СЫБАЙЛАСТЫҚ-СЫЙЛАСТЫҚ

СЫБАЙЛАСТЫҚ-СЫЙЛАСТЫҚ

СЫБАЙЛАСТЫҚ-СЫЙЛАСТЫҚ
ашық дереккөзі
265

Көктемнiң сенбi күндерiнiң бiрi. Бастық кеңседе. Көгенделген қозыдай, кете алмай мен де орнымда отырмын. Сөзжұмбақ дегеннiң сиқырлы жауаптарын жанымды жеп, таппай қара терге түсiп, қиналып отырғам, бөлмемнiң есiгi ашылып, қабынан қылтиып шыққан ұлудың басындай бастықтың басы көрiндi. Сасқанымнан сөзжұмбақты сырып тастап, апатқа ұшыраған ұшақтың атылма креслосы атып жiбергендей, отырған орнымнан қарғып тұрдым.

– Мен түске дейiн жоқпын. Сұрағандарға деп жүрген дейтiнiңдi дерсiң. Сағат бiрге жiгiттердiң бiреуiн де қалдырмай бастарын қос. Жиналыс болады, – деп сөздерiн тiркемелеп.

– Қайда жинайын? – дедiм мен де, сенбi болған соң сөздi созғым келмей.

– Бункерге, – деген, бастықтың сөзiнiң соңы естiлер – естiлмес жабылған есiктiң арғы жағында өзiмен бiрге iлесе кеттi.

Бункер дегенi, бiздiңше айтқанда Мүңкiрдiң үңгiр моншасы. Асығып-аптығып жүрмесе бастық бола ма, оның үстiне әкiм болса. Өмiрi мұрнына су жетпей жүргенi. Бiр жақсысы, өзiм дегендерге өлсе де иненiң жасуындай да жамандық жасамайды. Жiгiттер дегенi, дейтiн жерде деудi бiлетiн, жейтiн жерде жеудi бiлетiн облысымызда қаржы және құйтырқы коммерция құрылымдарының қара қазандарының құлағын ұстап отырған, әкиматта, маслихатта тағы басқа жауапты, жария етiлмейтiн жерлерде iстейтiн меншiк иелерi, өзiм дегенде өгiздей күштерi бар азаматтар. Жан ашыр, керек болса жан берер, күлсе ыржалақтап, ренжiсе iрiң iшкендей жүректерi әлем-жәлем жүретiн жандайшап жiгiттерi болмаса, ол бастық жетiм қотыр қозы секiлдi күй кешетiнi бесенеден белгiлi. Қарапайым тiлмен айтқанда бұл жiгiттердiң бәрi бастықтың тiршiлiктерiн тiреп тұрған тiректерi. Ол жағынан бiздiң бастықтың басы бас. Адам таниды. Бiрақ кейбiр бастар бос болады, сондықтан бiздiң бастықтың басының қуыс-қуысын қуалап кеткен, Құдай қолдасын, қи емес, ми болуы керек.

Жiгiттердi шұғыл жинау төтенше жағдайда жүргiзiледi. Ол жағы кеңесшi ретiнде менiң мiндетiм. “Тағы не болып қалды екен? Әлде облысымызға Үкiмет келе жатыр ма? Не де болса сырттан келетiн суық хабар. Облыс iшiндегi iштi кептiрiп елеусiз iстелмей жатқан, iстелiп алып, Алласы аузына келiп, аударылып жатқан iстерге жiгiттердi аяқ астынан “аттан” айтып жинамас керек едi”, деп мен де жұмбақ шақырыстың жауабын таппай гәзет, жорналдарды жауып, телефонның тетiгiне жабысып жiгiттердi түгендей бастадым. Сенбiнi сағынып, таңның атуын күтпей жұма күнi түнделетiп, бiреуi тауға тау теке, ендi бiреуi сайға суыр атамыз деп, жiгiттердiң қаңғырып кететiн әдеттерi бар болатын. Бiрақ, бәрiн таптым. Мына ұялы телефон деген жарықтығың бiр керемет. Менiң не бастықтың телефонының нөмiрi шықса болды, келiншектерiнiң қойнында шала-жансар жатсаң да жауап беру керек деген қатқан қағидамыз бар. Бiреуi де қандай мәселемен деп артық ауыз сұраған жоқ. Бастық, Мүңкiрдiң моншасы деген соң бастарын изеп, келiсе кеттi. Мүңкiрдiң моншасы деген жасырын жауап секiлдi. Мүңкiрдi тауып: “Дастарқаның дәмдi, жиһаздарың сәндi, буың құрғақ, қыздарың сұңғақ болсын!” дедiм. Түскi бiрге қарай мен де қағаздарымды қаттап, есiгiмдi қымтап, кеңсемен қоштасып, моншаға қарай аттандым. Жiгiттердiң басы аман, бiрi қалмай бәрi жиналыпты. Бәрi жалаңаш. Меккеде жүргендей бiр-бiр жамылғыш жамылып, суық сыраны сораптап отыр. Мен бастықты солдаттардай сақадай-сай тұрып сырттан, қалғандары сырадан iштерi кеуiп, кекiрiп iштен күтiп алды. “Басеке, бәрi дайын” деп, қаңбақша қалбалақтап, қыстырылып Мүңкiр жүр. Бастықты көптен берi көрмегендей жабылып жүрiп жалаңаштап, шешiндiрiп, қолына бiр күрiшке салқын сыра ұстата қойдық. Тұрған қалпы асқазанға аттандырды да, үстiңгi ернiндегi ақ көбiктi сылып тастап: “Бу бар ма?” дедi.

– Бу жоқ, – дедi Мүңкiр мiңгiрлеп.

– Неге жоқ? – дедi бастық

– Су жоқ, сондықтан бу жоқ.

– Су неге жоқ?

– Тоқ жоқ.

– Тоқ неге жоқ?

– Трансформатор күйiп кетiптi.

– Бүкiл қалада тоқ жоқ па?

– Осы ауданда ғана жоқ.

– Осы трансформатор-ақ, бiр пәле болды. Ереке, – дедi бастық iнiлерiнiң еркесi, энергияның серкесi Ершiкке қарап. – Сулшәй, осы, сен, не бiтiрiп жүресiң? Мүңкiрге жеке станса сатып ал деп, қанша айттым? Бюжеттен де бөлетiнiңдi бөлдiм. Қайда, құрып кеткiр стансаң? Дұрыстап бiр буға да жарымадық қой.

– Бәке, келесi айда келiп қалар. Жапониядан жол алыс, – дедi Ершiк.

– Бәрi дайын дегенiң осы ма? – дедi бастық Мүңкiрге, екiншi күрiшкенi қолына алып.

– Басқасы дайын, – дедi Мүңкiр.

– Басқасы не, тағы?

Осы кезде көршi бөлмеден көлбеңдеп, аққудай, аққа оранған қылықты қыздар күлiмдеп шыға келдi.

– Мыналарды кiм шақырды? – дедi Бастық Мүңкiрге.

Мүңкiр маған қарады. Мен бастыққа қарадым. Бастық бар пәле менен екенiн бiрден түсiндi.

– Құрт көздерiн, – дедi бастық.

– О, Бәке, қатты кеттiңiз ғой, – деп едi Дүбiр араша түсiп.

– Сен де, солармен бiрге кетуiңе болады, – дегенде, қалғандары жым болды.– Ал сендер бұл жерде не қылып отырсыңдар?

– Жиналыс деген соң жиналдық, – деп жiгiттер шулай жөнелдi.

– Жиналыс болса неге жалаңаш отырсыңдар?

– Моншаға келдiк қой. Сiздiң арқаңызда сыра iшiп, салқындап…

– Жиналыс деп жиналып отырсаңдар бастайық,– дедi бастық қолындағы күрiшкенi қотарып – Осы жерде бөтен адам жоқ. Әңгiме өзiмiздiң iшiмiзде болсын. Азық-түлiк тауарларының бағасы бас бермей күрт өсiп, халық алдында қасиетiмiз Қырым асып көшiп кеттi. Алдыңғы бейсембiде актив болады. Соның алдында өздерiңмен ақылдасып алайын деп әдейi жинап отырмын.

– Тыныштық па, Бәке? – дедi супер дүкендерi бар Дүбiр. Дүкең сонымен бiрге аймағымыздағы азық-түлiк корпорациясының қожайыны.

– Тыныштық па, не дегенiң? Баға өстi деп отырған жоқпын ба.

– Е, өссе жақсы болыпты. Қалтамызға қаржы көбiрек түсетiн болады. Бұл жаман ба? Жаман емес. Қайта есепке қоспай, Үкiметке осындай да байқатпай бағаның басын бос жiберген үшiн алғыс айтуымыз керек. Бiз сияқты қалталылардың қамын ойламаса ол қандай үкiмет? Қайта осындай қарбалас кезде бiзде қасқырдай қарпып – қарпып қалайық.

– Сен не деп отырсың, Дүбiр? Саған жақсы. Ал қара халықытң қамын сонда кiм ойлайды?

– Оны Үкiмет ойласын. Елдi инфляцияның килiктiрген, иiрiмдерiне iлiктiрген бiз бе? Онсыз да елдiң ұңғыдай өңешiн қалай толтырамыз деп басымыз жастық иiскемей жанталасып жүрмiз. Бiз де жай жүрген жоқпыз. Өзiмiзде жоқ болған соң өзеуреп өзгенiкiн алыстан тасимыз.

– Тұра тұр, тұра тұр, Дүке. Сенi тоқтату үшiн трәктiр керек сияқты. Не болды сонша, шамданып? Бидайды алыстан тасып жүрмiсiң?

– Жоқ, өзiмiздiкi, – дедi Дүбiр төмен қарап.

– Ұнды қайдан тасисың?

– Өзiмiз ұнтақтаймыз.

– Мысалы, дүкенiңде нанның бағасы қанша?

– Жоқ, сiз жалғыз менен ғана неге сұрайсыз? Бағаны өсiрiп отырған өгейiңiз жалғыз мен бе? Мiне, монополистер де алдыңызда отыр. Электр қуаты, жылу қуаты, коммуналды қызмет, көлiк және байланыс қызметтерiнiң тарифтерi де өстi. Әлде олар бәйбiшенiң баласы ма?..

– Сабыр ет. Оларға да келемiз. Сен өзiң ғой алға түсiп алып, паравоз сияқты белгiсiз бағытқа безiп бара жатқан, – дедi бастық Дүбiрдi тоқтатып. – Қазiр нан қанша тұрады?

– 60 теңге, – дедi Дүбiр төмен қарап.

– Кеше қанша едi?

– 45 теңге.

– 15 теңге қайдан қосылды?

– Ойбай-ау, Бәке, инфляция деп отырған жоқпын ба. Инфляция деген тахалдың, түбiнде елге әкелетiнi ажал. Инфляция менiң кеше алған тоқалымның соңынан ерiп келген сұмырайдай менен сұрайсыз. Жiгiттер, бiрдеңке десеңдершi, – дедi Дүбiр қызарақтап, жиналғандарға қарап. – Суға салған шүберек құсатып, су – су қылып сiлiкпемдi шығардыңыз ғой. Бүйтiп iшкен сырасы құрсын.

– Сөзiмiздi бiреу сөйлеп жатса жағаласып немiз бар? – деп мәз болды отырғандар.

– Бәке, 15 теңгенi мен қосты деп отырсыз ба? Наубайхананың пайдасы, яғни менiң жеке пайдам үш-ақ пайыз. Жәпектiң жанар-жағармайы, Ерекеңнiң энергиясы, Секеңнiң СЭС-iнiң спрәпкесi, салықтың салпанқұлақтарының көрсетер қызметтерiнiң құндары өскенде, неге нанның бағасы өспеу керек? Осы жiгiттердiң бәрi алдыңызда отыр, нан неге қымбат деп, қылғындырып менi қинайсыз. Оған астықтың және ұн үктiретiн комбинаттың қызмет көрсету бағаларының қымбаттауын қосыңыз.

– Ау, Дүке, астықты сатып алып жатырмыз ба? Бiзде былтыр қымқырып қалған қоймадағы бидәйiмiз жететiн едi ғой. Қоймада қарап жатып қымбаттады ма? Әлде таусылды ма? Сыртқа сатып жiберген шығарсыңдар?

– Құдай сақтасын! Сiзге айтпай сатып не көрiнiптi. Таусылған жоқ…

– Ендi неге астық қымбаттады деп отырсың?

– Ендi елде бидайдың қымбаттағаны рас қой. Рас. Тыққан екенбiз деп тегiн таратамыз ба? Бiзге де бiр пайда түсуi керек қой.

– Сатушыларың қанша қосады?

– Бар пайда сатушыларда, бақандай 5 теңге қосады. Не үшiн? Нанды қабылдап алып сатқандары үшiн. Осы дұрыс па? – деп Дүкен саудаға жауапты Саудабайға қарады. Саудабайда үн жоқ.

– Жәрәйдi, ендi менi тыңдаңдар, – дедi бастық. – Елбасы бағаның аяғын байласаңдар да тоқтатыңдар деп жергiлiктi жерден жәрдем сұрап, жоғрыдан жарлық айтып жатыр. Кiмде қандай ұсыныс бар? Мен сендермен әдейi ақылдасып отырмын. Бiр мезгiл елдiң де қамын ойлау керек.

Қазiргi кезде қайда болсын, қандай күйде болсын қалтасы қалыңның көпiрiп қалатын кезi ғой. Бұндай жерде бiрiншi әңгiменi бастайтын облысымыздың кәсiпкерлер қоғамының бiлдей бiр президентi Пiлтебай.

– Бәке, осы отырған бәрiмiз де сiздiң арқаңызда басты-басты салаларда, бiр-бiр мекемеге бас болып, бұйырғанын жеп жүрген бауырларыңызбыз. Солай ма, жiгiттер? – деп Пiлтекең оңды-солына солайлатып алды. – Осы уақытқа дейiн бiз де сiздi ұятқа қалдырған кезiмiз болған жоқ. Әлi де солай болады. Жат десеңiз жатамыз, тұр десеңiз тұрамыз, тап десеңiз табамыз, қап десеңiз, қабамыз. Ол да қолдан келедi. Өзiмiзше айтқанда сiздiң сүйiктi шәкiртiңiзбiз. Қай облысқа қызметке барсаңыз да, көлеңкеңiздей қасыңыздан қалмаймыз. Сiз бiздiң әкемiзсiз. Сiз бiздiң берекемiзсiз. Қара шыбындай қаптап өзiңiздiң шапаныңыздан шықтық. Сiздiң абырой – бiздiң абырой. Сiзсiз бiз кiмбiз? Нөлмiз.

– Сендердi.., – дей берiп едi бастық.

– Жiгiттер, келiңдер ұстазымыз үшiн, пiрiмiз үшiн, берекемiз үшiн алып қояйық, – дедi отырғандар бастықтың алдын орап.

– Улап-шулап соғыстырған соң суық сыра өңештерден өтiп, жететiн жерiне төтелеп кетiп жатты. Пiлтебай сөзiн әрi сабақтады.

– Бәке, бiз бағаны ендi керi қайтарып, қораға қамап қорғаштай алмаймыз. Космысқа ұшқан зымырандай осы кеткенi кеткен. Бұл сiзге қайтып келетiн “Буран” немесе “Шатл” емес. Бұл бiзге де жаман болып тұрған жоқ. Бiздiң қалта – сiздiң қалта. Қазiр қымбат болса да дүкендерде нан бар. Қазiр бағаны бұрынғы қалпына түсiрсек, облыстың тұрғындарын аш құрсақ қалдырамыз. Қуырдақтың қызығы сонда болады. Мысалы, нанды қазiр 45 теңгеге түсiрейiкшi. Көршi облыс барымызды талап, дал-далымызды шығарып, дүкен сөрелерi қаңсырап қалсын. Елге күлкi боламыз. Сондықтан шыдаңыз, әлiптiң артын бағайық. Ойластырып жатырмыз деп жоғарғы жаққа ой салып қойыңыз. Қатырамыз деңiз. Елмен көрген ұлы той. Үкiмет қандай әрекет жасар екен? Мүмкiн ақша бөлер. Онда Құдайдың бергенi дей берiңiз.

– Қойша шулаған халықты қайтемiз?

– Әй, Бәке-ай, халық өзiңiздiкi ғой, Қазақстаннан қазақтар қайда кетедi дейсiз? Бәрiне Батыс кiнәлi деңiз. Бiздiң қолымыздан не келедi. Әркiм өз құлқынын ойлаған заман. “Базар” жоқ, бiз сiздi далаға тастамаймыз. Ертең активте деп жүргендерiңiздi тiгiсiн келтiрiп дерсiз. Мүмкiн өзiмiздiң облыс тұрғындарына нанды арзан бағамен кәртiшкеге берермiз. Бiр ретiн ойластырармыз. Ал бағаға жол болсын айту керек. Кейiн қайтару туралы әңгiме болмасын. Құдай сiзге қуат берсiн!

– Сонда да.., – дей берген бастықтың сөзiн.

– Кәне, Көкемiз үшiн көпiртiп, тағы бiр күрiшкемiздi қотарып қояйық, – деп жiгiттер облыстың бiраз тiршiлiгi осылардың қолында, көкелерiнiң бiр қолы, бiр аяғы байлаулы екендерiн бiлдiргендей басекеңнiң сөзiн кес-кестей бердi.

Таңдай КЕНЕЕВ

Серіктес жаңалықтары