БАЛАЛАРҒА МОЙЫН БҰРУ – БОЛАШАҚҚА МОЙЫН БҰРУ

БАЛАЛАРҒА МОЙЫН БҰРУ – БОЛАШАҚҚА МОЙЫН БҰРУ

БАЛАЛАРҒА МОЙЫН БҰРУ  –  БОЛАШАҚҚА МОЙЫН БҰРУ
ашық дереккөзі
258

Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы

Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

«Қазақмыс» корпорациясы мен Жазушылар одағы бірлесе отырып, «Балауса» атты бәйге жариялағанын білеміз. Бәйгені қорытындылайтын күн де алыс емес. Бүгінге дейін «Балауса» бәйгесіне қанша шығарма түсті? Әрі бәйгенің жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бұл байқау қаншалықты әділ өтуде? Бізді мазалаған осы сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Балауса» байқауының әділқазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбаймен әңгімелескен едік.

– Ғалым аға, «Балауса» бәйгесі мәре сызығын кесетін күн де таяп қалды. Бәйге төңірегінде ой бөліссек деген едік.

– «Қазақмыс» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып, былтырғы жылы «Балауса» атты бәйге жариялаған едік. Бұл бәйгенің ерекшелігі – екі жас пен сегіз жас аралығындағы балаларға арналған шығармалардың бәйгесі болуға тиіс. Бәйгенің шарттары біраз басылымдарда жарық көрді. Бұған дейін де аталмыш корпорациямен бірлесіп, өндіріс тақырыбына жазылған шығармалардың «Мыс сапырған, кен қазған» байқауын өткізген едік. Ол байқау да өте сәтті өтті. «Балауса» – сол бәйгелердің заңды жалғасы іспеттес. Балалар әдебиеті бүгінгі таңда керемет қарқын алып тұр деп айта алмаймыз. Оның ішінде, қазақтілді балалар әдебиетінің маңайында әңгімелер көп. Бүгінде балалар әдебиетіне жазып жүрген авторлар азайып кетті. Біз «балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген авторларымыз қартайып кетті» деп жиі айтамыз. Кешегі Бердібек Соқпақбаев, Жақан Смақов сияқты авторларымыз бүгінде жоқ. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда тіл туралы, діл, ұлт туралы айтамыз. Тәуелсіз Қазақстан туралы балалардың ұғымына сай шығармалар жоқ. Балабақшадағы балаларға арналған Көк ту, Әнұран, Елтаңба туралы, жалпы Қазақстан туралы тақпақтар, өлеңдер аз. Кәсіпкерлерді жинап, балалар әдебиетінің антологиясын шығарсақ па деп ойлағанбыз. Оған біз қол жеткізе алмадық. Құр бос уәде күйінде қалды. Балалар әдебиетінің оқулықтары жоқ. «Әліппе», «Ана тілінің» маңайынан бастап, балаларымызға, немеремізге жаттататын тақпақтарымыз, жаңылтпаштарымыз қиын, күрделеніп кеткен. Сол баяғы «ақ тауық, ақ тауық, ақ тауық неге қақсауық?» деп айтылатын, ұғымға тез жатталатын жеңіл тіркестер жоқтың қасы. Ресейдің балаларға арналған кітаптарын көрсеңіз, жылағыңыз келеді. Мәселен, бүгінде кітап нарығының 85 пайызын Ресей кітаптары жаулап алды. Сол себепті де үлкен дүниені қолға алып, бастап жібердік. Мәселе, оның ақшасында емес. Сапалы шығармалар жазылса деген ой. Бәйгенің шарты жарияланғалы бері қандай шығармалар түсер екен деген күдік басым болып еді бәрімізде. Бүгінге дейін 170-ке тарта автордан 200-дің үстінде шығармалар келіп түсті. Сол шығармаларды қарастырып жатырмыз. Қазылар алқасының құрамында елге белгілі, көрнекті ақын-жазушыларымыз бар. «Қазақмыстың» өз өкілдері де бар. Екі жақты келісімге келіп, жұмыс жасалуда. Бірнеше рет отырыстар да өтті. Бастысы, балаларымыз қуанатын, сәбилері арқылы аналарымыз қуанатын жақсы шығармалар туса екен дейміз.

– Шығарманы ұсынатын қаламгердің жас ерекшеліктері қалай болмақ?

– Авторлардың жас мөлшеріне ешқандай шектеу жоқ. Бұл бәйгеге кексе жазушылар да қатысып отырған шығар, мектептің он-он бірінші сыныпта оқитын оқушыларының да дүниелері болуы мүмкін. Кімнің қатысып жатқаны әзірге белгісіз. Бүлдіршіндердің ұғымына сай дүниелер туса дегенбіз. Қуанарлық жайт, жақсы дүниелер өте көп екен. Отызға жуығын шартқа сай келмегендіктен, бірден алып тастадық. Себебі, ол шығармалар бәйге шартында көрсетілген талаптарға сай келмеген. Тіпті, кейбір авторлар аты-жөнін ашық жазып жібергендіктен, оларды алып тастадық. Бәйгеге тапсырылған дүниелердің арасында ел қуанатын жақсы шығармалар жетерлік. Тәуелсіздікке, елдік рухқа тәрбиелейтін дүниелерді де кездестірдік. Соған қуанып отырмыз. Қазір іріктеліп-іріктеліп, отыз бес шығарма қалды. Бәйгенің саны – жетеу. Алдағы апталарда ұзақ отырыстарға шақырып отырмыз. Ол жиындарда шығармаларды дауыстап оқитын боламыз. Сол арқылы дауысқа саламыз. Өйткені қазылардың көзқарасы да әртүрлі. Оның қорытындысы, Халықаралық балалар кітабы күнінде, яғни 2 сәуірде белгілі болады. Сол күні жеңімпаздардың қатысуымен үлкен жиын өткізбекпіз.

– «Отыз бес шығарма іріктеліп шықты» деп айтып отырсыз. Бірақ оның жетеуі ғана бәйге сызығын кеспек. Қалған жиырма сегіз шығарманы не істейсіздер?

– Алдағы отырыстарда барлық шығар­маларды сарапқа салатын боламыз. Дауыстап оқимыз, салыстырып оқимыз. Сөйтіп, бір шешімге келеміз. Қалған шығармаларды басылым беттеріне жариялаймыз деген үмітіміз бар. Одан қала берді, кітап шығару да ойымызда бар.

– Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің арасында шалғайдағы елді мекендерде тұрып жатқан авторларымыз да бар ма?

– Республиканы қамтыған байқау болғандықтан, жер-жерлерден шығармалар түсті. Шын мәнінде кімнің шығармасы екенін анық білмейміз. Бізге тек нөмірлермен ғана беріліп отыр. Шығармалардың бәрі «Қазақмыс» корпорациясына түсті. Олар бізге цифрмен ғана ұсынуда. Бұл бәйгеге біздің классиктеріміз де шығармаларын ұсынған болар. Олардың арасында ертең өкпе де болуы мүмкін. Бірақ бәйгенің аты бәйге, талаптың аты талап. Жаңа көзқарастағы жаңа дүниелер де бар екен. Ертегілер, өлеңдер, әңгімелер де бар. Бәйгенің арқасында жаңа есімдерді де естіп қалуымыз да ғажап емес.

– Бұл байқауда жанрлық тұрғыдан ерекшеліктер бар ма?

–Жанрлық тұрғыдан алғанда, сценарийлер де келіп түсті. Этнографияға қатысты дүниелеріміз де бар. Негізгі, бұл бәйгенің мақсаты – балалар әдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық әдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау. Сондықтан, бұл шығармалардың арасында ана туралы, туған жер туралы, аң-құс туралы да шығармалар көп. Балалар ұғымындағы дүниелер болғаннан кейін, оған белгілі бір тақырыпты беріп, шектеп қою өте қиын. Қазір көп дүние істегің келеді. Бірақ оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Рухани дүниеміздің жанары жасаурап тұрған уақыт. Бүгінгі жазылған дүниелердің бәрі тақпақ боп тақылдап, өлең боп өріліп, балалардың санасына жақсы жағынан әсер етсе дейміз. Мұның бәрі балалар үшін өте сауатты жасалған дүниелер болар еді. Әрі оны оқып өскен бала да ертең керемет азамат болып өсер еді. Мұндай байқаулар өте әділ, шынайы жүргізілуі қажет. Ең бірінші, «Қазақмыс» корпорациясына, осы бәйгенің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Елімізде ірі корпорация­лар өте көп. Олардың көбі осылай рухани дүниелерге мойын бұрып жатса, онда ол ұлтқа мойын бұру деген сөз. Сондықтан, мұны тәуелсіздікке деген құрмет деп түсінем.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары