ӨНЕРТАПҚЫШТАР ОЙЛАНЫП ЖҮР...

ӨНЕРТАПҚЫШТАР ОЙЛАНЫП ЖҮР...

ӨНЕРТАПҚЫШТАР ОЙЛАНЫП ЖҮР...
ашық дереккөзі
523

Ғалымдарымыз бен олардың инновациялық идеялары елдің экономикалық саясатының маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Қазақстан келешекте дамыған индустриялды мемлекетке айналуы үшін, өнертапқыш ғалымдарымыздың отандық өндірісті дамытуы қажет-ақ. Сонда ғана елімізде отандық өнімнің дамуына негіз болатын өндірістік орындар көптеп ашылар еді.

Мемлекет басшысы: «Инновация – ол тек технологиялық идеялар ғана емес, сонымен бірге, басқарушылық және гуманитарлық бастамалар екенін есте сақтау маңызды. Инновация білім беру саласында, денсаулық сақтау ісінде, басқару саласында болуы мүмкін» деген болатын. Елбасының сөзінің де жаны бар. Өйткені бүгінгі қоғамда мемлекетіміздің қалыптасуы үшін жаңа идеялар мен тың бас­тамалар қажет-ақ. Әртүрлі технологиялық бағыттардың көп қырлылығы тиянақты болжам жасауды және жоспарлауды, міндеттерді дұрыс айқындап, олардың басымдықтарын белгілеуді талап етері белгілі. Бүгінгі күні өткен кезеңнен қалған технологиялар тез ескіріп қалды. Сондықтан ұзақ мерзімді әлеуеті бар технологияларды инвестициялау жөн болары сөзсіз. Мысалға алып қарайықшы, үстелге қоятын компьютерлер әдемі көрінуі мүмкін. Әрі оған қажетті бөлшектер мен микросхемалар жасайтын зауыт салу бір қарағанда жеңіл де шығар. Алайда қазіргі уақыт үстел үстіне қоятын компьютерлерді емес, тұтынушылардың алып жүруіне ыңғайлы кішкентай технологияға ауа бастағанын көрсетіп отыр. Ал келер болашақта, яғни он жылдан кейін қалтаға салуға лайықты компьютерлер көбейетіні анық. Тағы бір мысал, теледидарларды алайық. Қазір лампалармен жұмыс істейтін теледидарлардың заманы келмеске кеткен. Олардың орнын сұйық кристалды және плазмалы теледидарлар басты. Қазір енді бұл жөніндегі технологиялар одан әріге кетіп, үш өлшемді бейнелеу теледидарлары шыға бастады. Оларды арнаулы көзілдірік арқылы қарауға болады. Енді біраз уақыттан кейін бұл теледидарлар негізгі тұтыну трендіне енуі тиіс. Бірақ келешекте бұл жаңалық та ескіруі мүмкін. Өйткені ол кезде көзілдірікті қажет етпейтін үш өлшемді теледидарлар да пайда болуы ықтимал. Сондықтан технологиялық дамудың жоғары қарқыны жоспарлаудың маңызын арттырып отыр. Ол технологиялардың қазіргі жағдайынан едәуір алға кетуі тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Танымалдық, үгіт-насихат керек. Жақсы сыйлықтар тағайындап, «Алтын сапа» конкурсы тәрізді өнертапқыштар мен рационализаторлардың ұлттық байқауларын өткізу қажет. Бұл қоғам үшін, жастардың инновациялық рухын сезінулері үшін қажет» деген болатын. Осы орайда, ел арасында байқаулар өткізіп, жаңа инновациялық технологияларды ойлап табатын азаматтарға қолдау жасағанымыз жөн. Бүгінде Инновациялық Қазақстан қорының да алға қойып отырған мақсаты осындай. Ол – ел арасында жүрген өнертапқыш ғалымдарымыз ойлап тапқан инновациялық жобаларына қолдау көрсету. Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауында индустриялық-инновациялық жобалардың әлеуметтік маңызына жоғары баға берілген болатын. Әрі оның экономиканы жаңғыртудың негізгі бағыты болып табылатынын да айтқан жөн. Өмірлік тәжірибесі бар, жан-жақты білімді азаматтар Елбасының алға қойған міндеттеріне өзіндік тың бастамаларымен жауап беруге жұмылғаны, әрине құптарлық. Сондай өз талантымен, білімімен қондырғы ойлап тауып жүрген азаматтар да елімізде жетерлік. Соның бірі – техника ғылымдарының кандидаты Вадим Некрасов. Ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып, электр энергиясы саласында тың жаңалықтар ойлап табумен шұғылданып келе жатқан ғалымның бүгінгі еңбегі елдің игілігі үшін жасалуда. Аядай ғана пәтерінде ғалым ұзақ жылдар бойы ғылыммен айналысуға бел байлаған екен. Тіпті ғалым өмірінің тең жартысынан астамын осы электр энергиясы саласына арнаған десек те болады. Қоғам дамыған сайын энергия тұтыну қажеттігі қарқындап өсе түседі. Электр энергиясы әр түрлі электр станцияларында өндіріледі. Электр энергиясын өндіру мәселесі бойынша Вадим Некрасовтың 30 жылдық зерттеу жұмыстары бар. Ғалым тұрмыстық жағдайда биогазды қолдануды ұсынып отыр. Мұндай тәсіл көршілес Қырғызстан елінде кеңінен қолданылатын көрінеді. Алайда бұл қондырғы қазір өте қымбатқа түседі. Сондықтан Вадим Некрасов оның осы ойын жүзеге асыру үшін мемлекет көмектесер деп үміттеніп отыр. «Мен төрт түліктің қиынан органикалық заттардың бөліну процесіне аса мән беріп отырмын. Оның арқасында биогаз алып, соны энергия көзі ретінде пайдалануға болады. Ол жақсы жанады және қоршаған ортаны ластамайды. Мұндай тәсіл Семей қаласы мен Луговое стансаларындағы шаруашылықтарда біртіндеп қолданыла бастады», – дейді ғалым. Өнертапқыштың айтуынша, ауылшаруашылығы саласында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бағдарламасы бар. Олар осы бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. «Мен Қазақстанның энергетикалық ахуалының қандай екенін білемін. Менің ұсынатыным жергілікті жердегі электр энергиясының көздеріне қатысты кіші электр энергетикасын дамыту қажет. Жергілікті жылу қазандықтарынан кішігірім электр станцияларын салу қажет. Егер малдың қиы өңделмеген болса, ол эпидемия тудыруы мүмкін. Сондықтан фермерлерге малдың қиы үшін салық салынады. Бұл – үлкен мәселе. Қидан шыққан органикалық өнімдерден биологиялық газ алып, оны қолданысқа енгізсек, ауылшаруашылығын дамыту саласына да көмек болар еді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін кішігірім энергетикалық қондырғыларға негізделген ауылшаруашылық энергетикасын дамыту керек. Бірыңғай энергетикалық жүйе бойынша Қазақстан елдің бүкіл аумағын электр энергиясымен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті, органикалық өнімдерден биогаз алу жолдарын қарастыру қажет. Биогаз құрамын 50-80% метан, 20-30% көмірқышқыл газы, шамамен 1% күкіртсутек, сонымен қатар шамалы мөлшердегі басқа газдар (азот, оттегі, сутегі, аммиак, т.б.) құрайды. Шикізаттан биогаз алуды ферментация немесе ашыту деп атайды. Органикалық өнімдерді өңдеуде дайындалған шикізаттан (көң) биогаз және биотыңайтқыш түзіледі. Биогаз әзірлейтін қондырғыны қолданудың экономикалық пайдасы да мол: отын мен электроэнергия үнемделеді, биогаз және биотыңайтқышты сатуға болады, ауылшарушылық өсімдіктерінің өнімділігі жоғарылайды, үй жануарлары мен құстарға жем қоспалары қолданылады. Ауыл тұрғындарының тұрмысына және шаруашылығына қажетті энергия көзімен олардың малдары түзетін шикізат бөліп шығаратын биогаз мөлшері толығымен қамтамасыз ете алады. Бірақ ауылдарда биогаз қондырғысын орнату ұсынылады. Биогаз қондырғысының қуаты жылына 3 миллион киловатқа жуық электр энергиясын өндіреді деп есептелген. Бұл жергілікті елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті болмақ», – деген ойын айтады ғалым. Ал Қонаев атындағы тау-кен инс­титутының маманы Николай Сәдуақасұлы Бүтүковтің ойлап тапқан қондырғылары бүгінгі тұтынушылардың қажеттілігін өтейтін құнды дүние деуімізге негіз бар. Николай Сәдуақасұлы: «Елімізде “Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы” мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жел күшімен өндіретін электр энергиясы қуатын халық шаруашылығына қолданудың тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Қазақстанда жел күшімен алынатын электр энергиясы қуатын мол өндіруге болады. Республикамыздың барлық өңірлерінде жел қуаты жеткілікті», – дейді. Ғалымның айтуынша, АҚШ, Дания, Голландия, Германия сынды шет елдерде арзан электр энергиясын өндіретін көп жел қондырғылары жұмыс істейді екен. Қытайда жел энергиясын пайдаланатын 120 мыңнан аса шағын жел генераторлары мен 1600 сорғы жұмыс істейді. Осыған ұқсас жұмыстар біздің елімізде де бастау алып жатыр. Қазақстанның Жетісу (Жоңғар) қақпасы, Сөгеті жазығы (Алматы облысы), Қордай (Жамбыл облысы), Бейнеу, Жетібай (Маңғыстау облысы), Атырау, Индер, Мұғалжар өңірлері, Ерейментау, Сілеті (Ақмола облысы), Балқаш, Топар (Қарағанды), Жоталы (Қызылорда облысы), Жалпақтау (Батыс Қазақстан облысы) сынды аумақтарында жел көздері жеткілікті. Сондықтан жел көздерін тиімді пайдалану өте маңызды. «Біздің еліміздегі жел теңіз самалына қарағанда ерекше. Біріншіден, Қазақстан аумағындағы желдің серпіні бар және бағыты өзгеріп тұрады. Қазір дүние жүзіндегі жел қондырғыларының көпшілігі теңіз самалына негізделген. Еуропада жел энергиясын өндіретін қондырғылар бір жылда 2500-3000 сағат жұмыс істейді. Ал, біздің еліміздегі қондырғылар бір жылдағы жұмыс істеу уақыты 6-7 мың сағатты құрайды. Демек, Қазақстандық қондырғылар 2-3 есе көп электр қуатын өндіріп шығарады. Жел қондырғылары арқылы өндірілетін электр қуатының бағасы 4-6 теңге. Шетелден әкелінген жел қондырғылары ұзақ уақытқа жарамайды. Қатты жел кезінде сынып қалады. Бұл еліміздегі жасалып жатқан жел қондырғыларына сұранысты арттырады. «Менің қондырғымның артықшылығы желдің қай бағытта соғатындығына тәуелді емес. 2-3 метрден бастап 60-70 метрден асса да жұмыс істей береді. Шетелдік жел қондырғылары 3-20 немесе 4-25 метр­ге дейін ғана жұмыс жасай алады. Сонымен бірге, электр қуатының бағасы 1,5-2 есе арзан болады. Сырттан әкелінген қондырғылардан 2-3 есе көп уақыт жұмыс істейді және 2-3 есе көп электр энергиясын өндіреді. Сондықтан электр қуатының бағасы да 1,5-2 есе арзан болады», – дейді Николай Сәдуақасұлы. Еліміздің игілігі үшін қызмет етіп жүрген отандық өнертапқыштарымыздың жобалары арзан электр энергиясын өндіру жолдарын көрсетіп, мәселенің шешімін табуға септігін тигізері сөзсіз. Әзірге бұл жобаға қатысқысы келетін өнертапқыштардың идеялары да көп. Ең бастысы, сол идеяларды топтастырып, бір арнаға тоғыстыра білу маңызды. Елбасының Жолдауында мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың инновациялық жобаларды дамытудағы шағын бизнестің бастамаларын анықтау және қолдаудағы рөлі туралы нақты айтылған болатын. Осы орайда, «Инновациялық Қазақстан» бастамасы ел арасында жүрген ғалымдардың тың дүниелердің жүзеге асырылуына нақты көмек, қолдау жасап жатқанын да айта кеткеннің артықтығы жоқ.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары