БІРТҰТАС ҰЛТТЫҢ БЕЛГІСІ — БІРЛІК

Кезінде Карл Маркс: «Өзі тұрып жатқан елдің тілін қонақ, есалаң немесе өз тілін күштеп үйреткісі келетін басқыншы ғана білмейді» деген екен. Өкінішке қарай, 22 жылға аяқ басқан Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәселесі әлі күнге шешілген жоқ. Есесіне, дамыған және дамушы мемлекеттерде тіл мәселесі – алдыңғы қатарда. Мысалы Францияда кез келген азамат француз тілін білуге міндетті. Былтыр Саркози француздар жеріне көшіп келетін мигранттарды тезірек ассимиляциялау үшін французша білу міндеттелетінін мәлімдеген.

Ол елдегі бірде бір азамат «бізді француз қылайын деп жатыр» деп аттанға басқан жоқ. Өйткені ол – Францияның ішкі саясаты. Ал ұлттық саясатқа ұю – кез келген азаматтың міндеті. Мұндай жағдай Германияда да ашық айтылады. Мысалы, 2010 жылы Германия канцлері Ангела Меркель мигранттарға неміс тілін білуді міндеттеді: «Біздің қоғамның бір бөлшегіне айналғысы келетіндер біздің заңымызды сақтаумен бірге, біздің тілімізде сөйлеуі керек», – деп мәлімдеді. Бұл сырттан келгендерге қойылған басты талап. Ал Германия азаматтарына тіл тұрғысындағы талаптың өте күшті екені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік тілді құрметтеу және оны білуге қатысты мәселені РФ президенті В.Путин де жиі көтереді. Ресейде уақытша жұмыс істеуге келгендердің өзі орыс тілінен сынақ тапсыруы тиіс. Ал Қазақстанда қалай? Тәуелсіздік алғалы 22 жылға аяқ бастық. Кіндік қаны Қазақ топырағында тамғандардың кейбірі Қазақ тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, өнері мен салт-дәстүрін бойға сіңіруге аса құлшынбайтыны несі? Азаматтар арасында мемлекеттік тілді білмейтіндер, тіпті білгісі келмейтіндер неге кездеседі? Қазақша білу туралы сөз қозғалса-ақ, «аяққа тапталған адам құқығы» туралы аттандардың жиілейтіні қалай? ҚР Конституциясында көрсетілген мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің еліміздегі кейбір өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне қажеті болмағаны ма? Дәл осы мәселені ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында көтерді: «Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған», – деп ашық айтты. Елбасы бүгінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқитынын, мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылатынын атап өтті: «Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде».

Қазіргі кезде Қазақстан мемлекетін құраушы ұлт – қазақтардың саны 65 пайызға жетті. Мемлекеттік тіл еліміздегі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде ғана Қазақстан ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз. Осы пікірді айтқан Елбасы біртұтас ұлт идеясын ұсынды. «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық» деп ағынан жарылған Қазақ президентінің сөздері ұлт болып ұйысу жолында ұстанатын ұранға айналуы тиіс. Біз осы орайда, Қазақстанда тұратын өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін әңгімеге тартып, біртұтас ұлт идеясы туралы пікірін білген едік.

«МЕН – ҚАЗАҚПЫН!»

Владимир Ильич ШИН, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, Алматы қалалық Кәріс ұлттық мәдени орталығының өкілі:

– Америкада ешкім ешкімнен ұлтын сұрамайды. «Америкалық» деген ұғым бар. Қазақстанда тұрып жатқан адамдар өздерін «қазақпыз» деуі керек. Мен өзімді «арғы тегім – кәріс, орыстанып кеткен қазақпын» деп есептеймін. Дұрысы – осы. Мысалы Жапония­да тұратын кәрістер өздерін жапонбыз дейді. Бірақ шыққан тегі – кәріс.

Өз басым Қазақстанда туғам, сондықтан Қазақстанды оттан да ыстық Отаным деп білем. Осында тудым, осы жерде өлем. Басқа барар жер, басар тауым жоқ. Әке-шешемді де осында арулап көмгем. Отанымды осында таптым. Иә, бір емес, екі Корея бар. Бірақ олар – ата-бабаларымның Отаны. Мен Қазақстанда туғаным үшін кінәлі емеспін ғой. Менің бала-шағам да Қазақ жерінде дүниеге келген. Қазір олар да қазақша үйренуде. Жалпы мен төлқұжаттағы «ұлт» деген сөзді алып тастау керек деймін. «Кімсің?» деп сұраса, «мен – қазақпын» деп жауап беруі тиіс. Шыққан тегіңді айтып-айтпау – өз еркің.

Қазақстанның бүкіл халқы өзін қазақ деп атау туралы ұсынысымды өзге ұлттардың өкілдері қалай қабылдайтынын білмеймін. Бірақ 1936-37 жылдардағы репрессия кезінде Қазақстанға жер аударылған ұлттардың бірде бірі егер Қазақ болмағанда тірі қалмас еді. Мұны осындағы ұлттар мен ұлыстардың 95-99 пайызы жоққа шығара алмайды. Қазаққа деген ризашылық пен сыйластық сезімді олар балаларының бойына Ананың сүтімен сіңіруі тиіс. Кезінде бір үзім нанын бөліп беріп, ажал тырнағынан алып қалған Қазақтың жақсылығын ұрпақтан ұрпаққа аманаттап отырған абзал. Ұрпақтар сабақтастығының арқасында ғана Қазақтың жақсылығын бабадан балаға жеткізіп отыруға болады.

«ҚАЗАҚША БІЛМЕУ – ҰЯТ»

Гасане ХАДЖИСУЛЕЙМАН, «Барбанг» Күрдтер қауымдастығының өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Әр халық өз тілін білуі керек. Егер Ана тілін білмесе, ол адамның ұлты жоқ. Мысалы, менің ұлтым – күрд. Бірақ мен орысша сөйлесем, Ана тілімді білмесем, мен – орыс­пын. Ұлттық рух деген болмайды ондай адамда. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы үш тіл білуді міндеттейді: әр ұлт өкілінің Ана тілі, қазақ тілі және ағылшын тілі. Мен Қазақстанда тұратын барлық азамат ең алдымен мемлекеттік тілді үйренуі керек деп есептеймін. Енді бір бес-он жылдан кейін құжаттардың барлығы қазақша жүргізіледі. Балаларымызды түгел қазақ мектебіне береміз.

Өз басым мемлекеттік тілді білмейтін қазақтарды мемлекеттік қызметке алуға болмайды деген пікірдемін. Арменияда туып-өскенмін, Қазақстанға келгелі 25 жылдан асты. Қазақшаны осында келгеннен кейін үйрендім. Жас емеспін. Бірақ мемлекеттік тілді меңгеруде жас мөлшерін сылтаурататындарға айтар уәжім бар. Кейде ана тілін білмейтіндерден себебін сұрасам, орыс мектебінде білім алғанын көлденең тартады. Бұл сылтау емес. Әр адамға ұлттық рух керек. Ұлттық намыс керек. Егер өз-өзіңді сыйламасаң, Ана тіліңді қадірлемесең, сені кім сыйлайды? Ешкім! Қазақстанның әрбір азаматының борышы – мемлекеттік тілді білу. Егер Қазақстанды, қазақ халқын сыйласа, өзге ұлт өкілдері міндетті түрде қазақша үйренеді. Мемлекеттік тілді үйренуге ешқандай кедергі де, қиындық та жоқ. Байқағаным, қазір жастар арасында қазақша білуге құмартқандар саны өсіп келеді. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарынан насихат жұмыстарының жүргізілуінен де шығар.

Балаларымды қазақ мектебіне бердім. Төрт немеремнің екеуі қазақша, екеуі орысша білім алуда. Бірақ отбасымызда қазақша білмейтіндері жоқ. Атам 1937 жылы Қазақстанның Бақанас ауылына жер аударылып келген. Қыстың ызғары өңменнен өтеді, үстерінде жібі түзу киімі жоқ. Ішерге – ас, жеуге – нан, ұрттауға су таппай қиналған сәтте күрд халқына көмек қолын созып, бір үзім нанымен бөліскен, бауы­рына тартып, жанашырлық танытқан – Қазақ халқы. Қазақтың жақсылығының арқасында ажалдан аман қалған атам бізге: «Қазақтар жасаған жақсылықты ешқашан ұмытпаймын, сендер де ұмытпаңдар», – деді.

Мен шет мемлекеттерде жиі боламын. Еуропа, Сирия, Ирак, Түркия т.б. елдерге барғанда менен қайдан келгенімді сұрайды. Мен «Қазақстаннан» десем, «қазақша білесің бе?» дейді. Мен «әрине, білемін» деп жауап берем. Егер «жоқ» десем, ұят емес пе? Қазақтың «су ішкен құдығыңа түкірме» деген нақылы бар. Азаматтық борышымды өтеуді мақсат еткендіктен, Абай Құнанбаев, Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін күрд тіліне аудардым. Қазақтың поэзиясы – керемет дүние. Осы себепті шығармалар жинағымның бір бөлімін қазақ поэзиясына арнадым. Қазіргі кезде Абайдың «Ескендір» поэмасын күрд тіліне аударып жатырмын. Жоспарым көп. Қазақ әдебиетінің күрд тіліндегі анталогиясын жасауды қолға алдым. Бұйыртса, биыл жарыққа шығады.

«МЕН ӨЗІМДІ ҚАЗАҚ СЕЗІНЕМІН»

Татьяна Сергеевна КУРИЛОВА,

«Созвучие» Славян тобының тобының мүшесі:

– Мен Алматыда туып-өскенмін. Алматылықпын. Меніңше, Президенттің «біртұтас ұлт идеясы» өте орынды көтерілген мәселе. Мен қос қолымды көтере қолдаймын. Өзіміз үйренумен қатар бала-шағамызды да қазақ тілін үйренуге баулып, мемлекеттік тілді жан-жақты насихаттауға атсалысуымыз керек. Кеңестер Одағының кезінде қазақ тіліне деген қажеттілік болмады, барлығы тек орысша сөйледі. Бірақ енді жағдай басқаша. Н.Назарбаев халыққа Жолдауында кем дегенде үш тіл білуді міндеттеді: қазақша, орысша және ағылшынша. Заманауи технологияның дамуы ағылшын тіліне деген мұқтаждықты арттырды.

Кіндік қаным Қазақстан топырағында тамды, осы жерде өсіп-өндім, балалы-шағалы болдым, әке-шешемді о дүниеге осы елден аттандырдым. Басқа баратын жерім жоқ. Менің Ота­ным, Туған жерім – Қазақстан.

Қазақстан халқын біріктіретін ортақ күш – Қазақтың тілі, тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінде тұратын әр азамат осыны жадында ұстауға міндетті. Қанша жыл қазақтармен қоян-қолтық араласа жүріп, менің менталитетіме дейін қазақыланып кеткен. Мысалы қазақтың ұлттық тағамы – етті ұзақ жемесек, аңсап тұрамыз. Бұрын «бешбармақ» дейтінбіз. Сөйтсек, дұрыс атауы «ет» екен. Бірге өмір сүргеннен кейін дәстүр мен салт ассимиляцияға түседі ғой. Сондықтан мен өзімді қазақпын деп сезінемін. Бірде мен Ресейдегі халық қалай тұрады екен деген қызығушылықпен, Калининградқа бардым. Бірде дүкеннен шығып келе жатсам, бір ер адам: «Сіз сірә, сырттан келген шығарсыз?» – деп сұрады. Мен таңғалдым: «Оны қайдан білдіңіз?». Ол жергілікті тұрғындардан жатжерліктердің ерекшеленіп тұратынын айтып, қайдан келгенімді сұрады. Мен: «Алматыдан», – деп едім, ол: «Алматы қай жерде?» – деді. Мен «Қазақстанда» десем, «Қазақстан деген қай жерде?» – деп қарап тұр. Мен қолымды бір сілтедім де, кетіп қалдым. Ол жақтағылардың деңгейі, білім көкжиегі өте төмен. Алғашында есімнен танып қала жаздадым: сонда ол географиядан бейхабар ма? Кітап оқып көрмеген бе? Сосын ресейліктермен араласа жүріп, қандай екендіктеріне көзім жетті. Мұндайда өзіміздің отандастардың деңгейі әлдеқайда биік екендігі қуантады. Сондықтан Қазақстаннан басқа ешқайда кеткім келмейді. Қазақстан – менің өз үйім, өлең төсегім. Мұндайда Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев сияқты сұңғыла саясаткердің басқарып отырғанына шүкіршілік етесің.

Өкінішке қарай, бүгінгі өмір ақшаға қатты тәуелді. Осы себепті, ақша рухани құндылықтардан жоғары тұр. Мемлекеттің келешегі саналатын жас ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды барынша терең сіңіру үшін мемлекет жағдай жасауы тиіс. Ол үшін Қазақстанның мемлекеттік қағидаларын балалар мен жастарға насихаттай отырып, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік туғызу керек. Мысалы, қазір балалар спортпен шұғылдану, жүзу, шахмат ойнау, музыкалық аспаптарда ойнау секілді сүйікті ісімен кеңестік үкімет кезіндегідей тегін шұғылдана алмайды. Олар көбінесе ақылы. Рас, Республикалық Оқушылар сарайында кейбір тегін үйрімелер бар. Алайда орындар саны шектеулі. Келешек ұрпақтың жаны мен тәні сау болсын десек, осы мәселеге баса назар аударуымыз керек. Меніңше, мемлекеттік тілді меңгертуді балабақшалардан бастаған жөн. Балалар өзара қазақша сөйлесіп, ойын қазақша еркін жеткізе алғанда ғана сапалы түрде тіл үйрене алады. Бес жасқа дейін бала санасына сіңірілген қазақ тілі одан ары қарай дамуына орасан зор мүмкіндік туғызады. Егер 10-12 жас­тан бастасақ, баланың санасы қалыптасып қалғандықтан тілді қабылдауы қиынға соғады.

Мемлекеттік тілді үйренем деушілерге ешқандай кедергі жоқ. Тек ынта мен талап керек. Жасым 66-да. Бес ай бұрын Ассамблеяда қазақ тілін үйренуді бастадым. Әзірге керемет білем дей алмаймын, бірақ ендігі сөздік қорымда 1000 сөз барын мақтанышпен айтамын. Бүгінде жайлап қазақша әңгімелесуді бастадым. Бізге қазақтың халық әндері қатты ұнайды. Әуезі керемет қазақ әндерін сүйсіне шырқаймын. Бәлкім, бала кезден құлағыма сіңіп өскендіктен шығар, Абайдың әндері, халық әндері, қазақ поэзиясы жаныма жақын. Оның үстіне, қазіргі құрбыларымның барлығы дерлік – қазақтар. Бірге жүреміз, бірге қыдырамыз. Олар кейде маған: «Кеттік «Тамашаға»!» – дейді де, артынша: «Ой, сен қазақша түсінбейсің ғой», – дейді. Осындайда көңілімнің құлазып қалатынын жасырмаймын. Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, мемлекеттік тілді білу азаматтық парызым деп есептеймін.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ – МІНДЕТ»

Александр Викторович ПАВЛОВСКИЙ, «Вензь» поляк қауымдастығының өкілі, Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшесі:

– Менің арғы атам патша үкіметінің кезінде Сібірде айдауда жүрген. Поляктарға деген көзқарас түзеле бастағанда, яғни, 1956 жылы атамның Алматыға жолы түседі. Елге қайтқаннан кейін ол «Алматы дегеніміз – жұмақ» деп келеді. 1959 жылы ол кісі көз жұмды. Марқұм атамның сөзі қатты әсер еткен әкем 1956 жылы Алматыға көшіп келді. Осында келген бетте мені қазақ мектебіне апарды. Өкінішке қарай, ондағылар мені мектепке қабылдаудан бас тартты. Осы себепті, орысша оқуға мәжбүр болдым. Менің айтқым келгені, әкем қазақ тілінің қадірін сол кезде-ақ білген екен. «Қазақстанда тұрсаң, қазақша білуге міндеттісің» деген қағида ғой. «Вензь» поляк қауымдастығын биылға дейін бірнеше жыл басқардым. Басшылық еткен кезімде қандастарыма «Қазақстанда тұрасың ба, қазақша міндетті түрде білуге тиіссің» дейтінмін. Дәл осы сөзді халыққа Жолдауында ҚР Президенті Н.Назарбаев та айтты.

Меніңше, біртұтас ұлт дегеніміз – Қазақстандағы тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан ортақ отбасы. Ол үшін ортақ құндылықтар болады. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері өздерінің ғана емес, сондай-ақ, Қазақ халқының тарихын, тілін, мәдениеті мен әдебиетін, дәстүрін бойға сіңіруі керек. Сессияда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Кәрі кісілер асарын асады, жасарын жасады. Бірақ жас ұрпақ міндетті түрде қазақ тілін білуі тиіс»,– деді. Қазіргі саясаттың ауаны түзелді: балабақшалардан, мектептерден бастап мемлекеттік тілді үйретуге көңіл аударылуда. Тілді үйретуде еңбек босқа кетпес үшін арнайы бір жүйе мен қатаң қадағалау болуы шарт. «Қазақша білесің бе, білмейсің бе?» деген сұрақпен шектелген жарамайды. Бір деңгейден екінші деңгейге өтерде балалар арнайы сынақ тапсыруы қажет. Бұл жұмыстың сапасын арттырады.

Маған кейде қандастарым Польшаға кеткісі келетінін айтады. Мен «Полякша білесің бе?» десем, «жоқ» дейді. «Тарихын ше?», «жоқ». «Заңын білетін шығарсың?», «жоқ, білмеймін». Мұндайда мен «Ендеше Польшада саған не бар? Сенің туған-туысқаның – Қазақстанда. Мүмкіндік беріліп тұрғанда қазақша үйрен. Қазақстанды дамытуға үлес қос»,– деп кеңес берем.

Қазақстан халқының арасында мемлекеттік тілді білмейтіндердің кездесуі, меніңше, әзір қажеттілікті түсіне алмай жатқандығынан. Іс-қағаздары толығымен мемлекеттік тілге көшіп, жоғарғы жақ тілге ден қойғанда ғана адамдардың қазақ тіліне деген көзқарасы өзгере бастайды.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНСІЗ БІРЛІК ЖОҚ»

Манана Георгиевна КУШИТАШВИЛИ, Алматыдағы грузиндердің мәдени орталығында грузин пәнінің мұғалімі:

– Қазақстандағы біртұтас ұлт идеясы дегеніміз – Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігі. Оларды біріктіруші күш – Қазақстанның мемлекеттік тілі. ҚР азаматтарының арасында мемлекеттік тілді білмейтіндері бар. Бірақ олар қазақша үйренуге тырысқаны абзал. Арнайы курстарға барсын, аралассын, ортасын қазақтілділерге өзгертсін… Тиімді жолдары көп қой. Тек ынта мен жігер керек. Мысалы, мен қазақша сөйлеуді қатты армандап, мұғалімнен қазақша сабақ алып жүрмін. 11-сыныпта оқитын қызыма «Мемлекеттік тілді білу – парызың. Қазақ тілін Ана тіліңнен де артық біл. Қазақша білмей, өсіп-өркендеу мүмкін емес» деп Құдайдың құтты күні құлағына құйып отырамын. Өкінішке қарай, қызым білім алатын мектепте мемлекеттік тілді жоғары деңгейде оқытпайды. Сондықтан екеуміз де Ассамблеядағы қазақ тілі сабағына қатысамыз. Бәлкім, келешекте қазақ тілін үйретуге мемлекет баса назар аударатын шығар. Өйткені мемлекеттік тілдің бірлігінсіз мемлекетте біртұтастық болмайды. Меніңше, халықтың бірлігінде мемлекеттік тілді білумен қатар Қазақстандағы бүкіл ұлт пен ұлысқа қазақтардың мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін насихаттау керек.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы 22 жылға кетті, бірақ азаматтар арасында мемлекеттік тілді білмейтіндер бар деген мәселеге келсек, меніңше, бәрі кеңестік заманның саясатына байланысты. Басымдық орыс тіліне берілгендіктен, тіпті, қазақтардың кейбірі ана тіліне шорқақ болды. Алдымен қазақ тілін білуді талап етіп, сосын қалған тілдерді үйрену керек еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Меніңше, енді мемлекеттік тілді білуге деген талапты күшейту керек. Қашанғы соза береміз? Жас буын жүйелі түрде үйренуді қолға алсын. Қазақстан – Туған жеріміз, Қазақ тілі – туған тіліміз. Осы қағида бойынша өмір сүру қажет.

«ҚАЗАҚТЫ ТАНУ КЕРЕК»

Анастасия Евстафьевна ПЕТРИДИ, «Филия» Грек қауымдастығы ассоциациясының өкілі:

– ҚР Президентінің біртұтас ұлт туралы идеясы маған қатты ұнайды. Қазақстанда туып, осында өстім. Ешқашан өзімді бөгде кісі сезінген емеспін. Ұлтымызға қарамастан, біз біргеміз. Туған жерімізге деген сезімдеріміз де бір. Біртұтас ұлт қағидасы – керемет бастама. Халықты одан сайын нығайтып, ауызбіршілігін күшейте түседі. Қазақстан азаматтары өздерінің Ана тілімен бірге қазақ тілін білуге міндетті. Сонда адамдар арасындағы түсіністік артады. Сонымен қатар өз салт-дәстүріңді бойға сіңіре отырып, қазақ халқының салтын, әдет-ғұрпын, өнері мен мәдениетін меңгеру қажет. Бөле-жаратын түгі жоқ, тату-тәтті өмір сүргенге ештеңе жетпейді. Адам Ата мен Хауа Ананың кезінен бастап адамдар бір-біріне бауыр. Қорыта айтқанда, біртұтас ұлт болуға ұмтылу – сәтті бастама. Ал Қазақстанның мемлекеттік тілін білуге әрбір азамат міндетті. Оған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.

Дайындаған

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button