АТАЛЫП ӨТСЕ ДЕЙМІЗ

АТАЛЫП ӨТСЕ ДЕЙМІЗ

АТАЛЫП ӨТСЕ ДЕЙМІЗ
ашық дереккөзі
229

Қожа Ахмет Иасауидің 910 жылдығы

Алаштың ардақты азаматтарының бірі Міржақып Дулатұлы осыдан тура бір ғасыр бұрын: «Түркістанның мұнша атақты шаһар болып, замандағы хандар көз тігіп, әрқайсысы өзіне қаратып алуға қан төгіп, тарих жүзінде белгілі орын алуға себепші болған Қожа Ахмет Иасауидің бейіті һәм оның үстіне орнатқан мешіт-белгі екені мағлұм болды», ­– десе («Қазақ» газеті. 1913 ж. №16-17), 2000 жылы 20 қазанда Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Ол сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударып алған-ды. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иеленетін айтулы сопылық мектептің негізін салған шайқы, ғұлама ақын Қожа Ахмет Иасауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы еді», – деп парасатты оймен түйіндеген болатын.

Міне, сол бүкіл мұсылман қауымына мағлұм кемеңгер ғұлама, діндар шайыр Қожа Ахмет Иасауидің (1103-1228) туғанына биыл 910 жыл толып отыр. Бірақ ғұламаның бұл мерейлі жылын атап өтуде біз әлі жым-жырт жатырмыз.

Қожа Ахмет Иасауиді құдырет тұтқан Ақсақ Темір оның басына 1397 жылы әлем таңғаларлық мешіт-ғимарат орнатты.

Хақ Тағала рахымымен пәрмен қылды,

Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.

Алпыс үште сүндеттерін бекем тұтып,

Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.

Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім, – деп, Пайғамбар жасында жер асты мекеніне (қылует) түсіп, «Жүз жиырма беске кірдім, ешнәрсе біле алмадым» дей тұрса да, артымда өлмес рухани «Диуани хикметін» (Ақыл кітабы) қалдырып, келер ұрпақтың жан-дүниесін байытып кетті. «Менің хикметтерім Алладан пәрмен, оқып ұққанға бар мағынасы: Құран», – деді ол.

«Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» атанған, жамбасы Түркістанның қасиетті топырағына тиген Қожа Ахмет Иасауи бабамыз – Мұхаммед пайғамбардың немересі, әрі күйеу баласы Әзіреті Әлінің 17-ші ұрпағы.

Құдайдың құлы, халқының ұлы болған Қожа Ахмет Иасауидің Түркістандағы бұл мавзолейіне күн сайын аяғы жеткен жерден зия­рат етіп келіп жатқан адамдардың есебі жоқ.

Ендігі біздің айтар ойымыз, Қожа Ахмет Иасауидің 910 жылдығына байланысты үлкен бір ғылыми-танымдық конференция, ақындар айтысын, жыр мүшәйрасын өткізілсе екен. «Ештен кеш жақсы» деген, әлі жыл аяғына дейін уақыт бар ғой.

Серіктес жаңалықтары