ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі
576

Аудан орталығы Ботақара кентінде жақында Тәуелсіздік жетістіктеріне арналған ауқымды шара өткізілді.Яғни қазақтың жаугершілік заманда ел қорғаған қаҺармандары Қуандық Нияз батыр мен Сүйіндік Олжабай батырлардың және ғұлама ғалымдарымыз Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан мен Шапық Шөкиннің бейнесі кескінделген скульптуралық композициялар ашылып, Бұқар жырау ауданының тарихына арналған монографиялық зерттеу кітаптың тұсауы кесілді.

Күннің бораны мен суықтығына қарамастан, кәрі Жыландының етегіндегі бір төбешік басында былтыр ашылған Тәуелсіздік алаңына халық көп жиналды. Ескерткіштер ғылыми тілмен терраса деп айтылатын осы жерге қойылыпты. Алтын түсті самұрық құс та сол төбенің басында, Тәуелсіз елінің аспанында еркін қалықтап бара жатқандай әсер қалдырады. Кешегінің батырларындай қару-жарақ асынған жігіттер мен әсем ұлттық киім киген ару қыздар қонақтарды биік баспалдақ бойы жымия қарсы алып, төрге шақырады…

Ескерткіш орнату идеясы ауданда бұрынырақ туып, кімді таңдап аламыз деген сұрақ талай талқыға түскені жасырын емес.Басты шарт – халқын дұшпаннан қорғай білген әйгілі батыр, мемлекет қайраткері, не қазақ елінің даңқын асыра білген ғұлама ғалымдар болуы керек. Сол шарт орындалып, қарағандылық мүсіншілер бетон мен мәрмар тас қиыршығынан құйған, екі натуралдық мөлшердегі, биіктігі 1 метр бюсттер орнатты. Тұғырымен қоса композицияның жалпы биіктігі 2,8 метрді құрайды. Авторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Қалқабаев, «Парасат» орденінің иегері Жаубасар Қалиев бастаған осы өңірге танымал мүсіншілер.

Ескерткіштерді ашу құрметі Нияз батырдың жетінші ұрпағы, физика-математика ғылымының докторы, ҚарМУ-дің профессоры, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Темірғали Көкетаевқа, Олжабай батырдың ұрпағы, білікті ауыл шаруашылығы қызметкері Мырзакәрім Хақановқа, Алматыдан арнайы шақырылған қонақтар: Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінің директоры Бақытжамал Айтмұхамбетоваға, Ә. Марғұланның қызы, әкесінің мұраларын жинап, бастырушы Дәнел Әлкейқызына және Ш.Шөкиннің қызы Марал Шапыққызына тапсырылды.

Ескерткіштердің ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың хатшысы Айтжан Жүнісбеков кіріспе сөз сөйлеп, батырлар мен ғалымдардың мүсіндерінің осы алаңда бой көтеруінің өзінде үлкен мағына жатқанын атап өтті. Бұл ел тәуелсіздігінің арқасы, ескерткіштер – елдігіміздің белгісі болып табылады.

Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Хамит Омаров сөз алды. «Талай ғасырлық тарихы бар қазақ елі батырлықтың, ақындықтың шыңында көрініп, әлем өркениетінен лайықты орын алып келеді. Көне тарих қойнауындағы сақ, ғұн, көк түріктің ұрпағы болып табылатын халқымыз ұлан-байтақ жерге иелік ете отырып, өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Содан бері тарихы түгенделіп, әдет-ғұрпы, салт-санасы қайта жаңғыра түскен еліміз кеңестік кезеңде келмеске кете жаздаған қаншама тұлғаларымен қайта қауышты. Батырларымыз бен көсемдерімізді ұлықтап, даналарымызды даралап, алаш үшін арда туған азаматтарымызды ардақтауға мүмкіндік алдық. Ел тарихында өз орны мен қолтаңбасы бар осындай көрнекті тұлғалардың мүсіндері орнаған бұл алаң аудан жастарын елін, жерін сүюге, тарихты құрметтеуге зор септігін тигізіп, ықпал етеді», – деп атап өтті ол.

Мұнан кейін жиналғандар аудандық Мәдениет үйіне бет алды. Мұнда игілікті шара «Өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайды» деген тақырыппен «Бұқар жырау ауданының тарихы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері мен республикалық танымал ақындардың айтысына ұласты.

Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асхат Әли барша жұртты Тәуелсіздік алаңының ашылуымен құттықтап, аудан тарихы жөніндегі кітапты шығарған авторларға, еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтыс ақындарына рахмет айтты.

Кітап авторларының бірі, қазақ халқының шежірелік мұраларын зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес Олжабай батыр туралы деректердің зерттелуі туралы әңгімеледі. 2005 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де Олжабай батырдың ерлігін еске алуға арналған «Ерлер есімі – ұрпақтар есінде» атты ғылыми-теориялық конференция болып өтіп, сол жиынға қатысушылардың бір тобы Ерейментауда, Олжабай батыр басында болған. Соның қорытындысы ретінде «Олжабай есен болса – ел аман» деген жинақ шықты. Бұл көзсіз батырға Абылай ханның берген бағасы. «Қазақ жоңғарды санының көптігінен емес, даналарының көптігінен жеңді. Абылайдың бір тізесінде Бұқар жырау, бір тізесінде Қаз дауысты Қазыбек би отырды» деп жазған екен ғұлама Мәшhүр-Жүсіп.

Өткен жылы Осакаров ауданында Нияз батырға арналған үлкен ғылыми конференция өткен болатын. Нияз батырдың тарихта болғандығы, архив құжаттарында ол туралы аса құнды жәдігерлердің сақталғаны сонда ашық айтылған еді..

Осакаров ауданы жерінде, Бұқар жырау ауданына тиіп тұрған тұста Нияз тауы бар екенін және бұл атаудың Нияз батырға байланысты қойылуы еш дәлелді керек етпейтінін ескерсек, алдағы уақытта «Осакаров» деген атауды Нияз немесе Сарыбел деп қайта атау туралы ғалымдардың сол конференцияда жасаған ұсынысын түрлі деңгейдегі ономастикалық комиссиялар қолдайды деген сенімдеміз.

Кештің соңына қарай көптен күткен айтыс та басталып кетті. Біздің білуімізше, бұл республикаға танымал ақындардың қатысуымен ауданда бес жылда үшінші рет өткізіліп отырған өнер сайысы. Сондықтан, аудан жұртшылығы айтыстарды тек теледидардан ғана көріп, сырттан тамсанады дейтін емес, қайта өнердің осы бір түрін бағалай алатын дәрежеге жеткен. Айтысты филология ғылымдарының докторы, ақын Қойлыбай Асанов жүргізіп отырды. Бұл жолы түркістандық Еркебұлан Қайназаров, астаналық Балғымбек Имашев, алматылық Сара Тоқтамысова тиісінше қарағандылық ақындар Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов және Дидар Қамиевтермен айтысқа түсті. Үш жұп та көрерменнің көңілінен шықты. Батырларымыз бен ғұламаларымызды дәріптеді. Оларды ұлықтаған аудан халқына ризашылықтарын жасырмады. Бір – бірін сөзбен қағытып, жыр сүйер қауымның айызын қандырған тұстары да жетерлік.

Тағылымы мол, келер ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор мереке жеңістің символындай болып көкке атылатын отшашумен аяқталды.

Аман ЖАНҒОЖИН,

журналист

ҚАРАҒАНДЫ облысы

Серіктес жаңалықтары