Айт күндері

Айт күндері

Айт күндері
ашық дереккөзі
538

Бейімбет «Шұғаның белгісін» 21 жасында жазған (1915). Сол повесте: «Өй, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау» деген кейіпкердің сөзі бар. Сол повесті оқып отырып енді біз: «Әй, өзі де Бейімбет десе Бейімбет-ау» дейміз.

Бейімбет «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» әңгімесін 36 жасында жазған. Тозақтың босағасында отырып!.. 1930 жылы. Арада екі жыл өткенде… екі жарым миллион қазақ қынадай қырылды. Тозақта. Аштан! Сол тозақтың қып-қызыл жалыны жақындап қалғанын қайран Биағаң екі жыл бұрын сезген екен ғой. Яки «көк сиыр» – даудың басы емес, ашаршылықтың басы екен ғой.

Қарғыс атқыр ашаршылық! Атаңа нәлет отаршылық! Тағы оқыңыз Бейімбетті! «Айт күндерін» айта жүрейік ағайынға. «Күлпашымен» күңіренейік тағы да.

Қайран Бейімбет!

ДИДАХМЕТ

Айт құтты болсын!

Айтсын, жақсылығы бірге болсын!

– Жыл он екі айда бір келген жарықтық «айт» қой, бұл күнді көрген де бар шығар, көрмеген де бар шығар…

* * *

Сәске түс. Желсіз тынық ыстық. Аз ғана мал ауылдың қорасында көлеңке сайын топтанып, көбі салған түтінге ықтасындап тұр… ызыңдаған маса, сона, шіркей есіңді тандырғандай.

Ауылдың адамының бәрі қыбырлап, ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Бәрі де киінген. Жүздерінде әлденендей бір қуаныштың белгісі бар. Жерошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатыр… Кәрі-құртаң шалдар, кемпірлер екеу-екеу көлеңқеде отыр.

Жарықтық-ай, бұл күнді де жұрттың көретін күні бар екен ау!..

Ауылдың орта жеріндегі бір үйдің алдында үйме-жүйме болған кісі. Ішінде кәрілеу кемпірлер, бірен-саран шалдау адамдар да бар.

Біреуі пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр. Шеттен келген адам:

– Құрбандық қабыл болсын!, – дейді.

– Әмиін, айтқаның келсін! – дейді шалдар.

Неғып кеш қалып жатырсыңдар?

– Малдың табылғаны-ақ осы болды… шетінен ұстап соятын бұрынғы дәуір қайда…

Жұмағазы Зәйкүлмен шетте сөйлесіп тұр.

– Сен шалсайшы, мен кәйтейін?

– Қой, ойбай, өзің кір, мен ренжімеймін.

Кір, кемпір, Жұмеқең рұқсат берген соң, несіне тоқталасың.

– Иә, шын айтам. Шала ғой, мен бұрын да шалып жүрмін ғой… құдай қабыл қылса мақрұм қылмас…

– Қой, мені әуре қылма.

– Неге?

– Соны қалай шалатынын да, намазын қалай оқитынын да білмеймін.

* * *

Алдыңғы қатардағы ақ отаудан бұралып бір келіншек шықты. Басында шетін кестелеген шашақты көгілдір жаулық. Неше түрлі асыл тұмаршалар қадаған көк пүліш қамзолдың төсі неше түрлі асыл ілгек алқым баулармен безелген.

Тысқа шығып біраз тұрды да:

– Еркежан, – деді.

Үйден 16-17 шамасындағы бұралған әдемі қыз шықты. Үсті-басы малынып тұр.

Келіншек күлімсіреп:

– Суға барайық. Айдарлым да келе жатыр екен, – деді. Қыдырып жүрген бір-екі жігіт арт жағынан келіп келіншекті қытықтап қалды.

– Қойшы, ибай, ұятты…

– Мұнша безеніп қайда барасың?

– Айттаймын…

– Байы үйде жоқ болған соң құтырып жүргенін көрмеймісің, – деп екінші жігіт күлген болды.

– Терлеп-тепшіп, үйінің кө­леңкесінде ақ текесін сойып жат­қан Молдағалидың қасына Уәли келді.

– Айт құтты болсын!

– Айтсын…

– Немене, сен тоқтыңды саттың ба?

– Жоқ.

– Маған сатшы, әжеме құрбан шалдырайын.

– Ақша дабай.

– Күз аларсың.

– Болмайды.

Уәли кеткен соң, Молдағали текенің терісін жұдырықтап жатып:

– Аштан өлейін деп жүріп айтта несі бар екен, алдап апарып сойып бір тоймақ қой, – деп күлді.

Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайыңда қыбыр еткен мал да жоқ. Ызыңдаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ. Күн батыс жақ шетгегі үйдің көлеңкесінде, үсті-басы өрім-өрім болып бүкшиіп он екі-он үш жасар бір қыз бала мен бір орта жасты әйел отыр. Жүздері сарғылт, көздері ісіңқі. «Уф!» деп күрсінеді. Әлденені ойлайды… Айдай әлем қуанып жатқан «айт» оған азап секілді. Бар айтатыны:

Сорлады-ау, сорладық-ау…

Ауыл жақтан ақсаңдай басып орта жастағы бір еркек келді. Киімі алым-жұлым, мойнында дорба.

– Қатын, Бәкен қалай?!

– Не қалайын сұрайсың, сорлады ғой.

– Немене, қайтты ма?

– Қайтты.

Көлеңкеге сылқ етіп құлай кетті, жылады.

– «Ақыр байдың түбі аштан өлер» деген осы екен-ау… Зейнеп ше?

– Кірпігі қимылдап жатыр еді, не болғанын білмеймін.

– О да өлген шығар…

Мойындағы дорбаны алып жерге тастай берді, ішінде бірдеме бар секілді.

– Бірдеме таптың ба әлде?

– Мардымды нәрсе жоқ.

Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп екеуі бірдей тарпа бассалды. Таласты.

– Қойыңдар, құрғырлар. Мә, біреуіңе жүректің құлағы бар.

– Күнімен жүргендегі әкелгенің осы ма? – деді қатыны.

– Е, қайтейін, бермеген соң… мынау текенің ені… Мынау жүректің құлағы… мұны да итке лақтырған жерінен алдым. Жұрттан қайыр кеткен ғой… құрбандарының қанын бер деп едім, Ұлбала бәйбіше айқай салды: «Былтырдан бері асырағаным жетер» – деп… не бергенін қайдан білейін…

– Ай, сорлысың-ау, мана өзім барғанда ішек-қарнын аршып бірталай нәрсе әкелетін едім, аурудан шыға алмадым ғой…

– Топ-топ болған атты, арбалы адамдар тұс-тұстан ауылға ағыла бастады.

– Ауылдың орта шеніндегі ақ боз үйдің маңайында лық толған адам, топтанған арба, ат… кілең бозбала. Бір топ ауыл қыдырып «айттық» алып жүр. Ауыл гу–гу.

– Айт құтты болсын!

– Айт құтгы болсын!

– Жақсылығы бірге болсын!

Жерошақтың басында үш-төрт адамның басы құралып қалды. Бірдеме естіп бастарын шайқасып отыр.

– Есіл ер-ай, қор болған екен…

– Бірден-бірге жайылып хабар ақ боз үйдің маңайындағы көп адамға да жетті.

– Қатыны мен Бәкең қайтыпты.

– Қашан?

– Бүгін.

– Алда, бейшара-ай!

Қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей қор болып еді.

Айт күні қайтқаны тілеулері дұрыс болған екен бейшаралардың.

Дүние деген осы, жігіттер, – деді, ортада отырған бір ақсақалды кісі.

– Едәуір жыл болды-ау. «Өгіз өлгеннің» басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкен қатынымен аштан өліп отыр… Тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттеріңді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой…

* * *

Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап, ойын қылуға айналды. Ақсақалдың сөзін тындаған жан жоқ.

– Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге…

Аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты!..» болды.

КҮЛПАШ

Күлпаштың көнілсіздікке түсіп жүрген күндерінің бірі еді… Үстінде, өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың ескі жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік, тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп, мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Қасында жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр.

Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай… үйдің ішін жылытуға – пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ… қара судан басқа нәр татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны – аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оның да табары жоқ…

Әйтсе де, Мақтым кеткенде сол бірдеме әкелетіндей көріп, өзін-өзі алдастырумен ұзақ күнді кеш қылады. Бұл Күлпаштың бүгінгі әдеті емес, көптен бергі әдеті. Жағын суалдырып, жүзін сарғайтып адам қарағысыз қылып барып, ақырында ісікке айналдырған осы әдет, осы шыдамдылық…

Күлпаш осы кезге шейін өзінен бетер баласын аяумен келді. Ауыл, аймақ, көрші-қолаңдарынан сұрастырып алған сорпа-суын баласына беретін болды.

Соңғы кезде оның өзі де болмай кетті. Бұл ауылда отырғандардың бірсыпырасы-ақ өлмелі кедей, бәрі де «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған секілді. Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кеміп кетті. Шағын тамақтың үстіне біреу келсе, кірпішешендей жиырылатынды шығарды. Мұны, әсіресе, Күлпаш сезеді. Бұрынды-соң аш болсын, тоқ болсын тамақ үшін біреуге телміруді ар көретін Күлпашқа бұл оңай болсын ба, көрші үйлерге қатынауды сиретіп еді…

Міне, бүгін ақтық азық таба алмағандарына үшінші күн, іші қабысып, жүрегі қарайып, көзі бұлдырап, өлім сағатын күткендей ыпыны кетіп отыр… Әлі есі-дерті баласында. Ойлап отырып-отырып қабағын шытып, кейістік тартқан кісі тәрізді баласына қарап:

– Құдай-ай!.. не қылмысымыздан бұл күйге түстік екен? – деді.

Жылап жіберді. Бүртік-бүртік ыстық жас үстіндегі жарғақ тонның омырауынан сырғанай бастады…

II

Аштықтан басқа Күлпаштың мазасын алатын тағы бір ой бар еді. Ол ойдың Күлпашты қинағанына бүгін екінші күн. Қыстың бас жағында, жұртпен қатар соятын малы болмай, жалғыз атты ұры алып, Мақтым жаяу тілек тілеуге айналған соң, Күлпаштың бірге туған сіңлісі Раушан келіп Күлпашты азғырған:

– Осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өміріңді қорлыққа салма… жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамыңды ойла… – деген.

Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы Жұмағазы.

– 40-50 қарасы бар. Бірауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би, өзің хан боласың! – дейді Раушан.

Қыстың бас кезінде ептеп күн­делік тамақ тауып ашыға қойма­ғандықтан «байыңды тастап, байға ти…» дегенде Күлпаштың жүрегі тас төбесіне шығып еді.

– Қарағым, Раушанжан-ау, аузың барып неғып айтып отырсың! — деп еді…

Арадан екі-үш ай өткен соң, аштық шеңгелін қаттырақ салды. Тұрмыс түрі қиындыққа айналған соң, әсіресе, баласының тамақ сұрап жылағанына жаны төзбеген соң, кейбір кейістік тартқан уақыттарда Күлпаштың ойына Раушанның сөзі түсетін болды. Бірақ, ол сөздің өзіне пайдалы, я зиянды екенін бұл уақытқа шейін айырып білген емес. Әйткенмен, соны ойлайды, неге ойлайтынын өзі де білмейді…

Әрі-сәрі болып жүргенде сіңлісі Раушан тағы келді. Күлпашты көріп аяды, жылады…

– Енді өлесің ғой, жазған, мен биыл не айтып едім?! – деді.

Күлпаш үндемей ойға шомды. Жүрегінде таласып тұрған екі ой бар: «Жұмағазыға тисем, тамағым тоқ, көйлегім көк болар еді… Қалижанды да ашықтырмауға болар еді…» деп ойлайды; «жастан қосылған қосағым еді. Оны жылатып тастағанда не оңам!..» деп те ойлады. Екі ойдың бірі жеңіп шыға алмай, өзі қатып отырған Күлпаштың басын одан жаман қатырады…

Күлпаштың қажығанын, нақ бұрынғыдай қарысып кетпейтіндігін сезіп, Раушан сөзді кесіп айта бас­тады:

– …Мына күйіңмен ұзаққа бармай өлесің. Сені өлімнен құтқаратын бізде де әл жоқ. Өзіміз де сол Жұмағазыдан күн көріп отырмыз… енді, сөзді қойып, соған ти!.. – деді.

Күлпаш күрсінді:

– Қалижанды қайтем? – деді.

– Ойбай, апа, баланың басы құрысын, әуелі өз қамыңды же, артынан алдыра жатарсың, – деді.

Байын ауызға алмай, баласын ғана атағаны – Күлпаштың әбден әлсіреп, ескі қайрат, шыдам­дылықтан айрылғандығын білдірді. Жұмағазының нұсқауымен келген Раушан, апасының жайын сезген соң істі біржола бітірудің қамына кірісті. Күлпашты қызықтыра сөйледі.

– …Не бар тамақ соның үйінде: бұзылмаған қазы, бүрулі ет, шұжықтың саны жоқ… Әлі күнге дастарқаннан наны үзілген емес. Сені алып беремін деп біздің үйдегі күйеуің сөз қылғанда, «одан артық қатынды іздесем де таба алмаймын ғой», деп қутың-қутың етеді…

Бұзылмаған қазы, бүрулі етті естігенде Күлпаштың аузынан суы ағып, ынтығуға айналды. Бүрліктірген аштық, тамақты есіткен соң, Күлпаштың еркін алып, жеңгендей… жүрегі дірілдеп, көзі қарауытып «тием!..» деген сөз еріксіз аузынан атылып шыға жаздап отырып:

– Әй, қарағым-ай! – деп өксіп жылап жіберді. – «Қарағым-ай, өздерің білші… мен естен таңған кісі ғой… – деді.

Жамаулы күпіге оранып бүрісіп жатқан Қали жыбырлап:

– Әже!.. – деді.

– Ау, қарағым! – деді Күлпаш.

– Әкем келді ме?..

– Қарағым–ау, әкеңнің қарасы батсын!..

Таңмен кеткен Мақтым әлі қайтқан жоқ. Күн батуға барып қалды. Боранды ызғырық азырақ серпіліп ашылып, бұлттың жиегінен шыққан күн Мақтымның жамаулы терезесінің көзінен көрініп, босаға жаққа нұрлы сәулесін шаша бастады.

Күлпаш пештің қасында. Жанында бүрісіп Қали жатыр. Ойға шомып біраз отырып, «уһ!» деп ауыр күрсінді. Бұл күрсіну – күн батардың алдында қатындардың от жағып, тамақ асатынын еске түсіргендіктен шығып отырған емес, бұл жүректі қаптап топтанып, іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын удай жайлаған қалың қасіреттің, ауыр дерттің ұшқыны еді. Бұл дертті Күлпаштың кірсіз таза жүрегіне салып отырған сіңлісі Раушан. Раушанға қосымша болып ызғарын төгіп бүрліктірген аштық!.. Өткен өміріңде ойына келмеген істі Күлпаш істегелі отыр. Байынан айрылып екінші адамға, өткен өмірінде ойына кірмеген адамға тиюге уәде берді… ертең мәңгі кетпек. Бірақ қалай кетпек? Қалай айрылмақ?.. Оны Күлпаштың өзі де білмейді.

Раушан кеткелі ойлағаны жалғыз Мақтым. Мақтымның өзін айттырып күйеу болған шағы кезіне елестейді:

…Жазғы кез… Мақтым ұрын келген. Түксиген қабақ, қушық мұрын, еңкек денелі, қара сұр жігіт. Жұртқа қалай қөрінетінін өзі білсін, әйтеуір Күлпашқа ұнауы анық.

Күлпаш бір көргеннен-ақ тәуір көріп кеткен. Содан бері екеуінің арасы әлі тәуір. Біріне-бірі наз қылып сөйлескенде: «екеуімізді қара жер айырар» деп серттесетін… Мақтым үйде аз ғана жоқ болса, «қайда кетті» деп келгенше ынтық болатын Күлпаш осы… Сөйткен Мақтымын бүгін тастамақ. Әй, рақымсыз аштық-ай! Кімдерді жылатпады, кімдер жыламады?!

Күлпаш өксіп жылап жіберді.

Бүрісіп жатқан Қали қозғалып:

– Әже, – деді.

– Немене қарағым?

– Әкем келді ме?..

Далада тықыр білініп, сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон; қаудырап қатқан жаман тымақ. Аяғында қонышынан басылған жыртық етік, мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді.

Бұл – Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да мұңайып кетті…

– Қали басын көтеріп алып:

– Әке, келдің бе?

– Келдім, қарағым!.. – деп кемсеңдеп, қалтылдап жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағанның түбіне келіп Мақтым салбырап отыра кетті.

Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.

– Мақтым жылап қоя берді:

– Қалқам-ау, дым жоқ!..

– Күлпаш та жылады.

Қали ауыр күрсініп, тәлтіректеп басып барып күпісіне оранып, Күлпаштың қолтығына басын тыға бүрісіп жата кетті.

Көп уақыт өтті. Қас қарайып, үйдің ішін қою қараңғылық қаптады. Мақтым бағанға сүйеніп әлі отыр.

– Оқта-санда уһілейді.

Күлпаш ойға шомған адам тәрізденіп біраз отырып, бір кезде шошынған адамдай кенет басын көтерді:

– Әй, – деді.

– Даусы біртүрлі қалтырап, үйдің ішін жанғырықтырды.

– Әй, ояумысың?

– Жай ма?

Күлпаштың үні бітті… не айтарын білмеді… көзінен мөлдіреп жас төгіле бастады…

– Қатын, бірдеме айтайын дедің бе?

Әншейін… бүгін Раушан келіп еді…

Жай келіп пе?..

Күлпаш тағы сөйлей алмай, көз жасына булықты. Әлдене уақытта тағы да:

– Әй, – деді.

– Немене, жазған, айтсайшы!

– Біз осы қайтеміз?

– Қайдан білейін.

– Біз өлмейміз бе?

– Өлетін шығармыз!..

– Біз… – деп тағы тоқталды.

– Біз… біз… айрылсақ қайтеді?..

Мақтым әлденеге қозғалғандай болды. Үй іші тым-тырыс. Жаңа туған айдың сәулесі үйге түсе бас­тады.

– Қатын, сен не деп отырсың?

– Айрылыссақ?!..

– Раушан айтты ма?

– Иә.

– Қалиды қайтесің? – деп, Мақтым кемсеңдеп, өксіп жылап жіберді.

Әттең, кедейлік, әттең аштық, қылдың-ау!..

Пеш пен Күлпаштың арасындағы қуысқа тығылып бүрсеңдеп жатқан Қали тағы қозғалды:

– Әже, – деді!

– Қалқам-ау, не қыл дейсің?

– Тоңдым!..

Наурыздың іші. Жетіге созылған боран бүгін ғана ашылып, жылы шуақ күннің көзі ықтасындағы қардың бетін жылтыратып, терлетіп жатыр. Жерде де бұрынғыдай ызғар жоқ. Арық малдар тысқа шығып, күн шуақтықтағы боқтықты, шөпті тіміскіп жүр.

Ұзыннан созылған ауылдан оқшау, жеке, маңайында бұдыр жоқ, қалың күртіктен моржасы зорға көрініп тұрған шеткергі үйге ауыл сыртындағы жіңішқе жолмен бір жас­тау әйел аяңдай басып келе жатыр.

Бұл – Күлпаш еді. Жұмағазыға тигеніне жиырма күндей болған. Аштықтың қанды тырнағы Күлпашты бұған да көндірген. Бірақ аштықтан құтылған екем деп қабағы ашылған Күлпаш жоқ. Жұмағазының үйіндегі жиырма күн жиырма жылдан ауыр болды. Әсіресе, Қалиды сағынады. Жұмағазының үйіне барған күннің ертеңіне түнде Қали түсіне кірді. Күлпаш үйден шығарда «қалқам» деп барып Қалидың бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай аузын бұртитып, тұрған орнында қалшиып қалып еді. Түсінде де сол күйін көрді. Аузы бұртиып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп қатып қалған. Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп орнынан қозғалмайды…

Бір күні түсінде Мақтымды көреді. О да ренжулі, о да ашулы. «Әй, әй!»деп Күлпаш бір-екі рет сөйлеседе, Мақтым жауап бермейді…

Дүниедегі ең жақсы көретіні байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген ой кірді. Бір жағынан Мақтымның жайын ойлайды. Ала дорбаны мойнына іліп алып таңмен тамақ іздеп кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын-баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің жабдығы, сөйтіп жүрген адамның қадірін білмей тастап кететін не жөні бар еді?!..

Күлпаш барғалы қайғы үстіне қайғы жамап, ақырында бүгін Жұмагазының үйде жоғын пайдаланып келе жатқаны еді. Күлпаш бұл жолы түрлі ойға мініп келеді. Мақтым ренжімесе, басқа байга тидің деп ашуланбаса, ескі тұрмысқа қайта қайту да ойында жоқ емес.

Аяғын екі-үш басып қайта-қайта сол жақ қойнын сипап қарайды. Қойнында екі кесек ет бар. Біреуін Қалиға, біреуін Мақтымға деп жасырып пісіріп алған.

Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен? – дейді оқта-санда.

Ауылға төніп келгенде екі-үш ит үріп алдынан шықты. Күлпаш елеген жоқ, кіре беріс шеттегі Ыбырайдікі еді. Биіқ қылып соғылған аққаланың басында Ыбырай тұр екен, Күлпаш оны да абайлаған жоқ. Жүрегі алып ұшып үйіне жеткенше асықты.

Ыбырай танып:

Ау, келінбісің? – деді.

Күлпаш сәлем қылды да жөнеле берді, Ыбырай бірдеме айтқысы келген кісі секілденіп, аққаладан аяғын бір–екі басып түсінкіреп барып тоқтады.

Күлпаш үйіне жетті. Лапастың есігіне көзі түсіп, жүрегі қалтырап тіксініңкіреді. Есіктің алды күртік қар, іздегеннен дым жоқ!.. Малтығып басып барып үйдің есігіндегі қарды аяғымен ысырып, есікті ашуға айналды… жүрегі лүпілдеп соғып, көзі қарауытып бір түрлі қорқыныш пайда болғандай тәрізденді. Бірақ неден сезіктеніп қорыққанын өзі де біле алмады. Білетін жайы да жоқ еді…

Жан дәрмен қайраттанып зорға дегенде салдама есікті қозгап, сықырлатып ашты. Суық леп бетке соқты. Терезеде жарық жоқ, үй тастай қараңғы.

Күлпаш қалтыранып кетті, үйге кірерін де, кірмесін де білмеді. Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, есіктен қолымен ұстап қалтырап:

Қарағым! – деді.

Үн жоқ…

–Қарағым, қайдасың?.. Әй, бармысың?..

Жауап жоқ…

Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады. Жүгіріп терезеге барып күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тұп-тура пешке түскен…

Қарды тастай беріп Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті… Іші елжіреп, көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне үйге кірді:

Қарағым, Қалижан, тұр!

Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!

Күлпаш шошып:

Әй!.. – деді.

Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады.

Серіктес жаңалықтары