ҮРДІСКЕ АЙНАЛҒАН «ҮШТІК»

ҮРДІСКЕ АЙНАЛҒАН «ҮШТІК»

ҮРДІСКЕ АЙНАЛҒАН «ҮШТІК»
ашық дереккөзі
317

Еліміздің тәуелсіз тарихында мемлекеттік қызмет жөніндегі заң осымен үшінші мәрте өзгерді, жылдан жылға бұрмаланып, тіпті бір жылдары мүлдем әлсіреп қалды. «Бір кісі хан сайланса, қырық кісі атқа қонадының» керімен келдік бүгінге дейін. Енді командамен қызметке келетін шенеуніктерге тосқауыл қойылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов қызметі ауысқан шенеуніктерге өзімен бірге үш адамды ғана алып жүруіне рұқсат берді.

Сыбайлас жемқорлық пен сауатсыз­дықтың нағыз ұйығы делінетін шенеуніктер командасы былтырдан бері назарда. Осыдан біраз жыл бұрын марқұм, жазушы Сәкен Жүнісов осы тақырыпты алғаш қозғаған еді. «Бір жерге әкім-қара сайланса, топырлатып өз адамдарын алып келеді. Оны «командам» дейді. Ол команда біртіндеп отряд болып шығады», – деген еді. Бұл мәселеде Бәйменовтің де өз ойы бар. «Қызметтік этика демекші, қазір бізде жаңа басшы ауысатын болса, мемлекеттік орындарда үлкен қарбалас басталады. Жаңа басшы өз командасын ілестіріп алып келіп, бұрынғы қызметкерлерді жаппай жұмысынан босатады. Бұл барып тұрған бассыздық. Оны әдейілеп қызметінен кетуге мәжбүрлейді. Сондықтан, біздің жұмысымыз да осыған келіп тіреледі», – дегені есте. Әлихан Бәйменов «командалық көшулер» және осымен бірге ілесіп жүретін сауатсыздықты біржола жойдық деді.

26 наурыздан бастап қолданысқа енген заң Мемлекеттік қызметтің жаңа мо­­де­лін қалыптастырады. Кадрларды іріктеу мен біліктілігін арттыруда меритократия әдісін күшейтіп, білікті­лігі мен тәжірибесі жоғары мамандар «А» бас­қа­ру­шылық корпусын құрады. Бұл Заңды жү­зеге асыру үшін Елбасының 7 жарлығы, агенттіктің 4 бұйрығы қабылданған екен. Соның бірі – «Жауапты хатшылар туралы» жарлық. Бұдан былай жауапты хатшыларды ҚР Президенті тағайындайды және олар «А» корпусына ауыстырылады. Мұндай дәрежесі бар мамандардың еңбек келісімшартын жасасу құқығы Президент Әкімшілігінің басшысына беріледі. Жалпы халық арасында мемлекеттік қызметкер «шенеунік» не «бюрократ» атымен танымал. Халықтың оларға сенімі де әлсіреп барады. Сонымен «А» корпусы – элита, «В» корпусы – кімдер?

Жаңа ережелер бойынша «А» корпусы мен «В» корпусының қызметкерлері анықталды. «А» корпусы – стратегиялық шешімдер қабылдау мен оларды орындау арасындағы өзара байланысты, мемлекеттік органның кадр саясаты мен ұзақ мерзімді міндеттерін іске асыратын мемлекеттік қызметтің басқарушы элитасы, олардың үлес салмағы – 0,8-1 пайыз болуы тиіс. Бұған жауапты хатшылар, Үкіметтің ұсынысы бо-йынша айқындалатын орталық мемлекеттік органдар комитеттерінің төрағалары, жекелеген департаменттерінің директорлары жатады. Еліміздегі 3200 саяси қызмет­кер­дің саны сегіз есеге қысқарып, 430 адам ғана қалды. Облыстық қалалар және аудандар әкім­дері, облыстық ревизия комиссия­ла­ры­ның төрағалары мен мүшелері және та­ғы басқа лауазымдар да осы корпусқа жатады. «Б» корпусы – заңнама нормаларына, әкімшілік стандарттары мен регламенттерге, «А» басқарушылық корпусының талаптарына сәйкес іске асыру қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлер. Олар 98 пайыздан астам болуы керек. Ал «Б» кор­пу­сының құрамы 90 200 адамды құрайды. «А» корпусына жататын лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер жұмыстарын жалғастыра береді. Бірақ алты ай көлемінде Ұлттық комиссиясы іріктеу жүргізеді. Бүгінде жұмыс жасап жүрген мемлекеттік қызмет­шілер «А» корпусының лауазымдарына үміткерлермен бірге тестілеуден және әң­гімелесуден өткізіледі. Онда талап­керлер­дің Заңнама мен мемлекеттік тіл білімін, кәсіби біліктілігін анықтайды. Егер тест барысында дұрыс жауап 70 пайызға жетпесе, лауазым иесі орнынан алынып, қызметі төмендетіледі.

Бірақ элита өкілдерінің біліктілігі күдік тудырады. Өйткені қанша өзгеріс болса да мемлекеттік қызметкерлер «қосылғыштардың орны ауысқанмен қосынды өзгермейді» ережесінен ары аспайды. Сол баяғы шенеуніктер қызметтерін ауыстырып, бірінің орнына бірі келеді. Командамен көшуді жою туралы, жалпы мемлекеттік қызметкерді байқау арқылы жұмысқа алу бұрын да айтылған, заңмен бекітілген. 1999 жылы қабылданған Мемлекеттік қызмет туралы Заңда: «Барлық лауазымға қызметкер байқау арқылы алынады» делінген екен. Араға 4 жыл салып, бұл заңға өзгеріс енгізілген. Сөйтіп, 2003 жылдан бастап басшылар байқау деп бас қатырмай-ақ, тағайындау арқылы орынтаққа қонжиятын болған.

«БАСТЫҚ» ҚАЙДА КЕТЕДІ?

Жаңа жүйе әлемдегі мемлекеттік қызмет құрылымы ең озық елдің тәртібіне сәйкестендірілген. Бұл қадам заманауи талап. Ендігәрі «бастық» деген сөз қолданыстан алынады. Тек қана Президент әкімшілігі мен құқық қорғау органдарында ғана қолданыста болады. Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес, ауыл әкімдеріне бұдан былай саяси қайраткер лауазымы қажет емес. Кез келген мамандықтың иесі ауыл әкімдігіне өз кандидатурасын ұсына алады. Бұл заңды депутаттар талқысына салғанда Заңның әлі де пісіп-жетілмегені туралы пікірлер айтылған еді. Күмән келтіргендердің бірі – Дариға Назарбаева. Мәжілістің жалпы отырысында Дариға Нұрсұлтанқызы заңның жүзеге асарына күдікпен қарайтынын жасырмады. Бәйменовке турасынан сұрақ қойып: «Сіз тамыр-таныстық, ағайындық арқылы мемлекеттік қызметке келу жойылады дедіңіз. Өзіңіз бұған сенесіз бе? Біздің мемлекеттік қызметтегі бұл үрдісті жоятын қандай да бір тәсіл бар ма?» – деп қалды.

Президенттің «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы осы мәселелердің басын ашып, жылдам жүргізілуіне түрткі болғаны жасырын емес. Командалық жүйе әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ бұл жүйе Қазақстанда өз-өзін ақтаған жоқ. Керісінше, біздегі әлеуметтік әділеттіліктің бұзылуына және жергілікті жерлердегі жағдайды толығымен білетін білікті мамандардың билікке келуіне бөгет болып отыр. Тамыр-таныстық мемлекеттік қызметте дамып, сыбайлас жемқорлықты күшейтті. Енді жаңа өзгертулер бұл олқылықтарды түзетеді деген үміт бар… Өткен ғасырдың 20-30 жылдары атышулы «үштіктер» КСРО-да талай нақақ жандардың тағдырын тәлкек еткен. Тәуелсіз Қазақстанда да министрлер «үшеуді» ерте жүретін бопты. Жаңа үрдіс жақсылыққа бастағай…

Дос Көшім, саясаттанушы,

«Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Бұл заңдағы өзгертулер өмірден алынған. Бір жерге басшы келсе есепшісін, басқа да қызметшілерін қоса ертіп келеді. Мәселен, есепші – қарапайым жұмыс істеуші. Оның есептеу жұмыстарын басқа есепші де жасай алады. Бірақ бастық екеуі ақша жымқырып үйренгендіктен оны қоса әкеледі, бұл – жемқорлықтың басы. Бұл заңдағы өзгерістер өте дұрыс қабылданған. Бірақ мемлекеттік қызметкерлер, яғни шенеуніктер оны айналып өте алады. 1-2 айдың ішінде дұрыс жұмыс жасамадың деп қызметінен босатады да, орнына өзінің сыбайласын үн-түнсіз отырғыза салады. Оны дәлелдеу өте қиын. Бірақ заңның мақсаты өте дұрыс, ал орындалуы екіталай. Жалпы, Әлихан Бәйменов бұл келеңсіз мәселені мемлекеттік деңгейде көтерді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысының әкімі қызметінен босағанда 40-50 түтін қоса көшті дегенді естігенбіз. Солардың бәрі – команда емей немене? Шенеуніктің өзімен бірге үш қызметкерді алуына болады дегені де артықтау. Кеңесшісін қасына шақыруына болады, өйткені олар бағыттас, пікірлес. Ал нақты қызметі бар орынбасарларды қасына шақыру – ашық сыбайлас жемқорлық.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары