МЕНІҢ ҰСТАНҒАН ҚАҒИДАМ – АДАМ БОЛУ

МЕНІҢ ҰСТАНҒАН ҚАҒИДАМ – АДАМ БОЛУ

МЕНІҢ ҰСТАНҒАН ҚАҒИДАМ – АДАМ БОЛУ
ашық дереккөзі
191

Нұридін Балқияұлы:

Нұридін Балқияұлы ұзақ жыл бойы Түркістан қаласында қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1989 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне Тайқазанды Эрмитаждан қайтарып алуға септігі тиді. Тіпті, бұл істің басы-қасында болды десек те болады. Қазақтың рухани астанасы саналатын Түркістанның әлеуметтік, экономикалық ахуалының артуына да күш-жігерін аз жұмсаған жоқ. Қожа Ахмет Яссауи университетінің іргетасының қалануына да сіңірген еңбегі ерекше. Ұзақ жылдар теміржол саласында қызмет атқарған ғалым бүгінде жоғары оқу орнында теміржол саласынан дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеуде.

«Теміржолшыдан

нұсқаушыға дейін…»

Біріншіден, менің негізгі мамандығым – теміржолшы. Ташкенттегі теміржол институтын бітіргеннен кейін Шымкентке келіп, жұмысқа орналастым. Алғашқы қызметім – вагон жұмыстарын бақылаушылық еді. Теміржол саласындағы өз мамандығым бойынша, барлық сатылардан өттім десем де болады. Бұл саладағы еңбегіме оң бағасын берген болуы керек, облыстық партия комитеті шақырып алып, мені штаттан тыс нұсқаушы ретінде қызметке қабылдады. Нұсқаушылық қызмет дегеніміздің өзі, түрлі кәсіпорындардың негізгі мәселелерін зерттеу, солар бойынша арнайы құжаттар дайындап берем. Бір күні маған қызметтестерім «облыстық партия комитеті шақырып жатыр» деді. Өндіріс саласын басқаратын Николаев Владимир Иванович дейтін хатшы бар еді. Мені шақырған сол кісі екен. Ол мені шақырып алған соң, ауыр өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісіне: «Мына кісіні қабылда. Бұдан былай бізде жұмыс істейтін болады», – деді. Ол кездері қызметке қабылдау үшін алдымен бюро мәжілісі бекітуі керек болатын. «Мені әлі бюро бекіткен жоқ қой», – деп едім, «Сені бір жыл бұрын бекітіп қойғанбыз», – деді. Содан жұмысқа кірістім. Теміржолда күні-түні жұмыс істедік десек болады. Жаспыз. Жан-тәнімізді беретін едік. Ал мұнда шапшаң шаруа жоқ. Талдау жұмыстары көбірек сияқты көрінді маған. Теміржол маманы ретінде жұмысқа келгенде көз жеткізген бір нәрсе, теміржол саласы мүлдем артта қалған екен. Өскелең өндірістердің дамуына байланысты вагондар жетіспейді, станцияларда тұрып қалады, тауарлар өз уақытында жетпейді деген сияқты күрделенген мәселелер бар екен. Ол кездері дағдарыс деген әңгіме болмайды. Социализм теориясы бойынша, ондай әңгімені айта алмайсың. Бірақ қарап отырсам, тоқырау дегеніміз, сол кездері басталған екен. Жұмысқа кірісіп, теміржол саласына тексеру-талдау жұмыстарын жүргізе бастадық. Біраз күрделенген мәселелердің беті ашылды. Осының бәрін жинап, партия комитетінің мәжілісіне дайындадық. Ол кезде бірінші хатшы Рамазанов болатын. Бірінші хатшы жиын өткізеді десе, залда шыбынның ызыңы ғана естілетін еді. Аудандық, облыстық партия комитетінің үлкен лауазымды басшылары жиналды. Біздің талдауымыз бойынша, елу минуттай баяндама жасалды. Зал тып-тыныш. Өйткені әрқайсысының адресіне қатысты кемшіліктердің беті ашылып қалды. Бірінші хатшы баяндамасын жасағаннан кейін өз орнына отырды да, әрқайсысын мінбеге шақырып, сұрақтарын қойды. Шымкенттегі ірі кәсіпорын басшыларының бәрі үлкен дөкейлер. Ғылым кандидаттары, лауреат, депутат тағы басқа лауазымды кісілер. Мен жай ғана нұсқаушы болып қызмет атқарам. Бұл жиналыс үлкен резонанс тудырды. Сол күнгі жиналыста менің фамилиям аталып, аудан, қала басшылары жақынырақ танысты. Содан Владимир Иванович шақырып алып, өзінің рахметін айтты. Облыстың экономикасын көтеру, әлеуметтік жағдайын түзеу сияқты мәселелермен тікелей айналыстық. Жоспарлы экономиканы дамытуға күш-жігерімізді арнаған едік.

«Түркістанның жағдайы мүлдем мүшкіл еді»

1985 жылдың 6 қарашасында Түркістанға партия комитетінің бірінші хатшысы болып келдім. Түркістанға келгеннен кейін, халықтың әлеуметтік мәселесін зерттей бастадым. Зерттеп көргенде байқағаным, басқа аудандармен салыстырғанда, Түркістан әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан ең төменгі орында екен. Рас, бұл қалада он үш кішігірім кәсіпорын, теміржол стансасы болды. Олардың құрылымымен де жақсы таныспын. Ал халықтың әлеуметтік жағдайын зерттей келгенде, көзім жеткені мұнда әйелдердің өлімі жоғары екен. Балалардың да. Қалада газ, транспорт, канализация мүлдем жоқ. Одан кейінгі үлкен мәселе – Ахмет Яссауи кесенесінің әбден тозығы жеткен. Алдымен осы түйткілді мәселелерді көтеруге тырыстым. Негізінде, бұл кесене төңірегінде екі көзқарас бар екен. Оның бірі – ескі қаланы көркейту, екіншісі – архитектор Сүлейменов жаңа қала салу туралы ұсыныс тастапты. Жергілікті ағайынның арасы екіге жарылған. Осының бәрін анықтай келе, қаланың тарихын зерттеумен айналысуға тура келді. Түркістан – үш ғасырдан астам қазақтың астанасы болған қала. Қалаға жеткілікті көңіл бөлмеуінің арқасында, қала өспей қалған. Кесене тозып кеткен. Осы мәселелердің бәрін шешудің жолы, оның тарихын анықтап, жоғары жаққа ұсыныс жасау болды. Барлық құжаттарды жинап, деректерімді арқалап, Министрлер Кеңесінің жоспарлау кабинетіне жібердім. Республика бойынша бес жылдық жоспарлардың бәрі осы кабинетте тіркелетін еді. Өкінішке қарай, менің жұмысқа келген уақытым, жылдың соңы болатын. Ол кезде бес жылдық жоспар желтоқсан айында қабылданатын болғандықтан, «Бес жылдық жоспар қабылданып қойды» деген жауап қайтарды. Бұл мәселелерді енді қалай шешуге болады? Қаладағы кішігірім кәсіпорындармен экономиканы көтеру мүмкін емес. Одан түсетін қаржы азын-аулақ, жетпейді. Жұмыссыздық мәселесі тіптен жоғары. Ғылым академиясынан адамдар шақыра отырып, 1500 жыл деген ресми хат алдық. Қаланың түбінде Шойтөбе деген жер бар. Әр ғасыр бір-бір қабат қыртыс береді екен. Он бес қабат қыртыс табылды. Сонымен ғалымдар он бес қабат қыртысына қарап отырып, 1500 жыл деген шешім қабылдады. Осы мәселе бойынша, Орталық комитетке дейін бардым. Орталық комиеттің идеология жөніндегі хатшысы Зақаш Камалиденов болды. Оған ұсынысымды жеткізіп едім, ол кісі менің сөзімді тыңдап болғаннан кейін, «Біз жақында Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті газетінің жүз жылдығын өткіздік. Сонда сол газеттің бірінші нөмірін алып келді. Ол дайын құжат. Сол сияқты, арнайы құжат болу керек. Қытайдың құжаты керек емес, Ресейдің құжатын алып кел», – деді. Міне, қандай саясат? «Сонда ғана 1500 жылдық туралы қаулы қабылдаймыз», – деді. Газет нөмірімен шешіледі. Қаланың пәлен жылдығы туралы анықтаманы қайдан табамыз? Ондай құжатты табу мүмкін емес. Қытай деректерінен құжаттар табылды. Бірақ оны көрсете алмаймыз. Дегенмен, осы ұсыныстар арқылы 1500 жылдық деген мәселені көтердік. Әңгіме той тойлауда емес, сол арқылы қаланың әлеуметтік, экономикалық түйткілдерін шешу еді көздегеніміз. Бірақ ол мәселе сол жолы қалып қойды. 1985 жылдың маусым айында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Түркістанға келетін болды. Ол кісінің астық жинаудың алдында елді аралауды Түркістаннан бастайтын жақсы дәстүрі бар еді. Өзіміз жинаған барлық құжаттарды реттеп, сол кездегі проблемалардың бәрін байланыстырып, Министрлер Кеңесінің біріккен қаулысының жобасын жасадым. Іс-шаралар дайындалды. Қазақ қалпына келтіру орталығының қызметкерлерін шақырдым. Кесенені аралап шыққаннан кейін, кіреберіс жерге көрмелік материалдардың бәрін дайындап, жайып қойдық. Ескі қаланы қайта қалпына келтіру мәселесін қозғадық. Димаш Ахметұлына барлығын түсіндіріп, көрсеттік. Сонда, мәселе неден өрбіді? Кесенені қалпына келтіру, тарихи деректермен ескі қаланы қайта көтеру арқылы, халықтың әлеуметтік, экономкиалық жағдайын түзеу еді. Димаш аға біздің ұсыныстарымызды көріп, танысып, қолдау білдірді. Бұған риза болып қалдық. Көп ұзамай Димаш Ахметұлы қабылдауына шақырды. Қандай мәселе бар екенін сұрады. Өзіміз ұсынған қаулының жағдайын сұрадым. Ол қаулы секретариатқа тапсырылған екен. Қуанғаным сонша, дүниеге қайта келгендей болдым. Төменде Министрлер Кеңесі бар. Сол Кеңестің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдым. Ол кісі де бұл мәселенің бәрімен танысқанын, жуырда қаулы-қарар қабылданатынын айтты. Оны естігенде, қуанышымда шек болған жоқ. Түркістанға келгеннен кейін, жиналыс жасап, қуанышыммен бөлістім. Бірақ бұл қаулы сол жолы қабылданбай қалды. Қиын уақыттар болып кетті. Кейінірек, мемлекет басшылығына Г.Колбин келді. Бұл мәселе қайта көтерілді. «Казахстанская правда» газетінің де мүмкіншілігін пайдаландық. Гукасов деген кісі болды. Министрлер Кабинеті председателінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарады. Ол кісі Түркістан мәселесімен жақсы таныс екен. Нұрсұлтан Әбішұлы түгелдей мені қолдады. «Түркістан пороблемасын жетік білем» деді. Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен екі қаулы қабылданды. Мұның бәрі тәуелсіздік алғанға дейінгі жағдайлар. Бірінші қаулы – мемлекеттік Әзірет Сұлтан қорығын құру, екіншісі – бюро мәжілісінен кейін «Казахстанская правда» газеті «Туркестан – город социальных проблем» деген мақала жариялады. Сол мақаладан кейін бізді бюроға қайта шақырды. Есеп беру кезінде, Колбин маған: «Бұл кісіні жақында ғана тыңдадық қой. Келісеміз», – деп арнайы шешім шығарды. Әрі біздің қалада кооперативті жүйеде көп алға кетіп қалыппыз. Жан-жақты зерттеу жұмыстары арқылы кооперативтік жүйені қолдадық. Бір кәсіпкерді қалалық атқару комитетінің штаттан тыс орынбасары қылып тағайындадық. Осының бәріне оң баға берілді. Орталық комитеттің шешімінен кейін, Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен, жоспарлау комитетінің адамдары келіп, бір апта жұмыс істеді. Сол қиын кезден бастап Түркістанның жағдайы жақсара бастады.

«Тайқазан – елімізге ырыс алып келді»

Түркістанға басшылық қызметке келген кезде, біздің алдымызда Тайқазанды қайтару мәселесі тұрды. Бұл мәселе, маған дейін де айтылып жүрген. Талай рет қозғалған да. Талай рет қол да қойылды. Захаров деген кісі мәдениет министрі болды. Ол кісі де Тайқазанның қайтарылуына қарсы болған жоқ. Бірақ ол жылдары Эрмитаждың директоры академик Петровский деген кісі еді. Ол хаттың бәріне, тіпті министрдің берген тапсырмасына жауап беретін кісі – сол Петровский. Ол: «Эрмитажға түскен зат бүкіл Совет одағы халықтарының байлығы. Сондықтан қайтарылмайды» деген жауап қайтаратын. Солай талай жыл мәселе шешілмей келді. Петровскийге дейін барлық мәселе шешіледі. Бірақ Петровский келіспейді. Алғашқы кооперативтер дами бастаған кез. Жеке-жеке қалталы адамдар аяқтана бастады. Петровскийге сол қалталы адамдарды жіберуге тура келді. Қалталы адамдар барып, Петровскийді шайға шақырып, тіл табысты. Ол кісі мейрамханада көңілді отырған кезінде, Тайқазанның «Иран қолөнерінің дүниежүзілік көрмесіне келгенін» айтып қояды. Сонда қасында отырған орынбасары «жоқ, анау-мынау» дегендей, айныта бастайды. Бірақ академик өз сөзін дәлелдеу үшін «мына күні мынандай құжатпен келген» деп, құжаттың нөміріне дейін айтып береді. Біздің жігіттер бәрін тыңдап отырады. Таңертең жігіттер Эрмитажға келеді, құжаттардың бәрін алдыртады. Құжаттарда «уақытша әкелінген» деген сөз бар. Бізге қайтарғысы келмеген екен. Алланың берген бізге оң шешімі болғаны болу керек. Содан жігіттерден «оң шешілді» деген хабар келді. Түркістан атқару комитетінің төрағасы барып, алып келетін болды. Арнайы көлік жіберілді. Камаздың ішіне қабаттап құрым киіз төселді. Киізге орап, Тайқазанды алып келу керек. Содан «Эрмитаждан қалай алып шығамыз?» деген мәселе туындайды. Эрмитаждан қазанды шығару кезінде, дабылды өшіру керек. Петровский рұхсат беріп, дабылды өшіртеді. Фин құрылыс компаниясына барып, кран алып келіп, қазанды терезеден шығарады. Терезенің алдына сызық қалдырып кетеді. Жігіттер бірінен кейін, көлікті тоқтатпай жүргізіп отырады. Әр қалаға келген сайын, менімен хабарласып отырды. Осылайша, 1989 жылы Тайқазанды елге алып келдік. Тура сол уақытта біздің қалаға көрнекті жазушы Зейнолла Қабдолов қонаққа келген еді. Тайқазанды Зейнолла аға екеуміз қарсы алдық. Ол туралы арнайы деректі фильм түсірілді. Қазанды түсіріп жатып, «Қазан – халқымызға, елімізге ырыс алып келеді», – деп толқып айтқаным бар еді. Сол ырыс келді. Тарихы әріден басталған Тайқазан елімен осылайша қауышты.

«Кесене қайта

қалпына келді»

Әзірет Сұлтан қорығын құру туралы қаулының өзі – кесенені қалпына келтіру деген мәселе болатын. Кесенені қалпына келтіру үшін мемлекет есебінен де арнайы қаржы бөлінді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болатын. Түркия тарапынан да кесенеге айрықша көңіл бөлінді. Түркияда Кония дейтін қала бар. Олардың басшысы Уәли деген кісі. Сол кісінің шақыруымен Конияға барып қайттық. Қожа Ахмет Яссауидің Мавлани деген шәкірті бар. Сол шәкіртіне арналып салынған Конияда үлкен кесене бар екен. Олар Қожа Ахмет Яссауиді қатты құрметтейді. Кесенені қайта қалпына келтіру мәселесін қолға алу себептері де сондықтан. Бірақ бұл процесстер басталған кезде, мен Түркістанда болған жоқпын. Тағдыр айдап, Ақтөбе облысына ауысып кеттім. Кейін кесенеге қатысты бірталай әңгімелер айтылды. Кесененің ішінде хандарымыздың, билеріміздің сүйектері жерленген. Біз жұртты жүргізбей, таптатпай, қадағалап отыратын едік. Сол сүйектерді «сыртқа шығарып тастапты» деген әңгімелерді баспасөз беттерінен оқып қалып жүрдік. Қандай жағдайлар болғанын нақты білмеймін. Өйткені басы-қасында бола алғам жоқ. Дәл сондай жағдайлар болса, шынында да өкінішті-ақ.

«Түркістанда университет ашуға мұрындық болдық»

Өзіме-өзім есеп берген сәтімде ойлап қарасам, Түркістан кезіндегі өмірім – менің ғұмырымда ерекше орын алады. Ерекше орын алатын себебі, Түркістанның жағдайын көтеруде жоғарыда айтып өткен мысалдарым дәлел. Екінші мәселе, сол кезде қайта қалпына келтіру емес, Түркістанды рухани астана жасау керек деген әңгіме көтерілді. Әрине, университет аша салу бірден ойымызға келе қойған жоқ. Бірде Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің көмекшісі хабарласып, менімен министрдің сөйлескісі келетінін айтты. Тұтқаны көтеріп едім, ол кісі: «Қалада боласың ба?» – деп сұрады. Аптаның соңында іс-сапармен Германияға кетіп бара жатқам. Соны айтып ем, «Ертең келемін», – деді де, телефонның тұтқасын қоя салды. Ертесіне түскі үзіліс кезінде келді. Дәм-суымызды дайындап күтіп отырғанбыз. Ол кісі «ештеңе ішпейміз, үлкен мәселемен келдім» деді. Шығыс Қазақстанда төртінші университет ашылды. Шығыс пен оңтүстіктің экономикасы қатарлас. Бізде социалистік жарыс деген болды. Екі облыс төртінші-бесінші орындарда жүретін. Шымкент қаласында университет ашу туралы Терещенко ұсыныс жасайды. «Шымкентте университет ашудың ешқандай қиындығы жоқ. Олардың материалдық базасы жеткілікті. Қаулы дайындасам, министрлер кеңесінің төрағасы қол қойса, мәселе шешіліп тұр», – деді. «Нұреке, Түркістанда университет ашайық», – деді. Әрине, Түркістанның әлеуметтік мәселесі төмен жағдайда. Жастардың баратын үлкен сарайлары жоқ. Мен ойланып қалып едім, «Сен ойланба. Университетке беретін үлкен ғимараттарың бар ма? Содан бастайық», – деді. Қалада оқу орындары орташа. Техникум, педучилище және медициналық училище бар. Педагогикалық техникумның ғимараты жаңадан салынып дайын тұрған еді. Бәрін аралап шыққаннан кейін, Шәкең «Осының бәрін бересің бе? Қарағанды университетін ашқан кезде, мұның үштен бірі де болған жоқ», – деді. Риза болды да, «Ал, енді мұғалімдерге тұрғын үй қажет», – деді. Отыз екі үй салынып жатқан. «Сол үйді түгелімен ұстаздарға береміз» дедік. Алғашқы кезде көп кісілер қарсы болды. «Түркістанда мәдениет сарайы жоқ, Шыжыған ыстықта мұнда оқуға студенттер келе бермейді» деген де пікірлер айтылды. «Жастарды қайда апарамыз?» – деді. Осы талас-тартыста бізді жақтаған кісілер де табылды. Осы мәселе, Нұрсұлтан Әбішұлының алдына жеткенде, Президент бізді қолдап, Түркістан университетін ашу туралы қаулыға қол қойды. Нұрағаңның қолдауынан кейін, облыстың басшысы Терещенко аудан басшыларын шақырып, тапсырмалар бере бастады. Бірінші жылы үш жүздей студент қабылданды. Якутияға барған сапарымда, якут жастарын алып келдік. Түркия елінің президенттері келген кезде, университетте арнайы кездесу өтті. Сол жолы ұсыныс жасалып, университет халықаралық қазақ-түрік университеті болып белгіленді. Қазір сол халықаралық университеттің ғимараттарын көрсеңіз, тіптен керемет. Студент жатақханасы да жақсы. Ауыз толтырып, мақтануға лайық.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары