Кеден полковнигі жазған кітап

Кеден полковнигі жазған кітап

Кеден  полковнигі жазған кітап
ашық дереккөзі
(Б.Нұрахметов. «Менің тағдырымдағы адамдар – Люди в моей судьбе». Эсселер.– Алматы: «Arna-b».2013.- 728 бет)

Бекен дос екеуміз КазГУ-дің жур­налистика факультетінде бірге оқыған бес жыл еске түседі. Сол студент кезінің өзінде-ақ ешкімге ұқсамайтын қызба мінезімен, достыққа адалдығымен, Ал­матыға ерте келген ширақтығымен көзге түскен оның мінез иірімдері жадымда жатталып қалған. Алматыдағы №2 экспериментті мектеп-интернатқа 1976 жылы 6 класта жүргенде ауылдан ауысып келген. Біз Алатаудың бөктеріне мектеп бітіре салып келгенде, Бекен Алматының бүкіл көшесін, жықпыл-жықпылын түгел білетін еді. Университетті бітірмей жатып, облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа орналасып, еңбек жолын сол басылымнан бастады. Кейін республикалық «Лениншіл жас» газетіне ауысты. Еске бір қызық оқиға түседі. Бекен қолына қалам ұстаған кезден бастап құқық қорғау органдарына жақын жүретін. «Лениншіл жастың» редакциясы базардың қасындағы 9-қабатты биік үйде орналасқан. Бекен көк базардың алдынан күнде өткенде, «Алик–Малик–Шарик» деген ойынмен елді алдап, арзан табыс көзін жасап отырған алаяқтарды көреді. Қарапайым халықты сан соқтырғандарды көріп, жазаламақ болады. Сөйтіп иығында погоны бар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп рейд ұйымдастырады да, оның қорытындысы бойынша газеттің бір бетін алатын көлемді мақала жариялайды. Детектив жанрында «Қорқаулар түнде жортады» атты кітап жазып шығады. Сол үшін Қазақстан Журналистер одағының С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты атанады. Сөйтіп жүріп заң факультетін «Кеден ісі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, екінші жоғары білім алды да, кеден саласындағы қызметіне біржолата ауысты. Өткен жылдың жазында Бекеннің нағашысы, белгілі дәрігер-хирург Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев дүниеден ерте озды. Сол қайғылы жағдайдан кейін Бекен елу жасқа толған күнін тойламайтынын айтқан еді. Бірақ осы жылдың басында оның 728 беттен тұратын «Менің тағдырымдағы адамдар» атты кітабы екі тілде жарық көрді. Сөйтіп қаламын өмір бойы серік еткен Бекен Нұрахметов өзінің осы жасқа дейін көрген-білген, ойына түйген жайттарын осы кітаптың ішінде шешіле жазып, оқырманға ұсыныпты. Шын мәнінде әр адамның өмір жолында небір бұрылыстар, қайырылыстар мен қапталдар кезігеді. Тақтайдай түзу жол ешкімнің өмірінде болмайды. Сондай кездерде адам тағдырына алдымен Алла, сосын жекелеген адамдардың, әсіресе көрнекті тұлғалардың ықпал ететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Кеден қызметінің полковнигі кітап жазатынына сенбейтіндер аз емес. Бірақ біздің Бекен жаны нәзік қаламгер қаламы жүйрік журналист. Сондықтан оның жаңа кітабын қызыға оқып шықтық. 1990 жылы 20 сәуірде Димекеңнің елу жыл отасқан адал жары Зухра Шәріпқызы дүниеден озады. Сол кездегі «Жетісу» газетінің бас редакторы Баймолда Мусиннің ұйымдастыруымен ұжым атынан жеті журналист Димекеңе көңіл айтуға барады. Сондағы Димаш Ахметұлын бірінші рет көрген Бекеннің әсері ақ қағаз бетіне ерекше сезіммен төгіледі. Димекеңнің әрбір сөзі, қимыл-қаракеті айна-қатесіз суреттеледі. Сол ұмытылмас жүздесуде Олжас Сүлейменовтің анасымен, ұлы Мұхтар Әуезовтің қызы Ләйлә апаймен ұшырасқандығын да журналист көңіл тербетерлік ықыласпен жазады. «Тұма суы әрдайым тұнық болады», «Адал жанға асқақтық жарасады» атты эсселерінде танымал мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ұстаз Орынша Қарабалинаның азаматтық бейнелерін сомдайды. Кәкімжан аға туралы көп естіп, көп біліп жүрдік. Студент кезімізде ол кісінің Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болғанын көріп жүрдік. Ұстазымыз профессор Тауман Амандосов өзінің лекциясында: «Бүгін менің қасыма бір ақ «Волга» тоқтады. Сөйтсем шәкіртім, ЦК-ның секретары Кәкімжан Қазыбаев екен. Жұмысқа жеткізіп салды», – деп, ерекше масайрап, масаттанып отырушы еді. Ол кісі туралы Бекен: «Кәкімжан аға қызметте де, отбасының тірегі ретінде де және бала тәрбиесінде де кемшілік жіберген, осалдық танытқан адам емес. Шаңырағында әрдайым шаттық нұры сезіліп, мейірім шуағы төгіліп тұратын. Сүйген жарын алақанында аялай алған, балаларының бойында білімділік пен біліктілікті, адамгершілік пен азаматтық қасиеттерді дарыта білген адамның бірі Кәкімжан аға деп білемін», – деп тебіренеді. Сенатор Әділ Ахметовтің қара­пайымдылығы, асқан білімділігі, ағыл­­шын тілін еркін меңгергендігі «Сар­қыты сарқылмайтын аға» атты тол­ғанысында терең ашылады. Профессор Әділ Құрманжанұлының «Азия –Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі», «Түбі түркі өркениет» атты ғылыми-танымдық кітаптарының тағылымдық қырын аша біледі. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның алғашқы Ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов жайлы «Бәйтерек басын имейді», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уалихан Қалижан туралы «Киелі сандықтың құлағын ұстаған кезең» эсселері де автордың ағаларына деген құрметі, ыстық ықыласы ретінде оқырман жүрегіне жол тартады. «Тау басын бұлт басса да, кір шалмайды» атты эссесінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жайында толғанады. Журналист өзі кеден саласында қызмет атқарып келе жатқандықтан, Бердібек Мәшбекұлының республикалық Кеден Комитетін басқарған кездегі іскерлігін тайға таңба басқандай айқын көрсете білген. Кітаптағы: «Бердібек Мәшбекұлының келуімен қатар көптен асыға күткен және халықаралық конвенциялар мен басқа да құжаттардың нормалары ескерілген Кеден кодексі Парламентте үлкен талқылаудан өтіп барып қабылданды. Сонымен қатар Кодексте Қазақстан Республикасының негізгі сауда серіктестіктері мемлекеттерінің (ЕурАзЭК, ТМД, ЕО және т.б.) кеден заңнамаларының тәжірибесіне негізделген ережелер көрініс тапты. Кеден органдарын 2004-2006 жылдары дамыту жөнінде үкіметтік бағдарлама қабылданып, оны жүзеге асыруға бірнеше миллиард тенге бөлінді. 2003-2005 жылдары ғана кеден органдарының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 11 миллиард 144 миллион теңгеден астам қаржы игеріліп, елуден астам нысандар бой көтерді, 7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Архитектуралық ансамбль деуге лайық және бүгінгі күн талабына сай барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген қаншама кедендік терминалдар мен бірыңғай бақылау-өткізу пункттері, кеден бекеттері салынды. Электронды үкімет құру бағдарламасына сәйкес бүгінгі күннің талабына сай ақпараттық орталық іске қосылып, электрондық кеден құру мәселесінің негізі жасалды, кедендегі барлық жұмыс процестері түгелге жуық автоматтандырылды және сыртқы экономикалық қызметпен айналысушыларға үлкен жеңілдік жасау мақсатыңда «WЕВ-декларант» бағдарламасы дүниеге келді, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуде барлық департаменттер мен кедендерде, сондай-ақ тауар айналымы көп кеден бекеттерінде қолма-қол есеп айырысудың пост терминалдары ашылып, пластикалық карточкалары енгізілді. Бүгінгі күні Астанадағы кеден комитеті қоныс тепкен келбетіне сәулеті сай керемет ғимарат та Бердібек Мәшбекұлының беделінің арқасында кеденшілердің еншісіне тигені даусыз. Осындай кең ауқымды көлемде атқарылған істер кеденнің жиырма жылдан астам тарихында болып көрмеген жағдай»,– деген жолдарды оқығанда, қай қызметті атқарса да өзінің асқан ұйымдастырушылығы мен іскерлігін көрсететін Б.М.Сапарбаевтың азаматтық, қайраткерлік тұлғасы барынша нанымды ашылады. З.Кәкімжанов, Н.Тілемісов, И.А.Красуленко, Е.Абдрахманов, Е.Мамыров, А.Бекбергенов сияқты Қазақстанның Кеден саласының дамуына зор еңбек сіңірген азаматтар туралы жазған мақалалары да, автордың сол саланы терең білетіндігімен, шынайылығымен ерекшеленеді. Өзінің студенттік шақтан бірге келе жатқан достары Б.Исабаев, Б.Омаров туралы толғаныстары да риясыз достық пейілдің белгісіндей көрінеді. Журналистің өз жүрегінен өткізген оқиға, жайттарды көңіл айнасынан қайта көрсетіп, көпшілікке түсінікті қарапайым тілмен жеткізгендігі де байқалып тұр. Әрбір эссе көңіл толқытарлық жеңіл стильмен жазылады. Сонысымен де боямасыз өмір суреттері көз алдыңыздан өтіп жатады, әрі кітап жеңіл оқылады. Өзі кеден саласында қызмет атқарып жүрсе де, қаламын тастамай, көлемі 45 баспа табақ публицистикалық эсселер жинағын жазып, баспадан шығарған Бекен Нұрахметовтің бұл кітабы оқырман қауымның көзайымына айналатынына көңіліміз бек сенеді.

Бауыржан Жақып «Қазақ энциклопедиясының» Бас директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі