Бапкерлерге арналған бірегей шара

Бапкерлерге арналған бірегей шара

Бапкерлерге арналған бірегей шара
ашық дереккөзі
297

Бүгінде мемлекеттік тілде тренинг өткізетін мамандар тапшы. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Алматыда үш күндік тренинг ұйымдастырылды.

Қазақ қоғамында мемлекеттік тілде тренингтер өткізуге қабілетті мамандар жоқтың қасы. Оның себебі әртүрлі. Ең бастысы – кәсіби біліктіліктің төмендігі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, өткен аптада Алматыда «Жаттықтырушыларға арналған тренингтер барысында заманауи оқыту әдістемелерін қолдану» тақырыбында тренинг өткізілді. Үш күнге созылған бұл шараның қолдаушысы – «Шеврон» компаниясы, ұйымдастырушысы – Орталық Азияның Еуразиялық қоры. «Қазақстандағы азаматтық қоғамдық ұйымдардың дамуына бастама» жобасының шеңберінде өткізілген тренингтің басты мақсаты – жаттықтырушылық дағды, топпен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері, аудиторияны басқара білу, топпен өзара тиімді қатынас құруды меңгерту арқылы қазақтілді тренерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.

Шараның алғашқы күнінде «Тренинг дегеніміз не?» деген сұрақ төңірегінде теориялық және тәжірибелік сауалдарға жауап іздегендер тренингті жобалау, топпен жұмыс түрлері, ересек адамдарды оқытудың ерекшеліктерін қарастырды. Ал екінші күні жаттықтырушылық дағдылардың негіздері (іс-әрекет бөлімін талдау), тыңдаушыларды басқару, ұжымның оқыту және оқу мүмкіндіктерін бағалау және оқытудың тиімділігін бағалау мәселелеріне тоқталды.

Үкіметтің емес ұйымдардың жетекшілері мен белсенді мүшелері атсалысқан шараның ерекшелігі сол, тренингке қатысушылар арасында іргетасы енді қалыптасқан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне мемлекеттік тілдегі тренингті жоспарлап, оны өткізу үшін арнайы байқау жарияланады. Байқау жеңімпазы үстіміздегі жылдың сәуір айында Алматы қаласында өткізілетін тренингтің тізгінін ұстамақ.

Қазақ қоғамын алға жылжытуда, азаматтық қоғам құндылықтарын насихаттауда қомақты үлес қосатын азаматтар бар. Осыған байланысты ой бөліскен талай жылдық тәжірибесі бар маман Гүлжан Айберова: «Негізі азаматтық қоғамның мүдделерін, азаматтардың құқығын қорғайтын – үкіметтік емес ұйымдар. Қаншама ірі жобаларды жүзеге асырып жатқандар да – сол ұйымдар. Тренингтің басты мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерін оқыту. Өзектілігі – шара қазақ тілінде өткізілді», – дейді. Оның айтуынша, бұрын тренингке қатысты материалдарды аудармашылар ағылшын тілінен – орысшаға, сосын қазақ тіліне аударатын. Тренинг дегеннің не екенін де білмейтін әрі бұл істен мүлде хабары да, тәжірибесі де жоқ мамандар мәтіннің маңызы мен мағынасын өзгертіп алатындықтан, олардың орашолақ аудармаларының сапасы төмен болыпты. Бірақ қазір тренинг өткізуде тәжірибесі мол жаттықтырушылар керекті материалдарды өздері дайындайды. Мұндайда шетелдіктер жазған дүниелерді қазақы менталитетке лайықтау да маңызды: «Бүгінде мемлекеттік саясат үш тұғырлы тілді дамытуға мән береді. Бірақ қазақтілді жаттықтырушылардың аздығынан мемлекеттік тілде өткізілетін шаралардың сапасы төмен. Негізі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері – бастамашы топтар еді. Алайда, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы енді басталғанда орыстілді отандастар аса белсенді болды. Қазір қазақы ортада тренингтер өткізу барысында шет тілдерінен аударылған материалдарды міндетті түрде қазақы менталитетке бейімдейміз».

Қазақ тілінде жаттықтырушыларға арнап тренинг өткізудегі басты қиындықтар – жас ерекшелігі, психологиялық ерекшеліктер. Бұл орайда, Гүлжан Айберова: «Мектеп оқушыларына қарағанда, ересектер қауымы өмірге деген көзқарасы әбден қалыптасқан, белгілі бір ұстанымы бар, көп нәрсені бас шұлғи отырып, ешқандай қарсылықсыз қабылдаудың орнына керісінше, «мен сізбен келіспеймін» деп қарсы уәж айтуға дайын тұрады. Мұндайда жаттықтырушының басты міндеті – олардың сенімінен шығу».

Шараның үшінші күні қазақтілді жаттықтырушыларға заманауи ақпараттық технологияларды игертуге арналды. Алдымен жаңа медиа туралы түсінік беріліп, gmail – пошталық қызметінің мүмкіндіктері, тәжірибелік сабақтар, блог-платформа – Қазжур, блог жазбаларының ерекшеліктері, блог дизайны және оны өңдеу, әлеуметтік желілерге ақпаратты жүктеу жолдары, виртуалды аудиторияларда online-оқытуда жаттықтырушыларға қойылатын талаптар, e-learning арқылы оқытудың тиімді әдістері мен технологиялары, аудио және видео құралдарының мүмкіншіліктері т.б. мәселелер жан-жақты түсіндірілді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары