ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕШІМ БОЛСА ДА...

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕШІМ БОЛСА ДА...

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕШІМ БОЛСА ДА...
ашық дереккөзі
Қазақстан киногерлері тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде бірқатар тарихи көркем фильмдер түсіріп,көрермен назарына ұсынды.Олардың ең танымалдарын санамалай кетсек, «Көшпенділер», «Біржан сал», «Мұстафа Шоқай» және биыл ғана көпшілікке жол тартқан «Жаужүрек мың бала». Бұл фильмдердің барлығы өмірде болған тұлғалар мен тарихи оқиғалар негізінде дүниеге келді. Әр туындының өз жетістігі де , кемшілігі де болды. Соңғы шыққан «Жаужүрек мың баланы» алсақ, отансүйгіштік рухты көтеретін негізгі желі бар. Қазақ пен қалмақ арасындағы тартыс, ержүрек жас жауынгерлер ерлігі, қазақ хандары мен би, батырларының күңіренісі, жастар арасындағы махаббат та көрініс тапқан. Әсіресе соғыста ата -аналары қаза болған жетім балалардың жиынтық образын шығармашылық тапқырлық деп атауға болады.Олардың мінездері, сөздері, іс-әрекеттері орайласып тұр.Салт дәстүрдің де ерекшеліктері ескерілген. Ең бастысы, кейіпкерлер арасындағы диалогтың бай қазақи тіл мен болмысқа сай жазылғаны ерекше атап өтетін жетістік. Әр эпизодтағы сөздер жүректі тебірентеді,ой салады,тереңнен сыр шертеді. Астармен сөйлейтін қазақтың керемет көркем тілі нақышымен қолданылған. Қазақша нұсқасы тамаша шынайы шыққаны соншалық, орыс тіліндегі аударма нұсқасында кейбір нақыл сөздер, ой толғамдар анық және қанық жеткізілмеген. Оны ана тілінің мәйегімен сусындаған көрермен сезіп отырады. Жас актерлар мен хас шебер әртістердің жасаған образдары да жоғары бағаға лайық. Қазақ өнерінің заңғар тұлғаларының ізін басқан Тілектес Мейрамов, Төлеубек Аралбай, Досхан Жолжақсынов өз рөлдерін табыспен сомдай білген. Жастар Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергенов, Әлия Әнуарбек, Құралай Анарбекова, Нұрлан Әлімжанов сынды жастардың өнері де халықтың көңілінен шықты. Кино әлеміне ілгерілі-кейінді аяқ басқан жас әртістердің алғашқы қадамдары жаман емес. Сонымен бірге жоңғар ханы мен қолбасшыларын ойнаған әртістердің де шеберлігі байқалып тұрды. Шалт қимылдары мен көзқарастарының өзі көп жайтты аңғартты. «Көшпенділерде» басты кейіпкерлерді сомдаған шетелдік айтулы әртістердің кейбірінен қазақылықтың исін де сезе алмаған едік. Әр ұлттың өз болмыс-бітімін өз өкілі керемет сомдай алатыны «Жаужүрек мың баладағы» қалмақ образдарынан да көрініп тұр емес пе ? Фильмнің шиеленісті сәттердегі ұрыс-қимылдарында түрлі трюктер мен­­ элементтер де орынды және шебер қолда­ныл­ған. Бұл әрекеттер сол замандағы жауынгерлердің соғысу тәсілдерімен астасып жатыр. Туындыны түсіру кезінде оған да мән бермесе болмайды. Мәселен, «Көшпенділерде» трюктерді қолдану кезінде біздің батырларымыздың кунфу, ушу, каратэ сияқты өзімізге жаттау аяқпен тебетін тәсілдерді қолданған сәттері бір түрлі күлкі келтіргені жасырын емес. Ат үстінде отырып, найза, шоқпар, қылышпен ұрыс салатын қазақтар ол фильмде әрлі-берлі секеңдеп жүргені тым оғаш көрінген еді. Трюктерді түрлендіргеннің жөні осы екен деп, олай тым артық кету ұлттық болмысқа тіптен жат екендігі байқалды. «Жаужүрек мың бала» фильмінде қазақтың кең байтақ жерінің сұлулығы да жақсы көрсетілген. Шарын шатқалы, Қапал Арасан, Таңбалы тас, Қапшағай маңындағы әдемі көріністер көздің жауын алады. Әсіресе, бұған дейінгі фильмдерімізде еліміздің тау бөктерлеріндегі сұлу табиғаты көп көрсетілмейтін. Сол олқылықтың орыны толған сияқты. Маған бұл фильмде жоңғар әскері мен батырларының қаруы мен киімдері, сарайлары тым зорайтылып көрсетілгендей әсер қалдырды. Құдды ежелгі Рим әскерінен артық болмаса, кем емес сияқты. Әрине, қазақ әскері осындай мұздай құрсанған жауды тас талқан етті дегенді жеткізу үшін қолданылған тәсіл шығар. Бірақ тым әсіреленіп кеткен. Бір жерінде жоңғарлар қазақтарға жабайылар деп қояды. Ал керісінше қазақ сарбаздары жалбаңдаған жаман-жәутік киімдермен жүр.Әбілқайырдың киімін ғана сұлтандікіне жақындатуға болады. Қалғандарыныкі тым жұпыны. Халықтың тұрмысы нашар болғанымен, хан-сұлтандардың, батырлардың бәрі төмен жағдайда өмір сүрген жоқ қой. Қабанбайды Қубасымен, Абылайды Ақбоз атымен, Бөгенбайды қаруларымен көрсетсек, тарихи болмыстарын аша түсетін едік. Жалпы «Жаужүрек мың бала» мен «Көшпенділер» фильмдеріндегі ортақ кемшілік қазақтың сол замандағы айтулы тұлғаларының тарихи әділетті образын ашып көрсетпей, өздеріне керек тұлғаға ғана мән беріп,бір жақты кетіп қалатыны. Мысалға, әйгілі «Троя» фильмінде біз бір ғана тұлға емес,бірнеше тамаша образдарды есімізге сақтап қалдық.Бір оқиға арқылы қаншама, елдің батырлары мен патшалары, тіпті қайраткерлері де тарихи шынайы өмірде болған ерліктеріне, әрекеттеріне сай бейнеленген. Біздің киногерлеріміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері бірегей ұлы тарихи оқиғамыз Аңырақай шайқасын кең түрде, толыққанды шынайы көрінісімен көрсете алмай, тұлғалардың келбетін, ерлігін айқын сомдай алмай, негізгі желіден ауытқып, нағыз көрсететін, халықтың рухын көтеретін тарихи деректер мен романдарда нақты жазылған хандар және батырлардың, әскерлердің өмірде болған ерлігін өз керегіне қарай бұрмалап, әрлі-берлі жұлмалап, ашық көрсетпей келе жатқандығы өкінішті жағдай. Мың жерден творчестволық шешім болса да, тарихи әділеттілік сақталуы тиіс.Бұл бүкіл Бізге дейінгі өмір сүрген ата-бабаларымыз және бүгінгі халық алдындағы зор жауапкершілікті тарихи фильмге барған әр режиссер, сценарий жазушы тереңнен түйсіне алуы басты талап. Ойдан қосылған образдар бәрі-бір шынайы қабылданбайды.Әр режиссердің шығармашылық шешім үшін керек болды деп, халықтың тарихын бұрмалауға ешқандай хақысы жоқ. Әрі- беріден соң моральдық хақысы жоқ. Сондықтан бұл екі фильмді біз тарихи оқиғаларды шынайы көрсету жағынан озық кинотуындылар деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Заманына қарай, саясатқа қарай, демеушісіне қарай түсірілген фильмдер десек қаталеспейміз. Нағыз Аңырақай шайқасы туралы фильм түсіру болашақ киногерлердің еншісінде сияқты. Қазіргі киногерлеріміз бұл тақырыпқа тек қана жақындай алды. Тереңнен үңіле алмай жатыр, мән-мағынасына, маңызына жан-тәнімен бойлай алмай жатыр. Келешек ұрпақ деп жатқаным сол, «Троя» тәрізді, тіпті одан асқан фильмді тәуелсіздікті шынайы сезінген, нағыз егемен ел атанғаннан кейін дүниеге келген азат ұрпақ бәлкім түсіре алатын шығар. Қалай болғанда да, халқымыз үшін ең ұлы тарихи оқиға Аңырақай шайқасын кең қамтып түсіру киносаласында жүрген мамандарымыздың терең ізденісін қажет етеді. Бұл фильмде сол ғасырдағы қазақ халқының тарихын жан-жақты зерделеуге болады, жекпе-жекке шығып жеңген Абылайдың ерлігі мен кейінгі билік басындағы сарабдал саясаткерлігі,халықты сөзбен тоқтата алған,ұйыта білген, рухын көтерген үш ұлы биіміз – Төле, Қазыбек, Әйтекенің шешендігі, сарбаздарды ерлікке бастай білген, өздері де қайсарлық көрсеткен батырларымыз Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабан­­бай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурыз­бай, Райымбек, Тама Есет, Шекті Тай­лақ, садақшылар жасағын басқарған ошақты Саурықтардың ержүректігі, қалың қолды білікті басқара білген бас қолбасшы Әбілқайыр бастаған Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сияқты хандар мен сұлтандардың жаужүрек бейнесі мен билікке таласқан пендешілігі, сапта болған орақ ауыз Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей жыраулардың образы түйсіне білген адамға анадайдан мен мұн­­далап тұр емес пе? Егер бір фильмге аздық етсе, бірнеше сериялы етіп түсіруге болады. «Біржан сал» фильмі бірегей өнер тұл­ғасына арналған толағай туынды. Дала дүл­дүлі өмірінің соңғы кезеңдеріне көп орын бе­рілген.Тұлғаның трагедиясы, көркеюде бай-ма­наптардың озбырлығы, махаббат майданы да бар. Басты рөлді сомдаған Досхан Жолжақсынов ағамыздың шеберлігінде сөз жоқ. Әр әрекеті терең екшеліп жасалған, өнер мен махаббат патшасының сан қырлы сезімін дөп жеткізе білген. Сценарийдегі сөздердің де қазақы бай тілмен өрілгені қуантады.Тағы бір ерекшелік, фильм арқылы халқымыздың салт-дәстүрімен молынан танысуға болады.Әсіресе, сал-серілерге деген халықтың артықша құрметін сезінесің. Олардың өнерін бағалау, табиғат берген талантына бас ию үрдісі жақсы көрсетілген. Бірақ кейбір сәттер де артықтау кетіп қалған тұстар да кездеседі. Мысалға, киіз үйдің ішінде жатқан жартылай шешінген серілерді халықтың көзінше уқалап, бүгінгінің тілімен айтсақ, массаж жасап жатқан қыздарды көрсететін эпизодтар бар. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін қазақ үшін мұндай әрекет тіптен жат саналған. Бұл жерде серілерге еркіндік береміз деп тым асыра сілтеу орын алған. Сол көріністі эротикалық тұрғыда түсіреміз деп әдепсіздікке жол берілген. Әрине, режиссер қазақтың да эротикадан хабары бар екендігін байқатқысы келген шығар, бірақ оны тым әсірелемей жеткізуге де болатын еді. Көрермен асыға күткен кинотуындының бірі Мұстафа Шоқай туралы фильм болды.Сатыбалды Нарымбетов өте тағдыры ауыр, қиын қыстау заманның ақтаңгер тұлғасы Мұстафа Шоқайдың бейнесін жасауға баруының өзі атап өтуге тұрарлық. Көркем фильм арқылы ұлт қайраткерінің өмірі мен қызметінің бізге белгісіз тұстары туралы, халқы үшін жасаған ерен еңбегі жөнінде біле алдық. Әсіресе Мұстафа Шоқайдың Германия мен Франциядағы іс-әрекеттері жайлы жазылып жүрген оқиғаларға қатысты сан-сауалдарға жауап беріледі. Оның жұмбақ тұлғасының көптеген қыры ашылған. Бірақ фильмде Алаш Орда мен Түркістан үкіметіне қатысты кезеңнің мәні толық ашылмаған, тым күңгірттік бар. Алаш қайраткерлерінің образы әлі кинода да,әдебиетте де жасала қойған жоқ. Әзірге қалың көпшілік тек нақты тарихи, құжаттық деректермен, бұрын НКВД мұрағаттарында сақталған құжаттармен танысып қана үлгерді. Алайда сол заманның тұлғасы туралы фильм түсірген соң алаш қайраткерлерінің бейнесін де аша кетуге мүмкіндік болып еді. Режиссер соны дұрыс ескермеген немесе ол тақырыпқа барудан қорқыңқыраған. Тым құрығанда бірнеше эпизодпен ақиқатты көрсете кеткенде,алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып, тағы басқа тұлғалардың жарқын бейнесі жарқ еткенде ұлтымыз үшін ұтымды болатын еді. Өйткені олар фильмнің басты кейіпкері Мұстафа Шоқай заманының қайнаған ортасында жүрген ірі тұлғалар, оның қайраткерлік қабілетінің қалыптасуына ықпал еткен ұстаздары, үлгі тұтқан адамдары болатын. Зиялы қауым бұл кинотуындының ішінде Алаш тақырыбы қамтылады деп үміт күткені жасырын емес. Алайда Түркістан үкіметіне қатысты жерде ғана тек бір эпизод жылт ете қалады. Әрине режиссер онсыз да тағдыр тауқыметі қатпарлы тұлғаны аша алсам да жетеді деп, өз кейіпкерінен де ауыр зардап шеккен алаш қайраткерлеріне бара қоймаған. Жалпы алғанда алаш үкіметі мен қайраткерлері туралы жеке тарихи көркем фильм түсіруді киногерлеріміз қолға алатын уақыт жетті. Қазіргі заманның талабы деп жай әзіл-сықаққа құрылған жеңіл-желпі фильмдермен тым әуестеніп кетпей, «Қазақфильм» әр жылда бір қомақты тарихи фильм түсіріп отыруды дәстүрге айналдырса деген ұсынысымыз бар. Әл-Фараби, Аттила,Тұмар ханшайым, Тоныкөк, Білге қаған, Қожа Ахмет Йассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Кенесары, Ақан сері сияқты алып тұлғалардың тағылымды өмірі – бүгінгі ұрпақ үшін рух беретін қайнар бұлақ. Қазақты әлемге танытқан ұлы ойшыл ақын Абай атамыздың да кинодағы толыққанды образы әлі жасала қойған жоқ. «Жас Абайдың» шикі жақтары көп болғандықтан, көрермен жақсы қабылдай алмады. Соңғы жылдары елімізде тарихи фильм­дер­дің қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Енді олардың саны емес, сапасына мән беретін кез келді.Қалай болғанда да халық тарихындағы әр оқиға мен тұлғаларға қатысты деректер бұрмаланбай берілуі басты шарт. Әркім өзінше тарта берсе, тарих бізге не үшін керек. Халқымыздың өткен жолын қастерлей отырып, тарихи әділеттілікті сақтай білу – баршамыздың ұлт алдындағы қасиетті парызымыз.
Еркін Байғабылұлы Алматы қаласы