ЖАҢА МЫҢЖЫЛДЫҚТАҒЫ МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН

ЖАҢА МЫҢЖЫЛДЫҚТАҒЫ МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН

ЖАҢА  МЫҢЖЫЛДЫҚТАҒЫ МЫЛТЫҚСЫЗ  МАЙДАН
ашық дереккөзі
258

Дауылдатқан, бұрқ-сарқ қайнаған саяси оқиғаларға толы ХХ ғасырды тарихтың еншісіне қалдырып, адамзат баласы болашаққа деген үлкен үмітпен жаңа жүзжылдыққа қадам басты. Өткен ғасырдағы қоғамдық даму әлеуметтік-саяси жағынан аса маңызды оқиғаларды басынан өткерді: адамзат баласының бақытты өмір сүретін заманы саналып, жер бетінің үштен біріндейінде орнаған социализмнің «салтанатты сарайының» ақыр соңында өзінен-өзі шаңырағы ортасына түсіп, қирады; Азия мен Африканың көптеген елдері ұлт-азаттық қозғалыстың бары­сында тәуелсіздіктеріне қол жеткізіп, капитализмнің отаршылдық жүйесінің де тас-талқаны шықты. Дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын ғылым мен техникада да орасан жаңалықтар өмірге енді; солардың ішінде адам баласының Айға ұшуын, атом энергиясының ашылуын, адам сияқты ойлайтын машиналардың жасалуын алдымен айтар едік. Адам баласының өміріне ұлы өзгерістер әкелген мұндай жаңалықтар ХХ ғасырды ғарыш ғасыры, атом ғасыры, ақпараттық технологиялар ғасыры атандырды.

Ал үстіміздегі ХХІ ғасырды бір сөзбен айтқанда, жаһандану дәуірі деп атауға болады. Жаңа заманда өткен ғасырдың қоғамдық-әлеуметтік дамуындағы үдерістер әбден пісіп, жетіліп, енді жаңаша формада жалғасын табуда деуге болады. Жер бетінде билік жүргізгісі келгендер бұл мақсатына тек қарудың күшімен жете алмастарына көздері жетіп, оған жаңа жол іздеп, оны тапқандай да болды. Ол жол – адамның миын, сана-сезімін жаулап алу арқылы оның өзін бағындыру. Ал сана-сезім дегеніміз, тіл, сол тіл арқылы қалыптасқан дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-сана, мәдениет, білім-ғылым, бір сөзбен айтқанда, адамның рухани өмірін қамтамасыз ететін компоненттер жиынтығы. Демек, әлемді билеп төстегісі келетіндер қазір кең ауқымда ұлттық тіл, ұлттық мәдениет атаулыға қарсы кең ауқымды шабуылдарын бастап та кетті. Мұның алғашқы «жетістіктері» де көріне бастады. Қазір түрлі руханияттардың, діндердің арасындағы бәсекелестіктер барынша күшейіп, тілдер соғысына, діндер соғысына, мәдениеттер соғысына, Батыс пен Шығыстың текетіресіне айналып бара жатыр. Осылардың ішінде тіл мәселесінің шешілуі шешуші рөл атқаруда. Тіл тәуелсіз болмай, сол тілде жасалынатын рух тәуелсіз болмай, ұлт, халық, мемлекет тәуелсіз бола алмайды. Жалпы, ұлттардың, халықтардың арасындағы қоғамдық даму барысындағы бәсекелестік, өмір сүру жағдайын жақсарту жолындағы күрес атам заманнан бері келе жатқан қоғамдық дамудың бірден-бір қозғаушы күші болып келгендігі аян. Осындай себептерден де адамзат баласының бүкіл тарихы күштінің әлсізге жасаған зорлығы, болмаса әлсіздің өзін-өзі қорғауы, азаттыққа ұмтылған іс-әрекеттері салдарынан туындаған соғыстар тізбегінен тұрады десе де болғандай. Сондықтан да тарихтан соғыссыз кездерді кездестіру өте қиын. Тарихқа көз жіберетін болсақ, әлемнің жарымына жуығын қарудың күшімен бағындырған небір ұлы империяларды, осындай басқыншылықтар барысында алдымен тілін, сосын мәдениетін жоғалтып алып, соңынан өздерінің де жойылуына тура келген не бір ұлттарды, мемлекеттерді көреміз. Осындай әрекеттер бүгінгі күндерге дейін жалғасуда. ХХ ғасырдағы Батыстың Азия мен Африка елдерін жарылқаймыз деп, қанаушылыққа ұшыратқан отаршылдық жүйесі, Ресейдің қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман – социализм орнатамыз деп, әлемнің үштен біріне жуығын жаулап алуы сияқты озбырлық әрекеттері сырты қаншама әдемі сөздермен көмкеріліп, ғылыми жағынан негізделгенімен де мықтының әлсіздің жерін, байлығын иелену мақсатымен жасалынған басқыншылығы болатын. Осының барлығы да негізінен күшті экономиканың, ғылым мен техниканың озық технологиялық жетістіктеріне сүйенген қару-жарақтың күшімен жүзеге асырылған-тұғын. Жер жүзінде әділеттілік салтанат құратын социализм орнатпақшы болған Ресейдің құрамында ХХ ғасырдың басында 200-ден астам ұлт болса, 1991 жылы империя ыдырағанда, соның 100-дейі тілінен айрылып, ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатыпты. Бұл дегеніміз – жойылыпты немесе қырылып қалды деген сөз емес, тілінен айрылған соң, ұлттық болмысынан да айрылып, сол кездегі ресми саясат бойынша, совет халқына айналып, турасын айтатын болсақ, орысқа сіңіп кеткен. Өзін сақтап қалу мақсатымен азаттыққа ұмтылып, отаршылдыққа қарсы шыққан аз ұлттардың бас көтерулерін компартиялық билік қарудың күшімен аяусыз қан-жоса қып басып отырды. Қазірдің өзінде де әлемдік ақпарат құралдары Ресейде 136 тілге жойылу қаупі төніп келе жатқандығын жазуда. КСРО құламағанда, енді тағы бір елу жылдың өзінде-ақ тағы да талай тілдердің жаназасы шығарылып қалуы мүмкін еді. Жалпыхалықтық тіл жасаймыз деген озбыр әлі жалған саясаттың салдарынан көп зардап шегіп, жар жағасына жетіп, құрудың сәл-ақ алдында қалған тілдердің бірі – қазақ тілі. Енді сол жар жағасында тұрып, айналаға көз салсақ, әлемдік руханиятта, оның ішінде тіл майданында болып жатқан мынадай жағдайларды байқай аламыз. Тіл дегеніміз, адамның өзін қоршаған ортамен қарым-қатынасының, оның дүниетанымындағы, ойлау жүйесіндегі ақпараттарды сақтау, сыртқа шығарудың әлеуметтік құралы. ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, 2004 жылы әлемде 6809 тіл болған. Соның ішінде Үндістанда 845, Папуа-Жаңа Гвинеяда 820 тіл бар. 6809 тілдің 90 пайызында 100 мыңға жетпейтін халық сөйледі. Ал АҚШ конгресі кітапханасының анықтауынша, жер бетінде 7048 тіл бар. Осы тілдердің ішінен әр екі аптада 1 тіл жойылып отырады. Енді бір мәліметтерде 6 700 тіл көрсетілсе, соның жартысы – жойылуға бет алып, ғасыр соңында өлетіндер. Тағы бірінде шамамен 6000-нан астам тіл көрсетіліп, соның ішінде 600-і қауіпсіз, яғни жойылу қаупі төнбей, қалғандарының төбесіне қара бұлт үйіріліп тұрған көрінеді. Әлем тілдері санының әр түрлі берілуі тіл ұғымының түрліше ұғынылуына байланысты. Ғалымдардың анықтауынша, жер бетіндегі тілдер түбірі, ұқсастығы жағынан, түркі тілдері, славян тілдері дегендей, негізгі екі мыңдай тілдік топты құрайды. Олар ары қарай тағы да іштей жіктеліп, жалғаса береді. Қазір жалпы саны 440 миллиондай адам сөйлейтін негізгі 13 славян тілі бар. Ал бір жарым миллиардтай адам сөйлейтін қытай тілі де іштей бөлінгенімен де оларды жеке тіл ретінде емес, диалектілер ретінде қарастырады. 240 миллиондай адам ана тілі санайтын араб тілі де әрқайсысын жеке тіл дейтіндей, негізгі 5 диалектіден тұрады. Бұлардың арасының алшақтығы соншалық, Ирактың арабы мен Марокконың арабы өзара сөйлескенде еркін түсінісіп кете алмайтындай дәрежеде. Бірақ сол Азия мен Африканың ұлан-ғайыр жерінде өмір сүріп жатқан арабтардың барлығының басын қосып, бір ұлт қылып отырған –арабтың ортақ әдеби тілі, яғни Құранның тілі. Бүкіл араб елдерінде мемлекеттік іс қағаздары, іс шаралары, білім-ғылым, ақпарат құралдары, халықаралық қатынастар – барлығы да осы ортақ әдеби тілде жүргізілетіндіктен де олардың өзара байланыстарында айтарлықтай қиындықтар жоқ. Бұл жерде бүкіл араб әлемін бір ұлт ретінде ұйыстырып отырған ортақ тілдің құдіреті көрінеді. Әрине, адам өз өмірінің мәңгілік еместігін біле тұра ұзағырақ өмір сүргісі келетіндігі сияқты сол адамдардан тұратын ұлттың да өз тілін сақтағысы келетіндігі де – заңдылық. Сондықтан да ұлттың алдында тұрған ең басты міндет өзін-өзі сақтау болса, ол тілін қорғай білу арқылы жүзеге асады. Осындай мақсатпен қазір әлемнің көп елдерінде бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Ал енді осы көптеген тілдерге қауіп төндіріп отырған қандай тіл дегенде, алдымен, ауызға ағылшын тілі түседі. Мұның да жаны бар. Оған төмендегідей деректермен танысқанда, көзіңіз жетеді. Англияда ХХ ғасырдың басында 6 миллиондай халық тұрған. Осы кезде қазақ Ахмет Байтұрсыновтың «алхамдулла, алты миллион халықпыз» дегені де еске түседі. Жүз жылдан соң Ұлыбританияда 60 миллионнан астам адам тұрса, Қазақстанда 17 миллионға жаңа жетті. Онда да оның 11 миллионы ғана – қазақ. Қазір ағылшын тілін ана тілі санайтындардың саны 500 миллионнан, жалпы сөйлейтіндер 1 миллиардтан асып, 44 елде мемлекеттік тіл болса, қазақтардың үштен біріне жуығы ана тілінде еркін сөйлей алмайды; Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен де өз функциясын толық мәнінде атқара алмай отыр. 2015 жылға дейін бүкіл әлем халқының 50 пайыздайы ағылшын тілінде сөйлейтін болады деп болжануда. Бұған сенуге болады. Өйткені қазірдің өзінде-ақ ғылыми әдебиеттердің, халықаралық түрлі қарым-қатынастардың, сауда-саттықтың 80 па­йыздайы ағылшын тілінде, ал математика, табиғаттану салалары бойынша бұл көрсеткіш 90-нан асып кетті. Жалпы, ХХІ ғасырдың ақырына дейін дүниежүзіндегі тілдердің 10-ақ пайызы қалып, 90 пайызы бақилық болады, әр айда екі тіл өліп, соңында 600 ғана тіл қалады деген де болжам бар. Сонда бүкіл әлем көпұлтты, көптілді сыпатынан айрылғанда, адамзат қоғамының болашағы қандай болмақ? Тілдердің дамуы барысында бір –бірімен араласып, бір-біріне әсер етіп, сөз алмасып отыруы табиғи заңдылық. Әлемде аралас-құралассыз өмір сүретін бір де бір тіл жоқ деуге де болады. Өйткені аралас-құраласта болу – дамудың басты шарттарының бірі. Бұл жердегі бар мәселе осы процестің тілдердің теңдік жағдайда өмір сүруіне, күштінің әлсізге озбырлығы болмай, табиғи жағдайда жүруіне тікелей байланысты. Мұндай жағдай сақталмаған кездерде тілдік агрессия жүріп, аз санды тілдердің жойылуына алып барады. «Тілдік агрессиялар» ХХ ғасырдың орта шенінде-ақ күшейе түсіп, сол кезде өмір сүріп жатқан тілдердің тең жарымына қауіп төндіре бастаған. Қауіп төндіргендердің қатарында ағылшын тілі ғана емес, басқа да тілдер болды. Осы кездерде әлем халқының 96 пайыздайы 45 тілде сөйледі. Сол 45 тілдің алғашқы ондығын қытай, хинди, ағылшын, испан, араб, бенгал, португал, француз, орыс, неміс тілдері құраса, ары қарай жапон, түрік тілдері болып жалғасты. Бұл жағдай ХХІ ғасырдың басынан бастап өзгерді де, ағылшын тілі жеке дара көш бастап, тіпті миллиардтан астам халық сөйлейтін тілдердің өзіне биіктік көрсете бастады. Міне, осындай жағдайда қазір тіпті бұрындары ұлы халықтардың ұлы тілдері саналып келген тілдердің өздері ертеңгі күндерінің қамына кірісті. Бір кездері әлем халқының үштен біріндегі социализмде қолданылған тілдің болашағының өзі қазір орыстарды қатты ойландырып отыр. Сондай бір мақалада ағылшын тілін қанішер тіл, жендет тіл, тілдер ұясындағы көкек тіл атап, жаһандануды лингвистикалық геноцид, лингвистикалық империализм, білім саласында адамзат баласына жасалып жатқан қылмыс деп, айыптаған («…английскиий – язык убийца, язык тиранозавр, язык – кукушонок в гнезде языков и даже лингвистический геноцид, лингвистический империализм, преступления против человечности в области образования». Алла Кирилина. Глобализация и судьбы языков, останется ли русский язык великим и могучим? «Литературная газета», 8-14 февраля 2012 г.). Тіл дегеніміз – сол тілде жасалынған әдебиет, мәдениет, рухани өмір, сол тілде сөйлейтін ұлт. Ол да үнемі даму үстінде болатын жанды организм. Адамның бір жері ауырса, жаны тура сол жерде болатынындай, тіл негізін құрайтын рухани өмірде табиғи жолмен, не жасанды түрде болсын, бір өзгерістер болса, ол сол заматында ұлттық болмысқа да әсер етеді. Ол әсер жағымды да, жағымсыз да болуы мүмкін. Әдетте жағымды істерге жолды кеңірек ашып, зиянды әрекеттерден қорғанып отырады. Ұлттың болашағы оның сол ұлттық болмысқа залалды құбылыстардан қорғана білуіне тікелей байланысты. Ұлттық организмге түскен ауруды сол заматында байқап, уақтылы емдей алмаған, сылып тастап, кеселден арыла алмаған ұлт түптің түбінде өмір сүруін тоқтатуына тура келсе, ауруын жазып, оның қалыпты жұмыс жасауына барлық жағдайларын жасай алған ұлттар өсіп, өркендеп, тасы өрге домалайды. Демек, өссе де, өшсе де оның бар кілтипаны өзгеде емес, негізінен сол ұлттың өзінің қолында. Яғни, бұл өмірде өзін сақтай алған ұлттың ғана өмір сүруге хақысы бар да, ол қолынан келмесе, бұған сырттан ешкім емес, өзі кінәлі. Өйткені қоғамдық өмірдің қатал заңы осылай. Тілдердің бәсекелестігі мәдениеттердің тоғысына алып келіп, мұның өзі ұлттық мәдениеттердің байи түсуіне, ұлтаралық қарым-қатынастардың өріс алып, түрлі ұлттардың, халықтардың, мемлекеттердің арасындағы байланыстардың жақындаса түсуіне, нәтижесінде адамдардың жер бетінде еркін, толыққанды өмір сүруіне барлық жолдарды ашып тастады. Бұл – жаһанданудың ең негізгі жақсы жақтары. Десек те мұның ойлануға мәжбүр ететін кілтипандары да баршылық. Солардың ішіндегі ең бастысы қазір тілдердің, оның артында тұрған ұлттардың алдында тұрған екі-ақ жолдың қайсысына түсу керектігін анықтап алу қажет. Оның біріншісі, бар мүмкіндіктерді пайдаланып, тілін сақтау арқылы ұлтты сақтап қалу болса, екінші жолға қолынан ештеңе келмегендік, амалдың жоқтығы, шарасыздық алып барады. Кімнің өмір сүргісі келмейді. Қазір әлемдегі ірі мемлекеттерден бас­тап, шағындарына дейін өздерінің ұлттық тілдерін сақтап қалуға барынша әрекеттеніп жатыр. Кезінде Англияның премьер-министрі Уинстон Черчильдің «Ең бастысы, ағылшын тілді халықтардың мүддесін қорғауымыз керек. Олар бірігіп, бүкіл әлемді уысында ұстаулары керек» дегені бар-тұғын. Сол сияқты екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ-тың, Батыстың стратегиялық даму жолын бүге-шігесіне дейін айқындап берген буржуазиялық идеолог А. Даллестің алысты көздеген жоспарларының мылтықсыз майданда сол күйінде жүзеге асып жатқанына таң қаласыз. Аллен Даллесті тыңдайық: «Соғыс аяқталды. Тіршілік біртіндеп түзелуге бет алып, дүние тыныштала бастады. Осындай кезде біз қолымыздағының бәрін, яғни, алтынымызды, басқа да байлығымызды, бар күшімізді басқаларды ақымақ, мәңгүрт етуге жұмсауға тиіспіз. Адам миы, санасы өзгеруге бейім. Дүниені алақұйын етіп, басқалардың асылын жасанды жасыққа айналдыруға және де олардың сол жасанды жасығын «асылым» деп қабылдауға мәжбүр етуіміз керек. Қалайша? Әдебиеті мен өнерін, мысалы, олардың әлеуметтік мақсат-мүддесін өшіріп, салт-дәстүрін мазақ қып көрсетіп, суреткерлерін қалың көпшіліктің көкейкесті ой-ниеттерін зерттеуден, айшықтап көрсетуден айырамыз. Әдебиеті, театры, киносы бәрі де адами арзан сезімдерді малданатын, мадақтайтын болады. Жезөкшелікті, зорлық-зомбылықты, айуандықты, сатқындықты, яғни, ұлтсыздық атаулыны, суреткерсымақтарын қолдаймыз. Ұлттың мүддесін қорғайтын шенеуніктері дөрекі, пәтуәсыз ретінде дәріптеліп, күлкі-келекеге жем етіліп, ескінің сарқыншағы делінеді. Екіжүзділік, бетсіздік, суайттық пен сайқалдық, маскүнемдік пен нашақорлық, бірінен бірі қорқу, өзара қырқысу, бірін-бірі көре алмаушылықты, білімділерін күндеу мен дұшпандық – осының бәрі оларды ыстан бетер қақтайды, күйелейді. Төңірегінде не болып жатқанын аңғара алатындар, түсінетіндер азаяды. Ал, есі барларын дәрменсіздікке ұшыратып, қолжаулық етіп, өлтіре мазақтап, қоғамның сілімтіктеріне айналдырып, масқаралаймыз. Рухани бейшара, байғұс етіп, адамгершілік атаулыны мүлдем ұмыттырамыз. Ұлтын ойлайтындарды, әсіресе, ұлт үшін жанын беретіндерді, салт-дәстүрлерін дәріптейтіндерді ескішіл, білімсіз деп, өздері-ақ мазақ ететін болады. Бала кездерінен, жасөспірім шақтарынан бастарын шырғалаңға душар етіп, әбден азғындатамыз. Ибалы қыздарын ардан жұрдай етеміз. Сөйтіп, олардан түйсіксіз, отансыз тобыр жасаймыз». Бүгінгі ағылшын тілді Батыс осы бір бағдарлама іспеттес сөздерде айтылған идеяларды жүзеге асыру үшін жаһандануды ойлап тауып, оның қарқынды дамып, салтанат құруына барын салып жатыр. Ең бастысы бұл үдеріс болмай қоймайтын, жаңа заманның өзіндік қажеттіліктерінен туындап отырған, қоғамдық өмір заңдылықтары бойынша жүріп жатқан табиғи құбылыс деп құлаққа құйылуда. Бұрыннан келе жатқан демократия секілді қоғамдық өмірдің жетістіктерін өздерінің оңтайына орай түсіндіріп, қолданып, толеранттылық, адам құқықтары деген сияқты не бір «өміршең теорияларды» ойлап тауып, жаһанданудың ғылыми негіздерін жасауда. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін Батыстың аса қуатты идеологиялық, экономикалық әлеуеті барынша жұмылдырылуда. Міне, осындай аса қуатты қарқынмен жүргізіліп жатқан агрессиялық науқанға қарсылық та күшейе түсуде. Сырттан келіп жатқан түрлі мәдениеттерге қарсылық білдірген Францияның президенті 1910 жылы былай деді: «Егер сен Францияда өмір сүруді қалайтын болсаң, сен сол жердің мәдениетін игеруге, сол жердің мәдениетіне біржола сіңіп кетуге, біртекті қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға, нақтырақ айтқанда, ұлттық қоғамның бөлшегіне айналуға дайын болуың керек. Ал бұған көнбейді екенсің, Францияға қонақ болуға құқың жоқ… Біз осы уақытқа дейін жатжерліктердің қамын ойлап, оларға, олардың мәдениетіне жағдай жасаумен болдық, ал өзімізді көп жағдайда назардан тыс қалдырып отырыппыз. Енді олай болмайды. Мысалы, біздің мұсылман отандастарымыз еліміздің әрбір толыққанды азаматы секілді өзінің сенімін берік ұстануына құқы бар, бірақ біз Франция көшелерінің бойында, қоғамдық орындарда баз біреулердің боямалы түрде құлшылық жасап жатуын қаламаймыз. Әрине, біз әртектілікті құрметтеуіміз керек, бірақ қазір бұлай істегіміз келмейді» – деп, жатжұрттық түрлі мәдениеттерге қарсылық білдірді; бір мемлекеттің ішінде көпұлтты, көпмәдениетті құрылымнан біржола бас тартқысы келетіндігін ашық айтты. Германияның канцлері Ангела Меркель елге келген иммигранттарды қабылдауға қашан да болса дайын екендігін, бірақ олардың неміс тілін үйреніп, балаларын неміс тілінде оқытуға міндетті екенін айта келіп: «Барлығымыз бір қоғамдық ортада бір-бірімізді құрметтей отырып, тең қатынаста қатар өмір сүре аламыз деген мультимәдениеттік көзқарас қате болып шықты», – деп, бұдан былай шетелдіктерге қойылатын тілдік талаптардың күшейе түсетіндігін мәлімдеді. Осындай мәлімдемені ағылшын тілді Австралияның өзі де жариялады: «Австралияда жүрген жатжерліктер жергілікті мәдениетке бейімделуі керек. Әркім өз мәдениетін, өз ұстанымын, өз көзқарасын ұстанғысы келеді. Жоқ, олай болмайды, әр мәдениеттің өз Отаны бар. Австралияның мемлекеттік тілі – ағылшын. Яғни, қанша жерден тірегі мықты десеңіз де қытай, жапон, араб, испан тілдерінің ешқайсысы бізде қауқарсыз болып табылады». (Джон Ховард). Міне, осындай жағдайға байланысты Ресей де арнайы заң қабылдады. Онда осы елге келіп, жұмыс істегісі келетін әрбір шетелдіктің міндетті түрде орыс тілін білуі қатаң талап етілген. Сөйтіп жаһанданудың қазіргі беталысы, қарқыны заң арқылы қорғанысқа көшпек түгілі, кешегі КСРО-ның, бүгінгі Ресейдің құрамындағы басқа тілдерді, мәдениеттерді өзіне қарай иіп, тізесін батырып отырған орыс тілінің өзіне бас қамын жасауға мәжбүр етті. Мұндай шараларға тек Ресей ғана емес, әлемдік өркениетке айтарлықтай үлес қосқан, бүгінгі күндері де өздерінің әлемдік мәдениеттегі көшбасшылық рөлінен айырыла қоймаған басқа мемлекеттер де барып жатыр. Алпауыт елдердің өзі осылай қамын жасап жатқанда, басқалардың халі қалай болмақ. Көпшілік елдер руханият мәселесіне ерекше назар аударып, дәстүрлі мәдениеттерін сақтауға кіріскен. Тілін, әдебиетін, мәдениетін, ұлттық дәстүрлерін, жалпы ұлттық болмысын сақтап қалудың құқықтық мүмкіндіктері барынша пайдаланылуда. Кейбір мемлекеттер қоғамдық дамудың болашағы ретінде барынша насихатталып, ұсынылып жатқан батыстық өмір салтына ашық қарсы шығып, рухани құндылықтарын, дәстүрлерін, өмір сүру салтын сақтау үшін батыл қадамдарға баруда. Латвияның халқы 2,3 миллион болса, соның 40 пайызы орыс болғанына қарамастан, 2011 оқу жылынан бастап, бүкіл оқу жүйесін латыш тіліне көшірді. Республикадағы барлық іс қағаздарын мемлекеттік тіл – латыш тілінде жүргізуге міндеттеді. Адамдардың аты-жөнінен бастап, шеттен енген сөздерге дейін латыш транскрипциясына сай жазылатын болды. Тіл саясатының жүзеге асуын қадағалап отыру әділет министрлігіне тапсырылған. Шағын Эстония да бұл бағытта батыл әрекеттерге барған. Халқының 30 пайыздан астамы орыс бұл елдің қоғамдық өмірінің барлық салаларында эстон тілі үстемдік етеді. Тіпті, 5-ақ пайыз жергілікті тұрғындар тұратын Нарва қаласында да мемлекеттік тіл туралы заңға сүйене отырып, барлық іс қағаздары, оқу орындары түгелдей эстон тіліне көшірілген. Халқының саны 1 миллионның ар жақ, бер жағындағы халқы бар Эстония секілді елдердің шаңырақ көтеріп, жеке мемлекет болып отыруының құпиясы, оған қол жеткізген негізгі қозғаушы күш – құл болмай, азат өмір сүруге деген ұмтылыс. Ал құлдықта болмаудың, ұлтты сақтаудың жалғыз жолы – ана тілін сақтау. «Құлдықтан құтылудың жалғыз ғана жолы – ана тілін ұмытпау және қорғау» (Альфонс Даудет, француз жазушысы). Түркіменстан мен Өзбекстанның рухани өмірінде Батыстық үлгілерге жол жабық. Бұл елдер таза ұлттық даму жолына түсіп жатыр. Қазіргі заманда томаға-тұйық өмір сүру мүмкін емес деп, Батыс идеологтары күнде құлағымызға құйып жатқандарының шындыққа жанаса бермейтіндігін осы екі елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі дәлелдеуде. Орта Азияның қақ ортасында орналасқан бұл елдердің материалдық байлықтан гөрі адамгершілік байлығын жоғары қоятын рухани өмірі түркілік дәстүрлердің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Бұл елдер Батыстық рухани құндылықтарға, өмір салтына тосқауыл қойып отырғанымен де экономикалық, басқа да қарым-қатынастарын тоқтатқан жоқ. Десек те ұлттық даму жолына түскен елдердің алдында да өмір ұсынып отырған қоғамдық дамудың аса күрделі мәселелерін шешу міндеттері тұр.
Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары