ЖАҢА ДОКТРИНАНЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАУҒА ТИІСПІЗ

ЖАҢА ДОКТРИНАНЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАУҒА ТИІСПІЗ

ЖАҢА ДОКТРИНАНЫ  ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАУҒА  ТИІСПІЗ
ашық дереккөзі
170

Нұртай САБИЛЬЯНОВ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өткен жылдың соңында Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан -2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жасаған еді. Жыл басынан бері бұл Жолдауды еліміздің барлық облыстарында талдап, дамуымыздың басты бағыты ретінде басшылыққа алуда. Жуырда Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі Нұртай САБИЛЬЯНОВ Шығыс Қазақстан облысындағы сайлаушылармен кездесіп, Жолдаудың маңызы мен мәнін түсіндіріп қайтты. Газет тілшісі сол сапардың қорытындылары мен Парламентте қаралып жатқан Заң жобалары жөнінде пікір алысқан еді.

– Нұртай Салихұлы, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының бас­ты бағыттары туралы айтып өтсеңіз жөн болар еді.

– Елбасының бұл Жолдауы Қазақ­станның 2050 жылға дейінгі да­муының негізгі бағыттарын айқындайтын, оның бас­ты мақсат-міндеттерін нақтылап берген тарихи құжат болып табылады. Бұл Жолдауда Мемлекет басшысы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын көрсетті. Президент өз сөзінде жаңа стратегияның басты мақсаты мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру болып табылатынын атап өтті. Бұл жаңа саяси бағыт Қазақстанды 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу. Осыған ұмтылу. Яғни, біз мемлекетіміздің күш-қуатын, халықтың ерік-жігерін, береке-бірлігін осы бағытты жүзеге асыруға жұмылдыруымыз қажет. Өйткені дамыған ел халқының да әлеуметтік жағдайы жоғары болып, өмір сүру деңгейі жақсарады.

Жолдаудың басты бағыттарының бірі – ұлттық экономикамызды дамыту. Бұл бағытта кезең-кезеңмен 2050 жылға дейін қандай міндеттер шешілу керектігі белгіленді. Атап айтқанда, мемлекеттің макроэкономикалық саясатын жаңғырту және бюджеттік, салықтық, ақша-кредиттік саясатқа және мемлекеттік және сыртқы борышты басқаруға түбегейлі өзгерістер енгізілетін болады. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту тәсілі, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту, табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізу, ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет екендігіне ерекше назар аударылып отыр. Ұлттық экономикамыздың жетекші күші ретінде кәсіпкерлікке де жан-жақты қолдау көрсету қарастырылған.

Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидалары, ұлт денсаулығы мен білім беру саласындағы жұмыстың негізгі басымдықтары, қоғамдық келісімді сақтау, мемлекеттілікті одан ары нығайту мен қазақстандық демократияны дамыту, сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтары – осы аталғандар Жолдаудың негізгі мазмұнын құраған бағыттар болып табылады.

– Соның ішінде Сіз қай саланың мәселелеріне тереңірек тоқталар едіңіз?

– Бұл орайда жаңа бағыттың экономикалық саясатын атап өткім келеді. Неғұрлым еліміздің экономикасы бәсекеге қабілетті болса, соғұрлым біздің тұрмысымыз, әл-ауқатымыз да, қоғамымыз да жақсарады. Болашақты болжай отырып, өндірісімізді, ауылшаруашылығын, мұнай-газ саласын, әлемдік тәжірибені ескере отырып, елге пайда әкелетіндей, өз-өзімізді қамтамасыз ететіндей, экспортқа тауарларды шығара алатындай қылып бағыттауымыз керек. Сол арқылы да бюджетке түсімді көбейтуді көздеуіміз қажет. Мемлекеттік жекеменшік серіктестікті дамытуды жүзеге асыру барысында отандық кәсіпкерлерімізді қолдап, бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, оның уақытында қайтарылуын қамтамасыз етуді де қарастырған жөн. Әр істе ашықтық, үлкен жауапкершілік, тыңғылықты жұмыс, нәтиже болу керек. Сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсартуда жұмысты жаңаша жалғастыруымызға назар аударылған дұрыс. Ал, бюджет саясатының басты принципі халықтың қаражатын тиімді пайдалану, бюджет тапшылығын барынша қысқарту екенін ешқашан ойымыздан шығармауымыз керек. Осыған қоса айтарым, бюджет қаражатына салынған объектілердің сапасын арттыру, қымбаттауына жол бермеу, уақытында іске қосып, халықтың қажетіне жарату маңызды міндеттердің бірі.

– Мемлекеттік қаражаттың қомақты бөлігі мемлекеттік сатып алуға жұмсалады. Осы салада да көптеген келеңсіз жағдайлардың орын алып жататынынан хабардармыз. Осыны қалай ретке келтіруге болады?

– Иә, айтқаныңыз рас. Мемлекеттік сатып алуды заман талабына сай жетілдіруіміз керек. Қоғамда оған қатысты көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өйткені қазіргі үлкен мәселе осында болып тұр. Оған қатысушыларға, ұйымдастырушыларға қатысты қатаң талап қойылып, жауапкершілікті мейлінше күшейту қажет. Әйтпесе, қашып кеткен, жоғалып кеткен, құрылыстарды тастап кеткен, сапасыз жұмыс істеп кеткен мердігерлер мен осыған бей-жай қарайтын шенеуніктер тайраңдап жүре береді.

– Сіз Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесісіз. Қазіргі кезде осы комитеттің қарауында қандай заң жобалары қарастырылуда?

– Қазіргі кезде оңалту және банкроттық туралы заң жобасы, Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелері бойынша заң жобасы талқылануда. Сонымен қатар, қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту мәселесі бойынша заң жобасы қарастырылуда.

Елбасымыз жақында ғана «Самұрық-Қазына» акионерлік қоғамына «БТА», «Альянс», «Темір» банктердің капиталынан бір жыл ішінде шығу туралы тапсырма берді. Енді осы тапсырманы орындауда үкіметпен бірігіп заң жобасын қабылдауымыз керек.

Кезінде әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты ұлттық қордың қаражатына екінші деңгейдегі бірқатар банктерді қолдау жүзеге асырылған еді, акциялары сатып алынған болатын. Ендігі басты мақсатымыз –екінші деңгейдегі банктердің ұлттық холдинг иеленіп отырған акцияларын сатқан кезде, сол акцияларды сатып алуға жұмсалған, банктерді қолдауға арналған мемлекет қаржысын қайтарып алуды қамтамасыз ету.

Осы жерде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылғанын айта кеткім келеді. Осы жұмыс тобының жетекшісі ретінде бірнеше отырыс­тар өткізіп, заң жобасын талқылаудамыз. Бұл заң жобасының мақсаты исламдық сақтандыруды ендіру, исламдық банктердің қызметіне қолайлы жағдайлар жасау арқылы елімізде толыққанды исламдық қаржы жүйесін құру, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру болып табылады.

– Бүгінгі таңда қандай заң жобаларымен жұмыс істеудесіз? Қандай заң жобаларына ұсыныстарыңызды бердіңіз? Сайлау­шылардан жиі хат аласыз ба?

– Қазіргі уақытта «Жол жүрісі туралы», «Дербес деректер туралы», «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы», «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және басқа да көптеген заң жобаларына өз ұсыныстарымды бердім. Жұмыс топтарында бұл ұсыныстар қарастырылуда.

Сонымен қатар, «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының жұмыс тобының мүшесі ретінде де жұмыс істеудеміз. Заң жобаларын талқылау, қарастыру барысында халықпен кездесулерде айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлерді де ескеруге тырысамыз.

Сондай-ақ, халықтан келген хаттар, шағым-арыздарға уақтылы жауап беру, елдегі мәселелерді көтеру, үкіметке, мемлекеттік органдарға жеткізу, шешуге атсалысу да біздің міндетіміз. Өйткені әр хаттың артында адамдардың тағдыры, мәселесі, ұсынысы бар. Былтырғы уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін менің атыма 800-ге жуық хат келген екен.

– Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында жуырда өңірлерге іс-сапармен барып келдіңіздер. Өзіңіз барған өңірдің қазіргі жағдайы қалай екен? Сайлаушылар қандай мәселелерді көтерді?

– 2013 жылғы 11-17 қаңтар күндері Мәжіліс депутаты Толеген Ибраевпен бірге Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында, Ұлан ауданының Қ.Қайсенов кентінде, Жарма ауданының Үшбиік, Қалбатау ауылдары мен Шар қаласында, Аягөз қаласында, Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында, шекарамен шектес Үржар ауданының Таскескен, Үржар, Мақаншы, Науалы ауылдарында сайлау­шылармен барлығы 20 кездесу өткізіп келдік. Соның ішінде, теміржолшылармен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, жастармен, балалар үйінде кездесулер болды. Бұл кездесулерде біз сайлаушыларға Елбасымыздың халыққа Жолдауының негізгі мазмұны мен бағыттарын түсіндіруді мақсат еттік, халықтың көтерген мәселелеріне, айтқан ой-пікірлеріне назар аудардық.

Бұл орайда халықтың тарапынан да әртүрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жөнінде көптеген ұсыныс-тілектер айтылды. Мәселен, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар ашу, кәсіпкерлікті қолдауға берілетін шағын несие көлемін арттыру және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй салу, ең төменгі зейнетақы мөлшерін арттыру, жер мәселесі, медициналық көмектің сапасын арттыру, шекарамен шектес елді-мекендерді дамыту, бұрынғы Мақаншы ауданын қайта қалпына келтіру, Аягөз және Шар қалаларын шағын қалаларды дамыту бағдарламасына кіргізу және т.б. мәселелер көтерілді. Сонымен бірге, атқарушы органдардың жұмыстарына, есебіне және бюджет қаражатынан салынып жатқан құрылыстарға, жолдарға қатысты сын-пікірлерін жеткізді. Өскеменде болған жастармен кездесуде жастар, қоғамның бүгінгі проблемалары, оны шешу жолдары туралы ашық пікір алмасу болды.

– Өңірлерді, соның ішінде ауылдарды дамыту туралы қандай ой айтар едіңіз?

– Әрине, ауылды жерлердегі тұрмыс деңгейін көтеру, халықтың әл ауқатын арттыру аса маңызы бар мәселе деп білемін. Шығыс Қазақстан облысының аудандарына, ауылдарына жиі баратындықтан да ондағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныспын. Ауылға инвестиция саламын деген кәсіпкерлер көп емес. Сондықтан да жеңілдетілген несиені ауыл кәсіпкерлеріне беріп, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауымыз керек. Елдімекендерімізді дамыту үшін алдымен сол жерлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру, жолдарды күрделі жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, сонымен бірге ауыл экономикасын дамыту мақсатында ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар ашу қажет. Атап айтқанда, жүн-тері өңдейтін цехтар, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар және тағы басқаларын. Сондай-ақ, тұрғын үйлер салуды ауылдық жерлерде де қолға алуымыз керек. Өйткені бүгінгі таңда ауыл жастарын өз өңірлерінде еңбек етіп, тұрақтандыру үшін оларды үймен қамтамасыз ету өзекті болып отыр. Міне, осы және тағы басқа мәселелер жүйелі түрде шешіліп жатса ауылдарымыз да, аудандарымыз да көркейіп, тұрғындардың әл-ауқаты артатын еді.

– «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі жұмысы қалай атқарылуда?

– «Нұр Отан» партиясы өңірлерде белсенді жұмыстар атқаруда. Біздің партиямыз республика көлемінде барлық облыстарды, барлық аудандарды қамтыған, халықпен, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан саяси партия. Бүгінгі таңда өңірлерде «Нұр Отан» партиясының 6300 бастапқы партия ұйымдары, 3000 партиялық бақылау бекеттері, 271 қоғамдық қабылдау орындары жұмыс істеуде. Парламент депутаттары да өңірлерге жиі барады, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды, партияның филиалдарымен жақсы байланыста.

Жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050 Стратегиясын» жүзеге асыру аясында «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасын әзірлеуді тапсырды. Осы Доктринаны әзірлеуге де депутаттар белсенді қатысады деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары