Саржайлауда нәрлі шұбат

Саржайлауда нәрлі шұбат

Саржайлауда нәрлі шұбат
ашық дереккөзі
374

Тегінде қымыз бен шұбат қатар айтылады. Шипасы мен пайдасы да бірдей. Бірақ қымыздың таралуы мен қасиеті бірінші ауызға түседі, шұбат сусыны ысырылып қалады. Осы күнге дейін де туристер ағылып жататын Таяу Шығыстың сусыны әлемдік сатылымда танымал емес, өкінішке қарай. Десе де АҚШ азаматтары ерлі-зайыпты Риглерлер шұбат өндіруді кәсіпке айналдырыпты. Бізде қалай? Еліміздегі «Саржайлау» ұлттық тағамдар корпорациясының директоры Ахметбек Нұрсила түйе сүтінің өнімдері туралы әңгімелеп берді.

– Көктемнің келгеніне қуанбайтын жан иесі болмайтын шығар. Адам баласы, мал да, жәндік те жаңа тіршілік бастайды. Әсіресе табиғатпен етене өмір сүрген қазақ баласы, көшпенді баласының түйсігі, сезімі ерекше ғой. «Ботам, ботақаным» деген сөзді жақсы көрмейтін, естімеген бала жоқ. Ботаның өте нәзіктігінен, әдемілігінен болар, қазақтар оларды ерекше жақсы көреді. Жақында ауылға барып, төлдеген малды көріп қайттым. 2013 жылдың төлдерін, боталардың жағдайын білдім. Олардың қалт-құлт басып, аяққа тұрғанын, енесінің мейірлене емізгенін көзбен көру бір ғанибет. Түйе керемет текті, қасиетті мал. Атам қазақ түйені төлдің басы санаған, «ердің құны, нардың пұлы» деген сөз бар. Түйенің жеріне деген махаббатын, шыдамдылығын, қайраттылығын, кәрі буралар мен үлектердің жас маяларға шаппай, үйірден қуып шығатын тектілігін көргенде бұл малды, қастерлемеу, құрметтемеу мүмкін емес. «Айырдан туған жампоз бар, атасын айуан десең нанғысыз» деп жырлаған екен Махамбет бабамыз. «Боталаған боз інген, азан да қазан у да шу, ол да бір алса мазамды», – деп Қазтуған бабамыз армандаған екен. Соны сезіндім. Қазақтың даласының сәні қашанда мыңғырған мал, ақындар ме әншілер болған ғой! Бірақ бұрынғы әншілер мен ақындардай бүгінде кең уақыт жоқ қой дала аралайтын. Күйбең тіршілік пен қаланың жыбыры бар уақытты жалмауыздай жеп қояды да, даланы аңсап, көкжал сияқты анда-санда терезеден ұлып қоямыз.

Елімізде сөзсіз дамытуға тиісті шаруашылықтың бір түрі – түйе шаруашылығы. Шын мәнінде қазақ жерінің көп бөлігі түйе түлігін өсіруге аса қолайлы болып келеді. Түйе малының жоғары және төмен температураға, күн радиациясына, су мен жем-шөп тапшылығына және қатаң климат жағдайларына төзімділік көрсете алатын ерекше физиологиялық қасиетінің болуы елімізде түйе шаруашылығын дамытып, сонымен қатар түйе етінің маркетингін дамытуға үлкен мүмкіндік береді.

Көптеген зерттеулер нәтижесі түйе етінің басқа мал еттерінен кем түспейтін қоректік құндылыққа ие, нәрлі тағам екендігін дәлелдейді. Өйткені оның құрамында май және холестерол мөлшері төмен. Сонымен қатар маңызды ауыстырылмайтын амин қышқылдары мен витаминдердің қайнар көзі де сонда. Мұндай тағам түрі организмге оңай сіңірілетіні сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті биология факультетінің PhD докторанты Райымбек Гүлжанның айтуынша, түйе етінің химиялық құрамы сиыр етіне жақын, тіпті кейбір биологиялық активті қосылыстары бойынша сиыр етінен жоғары болып келеді. Жас ғалым мұндай зерттеулерді 2 жылдан бері Сұлтан Қобос университетінің профессоры Изам Кадиммен (Оман сұлтанаты) бірге жүргізген. Қазіргі таңда көптеген елдер түйе етін медицинаға пайдалануда. Оның еті тері ауруларына, сорпасы көз ауруына, майы ішек құртын жоюда табылмайтын дәрі көрінеді. Біздің ел ойсыл қара тұқымының осыншама маңызды екендігін әлі күнге жете түсінбей отыр. Өйткені қала базарларындағы ет сататын дүкендерден түйенің етін кездестіру мүмкін емес. Сонықтан болса керек, «қуырдықтың көкесін» көрмегелі де көп болды. Айтпақшы, шұжық өндіретін кейбір компаниялар сиыр етінің орнына түйе етін пайдаланатын көрінеді. Өйткені түйе етінің бағасы әлдеқайда арзан. Түйе сүті туралы бедуиндердің: «Ол шөлді және аштықты қуады» деген мақалы бар. Және де олар түйе сүтін «аштық сезімін жоятын, сусындататын, қоректендіретін!» деп атайды, яғни ол судың орнына шөлін қандырады, тамақ орнына қарындарын тойдырады. Біреуге сүт беріп жатқанда: «Оған сүт бер де, жамандықтан қорға» дейді. Арабтар түйе сүтін желшешек, жарақаттар, тіс, асқазан ауруларында және улануға қарсы қолданған. Сапасы жоғары сүт деп денсаулығы мықты, жақсы жерде жайылған, таза су ішкен інгеннің боталаудан кейін 40 күннің ішіндегі ақ түсті, жақсы иіспен дәмі бар, тәттілігі және майлылығы орташа сүтті айтады. Хадисте: «Бір топ адам сырқаттанып қалғанда, Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларға түйе зәрі мен сүтін ішуге әмір еткен, олар соны ішіп дерттерінен жазылып кеткен» делінген. Арабтар: «Түйе сүті – дәрі» деп айтқан. Түйе сүті қанның тазарып жаңаруына, құрғақ, сусызданған дененің қалпына келуіне, көңіл-күйдің жақсаруына көмектеседі. Егер түйе сүтін балмен қосып ішсе, ол ішектердің іріңді жараларын емдейді. Егер түйе сүтін қантпен қосып ішсе, ол терінің тазаруына, түсінің жақсаруына көмектеседі. Және де түйе сүті көкірек қуысы ауруларында, әсіресе өкпе қабынуында (пневмония) пайдалы.

Иә, жыл сайын осы кезде қымыз бен шұбатқа сұраныс артады, және сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бұл бір жағынан қуантады, бір жағынан ренжітеді. Біздің бабалардан қалған, мыңдаған жылғы тарихы бар, талай мүйізі қарағайдай әлемдегі атақты дәрігерлер мойындаған, миллиондаған халықтың денсаулығын нығайтып, өмірін алып қалған сусынымыз тек жаназа мен астарда, наурызда ғана ішілетін сусын болып қалмай, күнделікті тұтынатын сусыны болса деген арман бар. Боялған сусындар – Кола мен Спрайт, өтірік шырындар, сыра сияқты сусындардың қасында қымыз бен шұбат патшалардың асындай әрі тамақ, әрі сусын, әрі дәрі екенін білсек те, қадірін біліп, күнделікті пайдалана алмай жатырмыз, өкінішке қарай

Биыл өз мекемеміз бен өз отбасымызда наурыз көже ішіп, өзімізше Ұлыстың ұлы күнін атап өтеміз. Келер жылдары нау­рыз көжені көпшілікке арнап жасауды жос­парлап отырмыз. Алла қаласа, жыл сайын қымыздық мейрамымызды да жаңғыртып өткізіп отырсақ деген де арман бар. Өзімнің аздап өлең жазатыным бар еді, осы жолдарға Мұса деген Үржарлық жерлесім ән де жазып берген. Қазір Үржарлық өнерпаздар орындап жүр.

Асыл асы бабамның,

Төресі ғой тағамның.

Сенен кейін тұрады

Барлық асы ғаламның.

Саржайлауда сары қымыз,

Қазағымның жаны қымыз.

Саржайлауда сары қымыз,

Қазағымның қаны қымыз.

Маңдай тері төгілген

Атам менен анамның.

Әр тамшыңа берілген

Күш қуаты даламның.

Саржайлауда нәрлі шұбат,

Тіл үйірген дәмді шұбат.

Саржайлауда нәрлі шұбат

Аппақ қардай сәнді шұбат.

Қымыз, шұбат ішкенде

Қазақпын деп сезінем.

Қайрат бітіп бойыма

Жалын шашып көзімнен.

Қайырмасы

Шұбат мәңгі жасаса,

Ұрпақ мәңгі жасайды.

Қымыз мәңгі жасаса,

Қазақ мәңгі жасайды.

Жазып алған

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары