«Тереңнен тартқан тектілік»

«Тереңнен тартқан тектілік»

«Тереңнен тартқан  тектілік»
ашық дереккөзі

Жуырда Жазушылар Одағының әдебиетшілер үйінде Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, белгілі қаламгер Доқтырхан Тұрлыбектің «Тереңнен тартқан тектілік» атты тарихи-танымдық кітабының тұсауы кесілді. Кітапты көрдік. Таныстық. Аталмыш кітап кешегі аласапыранға толы, тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалған жоңғар-қалмақтармен кескілескен шайқас жылдарында өмір сүрген, қазақтың белгілі ру басы, батыры әрі биі Құдайберді би Қожағұлұлы Таңатартегі мен оның ата-бабаларының, өзінен тараған кейінгі батыр ұрпақтарының өмір жолынан кеңінен хабар беретін айшықты туынды.

Құдайберді би Қожағұлұлы (1710-1791) – белгілі ру басы, қазақтың атақты биі, беделді батыры. Абылайхан дәуіріндегі қазақ пен жоңғар арасындағы қанды қырғында елін жау­дан қорғап, Арқа жерінде қалмаққа қарсы күрескен даңқты бабаларымыздың бірі.

Тарихи деректерде Құдайберді би­дің­ жаугершілік жылдары Қарқаралы, Ақмо­ла, Көкшетау өңірлерінде өмір сүріп, Абы­лай­хан­ның заманында қара қылды қақ жарған әділ би болғанын көрсетеді. Сонымен бірге Құдайберді бидің Шапырашты Наурызбай батырмен тізе қосып, туған елін анталаған дұшпаннан ерлікпен қорғағаны да жан-жақты баяндалады. Батыр бабамыздың ерлікке толы қаһармандық жолы тағылымды тарих ретінде көрініс табады.

Құдайберді бидің және оның батыр туған ұрпақтарының тарих қойнауындағы ұлағатты істері туралы жазылған жазушы-журналист Доқтырхан Тұрлыбектің «Тереңнен тартқан тектілік» атты кітабы осылайша өз оқырмандарымен қауышты.

«Бұл қаламы қарымды жазушы, журналист, отызға жуық деректі фильмдердің авторы Доқтырхан Тұрлыбектің соңғы 4-5 жылдардың жүзінде ой елегінен өткізген ізденісті еңбегінің жемісі. Ол кісі «Түркі әлемі» халықаралық телестудиясының директоры ретінде сонау жылдары Қарасай батырдың 400 жылдығы қарсаңында белгілі тарихшы-шежіреші, марқұм Аубай Байғазиевтің жетекшілігімен басталған тарихи-танымдық экспедициядан бастап, бабалар рухын жаңғырту жолындағы игілікті істерге белсене атсалысып келеді. Сол шаралардың негізінде жазылған «Өмірдің сегіз сәті», «Бойтұмар мен ойтұмар», «Бекет ата жолымен», «Ұлымды іздеп жүрмін» атты шығармалары қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Соңғы 4-5 жылдың жүзінде Доқтырхан ағамыз Таңатар баба ұрпақтарының тағылымды тарихын зерттеп-зерделеу барысындағы экспедицияларға түгелдей қатысып, «Батырлар мен Ақындар елі» атанған өңірдің қатпарлы тарихын зерттеп-зерделеп келеді», – деді ақын Манарбек Ізбасар.

Сонымен қатар, «Тереңнен тартқан тектілік» атты кітаппен бірге, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы шығарған Құдайберді би туралы деректі фильмнің де тұсауы кесіліп, көрерменнің назарына ұсынылды. Кітапты шығаруға мұрындық болған «Медетбек батыр» қоғамдық қоры.

Кешке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, тарихшы-зертеуші Тортай Сәдуақасов, тарихшы Әсет Кембаев, ақын Аманжол Әлтаев сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, кітап авторына деген ізгі тілектерін білдірді.

Ақбота Мұсабекқызы,

ХҚТУ-дің журналистика бөлімінің

4-курс студенті