Әкім сайлау оңай ма?

Әкім сайлау оңай ма?

Әкім сайлау оңай ма?
ашық дереккөзі
248

Биыл 2,5 мың әкім демократиялы сайлау жолымен билікке келмек

Әкім сайлау мәселесі Қазақстан тәуелсіздік алғалы көп айтылып, талай талқыланса да, бұған дейін оның түбегейлі шешімі табылмады. Осыдан он екі жыл бұрын әкім сайлауды қолға алғанбыз. Сегіз жыл бұрын суыт эксперимент өткізіп, төрт ауданның әкімдерін сайладық. Бірақ «халық әкім сайлауға әлі дайын емес!» деп даусы қарлыққанша дау айтатындар әлі де жыртылып- айрылады. Осының бәрін електен өткізгенде, сырт көзге Қазақстан әкімдерді сайлап қоюға әлденеден тайсақтайтындай көрінетіні рас.

Шындығында, Қазақстан секілді аумағы зор мемлекетте жергілікті басшылардың лауазымды қызметтерге бекітілу тәртібі аймақтардың тыныштығы мен ел тұтастығының кілті. Бұл жерде көрші Ресейдің жағдайы бізге ұқсас. Сондықтан болса керек, Кремль соңғы он жылда біресе жергілікті аймақ басшыларын сайлауды енгізсе, біресе оларды орталықтан тағайындауды жөн көріп, қайта-қайта реформа жасап жатқаны. Путин губернаторларды сайлауды жойып, билікті орталықтандыруды күшейтсе, Медведев бұл салада либерилизация жасауға талпынды. Губернатор сайлауын санаттан шығарған кремльдегілер сайлау нәтижесінде бұл қызметке ел басқаруға қабілетсіз адамдардың өтіп кетуі белең алғанын сылтау етті. Соңғы жаңалық – жергілікті субъектілерге губернаторды халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлау немесе аймақтық парламентте сайлау түрін өздерінің таңдауға ерік беріп отыр. Осылайша Кремль билікті біртіндеп орталықсыздандыруға амалсыз көне бастаған сияқты.Ақ дегені – алғыс…Әкім сайлау туралы айтқанда, Қазақстанда облыс әкімдерін сайлау мәселесі күн тәртібіне қойылған емес. Бұл да ескеретін жайт. Облыс басшысының лауазымы саяси қызметке жатады, яғни аймақ басшылары елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына, саяси тұрақтылыққа, аймақтың даму қарқынына, қарамағындағы елдің тыныштығына жауап беретін беделді тұлға.

Президенттің Үкіметтің селекторлық жиындарында әкімдерге әлдебір маңызды мемлекеттік мәселелерге қатысты қатты шүйлігіп, аяусыз сынға алып жататыны бекер емес.

Биыл жалпы саны 2533 әкімді сайлаймыз. Бұлар – селолық аймақтар, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалар (барлығы елу шақты) басшылары. Статистикалық тұрғыдан алғанда, барша әкім-қараның 91,7 пайызы. Сандық басымдылыққа ие болса да, бұл әкімдер негізінен облыстың бірінші басшысының қолына қарап отырғаны белгілі. Әдетте облыс басшысы аймақта өзіне-өзі – қожа, өзіне-өзі – би секілді. Сондықтан қандай да бір аудан, қала әлде кент, ауыл әкімі болсын, облыс басшысының алдында құрдай жорғалайтыны – жасырып-жабуға келмейтін бұлтартпас шындық. Тәуелсіздік тарихында облыс басшысының алдын кесіп, халықтың мүддесі үшін оның бетіне қарсы келген лауазымы кіші әкімді көрген жоқпыз. Бұл саяси сатыда қызметтік иерархия қатаң сақталады.Облыс әкімінің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Көбіне әлдеқандай облыс әкімі қызмет ауыстырып жатқанда, оның соңын ала сол аймақтағы аудан, қала басшыларының да қызметтен кететіні – осының анық дәлелі. Жаңадан тағайындалған облыс басшысымен тіл табысқан (немесе онымен рулас, жерлес т.с.с. әлдеқандай жақындығы бар) жергілікті басшы ғана өз қызмет орнын сақтап қалады.Ендеше, әкім-қараның басым бөлігі, яғни 92 пайызына жуығы сайлау арқылы қызметке бекітіледі деп бөрікті аспанға атып, қуанудың реті жоқ. Себебі бұл орайда сандық емес, сапалық құрамның мысы басым. Облыс әкімдерінің сайлауын тәжірибеге енгізбей, жергілікті шенеуніктерді тағайындауда халықтық демократия жүзеге асады деу қисынсыз.Гәп қайда…Ендеше, алдағы әкім сайлаудың ең басты жаңалығы неде? Ол – әкім сайлау мәдениетін халық бойына біртіндеп сіңіру. Жергілікті тұрғындарды әкім-қаралардың көктен екі аяғы салбырап түскен адамдар емес, өз ортасынан шыққан, елге қызмет етуге мүдделі азаматтар болуы керектігіне сендіру. Бәлкім, лауазымы кіші әкімдерді сайлауды рушылдыққа, жершілдікке, туысқаншылыққа, жемқорлыққа, парақорлыққа, сыбайластыққа, тамыр-дос, курстастық т.с.с. «критерийлерге» емес, ең негізгі шынайы ұстаным – еліне, аймаққа, халыққа қызмет ететін азаматтығы мен қолынан іс келетін кәсіби біліктілігіне қарап сайлауға дағдыланар болсақ, уақыт өте жергілікті аймақ басшылары – облыс әкімдерін сайлауға дайын болармыз.Әйтпесе, қазіргі таңда облыс әкімдерінен бастап аудан, қала, кент, ауыл әкімдері қарапайым тұрғындар алдында ешқандай жауапкершілік сезінбейтіні анық. Президенттің пәрменімен 2005 жылдан бері әкім-қаралар жыл сайын халық алдына есеп беруді дәстүрге айналдырды. Қазір былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жергілікті әкімдердің есеп беру науқаны бас­талып та кетті. Өкінішке қарай, бұл игі істің өзі кезекті науқан мен әдеттегі әкімшілік жиналыстар деңгейінен аспай отыр.Әкім сайлаудың нақты механизмдері мен ережелері әлі бекітілген жоқ. Белгілісі – аудан әкімі аудандық мәслихатқа кемінде екі үміткерді сайлау туралы ұсыныс жасайды. Мәслихат депутаттары халық атынан осы екі тұлғаның біреуін таңдауы тиіс. Логикалық тұжырымға салғанда, аудан әкімі өзіне қарасты ауылдық аймақ пен кент басшылығына өзімен теке-тіресіп жұмыс істейтін тұлғаны таңдай ма, әлде өзіне әлдеқандай жақындығы бар, «икемге көнетін» адамдарды ұсына ма? Бар гәп сонда.

Ендеше, жергілікті тұрғындардың аза­мат­тық белсенділігі қалайша жүзеге асады? Шын мәнінде жергілікті әкімдерді сайлаудың өзі бюрократиялық механизмдерге бейімделіп, «аты бар да, заты жоқ» жүйе қалыптаса ма деген қауіп бар.Эксперимент нәтижесі –

«100 пайыз»!Бұған дейінгі әкім сайлау тарихына көз жүгіртсек, 2001 жылы – 28 ауыл әкімі, 2005 жылы – 4 аудан әкімі, 2006 жылы – 49 аудан және 10 қала әкімі сайланған.2005 жылы 12 тамызда Батыс Қазақстан облысындағы Жанғала ауданының, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданының, Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязев ауданының, Алматы облысындағы Ескелді ауданының әкімдері жанама дауыс беру нәтижесінде сайланды.

Эксперимент түрінде жүргізілген сайлау мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы жүзеге асты. Сайлау өтті деп танылуы үшін дауыс беруге депутаттардың үштен екісі қатысуға тиіс болған. Аудандық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес, ол сайлауға сайлаушылардың қатысу белсенділігі – 100 пайыз.

Сайлауға он адам үміткер ретінде тіркеліп, тоғызы додаға қатысқаны белгілі. Төрт ауданға тоғыз үміткердің тіркелуі – әр орынға екі адамнан ғана таласты деген сөз. Сайлау нәтижесінде Батыс Қазақстан облысындағы Жанғала ауданында Мерғалиев Төлеген (100 пайыз), Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында Құжамбетов Баянды (100 пайыз), Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязев ауданында Закарьянов Төлеген (83,3 пайыз), Алматы облысындағы Ескелді ауданында Дүйсембинов Сұлтан (84,6 пайыз) әкім болып бекітілді.Эксперимент түрінде өткізілген сайлаудың қорытындысына қараңыз: дауыс беру нәижесінде кемі 83, дені 100 пайыз дауыс алған жеңімпаздар сайланды. Бар-жоғы екі үміткер (Көкпекті ауданында ғана үш үміткер) арасындағы тартыс нәтижесінде біреуінің 100 пайыз даус алуы ненің белгісі? Әлбетте, ешқандайда саяси тартыстың болмағанының белгісі! Тіпті, дауыс беруде мәслихат депуттары алдын ала келісіп алғандай әсер қалдырады. Оның үстіне, назар аударатын тағы бір дерек: Закарьянов Төлеген, Баянды Құжамбетов, Мерғалиев Төлеген – бұған дейін сол аудандардың басшысы еді…Ендеше, Орталық сайлау комиссиясы эксперименталды сайлау жақсы нәтиже көрсетті деп мәлімдесе де, бұл – атқарушы билікке заңдастырудың бір жолы ғана сияқты тарихқа енген секілді.Айтпақшы, сол кезде сайланған әкім­дердің бүгінде қайда екені жөнінде мәлімет жинадық. Сұлтан Дүйсембинов қазір Алматы облысында Қаратал ауданының әкімі, Төлеген Мерғалиев – Батыс Қазақстан об­лыстық кәсіподақ ұйымдарының төрағасы, Баянды Құжамбетов – «Нұр Отан» ХДП аймақтық филиалының төраға орынбасары. Ал Закарьянов Төлеген экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне қызмет ауыстырған…

2007 жылы 4 маусымда Елбасы өзінің Жарлығымен барлық сайланған әкімдердің қызмет орындарын сақтап қалуына рұқсат еті. Осылайша, әкім сайлау уақытша тоқтатылған…Әкімдерді әр тоқсанда

сынаймыз

Соңғы екі жылда Президент Әкімшілігі облыстар, қалалар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісін құруды жолға қойды. Рейтинг 45 түрлі көрсеткіш бойынша анықталады екен. Бұл рейтингтер әр тоқсан бойынша шығарылады, жыл бойы рейтингісін жақсарта алмаған әкімдерді қызметінен босататын механизм қалыптасқан. Соңғы тоқсан рейтингісіне сәйкес, Астана мен Алматы қалалары, Павлодар облысы алда келеді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі тізімнің соңында қалғаны үшін Елбасынан сөгіс естігені белгілі. Бұл облыста желтоқсан айының өзінде төрт аудан әкімі жұмыстан босатылды. Жалпы алғанда, республика бойынша 12 әкім рейтингтің төмендігіне байланысты қызметінен босатылған.Ретингіге қарап ротация жасау, қызметтен кетіру немесе өсіру мәселесі осылайша жолға қойылды. Соған қарағана, ендігі жерде әкмідер нәтижеге емес, рейтингке алаңдап жұмыс істейтін сияқты.

Қазіргі кезде әкімдерге деген сенім рейтингісі түзілер болса, онда қай облыстың басшысы қандай орынға ие болар еді?Бұдан бөлек, енді «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес аудан әкімі жергілікті тұрғындар арызы негізінде сайланған әкімді жұмыстан шығара алады.Алдағы уақытта аймақтарға бөлінетін қаржы еселеп артатыны айтылып жүр. Мемлекеттік бюджеттен қаржы­лан­дыры­латын он бес шақты бағдарлама бар. Бұл бағдарламалар аясында бөлінетін қаржыны игеру, тың жобаларды жүзеге асыру жауапкершілігі тікелей жергілікті әкімдерге жүктелмек. Ал әкімдердің адал қызмет атқару жауапкершілігі – оларды сайлаған мәслихат депутаттарының мойнында. Ал мәслихат депутаттарын сол қызметке сайлайтын аймақ тұрғындары болғандықтан, түптің түбінде бар жауапкершілік жанама түрде болса да – халықтың өзінде.Халық бұл жанама жауапкершіліктің салмағын сезіне ала ма? Әлде «өз күніңді өзің көр» деген қағидамен өмір сүруге дағдыланған ауыл азаматтары әкім сайлаудан тағы жырақ қала ма?Шындығында, Қазақстан халқы ел болып, 95,5 пайыз дауыспен Президентті сайлады. Парламент депутаттарын бір мандатты округтерден де, саяси партиялар тізімі арқылы да сайлаудың тәжірибесі бар. Ендеше, жергілікті басшыларды сайлаудан тайсақтайтын жөніміз жоқ.Қалай дегенмен де, биылғы жылдың үлкен жаңалығы – жаздың шуақты күндерінде жергілікті әкімдердің сайлауы өткізіледі. Екі жарым мың әкімді сайлау оңай емес. Ал бұл қызметке аймақтарда іс тетігін білетін, халыққа адал қызмет ететін білікті азаматтарды таңдап сайлау кейде мүмкін еместей көрінеді.Әлде … «көз қорқақ, қол батыр» ма?

Серіктес жаңалықтары