ЗИЯЛЫ ҚАУЫМҒА АРТЫЛАТЫН ЖҮК АУЫР
ЗИЯЛЫ ҚАУЫМҒА АРТЫЛАТЫН ЖҮК АУЫР
Бүгінде еліміз барлық саланы дамытудың озық үлгілерін тиімді жүзеге асыруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мән-мағынасы жағынан ұлтқа үндеу болып табылатын «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында қоғамымыздың алдында тұрған нақты міндеттерді айқын көрсетіп берді.
«Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек. Бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырады.
Еліміз үшін еңбек етейік!», – деп барша жұртты ел игілігі жолындағы еңбекке шақырған Елбасы ел алдындағы кезек күттірмейтін түйткілдерді тізбектеп берді. Біз соның ішінде, өз саламызға қатысты тапсырмалардың жүзеге асуына мейлінше күш салып келеміз. Әсіресе Елбасының «Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту жаһандық ақпараттық дәуірде жүзеге асуда. Бұл факторды міндетті түрде ескеру қажет. Жаңғырту үдерісі, біріншіден, бүкіл қазақстандық социумды ақпараттық қоғам жағдайына бастауы тиіс, ол әлемдік дамудың трендіне толық сәйкес келеді. Екіншіден, Қазақстанда экономиканың, әлеуметтік жүйе мен саясаттың бұлжымас дамуының маңызды факторы бола алатындай ақпараттық-мәдени орта құру қажет. Елімізде ақпараттық технологиялар рекордтық, ал ақпараттық кеңістікті – коммуникациялық желілер мен БАҚ-тарды цифрландыру жоғары қарқынмен жүруде. Интернетті пайдаланушылар саны тек 2011 жылы ғана Қазақстанда 2 еседен астамға өсіп, 8,7 миллион адамға жетті, яғни ел халқының жартысынан асып түсті…» деп жетістіктерді көрсетуі әрбір азаматтың кеудесіне үміт шоғын лаулатты.
Әрине, ақпараттық-мәдени салада қоғамға жүктелген міндет көп. Соның бірі – «Ақпараттық Қазақстан – 2030» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу. Бұл арқылы Елбасы «электронды үкіметті» жүзеге асыру міндетін алға қойып, жергілікті деңгейде ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін молайтуды ұсынған болатын. Сол сияқты интеллектуалдық ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық түрлерін дамыту, Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын түбегейлі ұлғайту мәселесі де басты назарда. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев: «Іс жүзінде ол – ұлттың электронды миы. Сондықтан әлеуметтік маңызды басылымдар бағдарламасы бойынша шыққан барлық кітаптарды ҚазҰЭК-ке қосу қажет. Және оған жеке адамдар шығарған кітаптарды орналастыруды ынталандыру тетіктерін де ойластыру керек», – деді. Бұл отандық БАҚ-тарды жаңғырту бағдарламасымен де астасып жатыр.
«БАҚ саласы журналистік этиканың Ұлттық кодексінің нақты үлгілері, сол сияқты тұтынушыны бұрмаланған және шынайы емес ақпараттан қорғайтын заңды нормалар негізінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі заманғы ең озық ақпараттық технологияларды пайдалана отырып Қазақстан туралы жаһандық ақпаратты ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Атап айтқанда, Қазақстаннан Шығыс Азия мен мұсылман әлемі елдеріне географиялық ақпараттар ағынын ұлғайтып, БЭК бойынша бүтіндей алғанда еуразиялық кеңістіктің ақпарат кеңістігіндегі тыңғылықты жұмыстар біздің айрықша міндетіміз болуы тиіс. Біз үшін Қазақстанды БЭК пен ТМД-ға тартымды үлгі ете отырып, елдегі жаңғырту үдерісінің бүкіл ырғағын әріптес елдер тұрғындарына жеткізу аса маңызды».
Ол үшін Елбасының өзі тәптіштеп айтқан Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайту жағын қамтамасыз етуді нықтап қолға алған дұрыс. Себебі мәдениет саласындағы оң бастамалар мен игі шаралар жаңа сапаға ие болсын десек, қоғамның рухани дүниемен азықтануына айтарлықтай көңіл бөлген жөн. Бұл тарапта кемшіліктердің де ұшырасып жататынын Елбасы жақсы біледі. Білген соң ашына айтады.
«Қарама-қайшылықты ахуал орын алатын жағдайлар бар. Елде 40 республикалық және 8 мың облыстық мәдениет мекемелері жұмыс істейді. Қыруар қаржы бөлінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде республикада 18 жаңа театр ашылды. Соңғы 10 жылда кітапханалар саны – 579-ға, мұражайлар – 58-ге және мәдениет үйлері 1,5 мыңға артты. Сонымен бірге, мәдениет мекемелеріне бару деңгейі осы саланың даму динамикасынан кейін қалуда.
Еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс!» деп ұлт зиялыларына деген ішкі назын білдірген еді. Шын мәнінде, қоғамға рух пен намыс дәнін сеуіп, қалың оқырманды тәрбиелейтін – қағаз бен қаламды серік етушілер. Олар – жазушылар, ақындар, драматургтер, режиссерлер, журналистер. Міне, осы топқа артылатын жүк те, жауапкершілік те мол. Қоғам осы шығармашылық ұжымның арқасында қарапайым еңбек адамының шынайы бет-бейнесін танып, білуі тиіс.
Біздің Қорда мәдениет және ақпарат саласына қатысты берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша бірқатар шығармашылық ұжыммен кездесу ұйымдастырып, әлеуметтік маңызы бар жобаның жүзеге асуына өз тарапымыздан септігімізді тигізіп келеміз. Жақында ғана өткен «Ел бірлігіндегі ұлт зиялыларының рөлі» атты дөңгелек үстелде де жұртты аузына қарата алатын зиялы қауым өкілдерінің қордаланған түйткілге деген ашық көзқарасын білдік.
Әлбетте, бұған әуелі Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы ерекше қажет. Елбасының министрлік алдына қойған міндеттерінің стратегиялық маңыздылығына тоқталған Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай «Ақпараттық Қазақстан-2030» мемлекеттік бағдарламасын жасау, отандық әлеуметтік-мәдени мұраларды жаңғыртудың бес жылды қамтитын салалық жоспары, Журналистік этика кодексін әзірлеу, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жаңғыруы, Қазақстанның ұлттық электронды кітапхана қорын кеңейту сияқты ауқымды жобалардың күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізді. Министр әрі бұл міндеттерді орындау үшін толыққанды мүмкіндіктің бар екендігін тілге тиек етті. Аталмыш министрліктің өзіне жүктелген тапсырмаларға немқұрайлы қарамайтындығын мынадан-ақ аңғаруға болады. «Рейтинг.KZ» рейтингтік компаниясының 2012 жылғы 28 маусымдағы әлеуметтік сауалнамасының нәтижелері бойынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі Үкімет құрамына кіретін 40 министрлік пен ведомство арасында транспаренттілік көрсеткіші бойынша көштің басынан көрініпті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Елбасының пікірімен аяқтасам деймін. «Біз жетістіктерімізді халықтың, қарапайым адамдардың өмірін жақсартуға бағыттауымыз керек. Бізде барлық қажетті бағдарламалар әзірленген, оларды іске асыруға жеткілікті көлемде қаржылар бөлінді. Енді олар жергілікті жерлерде нақты орындалуға тиісті. Осының барлығы қоғамымызды «Еңбек Қоғамын» қалыптастыруға және құруға ынталандыруы қажет. Кім еңбек етсе, сол өркенді, сол табысты болады», – деді Елбасы Н.Назарбаев өзінің аталмыш стратегиялық еңбегінде. Демек, еліміздің мәдени және ақпараттық саласы қарыштап дами түссін десек, әлі де көп ізденуге, ерінбей еңбек етуге тура келеді. Қоғам алдындағы жауапты міндетімізді еңсеруге бағытталған даңғыл жол сонда ғана айқара ашылмақ.
«Дегдар» келісімді қолдау қоры» қоғамдық қорының төрағасы