Ұсталмаған ұры емес

Ұсталмаған ұры емес

Ұсталмаған  ұры  емес
ашық дереккөзі
277

«Біз бұрын ұлы ел едік, қазір ұры ел атандық»,– деп 1993 жылдың қазан айында, қайтыс болардан бір ай бұрын Әнуар Әлімжанов айтып еді. Сол кездің өзінде бүгінгі күнді көріп, болжап кеткендей әсер қалдырады. 2013 жылдың 28 қаңтарында Ақордада өткен жиында Елбасы Қазақстан Республикасында 10 миллиард доллар жоғалғаны туралы көпшілікке жайып салды. Кезінде Махатма Гандидан: «Бір миллиард санды қалай түсіндіре аласыз?» – деп сұрапты, сонда Ганди «бір кітаптың басы осы жерден басталса, соңы елу шақырым жерден аяқталады» деген екен. Енді он миллиард доллар – Астана мен Қостанайдың арасын – 500 шақырым жерді қамтитын кітаптың бетіне пара-пар қаржы жоғалып отыр. Тіпті, ата-бабамыздың өңі түгілі, түсіне кірмеген ақша.

Басқаны былай қойғанда, әлемнің ең бай мемлекеті АҚШ-та осындай жағдай бола қалса, Конгресс мүшелері күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылар еді. Норвегияда мектеп оқушысы мемлекеттің қазынасындағы қаржының қайда жұмсалып жатқаны туралы емтихан тапсырып, баға алады-мыс. Біздің жұрт қаржы мәселесіне мән бере қоймайды, «Үкімет өзі біледі ғой» деген кері көзқарас қалыптасқан. Менің ойымша, осы теріс дәстүрден бас тарту керек. Ол үшін бүкіл Қазақстан аумағында ағартушылық жұмыс қажет.

Яғни, «мемлекеттің бюджеті – менікі, Ұлттық банк қорындағы миллиардтар –менікі» деген сезім әрбір қазақтың санасына сіңуі тиіс! Бәлкім, сонда ғана мемлекеттің аса маңызды осы саласында белгілі тәртіп орнар. Біздің қаржы жүйесінде орны толмас бір қателік бар. Яғни, қарапайым халықтың салығынан құралатын қаржының сақтаушысы –Ұлттық банк өзінің басты құрылтайшысы – халықтың алдында өзіне тапсырылған міндеттерді атқаруы туралы есеп беру былай тұрсын, өз жұмысының оң-теріс нәтижелері жөнінде дұрыс жауап та бермейді! Неге осы мәселе Парламенттің ашық отырысында жан-жақты талқыланбайды? Тіпті, Парламент депутаттары талай рет шақырса да, Григорий Марченко мырза мүлдем құлақ аспады. Ақыр соңында сенатор Ғани Қасымов: «Үш рет шақырғанда келмеген Г. Марченконы орнынан алып тастау керек», – деп айтқанымен, Сенат қабырғасынан шыға бере, «пошутил» дей салды.

Григорий Марченконы кейбір іріктелген телеарнаға сұхбат берген сәтінде көріп қаламыз. Қаржы дағдарысы алдында Ұлттық банк неге тиісті іс-шара қарастырып, қаржылық шыңыраудан елдің банк жүйесін сақтандыра алмады? Жеке банктерге жұмсалған миллардтар неге отандық тауар өндірушілерге берілмеді? Неге сол қомақты қаржыға ауыл-аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылмады? Ең болмағанда, шағын және орта бизнеске төмен пайыз негізінде несие берілмеді? Міне, осы және басқа да қаржылық сипаты бар қиын сұрақтарға кім жауап береді? Ұлттық банк қаржысының қызығына қарық болып, байлыққа белшесінен батып жүрген, бірақ қазақша бір сұраққа ақылға қонымды жауап бере алмайтын қаржыгерлерді қолдай беру қаншалықты қажет?

2013 жылғы 20 ақпанда Қазақстан банктеріне 40 миллион доллардан аса берешегі бар Михеевті Ресей Думасының депутаттық иммунитетінен айырды. Мемлекеттік Дума депутаттары Михеевтің мандатын қайтарып алу туралы қаулыны бірауыздан қолдады. Енді ол жақын күндері қылмыстық жауапкершілікке тартылатын сияқты. Қазақстан Бас прокуратурасының Ресейдегі өкілі Анатолий Константиновтың айтуынша, алаяқ депутат 2005, 2006 және 2007 жылдар аралығында түрлі банктерден әртүрлі көлемде несие алған. Оларды әртүрлі фирманың атына рәсімдеп отырған. Алайда ешқайсысын қайтармаған. Бүгінде оның жалпы берешегі 40 миллион доллардан асып жығылған. Оның тең жартысын «Казкоммерцбанктен» алыпты. Несие­ге қатысты келісім жасау үшін Қазақстанға депутаттың өзі келіп тұрыпты. Михеев Қазақстан ғана емес, Ресейдің бірнеше банкінен де қыруар қаржы алып, қарызын өтемеген. Тергеу барысында оның Волгоград мотор құрастыру зауытының 14 нысанын заңсыз иеленіп алғаны және «ПромьСвязьБанкінен» 2 миллиард рубль алғандығы да белгілі болып қалды. Елімізге қатысы жоқ кім көрінгенге ақша тарата беретін Қазақстандағы жеке банктердің сиқы осындай.

Қазіргі таңда елімізде қоғамдық сана-сезімдегі тоқыраушылықтың бас­ты себебі – адамдар әлеуметтік құқықтар механизмдерінің шынайылығына сенуден қалды. Бұл өз кезегінде мемлекетке деген жалпы сенбеушілікті туғызады. Байлардың одан әрі баюы, кедейдің одан бетер кедейленуі бұл сенбеушілікті одан әрмен үстемелей түсуде. Қазақстан азаматтары жеке мәселелерін шешу үшін пара мен сыйлық беруге шенеуніктерімізді үйретіп тастады. Содан кейін сыбайлас жемқорлықтың тым тереңдеп бара жатқандығы туралы дабыл қағып әлекпіз.

Еліміздің мемлекеттік жалпы сыртқы қарызы тәуелсіздік алғаннан бері 120 миллиард доллардан асып кеткені жарияланды. «Алмақтың салмағы бар» демекші, қарызға белшесінен батқан банк­тер алыстағы Американың ипотекалық несие дағдарысының салқынынан тығырыққа тіреліп тынды. Сыртқы қарыздың көбеюі экономикалық қауіпсіздігімізге аса қауіпті екеніне еш күмән жоқ. Мұның бәрі ертеңгі ұрпақтың мойнына артылар үлкен жүк екенін біреу ойласа, енді біреу қаперіне де алып отырған жоқ. Қарызды реттеп отыру керек, оны шамадан тыс шектен шығарып жіберуге болмайды. Бізде қарызды реттеп отыратын саясаттың жоқтығынан жағдай осылай болып тұр.

Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары