КӨК ТҮТІННІҢ ШЫРМАУЫНДАҒЫ ҰРПАҚ
КӨК ТҮТІННІҢ ШЫРМАУЫНДАҒЫ ҰРПАҚ
Көше бойын тасалап, темекі тартып тұрған жастарды көріп, өз өмірлеріне балта шауып жатқанын біле ме екен деген ой мазалайды. Жалындаған жастарға «салауатты өмір салтын ұстанайық» деп айтқым келеді. Бірақ «жалғыздың үні шықпас» дегендей бір өзім күрескенмен еш нәтиже бермейді. Өзім қатарлы құрдастарыма оймақтай ой тастағым келеді. Тіпті, олар темекінің зиянын біле бермейді-ау деп те ойлаймын.
Темекі қай жерде, қай заманда алғаш рет қолданылғаны белгісіз. Жорамал бойынша, алғашқы адамдар бір шөптің жапырағының түтініне қатты елтиді де, сол еліткіш түтінді өзі пайдаланған және басқаларға үйреткен.
Біздің дәуірімізден бұрынғы ғасырларда скифтердің темекі шеккендері жөнінде кітапқа жазылған.
Еуропаға темекі XVI ғасырда, ал Россияға XVII ғасырдың басында тараған. Кубада «Табако» деген жерде өсетін «табак» өсімдігінен темекі жасалынған.
Еуропаға 1500-1600 жылдары Америкадан темекіні алып келіп таратқан испандықтар мен ағылшындар: «Темекі адамның ұйқысын жақсартып, шаршағанын басады, бас ауруын басады, қақырықты түсіріп, тынысын ашады»,– деп үгіттеген екен.
Қазіргі кезде темекінің зиянды әсерлері анықталып, онымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аяусыз күрес жүргізіп отыр. Темекі туралы мынадай ащы әзіл айтылады: темекі тартатын жан қартаймайды, үйіне ұры түспейді, оны ит қаппайды екен. Қартаймайтыны – ерте өледі, ит қаппайтыны – балдақпен жүреді, ұры түспейтіні – түні бойы күркілдеп жөтеліп шығады.
Темекі шегуге қарсы тұру мақсатында Қазақстан 2007 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын ратификациялады. Сол жылы «Жарнама туралы» Заң қабылданып, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салынды. Ал 2009 жылы ТМД елдерінде ең бірінші болып «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс қабылданды. Ол темекіге қарсы саясатты қатайтуға және елімізде темекі тартуды бақылау қызметін күшейтуге негіз болды.
Өкінішке қарай, осындай маңызды шаралар жасалғанмен, елімізде темекі тартушылардың қатары азаймай отыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 4,2 миллион қазақстандықтар темекі тартады, темекіні пайдаланушылардың саны кейінгі жылдары 4 есеге көбейген. Нақты дерек көздері темекі шегуден Қазақстанда жыл сайын 25 мыңнан астам адам көз жұматындығын көрсетеді.
Темекі түтінінде 4000-дай химиялық зиянды заттар бар екені анықталып отыр. Олардың ішінде зардабы ең ауырлары: никотин, темекі қарамайы немесе шайыры, көміртек тотығы (СО) және канцерогенді заттар. Никотин темекі түтіні арқылы ауыз және мұрын қуыстарына, тыныс алу жүйелері (кеңірдек, өкпе) мен ас қорыту жүйелеріне (асқазан т.б.) одан әрі қан арқылы бүкіл денеге тарайды. Егер 100 мг.-дай никотинді адам тамырына ендіретін болсақ, онда адам өледі. Ал, 100 мг. никотин екі қорап темекі құрамында болады. Темекі шегетіндерге үнемі никотиннің белгілі мөлшері қанға еніп, залалды зардабын тигізіп отырады.
Бір тал темекінің әсерінен 30 минуттай тыныс алу тездейді, жүректің соғуы жиіленеді, барлық қан тамырлары қысылып, жиырылуына байланысты қан қысымы артады. Темекі шегушілердің жүрегі темекі шекпейтіндерге қарағанда тәулігіне 12-15 мың рет көп соғатыны есептелген. Бұл көрсеткіш тіпті денсаулығы мықты адамдардың өзіне үлкен күш болып саналады екен.
Темекі түтінінде болатын темекінің қарамайы немесе шайырының құрамында бензперен, бензатрацен т.б. қатерлі ісік ауруын тудыратын канцерогенді заттар кездеседі. Сонда күніне бір қорап темекі тартатын адамдар жылына 700-800 г темекі шайырын қабылдайды екен. Бұл, әрине ісік ауруына тікелей жол ашып, өзіне көр қазумен бірдей, сондықтан әрбір тамақ рагымен ауырған 10 адамның 9-ы темекі тартатыны анықталған.
Әлемдік көрсеткішке көз салсақ, азаматтары темекіні көп тартатын ел Қытай мемлекеті екен. Одан кейін – Түркия. Үшінші орында – Ресей, сосын – Бангладеш және ТМД елдері, соның ішінде Қазақстан да бар. Біз темекі тарту мен шылым өнімдерінің таралуы жөнінен қауіпті аймақтардың қатарына жатамыз.
Кейінгі кездегі зерттеулердің қорытындысына қарағанда әр 13 секундта бір адам, ал жылына 3 миллион адам темекіден туындаған аурудан өледі екен.
Қазіргі таңда Қазақстандағы өмір сүру деңгейі көрші Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан әлдеқайда төмен. Орташа жасымыз – 67. Мұның ішінде әйелдердің орташа өмір сүру жасы 72 болса, ер адамдардікі 60-ақ жас. Ер адамдардың арақ ішіп, темекі тартуы олардың орташа жасының төмендігіне тікелей әсер етуде.
Құрбы-құрдастарыма айтар кеңесім: біз өркениетті елдердің қатарына қосылып, дені сау ұрпақ өмірге әкелеміз десек, мұндай әдеттерден арылуымыз қажет. Ешбір адам темекіні құмарпаз болайын деп бастамайды. Ешкім де ішімдік ішкенде маскүнем болайын деп ішпейді. Мұндай зиянды заттарға құмарлық жай әуестіктен басталады. Біртіндеп үйренген адам кейіннен бұл еліткіш зиянды заттардың тұзағына түсіп, құтыла алмай қалады. Дағдыланып, тәуелді болған адамдардың олардан бойды аулақ ұстауы үлкен қиыншылық тудырады. Батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатыны айқын. Ең дұрысы, бұл еліктегіш зиянды заттарға жуымау, әуестенбеу, тіпті тартып көрмеу, татып алмау қажет.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің
2-курс студенті