“АРАЛАС НЕКЕ”... “АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ”... БҰЛАРДАН КIМДЕР ТУАДЫ?

“АРАЛАС НЕКЕ”... “АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ”... БҰЛАРДАН КIМДЕР ТУАДЫ?

“АРАЛАС НЕКЕ”... “АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ”... БҰЛАРДАН КIМДЕР ТУАДЫ?
ашық дереккөзі
311

Бүгiнгi қоғам – “түймедейдi түйедей етiп көрсететiн заман емес”, керiсiнше, түйедейдiң өзiн көзге iлмейтiн қоғам. Ол қоғамды қазақы қалыпқа салу сiз бен бiздiң, келешек ұрпақтың айнымас мақсаты, адал парызы болуы тиiс.

Десек, байбалам салғанымызбен, оның шешiм жолдарын бiле бермеймiз… Дұрысы бiлемiз-ау, бiрақ, жеке басымызды ойлайтын эгоистiк ниетiз бұл мақсат-мүдденiң күл-талқанын шығаратынын да жасырмалық. Қазақ жастарының қазiргi iс-әрекетiне қарап, бүкiл санамыз желөкпе сезiмнiң, асығыс шешiмнiң жетегiнде жүр ме деп ойлайсың. Себебi, “азаматтық неке”, “аралас неке” ұғымдары қоғамға дендеп енiп, санамызды да, болашағымызды да улауда.

“Азаматтық неке” сөзiн тырнақшада пайдаланбасақ, қазақтың сөзiнiң қадiрiн қашырып алармыз. Өйткенi, сөздiк қорымыздағы азаматтық пен тырнақшадағы “азаматтықтың” ара салмағы жер мен көктей. Бiрi – ұлттың бойындағы iзгiлiктi көрсетсе, екiншiсi – мағынасыз тiршiлiгiн көлегейлеген адамзаттың өзiне жалаулата таққан атағы. Яғни, заңсыз некеге шарасыздықтан қойылған шартты атау ғана. Қазiргi таңда елiмiзде көпшiлiк қазақ жастары алдын-ала бiр-бiрiн тану үшiн, болашақта бiрге өмiр сүре алатындықтарына сенiмдi болуы үшiн “азаматтық некемен” бiрге тұрады. Ал, егер екеуiнiң бiр-бiрiне мiнезi, көзқарасы сәйкес келмесе, “ажырасып” кете салу оңай шаруа. Бажайлап қарасаңыз, бұл бiздiң ұлттық дiлiмiзге де, дiнiмiзге жат әрекет. Пайғамбарымыздың хадисiнде: “Некелi тұрмыс құрып, өсiп-өнiңдер! Сонда мен қиямет күнi басқа үмбеттерiмнiң алдында сендердiң өсiп-өнген ұрпақтарыңды көрiп қуанамын” дейдi. Сондай-ақ, пайғамбарымыз некесiз қосылып, зина жасағандарды: “Пенде зина жасағанда иманы шығып, бас жағында көлеңке секiлдi үйiрiлiп тұрады” деп, қиямет күнiнде қандай жазаға тартылатындықтарын да атап көрсетедi. Алайда, “азаматтық некемен” өмiр сүрiп жатқан жастар өздерiне шаң жуытқысы келмейдi. Олардың түсiнiгiнде “азаматтық неке” болашақта бақытты отбасының орнауына кепiлдiк бередi. Деректерге сүйенсек, бүгiнде Қазақстанда кәмелетке толмаған жасөспiрiмдердiң 22 пайызы некесiз туылған балалар. Некесiз туылған балалар әлеуметтiк және психологиялық тұрғыдан өзiн кемтар сезiнетiндiгi де белгiлi. Әрбiр бала “жарымжан” отбасы емес, бүтiн отбасының мүшесi болғысы келедi. “Бiздiң мiнезiмiз бiр-бiрiмiзбен үйлеспедi” деген ата-ана сөзiне бала түсiнiстiкпен қарағысы келсе де, iштей қарсылық танытады. Мәселен, АҚШ-та ажырасқан отбасылардың балаларының 80 пайызы ата-анасымен бiрге өмiр сүргендi қалайды екен. Батыс елдерiнде 20-ғасырдан берi белең алып келе жатқан “азаматтық неке” бiздiң елiмiзде 90-жылдардың екiншi жартысынан бастап кең ұғымға ие болды. Тiптi, оны ешкiмнен жасырмай, ашықтан-ашық айтатындар да жеткiлiктi. Олардың ұлттық тәрбиенi сақтауға салғырт қарайтындықтары көңiлге өкiнiш ұялатады.

“Азаматтық неке” салдарынан жалғыз басты аналардың саны да жылдан-жылға өсiп келедi. Алданып, аяғы ауыр болып қалған қыздар баланың әкесiнен әлеуметтiк жәрдемақы ала алмай жүрген жағдайлар да жиi ұшырасады. Дағдарыс орталықтары одағының мәлiметiне сенсек, оларға жыл сайын “азаматтық некемен” бала тапқан 10-15 әйел келiп, баланың әкесiнен алимент өндiрiп берудi талап ететiн көрiнедi. “Азаматтық некеде” туылған балалардың әкесiн заң тұрғысынан дәлелдеу қиынға соғады. Медицинаның соны жаңалығымен, яғни, ДНК тапсырған жағдайда ғана баланың әкесiн анықтай алады. Мұның өзi қалтадағы қаржыға әжептеуiр салмақ салады.

Қазақтың қазақ болып қалуына қан тазалығы да зор ықпал етедi. Жетi атадан аспаса қыз алыспаған қазақ қазiргi кезде жетi ата түгiл, өзге ұлт өкiлдерiнен де қыз алып, қыз берiсiп құдандалы болып жатыр. Тарихи оқиғаларға көз жүгiртсек, бұл iлкiден келе жатқан жағдай. Керек десеңiз, үлкен маңызы бар саясат. Түркi жұртының Вахапзаде деген жазушы-драматургының “Көктүрiктер” атты пьесасында аралас некенiң саяси астары әдемi әрi шынайы көрсетiледi. Қытай елiмен құдандалы болған түрiк халқының арасына қытай қыздарының iрiткi салу пиғылымен жiберiлгенi – пьеса желiсiнiң маңызын арттыра түседi. Нағашы жұртында ғылым үйренiп жүрген түрiк қағанының баласын “елiне оралып, ана тiлiн, түркi мәдениетiн үйренсiн. Атила, Iстемi секiлдi бабаларының бар екенiн бiлсiн!” дегенiнде, Қытай ханшайымы: “Ханзу тiлi де – оның анасының тiлi!” деп жауап бередi.

Әрине, бұл әдеби шығарма. Бiрақ, өмiрлiк сабақ болар дүние. “Аралас некенiң” көпшiлiгi ұлтымызға әлдебiр пайда әкеледi дегенге сенбеймiн. Өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының өзге ұлттан әйел алғаны тарихи шындық. Оның себебiн сол замандағы “қазақ қыздарының оқымағандығымен” түсiндiредi. Алайда, мұның қаншалықты тиiмсiз болғанын уақыт өзi дәлелдеп бердi. Қазақ қызы өзге ұлтқа тұрмысқа шықса, сол елге “тастай батып, судай сiңiп кететiндiгi” де алаңдатады. Неге, қазақтың қызы өзiнiң туған баласына қазақы ана бола алмайды? Оның баласы неге қазақтың салт-дәстүрiн үйренуге ықтиярсыз? Ал, неге өзге ұлттың қызын алған қазақ азаматтарының тағдыры керiсiнше болады?! Iштей бұл сауалдардың жауабын бәрiмiз бiлемiз. Бiрақ, оны айтсақ, ұлт ретiнде ұсақталып бара жатқанымызды мойындағанмен бiрдей күйге түсемiз.

Аралас некенiң санының артқан кезi 40-50 жылдары 23 пайыз болса, 80-жылдары бұл көрсеткiш құлдырап – 9,7 пайызды құраған. Қазiргi таңда жылына жүз мыңға жуық отбасы шаңырақ көтерсе, соның 20 пайызы “аралас неке” өкiлдерi. Қазақ қыздарының қалталы шетелдiктерге тұрмысқа шығуы қалыпты жағдайға айналды. Бұған кейiстiк танытсаң, “бiздi алатын қазақ жiгiттерi жоқ немесе автобуста отырып жылағанша, жеке көлiгiңде отырып жылағаның артық” деген сылтауларды естисiң. Осы кезде таяқтың екiншi ұшы қазақтың жiгiттерiне келiп тиедi. Шыны керек, кейде өзге ұлт өкiлдерiнiң әйел затын бақытқа бөлеп жүрген қазақ азаматтарын көрiп, iшiң ашиды. Бiздiң бiлiктi бiр оқытушымыз болушы едi. Ол кiсi үнемi бiзге: “Қазақ жiгiтiне ғана тұрмысқа шығыңдар. Сендер ертеңгi қазақ шаңырағының анасысыңдар”, – деушi едi. Солай деген ағайымыздың жұбайы Қырғызстанның қырғызы екен. Егер, қазақтың оқыған-тоқыған жiгiттерi әлгi ағайымыз секiлдi өзге ұлттың қыздарына үйлене беретiн болса, қазақ қыздарын кiм алады?! “Аралас неке” кәрiқыздар санының артуына да өз үлесiн қосып отырған жоқ па? Бұл – бiр бастың уайымы емес, бүтiн ұлттың қайғысы. Қазақты шыңырауға апарып түсiретiн “азаматтық неке” мен “аралас некенi” заң жүзiнде құрықтай алмасымыз ақиқат. Бұлай жасасақ, демократиялық қоғамның беделiне нұқсан келтiремiз.

Бұл проблеманы шешу әрбiр жастың ұлттық дүниетанымына байланысты. Ал, ұлттық дүниетанымды қалыптастыру үшiн, мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қажет. Ол бағдарлама Қазақстандағы негiзгi ұлт болып табылатын қазақ халқының ғана мұңын күйттеуi тиiс. Соңғы кездерi отандық телеарналарда көп ұлтты елдiң имиджiн насихаттайтын жарнамалар жиынтығы жиi көрсетiлетiн болды. Бiз мұндай жарнамалармен бiрлiктi емес, ұлттық кейпiмiзден қалай айну керек екенiмiздi насихаттап жүрген жоқпыз ба осы?! Егер, бiз өзiмiздiң ұлттық дәстүрiмiздi, тiлiмiздi, дiнiмiздi өз балаларымыздың бойына сiңiре алмасақ, ертең дүбәрә ұрпақтың қаптап кетпесiне кiм кепiл?!

Серіктес жаңалықтары