РАҚЫМШЫЛЫҚ ШАРАСЫНАН СОҢ...

РАҚЫМШЫЛЫҚ ШАРАСЫНАН СОҢ...

РАҚЫМШЫЛЫҚ ШАРАСЫНАН СОҢ...
ашық дереккөзі
218

Қоғамда ойнап жүріп от басқандар да, байқамай жүріп шалт кеткендер жетерлік. «Адам аласы ішінде, жылқы аласы сыртында» демекші, күн сайын әртүрлі адамдармен бетпе-бет келіп жатамыз. Ал шын мәнінде, олардың ішінде қылмысты әрекеттерге бейімдері аз ба?!

Жақында Алматы қаласы, Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасы сотталып, уақытынан бұрын шартты түрде босатылған азаматтармен арнайы кездесу өткізді. Қылмыстық оқиғалардың алдын алуға байланысты ұйымдастырылған шарада қалалық диспансердің нарколог-дәрігері Руслан Әлиев есірткінің ағзаға кері әсері туралы лекция оқып, азаматтардың сұрағына жауап берді. Бұдан былай олардың теміртордың арғы бетіне бармауы үшін ішімдік пен нашақорлықтан бойларын аулақ ұстауы керектігін қадап айтқан дәрігер көпшілікпен келелі әңгіме өткізді. Сотталғандардың ішінде көптен бері жанын мазалап жүрген сауалдарына жауап алғандар да болды. Мәселен, бұрын вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген азамат әрі қарай қалай әрекет ету керектігін сұрады. Өмірін түзеуге бет бұрған сотталушыға жан-жақты көмек бергісі келген мамандардың пікіріне құлақ түрсек, олар әуелі Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына өтініш жазып, жұмыс беруші мекемеден арнайы қағаз әкелу керек екен. Сол кезде ғана оған рұқсат берілуі мүмкін. Ал содан соң шартты түрде босатылған азаматты жергілікті учаскелік инспектор тіркеуге алып, бақылауда ұстайды.

Елімізде ұсақ қылмыспен жазаға тартылғандарға рақымшылық шарасы жиі жасалады. Кейбірі өзінің қателігін түсініп, өмірге жаңа көзбен қарауы әбден мүмкін. Сондықтан да сотталушылар жасаған қылмысына, тәртібіне қарай шартты түрде босатылады. Бұл жөнінде Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Арнұр Ақылбеков: «Бізде шартты түрде босаған азаматтарға сот арқылы міндеттемелер қойылады. Оларға кешкі сағат оннан таңғы алтыға дейін үйден шығуға болмайды. Және ішімдік ішетін орындарға баруға да тыйым салынған. Бір сөзбен айтқанда, әкімшілік құқық бұзылмау керек. Егер шартты түрде босаған азаматты мас күйінде көрсек, хаттама немесе акт толтырамыз. Ал үш немесе одан да көп құқықтық бұзу фактісі орын алса, қайтадан түзеу мекемелеріне жіберетін қаулы шығуы мүмкін», – дегенді айтады. Айта кету керек, 2012 жылы Алматы қаласы бойынша шартты түрде босаған 7 азамат көп ұзамай соттың үкімімен тәртібін түзеу мекемесіне қайта барған. Соның екеуі Алмалы ауданы Ішкі істер басқармасында тіркелген көрінеді.

Ал ауданның қылмыстық атқару инспекциясының бөлім бастығы, әділет подполковнигі Айнаш Сәрсенбаеваның айтуынша, шартты түрде босатылған азаматтардың саны 60-тан асса, бүгінде алты категория бойынша 112 сотталған азамат тіркеуде. «Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Олардың арасында қылмыстың ұсақ түрлері – есірткі сатумен, ұрлық-қарлықпен айналысқандары көп. Егер сотталушыға бес жыл өтеу мерзімі берілсе, ол режимді бұзбай, әкімшілік тәртіпке бағынып жүрсе екі жарым, үш жылдан соң шартты түрде босатылуы мүмкін. Бірақ оларға арнайы талаптар қойылады. Учаскелік инспектор тәуліктің кез келген уақытында үйіне барып, тексеруге құқы бар. Ал кешқұрым үйінде болмаған жағдайда акт толтырылып, куәгер көршілерінен сұрау алынады. Яғни, бұл кезде тәртіпті бұзған болып есептеледі», – дейді ол.

Құқық қорғау қызметкерлері былтыр қылмыстық оқиғалардың өршіп кеткендігін айтады. Сол себептен қоғамда жастардың қылмысқа бой алдырмауы үшін алдын алу шараларын жиі өткізу қолға алынуда. Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлім бастығы Арнұр Ақылбеков жақын арада Прокуратура мамандарымен бірлесіп түрлі акцияларды өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. «Қылмыстық кодекстің 175-бабы, яғни ұрлық бойынша сотталған азаматтардың суретін қоғамдық орындар мен көліктерге іліп, жұрттың назарын аударуға тырысамыз. Қала тұрғындары көбінесе қоғамдық көлікте ұялы телефонын, әмиянын жоғалтып жатады. Сондықтан да қарапайым халық ұрылардың кім екенін біліп жүруі керек деген оймен осындай қадамға барып отырмыз», – деді полиция капитаны.

Бүгінде сотталғандардың көбі ұсақ қылмыс түрімен ұсталғандар. Оның ішінде нашақорлық дертінен айыға алмай, маскүнемдікке салынып кеткендері көп. Ал тап қазір қоғамда ұсақ қылмыстар мен әкімшілік құқықты бұзу деректері де жиілеп кеткен. Елбасы Парламент депутаттарының отырысында көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе – қоғамдық орындарда адамдардың өзін-өзі ұстауын реттейтін қарапайым да түсінікті заңдар шығару керектігіне баса назар аударған болатын. «Сағызын шайнап, лақтырып тастағандарды ұстап, алдымен ескерту жасаңдар. Екінші рет қайталаса, айыппұл салу керек. Үшіншісінде үш күнге қамаңдар», – дегені есте. Бұл тапсырманы орындауға құқық қорғау қызметкерлері кірісіп те кетті. Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Құрманхан Нұрымбетовтың айтуынша, ұсақ қылмыс бойынша былтыр 75 адам ұсталса, оның 25-і қамалып, 50 азамат айыппұл төлеген. Ал биылдың өзінде 12 адам әкімшілік қамауға алынып, біреуі он тәулікке, тағы біреуі бір тәулікке түнеп шыққан. Қалған оны әкімшілік айыппұл төлеп құтылған.

Демек, қоғамдық мәдениет қалыптастыру адамның өз қолында. Тіпті, адамның мәдениетінің қандай екенін қарапайым ортада қалай ұстауынан білуге болады. Ал өзінің қоғамын, қаласын, тіпті кішкене ғана ауласын таза ұстауға тырыспаған адамда мәдениет туралы түсініктің болуы да неғайбыл.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары