БАЛАҚ ТҮРІП, ЖЕҢ СЫБАНЫП...
БАЛАҚ ТҮРІП, ЖЕҢ СЫБАНЫП...
Газетіміздің №9 (7 наурыз) санында Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Ақтоғай ауылының тұрғыны, зейнеткер Құрманәлі Ерғалиевтің «Қазақ күресінде күрте киілмеген» атты мақаласы жарияланған болатын. Автор мұнда қазақ күресіне қатысты өз ойын ортаға салған еді. Ал бүгін аталмыш мақалаға тағы бір авторымыз, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, қазақ күресі киімінің авторы Елемес Әлімханов пікір білдірген екен.
Құрметті Құрманәлі Ерғалиев ! Сіздің «Қазақ күресінде күрте киілмеген» атты мақалаңызды оқып, қазақ күресінің болашағына немқұрайлы қарамайтын жанашыр жан деп ойлап отырмын. Өткен жылдың соңына қарай, дәлірек айтқанда, «Алаш айнасы» газеті №193 саны (31.10.2012 жыл) «Қайран менің күресім, кимоно киіп күзелген» атты Қарағанды қаласынан Қайрат Абдолла деген азаматтың мақаласына сол газетте «Ұлттық күресіміздің киімі ғылыми тұрғыдан қорғалып, патент алынған» атты мақалам арқылы жауап жазған едім (28.11.2012. № 211).
Сол мақалада қазақ күресінің түрлері туралы, оның ішінде, Сіз айтқан « … Қазақ күресі деген не? Ол екі адамның белбеу байлап, белдесіп, жекпе-жек күресуі. Күреске түскен адамдар белбеуден қол үзбей күресуі керек» деген ойыңызды растайтын да жері бар еді.
Енді толығырақ айтайын дегенім, қазақ жерінде көне уақыттан бері ел арасында күрестің бірнеше түрлері дамыған. Ол туралы менің ғылыми зерттеу жұмыстарымның негізінде жазылған «Қазақтың балуандық өнері» атты кітабымда толығырақ және суреттерімен берілді. Сол кітаптан үзінді: «…Қазақ халқында таралған балуан күрестерін киім киініп шығуларына қарай төмендегідей бірнеше түрлерге бөлуге болады: қазіргі еркін күреске ұқсас кеуде жалаңаш, жалаң аяқ белбеусіз күресу түрі; шапан киіп, белдік буынып күресу; кеудеге шапан киіп, бір жеңді босатып күресу; белдік буынып, кеудені жалаңаштап күресу; аяқ киімді шешпей күртеше немесе шапан киіп күресу; отырып күш сынасып күресу; түрегеліп тұрып белдіктен ұстап иіріп күресу, т.б. түрлері болғандығы» туралы дәлелдер келтіріліп жазылды. Кеудені жалаңаштап немесе киіммен күресу жергілікті жердің климаттық ерекшелігіне де байланысты болды.
Әр аймақта күресу тәртіптері ережелері де әртүрлі болып келген. Бірде балуандар бірінің жауырыны жерге тигенше күрессе, бірде тізесі немесе денесінің бір жері жерге тиіп кетсе де жеңілген болып саналған. Аяқтан ұстап, «бақайдан тартып күресу» түрі де орын алған. Қазіргі жапондардың «Сумо» күресіне ұқсас та түрі болған. Жеріміз «Жібек жолы» атанып, тоғыз жолдың торабында болғандықтан, елімізде күрестің осыншама көптеген түрлерінің болуы қалыпты жағдай. Тек ұлттық күрестеріміз сыртқы әсер саясаттың салдарынан дамымай шектеліп қалуы орын алды.
Ертеде күресу шартын балуандар алдын ала өзара келісім бойынша белгілеп отырған немесе ру, ел басшылары реттеп отырған. Ел арасында ауызша тараған күрес ережелері қатаң сақталып, оны талассыз мойындаған, далалық демократия қатаң сақталған. «Күш атасын танымас» деген қағидаға сүйеніп, балуандарды жас ерекшеліктеріне және салмақ дәрежелеріне қарай бөлмеген. Белдесу кезінде «ер кезегі үшке дейін», «ит жығыс», «жол беру» сияқты тәртіптер де қолданылған». Қазақ күресіне ережені енгізу, салмаққа бөлу өткен ғасырдың отызыншы жылдары басынан ене бастады.
Қазақ күресінің балуандары Кеңес Одағы кезінде, Сіз де көрген боларсыз, самбо мен дзюдо киімдерін киіп күресті. Қазақ күресіне тән балуандық киімі болмады. Осы жағдайды шешу мақсатында ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ күресінің әдіс-тәсілдеріне, киіміне ғылыми тұрғыдан ден қойылып, қазақ күресінде балуандардың түрегеп тұрып күресетіндігі, жерде жатып күреспейтіндігі ескеріліп, балуан киіміне арнап арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Самбо мен дзюдо киімдері зерттеліп, ондағы барлық күресетін уақыттың 60-70 пайызы жеңнен ұстауға кететіндігі анықталды. Қазақта күреске шығарда «Балақты түріп, жеңді сыбанып» деген де сөз бар. Осы жағдай қазақ күресі киіміне батырлардың қысқа жең сауыттарының үлгісін ұсынуға негіз болды. Себебі қысқа жең киім батыр мен балуанның өзінің әрекет етуіне қолайлы болып келеді де, қарсыласына (жауына) қолайсыз жағдай туғызады.
Қазіргі күрестегі киім үлгісі әдіс-айла қолдану үшін балуандардың бір-біріне еріксіз жақын келуіне, олардан белдесу кезінде күш-қайраттың мол болуын талап етуде. Ұсынылған киім үлгісі және күрес ережесі балуандардың кілемге орынсыз құламауын, аяқтарында нық тұрып белдесулеріне мүмкіндік береді, балуандардан спорттық дайындықтарының шеберліктерінің жоғары болуын талап етеді, күш-қайраттары мол болуы қажет. Сонымен қатар қазіргі қазақ күресінің ережелерінде белдесулердің жоғары қарқында өтуіне, көрермендерге қызықты болу жақтары, балуандардың кілем үстіндегі айла тәсілдеріне өте жауапкершілікпен қарауларына мәжбүрлейтін жағдайлардың аз екендігін байқауға болады. Әлемдегі барлық күрес түрлерінің айла тәсілдері, ережелері үнемі дамып, жетіліп отыруды қалайды. Олай болмаған жағдайда қазіргі еркін және грек-рим күрестері сияқты тоқырау жағдайына ұшырауы әбден мүмкін. Қазіргі қазақ күресінде де жетілдіруге қажетті мәселелер жетерлік, оны ғылыми дәрежеде зерттеп, толықтырып ұсыныстар жасап отыру, күрестің жақсы дамуына ықпал етеді.
Соған бір мысал. 1996 жылы «Қазақ күресінің әдіс-тәсіліне киім үлгісінің әсері» атты ғылыми диссертация қорғалып, қазіргі қазақ күресіне арналған киім үлгісі ұсынылды, кейінгі жылдары ұлттық ойындардың оның ішінде қазақ күресінің әдіс-тәсілдерінің классификациясы жасалды, бірнеше ғылыми диссертациялар қорғалды. Қазіргі уақытта осы балуан киімі арқылы қазақ күресін дүние жүзі елдері бірден танитын жағдайға жеттік. Балуан киіміне патент алынды. Осы күрес киімімен спорттық жарысқа шыққан балуан ұлттық ерекшелігімізді одан сайын айқындап, Тәуелсіз елімізді дәріптеп келеді.
Сөз соңында елімізде күрестің бір ғана түрі болған деген жаңсақ түсінік екендігін айта келіп, болашақта ұлттық күресіміздің бірнеше түрлері қатар дамып жатса, одан тек ұтарымыз мол деп санаймын.
Елемес ӘЛІМХАНОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры,
ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, қазақ күресі киімінің авторы