ЛАТЫННЫҢ ЖАТТЫҒЫ ЖОҚ...

ЛАТЫННЫҢ ЖАТТЫҒЫ ЖОҚ...

ЛАТЫННЫҢ ЖАТТЫҒЫ ЖОҚ...
ашық дереккөзі

Қазақ әліпбиі 2025 жылы латын қарпіне ауысуы тиіс. Бұл – Елбасы халыққа биылғы Жолдауында атап көрсеткен мәселе. 2050 жылға дейінгі даму жолды саралаған құжатта мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру, оны байыта түсу, қолданыс аясын кеңейту үшін қажетті шаралардың бірі ретінде латын қарпіне көшу мәселесі баса айтылды.

«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Латын қарпіне көшіру тәуелсіздік алған жылдардан бері көп талқыға түсті. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз осындай жағдайға қарап айтылса керек. Сол уақыттан бері бұл жөнінде түрлі пікір айтылды, талай пікірталас өрбіді, сан қилы ұсыныстар ортаға салынды. Бірақ қазақ қоғамының бір тоқтамға келуі екіұдай болатын.Ақыры шешімін Елбасының өзі айтты. Әйтсе де, бұл шешім төтеннен келген емес.Ендеше, латын әліпбиіне көшудің қазақ ұлты үшін қандай артықшылық берерін сараптап көрелікБіріншіден, латын әліпбиіне ресми түрде көшу ендігі 12 жылдан соң ғана жүзеге аспақ. Оған дейін кешенді дайындық жұмыстары жүргізілетіні анық. Қазірдің өзінде бұл мәселемен тікелей айналысатын арнайы ғылыми орталық құру қажеттігі айтылып жатыр. Қалай дегенмен де, латын қарпімен жазу мәселесі – келешектің мәселесі. Болашақ ұрпақтың ақпарат алмасу, білім алу, шығармашылықпен айналысу, өзінің азаматтық-ұлттық бет-бейнесін айқындаушы факторы ретінде танитын құралы – жазу емлесі – латын қарпінде болмақ. Ал бүгінде әлі дүниеге келмеген ұрпақ тұрмақ, қазір мектеп табалдырығын енді аттаған жас бүлдіршіндердің өзі жер-жаһанды жаулаған ағылшын тілін жатсынбайды. Онсыз да бүгінгі жастар қалта телефон мен компьютерде қазақша жазғанда латын таңбаларын пайдаланатыны белгілі. Елбасы «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсетті. Бүгінгінің емес, ертеңгі ұрпақтың көзімен қарағанда, қазақ тілінің латын қарпімен жазылуы ұлттық рухани мұрамызды жаһандық мәдениетке бір табан жақындастыруға бірден-бір сеп болмақ.

Екіншіден, латын қарпіне көшу ісі ұлттық мүдде тұрғысынан тиімді. Латын әліпбиі қазақ халқының сая­си-рухани тәуелсіздігін нығайта түсер тетік болмақ. Жиырмасыншы ғасырдың басында Кеңес үкіметі Қазақ елінің емлесін латыншаға ауыстыруға тосқауыл қойғаны белгілі. Тәуелсіз ел болып, өз жазуын өзі таңдаған ұлт кешегі мұрадан керегінше ғана алып, «кеңестік» идеологияның құралы болған құжаттарды, кейбір баспа өнімдерін кириллицада қалдыра алады. Басқаша айтқанда, заман талабына сай қазақтың рухани дүниесі «тазарып», жаңалана түспек, тың ой түзеуге бет бұрмақ. Коммунистік-тоталитарлық жүйенің сарқыншағынан арылған соң сана сілкінісі туындай ма деген үміттің басы қылтияды.Үшінші бір дәйек, латын емлесі Қазақстанды түркі дүниесіне бір табан жақындатады. Қазіргі таңда Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Молдова, Түркия мемлекеттерінің латын қарпімен жазуға ауысқаны мәлім. Осыдан он жыл бұрын мектептерде жазуды латыншаға ауыстырған Өзбекстан халқының 97 пайызы енді таза өзбек тілінде сөйлеп-жазады.

Төртіншіден, латын қарпіне көшу – заман талабы деген сөз тегін айтылмаса керек. Жалпы әлем елдерінің 70 пайызға жуығы латын әріптерін қолданады екен. Қазіргі күнгі техника мен ақпараттық технологияның тілі – латынша.

Тағы бір дәйек, латын қарпі – дүниежүзіндегі қазақтардың рухы да, тіні де, тілі де бір болуының кепілі. Өйткені шетелдегі қандас қазақтардың дені латын жа­зуын емін-еркін оқиды. Керісінше, бүгінгі кириллицамен жазылған сайттарды сырттағы қазақтар оқи алмай, Қазақстандағы қоғамдық пікір, рухани өмір өзгерісінен қағажу қалып жүргені жасырын емес. Ендеше, әлі де Атажұртқа келмеген, бірақ жаны, жүрегі «қазақ» деп соғатын қандастармен ғаламтор арқылы болса да, рухани бір болуымыздың жолы – латын қарпімен жазу еді.Жақында Астанада өткен Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңесте мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институты жанынан латын қарпімен көшу мәселесімен түбегейлі айналысатын арнайы орталық құру қажеттігін мәлімдеді. «Соңғы 90 жылдың ішінде қазақ әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, араб алфавиті, одан төте жазу, одан кейін латын қарпі, соңында кирилицаға дейінгі күрделі жолдан өткені өздеріңізге мәлім. Әлбетте, соңғы 70 жылда қазақ ғылымы мен білімі кириллица жазуының арқасында жан-жақты дамып, рухани қазынамыз толыға түсті. Алдағы кезеңде латын қарпіне көшу арқылы біз бұл проблемаларды шешіп қана қоймай, әлемдік ақпараттық-коммуникативтік кеңістікке кеңінен ықпалдаса түсетін боламыз»,– деді министр.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері бұл мәселе талай айтылып, талай талқыланса да, бүгінгі күнге дейін билік тарапынан нақты шешім, арнайы қаулы-қарар қабылданбағаны рас. Бір кездері «латын қарпіне көшіп, отарлық санадан арылуға ықыласты емес» деп билікті жазғырғандар да болған. Шындығында, Н.Назарбаев бұл мәселені бұған дейін де бірнеше мәрте көтерген болатын. 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» деген еді.

Бұған қоса Поезидент биылғы жолдауында 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екенін де нықтады. Бұл мақсатқа жетуде латын әліпбиінің маңызы зор болмақ.Енді Елбасының өзі мұрындық болған іс сәтті аяқталар деген үміт бар.

Гүлбиғаш Омарова