АДАМ ҚАЙҒЫСЫ – ЗАМАН ҚАЙҒЫСЫ
АДАМ ҚАЙҒЫСЫ – ЗАМАН ҚАЙҒЫСЫ
Қытайдың ұлы ойшылы Күңфұдзыдан «Өмір бойы басшылыққа алуға тұратын сөз бар ма?», – деп сұрағанда, ғұлама: «Бар, ол сөз – мейірімділік»,– деп жауап берген екен. Егер адам осы игі қасиеттен жұрдай болса не істеуі керек? Адам ата ұрпағы жыл өткен сайын қатыгезденіп бара жатқан жоқ па? Өйткені бүгінгі қоғам мүшелері мейірімінен алыстап бара жатқанын дәлелдеп беру үшін көп сөздің қажеті де жоқ. Бүгінде көптеген адамдар зорлықтың құрбанына айналуда. Қолымда қос үкім, қос тағдыр… Бірі – зорлық көрген 74 жастағы кейуана да, бірі он екіде бір гүлі ашылмаған сегіз жасар сәбидің теперіш көрген тағдыры. Жан түршігерлік бұл оқиғалар Ақмола облысында орын алған.
1. БАҒИЛА АПА
Жасы 74-тен асқан Бағила апа Ақмола облысының Бурабай ауданында тұрады. Ес білгелі ауыр тұрмыстан еңсесін көтере алмаған кейуана жасы жетпістен асқанда мүлдем қауқарсыз қалам деп ойлап па?
Құдайға шүкір, балалы-шағалы. Өмір бойғы қара жұмыс қойсын ба, өткен жылы инсульт деген пәлесі сығалап тұрып аяқтан шалып түсірген. Ес-түссіз құлағаны еміс-еміс есінде. Есін жиса, бір жақ денесі өзінікі емес сияқты. Дәрігер мұның емі тек жан тыныштығы деген. Содан бері аурумен арпалысып, жартыкеш ғұмыр кешуде.
Сол оқиға болатын күннің өзге күндерден еш айырмашылығы жоқ еді. Бағила апа үйде жалғыз болатын. Көзі ілініп кеткені сол екен, сыртқы есіктің сықырлап ашылғанынан оянып кетті. Үн қатуға тілі құрғыр күрмеліп, икемге келетін емес. Қатты уайымдағанда сөйтетіні бар. Апай текке уайымдаған болып шықты. Үйге кейде кіріп-шығып жүретін бозбала Қайырбек екен. Оны көріп жүрегі орнына түскендей, бірақ Қайырбектің неге келгені белгісіз.
Төрінен көрі жуық әженің сал аурумен ауыратынын жақсы білетін Қайырбек оның үйде жалғыз екеніне күмәнданбайтын сияқты. Ләм деп тіл қатпады. Ащы суға тойып алған Қайырбек өзінің сұмдық жоспарын жүзеге асыру үшін алдымен кейуанаға күш көрсетіп, ұрып-соғып алу қажет деп шешкен екен. Кәрі ананың күші жеткенше итеріп, ауру жүрегін көрсетіп, кемсеңдеп өтінгеніне қарамастан қарулы қолымен бетін жауып, айуандықпен зорлай бастады. Жылауға да әлі қалмаған кемпір сау қолымен әлсіз ғана итеріп және немересіндей баланы теуіп қарсылық көрсете бастады. Көзіне қан толған ашулы Қайырбек кейуананы шашынан сүйреп жерге түсірді. Кейін келген полиция қызметкерлері жер-жерде шашылып жатқан ананың ақ шашын көріп, жағаларын ұстаған.
Қайырбек сотта өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Ол Қазақстан азаматы болғанымен соңғы жылдары Ресейде тұрған екен. Бурабай поселкесіне әкесіне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін көмек көрсетуге келгендігін айтты. Сарыбаева Бағила апаның үйінде бірер рет болып, үйдің құрылыс жұмысына көмек көрсетіп, табыс тапқан. «Сол күні Бағила апаның үйінің жанында бір адамның тұрғанын көргенмін, сол шығар кемпірді зорлаған», – деп тергеу ісін бұрмалап жіберуге тырысты. Кешке ұйықтап жатқанда полиция қызметкерлерінің келіп оятқаны ғана есінде.
Салтанат Бағила апаның қызы. Сотта Салтанат куә ретінде қатысты. Сол күні Салтанат үйде бола алмағанына қатты өкінеді. Бесін шамасында ол отбасымен «Кіші Шабақты» көліне суға түсуге барған екен. Сағат кешкі бестен аса сіңлісі Айдана, оның Дина және Анель есімді екі қызымен төртеулеп жаяу үйге келеді. Үйге жақындағанда есіктің ішінен жабық тұрғанын байқап таңқалады. «Есікті тарсылдатып едік, анамның көмек сұрап, қырылдап айғайлаған даусы шықты. Анам жататын бөлменің терезесіне жүгіріп барып едім, жалаңаш ер адамның жон арқасын байқап қалдым, анам да жалаңаш қалпы жерде жатыр екен. Жүрегім бір жамандықтың болғанын сезді. Кіші қызым Айнаны тезірек есікті ішінен ашу үшін терезенің кішкентай әйнегінен көтеріп кіргізіп жібердім, ол аша қойды, сол мезет бізге бұрыннан таныс Қайырбек есімді жігіт жалаң аяқ, жалаң төс үйден атып шықты да, қаша жөнелді. Масқара! Не істерімді білмей жерден қолыма түскен ағашты көтеріп алып, оның арқасынан бір рет ұрып қана үлгердім. Біз дереу, – «Жедел жәрдем» шақырдық. Дәрігер анамызды тексеріп жатқан кезде Қайырбектің әкесі келіп, не болғанын сұрады. Біз болған оқиғаны тізбектеп айтып бердік. Әкесі баласының жауыздығын үндемей тыңдап, есіктің алдында жатқан басты айғақ – ұлының аяқ киімін білдірмей ұрлап алып кетіпті. Оны біз кейін аңғардық.
Анам осы оқиғадан кейін көзіне күнде жас алады, қатты күйзеліске түсіп жүр»,– деді ол сотта.
Ақмола облысы, Бурабай аудандық соты И. Қайырбекті ҚР ҚК 145 бабы 1 тармағы, 120 бабы 2-бөлігі «б» тармағында, 121 бабы 2-бөлігі «б» тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеу үшін 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сот сотталушының екі баласы мен бұрын сотталмағандығын жазасын жеңілдететін жағдай деп ескерді.
Үкім заңды күшіне енді.
2. АЙЫМ
Айым үйде қыздан жалғыз. Үш інісі бар. Ол күнделік таңертең ерте тұрып, өзінен бір жас кіші інісі Жарасты сабағына алып барады. Екеуі екі мектепте оқиды. Жарастың мектебі үйден онша қашық емес. Орыс мектебіндегі бірінші қазақ сыныбы биыл ғана ашылған. Айым мектепте екінші қазақ сыныбы болмағасын алыстағы мектепке барады. Мектебіне бару үшін жарты сағаттай уақыт кетеді. Папасы алыс жолға жүк тасушы. Үй көрмейді. Анасының да шаруадан қолы босамайды. Кішкентай егіз ұлдың күтімімен күнді батырып, таңды атырады. Жарасты Айымның мойнына басыбайлы артып қойған. Сағат таңғы жетіде тұрып, анасын оятып алмау үшін інісін үн-түнсіз киіндіріп, тас қараңғыда үйден екеулеп шығып кетеді. Ұйқысы қанбаған Жарас жол бойы қыңқылдап бағады. Күндегі әдеті сол. Ал Айымның күндегі ойы тек Жарасты мектепке кіргізіп, әрі қарай өзінің сабағынан кешігіп қалмау. Бұл күні де Жарастың мектебінен шығып, үй-үйдің арасымен асығып, жүгіріп бара жатқан еді, алдынан полиция формасындағы бір егде кісі шыға келді. Бұл арнайы органда қызмет істейтін криминалист Қасымов Қайрат есімді жігіт болатын. Онсыз да қорқып келе жатқан қыздың қасына келіп, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырды. Қыздың өзіне керек екенін, соңынан еріп, жүруі керектігін қадап айтты. Айым бейтаныс ағамен ешқайда баруға болмайтынын білгенімен полиция қызметкеріне қарсы бір ауыз сөз айта алған жоқ. Құдды сиқырлаптастағандай артынан ерді де жүрді. Ескі үйдің аңғал-саңғал подьезіне кіргенде бойын қорқыныш билеп, қашып кеткісі келген, бірақ полицей аға миығынан күліп, мұның рюкзагынан күштеп сүйреп, еркінен тыс үйге кіргізіп алды.
Айымның кейін берген анықтамасында педофил Қайрат алдымен өзі толықтай шешінген. Мұндайды бұрын көрмеген сегіз жастағы қыз бала қорқыныштан үн-түссіз сілейіп қалады да, сосын шыңғырып жылап, қарсылық білдіреді. Қайрат қызды қорқыту үшін айғайлап ұрыса жөнеледі. Қайрат Айымның киімін өз қолымен шешіндіріп, алдымен айтуға ауыз бармайтын анайы қылықтар жасай бастайды. Бірақ қыздың қатты айғайлап жылағаны үркітіп, ешкімге айтпаймын деген уәдесін алып, үйінен шығарып жібереді. Көршілер естіп қоя ма деген ғана санасын билеген арам ой, өзіне күдік келтіріп аламын ба деген пасық пиғыл ғана бар. Есік алдында «Егер біреуге айтатын болсаң, айтпады деме, аямаймын…»,– деп қоқан-лоққы да жасайды. Жолды шамалап есіне сақтап қалған Айымның есі кіресілі-шығасылы, дереу үйіне қайтып барады. Келе салысымен анасына болған оқиғаны жайып салады. Қызының бір сұмдыққа тап болғанын сезген ана Айымның әкесін шақырып, тез арада оқиға болған орынға жетеді.
«Бізге әуелде есікті ешкім ашқан жоқ, жарты сағат бойы тарсылдаттық. Тек полиция өкілдері келгеннен кейін ғана Қасымов Қайрат есігін ашуға мәжбүр болды. Ұйықтап жатыр екен. Өлесі мас. Өзінің ештеңе білмейтінін, тек мас болғанын ғана қайталай берді», – деді кейін сотта қыздың әкесі. Сот-сараптамалық зерттеу қорытындысы бойынша 8 жасар Айымның зорлық-зомбылық көргені дәлелденген. Дәрігерлер оның болашақта ана бола алатындығына да күмәнданып отыр.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сәбидің болашағына балта шапқан орган қызметкері Қ.Қасымовты ҚР ҚК 121 бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеу үшін 17 жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енді.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз хатшысы