография мұражайы болып отыр. Мұражай қазiргi күнге дейiн қазақтың дәстүрлi мәдениетiне қатысты аса құнды дүниелер жинақтамасымен қатар көшпендi халықтың мәдениетi мен тұрмысына байланысты фотоиллюстрациялық деректемелердiң бiрегей қорына ие. Сол қордан ХIХ-ғасырдың басындағы қазақтардың өмiрiне, тұрмысына, мәдениетi мен дәстүрлерiне қатысты бiрегей фотокөшiрмелер алынды. Мәдени саясат және өнертану институты дайындап, жарыққа шығарған кiтап жалпы РҒА АЭМ Орта Азиядағы этнография бөлiмiнiң қызметкерлерiнiң көмегiмен құрастырылғанын да атап өткен жөн болар”, — дедi. Ғылыми басылым — фотоальбомда қазақ қолөнерi заттарының, ұлттық киiм-кешектерiнiң, тұрмыстық және салттық көрiнiстерiнiң зор этнографиялық құндылыққа ие суреттерi мен өте құнды заттары көп кездеседi. Альбомға кiрген фотосуреттердiң көпшiлiгi тұңғыш жарияланып отыр. Қазақстанның әр облысынан жиналған 200-ге жуық фотосуреттерден тұрады. Деректер “Туркестанский альбом” (альбом Кауфмана 1874.), суретшi В.В. Верешагиннiң(1842-1904ж.), В. Казловскийдiң фотосуреттерi мен картиналарынан, сондай-ақ жеке тұлғалардың жинаған коллекцияларымен толыққан. Фотосуреттерге қысқаша атау Ресейдегi ғылыми-этнографиялық фотосуретке түсiрудiң негiзiн қалаған этнограф, археолог, ең бастысы экспедиция фотографы С. М. Дудиннiң құрастырған коллекциясының тiзiмдемесiнен алынған. Альбомның жалпы мазмұны 10 бөлiмнен тұрады. Кiтаптың тұсаукесерi достық қарым-қатынастағы екi бiрдей ел мәдениетiнiң дамуына, ғылыми тұрғыдан нығаюына және мәдени ынтымақтастықтың әрi қарай күшеюiне бiрден-бiр себеп болары анық. Ғылыми жобаның iске асырылуына үлкен көмек көрсеткен “ENRC — көмек Қазақстан” қайырымдылық қоры. “Өткенiн бiлмейтiн халықтың болашағы да болмайды” деген екен ортағасырлық философ Әнуар Аңсар. Ендеше, болашағының бұлыңғыр болмауын қалайтын бүгiнгi қазақтар кешегi бабаларының дәстүрi мен мәдениетiн бағалап, олардан рухани азық ала бiлуi керек. Кiтаптың басты мақсаты да осы.

Манар ӘЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары