ӘРIПТЕСIМIЗ ДИНАРА — ӘДЕМI КЕЛIНШЕК!

ӘРIПТЕСIМIЗ ДИНАРА — ӘДЕМI КЕЛIНШЕК!

ӘРIПТЕСIМIЗ ДИНАРА — ӘДЕМI КЕЛIНШЕК!
ашық дереккөзі
386

Елiмiзде сұңғақ бойлы, сұлу әрi сүйкiмдi бойжеткендерге арналған байқаулар жиi өткiзiледi. Ал әдемi болса да, отбасы ошақ қасында көрiне алмай жүрген келiншектер қаншама. Жақында Алматы қаласында алғаш рет “Миссис Қазақстан” байқауы өтiп, өз мәресiне жеттi.

Негiзi байқауды ұйымдастырушылар осыдан екi ай бұрын бүкiл республиканы аралап, аймақтық тур өткiзiп, әлемдiк әдемiлiк стандартына сай хас сұлуларды iрiктедi. Сөйтiп, тұрмысқа шыққан жүздеген келiншектiң iшiнде соңғы баспалдаққа тек 15-i ғана жетiп, байқау үмiткерi атануға жолдама алды.

Әрине, ару келiншектердiң iшiнен ең әдемiсiн, ақылдысын iрiктеу оңай тимедi. Бiлiм мен ғылымға араласып, бiр еркектiң жауапкершiлiгiндей жүк арқалап жүрген қазiргi заманның келiншектерi сұлу келбетiн жоғалтқан емес. Бұған әуелi аяулы жарын сыйлап-құрметтей бiлетiн өмiрлiк жұптары — отағасының да қосқан үлесiн айта кеткен жөн. Бiр қызығы, осы байқау жарияланғанда күйеулерiнiң өздерi әйелдерiнiң атынан анкета толтырып, қатысуға ниет бiлдiрiптi. Сүйген жарына деген махаббат пен сенiмдiлiктi құрметтегендiктен де әйелiнiң осы байқауда бағы жанатынына көзi жеткендiгi ер азаматтардың беделiн де бiр көтерiп тастаған сияқты.

Байқаудың аясында әдiлқазылар күнделiктi өзiн күте бiлетiн, қашан да сұлулыққа жаны жақын әйелдердiң бойжеткен арудан кем еместiгiне, сүйкiмдiлiгiн сақтап әрi жарасымды киiнiп, дәмдi ас әзiрлейтiндiгiне куә болды.

Қыз-келiншектерге арналған “Сезон” журналы мен Әйелдер iсi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның ұйытқы болуымен ұйымдастырылған “Миссис Қазақстан” байқауына 25 пен 40 жастағы әйелдер қатысып, сынға түстi. Төрт түрлi сайыстан тұратын байқауда олар бар өнерi мен талантын, дарыны мен сымбатын паш етiп, көрермендi тәнтi еттi.

Ал шешушi сәт — байқау қорытындысы нәтижесiнде бiрiншi орынды үш баланың анасы, спорттық балет биiнiң жаттықтырушысы, төрт тiлде емiн-еркiн сөйлейтiн алматылық Наталья Пешкова жеңiп алса, екiншi орын қарағандылық келiншек, аяулы ана Әсел Артақшиноваға бұйырды. Ал “Миссис Қазақстан” байқауының жеңiмпазы “Астана” телеарнасының тележүргiзушiсi, журналист Динара Сәтжанова атанып, әдемi келiншектiң тәжiн кидi. Алла қаласа, “Астана” телеарнасының бетке ұстар сұлу келiншегi Вьетнамда өтетiн “Миссис мира — 2009” байқауына Қазақстанның атынан қатыстырылмақ.

Әрине, байқауға бар құштарлығымен қатысқан арулар да құралақан қалмай, арнайы сый-сияпатқа ие болды. Ал ұйымдастырушылар, бұл байқауды келешекте дәстүрлi түрде өткiзу керек дей келе және байқаудан түскен қаржы қайырымдылық шараларға жұмсалатындығын жеткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары