КЕНДІ АЛТАЙДЫ ЖАЛЫҚПАЙ КЕЗГЕН ҒАЛЫМ

КЕНДІ АЛТАЙДЫ ЖАЛЫҚПАЙ КЕЗГЕН ҒАЛЫМ

КЕНДІ АЛТАЙДЫ ЖАЛЫҚПАЙ КЕЗГЕН ҒАЛЫМ
ашық дереккөзі
379

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «…Кенді Алтайды Қазақстанның көкірегіне тағылған алтын алқа, – деп тегін атамаған. Оның өркендеу шыңы әлі алда деп ойлаймын. Мен еліміздің жер қойнауында кездесетін байлықтың сан түрі жерінде тұнған Шығыс Қазақстан облысы сияқты «асыл тәждің» Қазақстанда болуын мақтан етемін», – деген сөзі талайлардың мақтаныш сезімін туғызып қана қойған жоқ, Қазақстан ғалымдарының алдына қойылған міндеттерді еселей түсті. Яғни Қазақстан тау-кен ғылымы жоқ жерден басталған жоқ, ғылымды дамытамыз десек, оның бастауында тұрғандарды білуге тиіспіз.

Шығыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан аймағында ондаған жыл дала кезіп, тау-тасты сүзіп, көптеген тау-кен орындарын тапқан ғалымдардың бірегейі болған, бүгінде есімі ұмытыла бастаған Кәрбоз Ноғайұлы Ержанов болатын. К.Ержанов 1912 жылдың 7 қарашасында бұрынғы Перовскі уезіне қарасты №16 ауылда туған. Әкесінен үш жаста, анасынан алты жасында айрылып, жетімдіктің тауқыметін көрді. 1921 жылы Қызыл әскерден босап, елге оралған туған ағасы Сейдалымен әуелде Қызылорда қаласында, кейіннен Ташкентте тұрады. Сол жылдарда ағасы байланыс бөлімінде монтер болыпты. Ашаршылықтан аман құтылған Кәрбоз 1924 жылы Ташкент қаласындағы №7 Икрамов атындағы жетім балаларға арналған балалар үйіне қабылданып, осында 4-сыныпты бітіреді. Орта Азия су шаруашылығы политехникумында үш жыл оқып, онан кейін САГУ-дегі жұмысшыларға арналған 6 айлық курста оқып, оны 1931 жылы бітірген. К.Ержанов 1931 жылдың тамыз айында Ташкенттегі Пролетар аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен С.Орджоникидзе атындағы Москва геоло­гиялық-барлау институтына оқуға түседі. 1936 жылы геолог мамандығын алады. Ол сонымен қатар М.Ломоносов атындағы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады. Студент кезінде Мәскеуде айтулы институтта ғылыми қызметкер болуы, оның мамандығы мен ғылымға деген құлшынысынан туындаса керек. 1936 жылы оқуын бітірісімен КСРО академиясына қарасты Мұғалжар экспедициясында инженер-геолог болса, жыл аяғына таман КСРО академиясының академигі А.Д.Архангельскийдің ұсынысы және қолдауымен Алматыдағы академияның қазақ филиалына қызметке жіберіледі. 1936-1950 жылдары геология сектор меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, кейіннен геология институтында сектор басқарған. Геология-минералогия ғылымына берік қадам жасаған К.Ержанов қазақ даласының тау-тасын ұзақ зерттеді. Мәскеудегі ұстазы, 90 жастағы академик А.П.Карпинскийдің: «…Сендердің мекендерің дала болсын. Дала болсын»,– деген талапқа толы сөзін әрдайым жадында ұстаған ол сегіз жыл бойы Қазақстанның тау-тастарын кезіп, көптеген кен орындарын зерттеп, ашты. 1943 жылы Қазақстанда екінші болып гео­логия саласынан кандидаттық диссертациясын қорғады. Оның ғылыми еңбектері бірнеше кітап болып шығып, Шығыс Қазақстандағы Қарашоқы, Бүркітті, Жыланды, Малдыбай, Қарқаралы өңіріндегі тау-кен жыныстарын зерттеп, оның өндіріске енуіне ықпал жасаған ғалым. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, сонау 1938 жылдан бері зерттеу нәтижесінде қазақтың геология ғылымына қосқан үлесі зор болды. Өндірісте тікелей жұмыс істеп қана қоймай, 1948 жылдан ұстаздықпен айналысқан кісі. К.Ержановтың 1938-1967 жылдар аралы­ғында тау-кен жыныстарының жайы мен өндіріске пайдалану жолдары туралы жазған оннан астам кітаптары жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылған. Әсіресе ғалымның «Тарбағатай тауының гранит пен пегматиттар жыныстары» атты ғылыми еңбегі жеке кітап болып шықты. 1967 жылы Ташкент политехникалық институтындағы біріккен үлкен ғылыми кеңесте «Тарбағатай тауының гранит және пегматиттар жыныстары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Ол 1952-54 жылдар аралығында Политех­никалық институтта «Петрография және пайдалы қазбалар» кафедрасында меңгеруші, декан, 1954-59 жылдарда КазГУ-де доцент, Геология министрлігінің зерттеу институтында лаборатория меңгерушісі, 1959-1964 жылдарда шикізат материалдары ғылыми зерттеулері институты директорының орынбасары, 1964 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ политехникалық институтында кафед­ра меңгерушісі болып, алдынан талай талапты шәкірттер ұшырған. Олардың арасында Марат Шынболатов, Марат Құлниязов, Айтмұқанбет Абдуллин, Молдияр Серікбаев, Олжас Сүлейменов, Садуақас Құрманов, Қалила Махамбетов бар. Шәкірттерінің бірі, геология, картография саласының майталманы Молдияр Серікбаев ұстазы К.Ержановтың сөйлеу мәнерінің ерекше екенін айтады. Бұлардың ішінде Олжас Сүлейменов көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ақын болса, ал А.Абдуллин Қазақстан Ғылым академиясының академигі атағын иеленген. Кәрбоз Ержанов мәскеулік ұстаздары А.Д.Архангельский, А.П.Карпинский, А.Е.Ферсман, Н.М.Страхов, қазақстандық академик ғалымдар (геология саласында) У.Ахметсафин, Н.А.Кенесарин, П.Тәжібаева, А.Қаюпов, Қ.Сәтбаев, Ш.Есеновтермен қоян-қолтық қызмет істеп, қазақтың ғылым академиясының құрылып, оның іргетасының бекуіне бірден-бір үлес қосқан қайраткер ғалым болды. Көрнекті ғалым К.Ержановтың туғанына 50 жыл толу қарсаңында республикалық басылымдар ғалым жайлы мақалалар жариялаған. Белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаевтың «Адам, тас және іздер» атты мақаласында: «…Отан соғысының отты жылдарында ол кісі дала кезуін қойған жоқ. Өйткені ондай қазына елге ауадай қажет еді. Сондықтан да халықтың қажетіне жаратты да. Қазір Кәрбоз аға өзі соған қуанады», – деп сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің 1962 жылдың 10 қарашасында үлкен мақтанышпен мақаласын жариялаған екен. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің 1942 жылдың 19 сәуірдегі №98 санында Сталиндік сыйлықтардың лауреаты атағын алған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты құттықтаған Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Скворцов пен Қазақ Совноркомының төрағасы Н.Оңдасыновтың құттықтауымен бірге Кәрбоз Ноғайұлы Ержановтың «Шыңға шыққан ғалым» атты мақаласы жарияланды. Онда: «…Қаныш Сәтбаев қазақ халқының шыңға шыққан ғалымы. Ол өзінің барлық білімін, барлық күш-жігерін сүйікті Отанының игілігі үшін жұмсауда», – деп жазады. Республика басшыларымен бірге Қ.Сәтбаев туралы сөз қозғауы, К.Ержановтың сол тұстағы ірі геолог болғанынан хабар беретіні күмәнсіз. Кәрбоз Ноғайұлы Ержанов геоло­гияның барлық саласында, геология, қазба байлықтарын, минералогия, геохимия салаларында ұшан-теңіз еңбектер қалдырды. Екі кезеңді басынан өткізіп, ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында Қазақ­стан­дағы геология ғылымына зор үлес қосқан алғашқы ғалымдардың бірі – білікті ұстаз Кәрбоз Ноғайұлы Ержановтың туғанына 100 жыл, өмірден өткеніне 45 жыл болса да ғалым, ұстаз жайлы академия мен қазақтың ұлттық және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университтерінде де кең көлемде аталмай отыр. Қазақтың сары даласы мен тау-тасын кезіп, Тарбағатай мен Қарқаралы өңіріндегі тау-кен жыныстарын тауып, Шығыстағы өндіріс орындарының көптеп ашылуына тікелей ықпал еткен ғалымның ескерусіз қалғаны көңілді алаңдатады. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «…Кенді Алтайды Қазақстанның көкірегіне тағылған алқа деп тегін атамаған» – деген сөзі Тарбағатай аймағын зерттеуде көп тер төккен, Мәскеу геология мектебінен білім алған К.Ержановқа айтылғандай болып көрінеді.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, Молдияр СЕРІКБАЕВ, картография саласының ардагері

Серіктес жаңалықтары