Айгүл Ісмақова: Алаш арысын толық таныған жоқпыз

Айгүл Ісмақова: Алаш арысын толық таныған жоқпыз

Айгүл Ісмақова: Алаш арысын толық таныған жоқпыз
ашық дереккөзі
1218

Айгүл Ісмақова,  филология ғылымдарының докторы.

– Жүсіпбек Аймауытұлының мақа­ла­лары, өзі редактор болып шығарған газет-журналдары туралы әлі де толық зерттелмей жатқанын жиі айтамыз. Бірақ қазақ театрына қатысы барын, Біржан салдың рөлін сомдағанын екінің бірі біле бермейді....

– Сұрағыңызға жауап бермес бұрын Жүсіпбек Аймауытұлының кім болғанын айтып өтейін. Ж.Аймауытұлы – қазақтың психологиялық прозасын қалыптастырушы жазушы, ақын. Қазақтың тұңғыш пьесаларының авторы, драматург. Алаш қайраткерлерінің бірі. Көсемсөзші, қазақ журналистикасының көшбасшысы. Сонымен қатар қазіргі XXI ғасырда да таңғалатын психологиялық романдардың авторы. Психология, педагогика, оқу әдістемесі деген мамандықтың басында тұрған ғалым. Ол жайында замандастары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы жазып кеткен.

 Ж.Аймауытұлы қазақ газет-журнал­да­рының көбісін өзі шығарды. Қазақтың ұлт­тық мүддесін қорғайтын көптеген мақа­лалар жазды. Өзі Біржан салдың рөлін ойнап, қазақ театрының басында тұрған тұлға. Мәскеуге барып, өзге елдің мәдениетін көрген Жүсіпбек, кенжелеп жатқан қазақ көсемсөзін яғни жур­на­лис­тикасын алға сүйреуге бар жанын сал­ды. Әлемдік деңгеймен салыстырғанда тұ­ралап тұрған қазақ мәдениетінің көте­рі­луіне өз мақалаларымен үн қосты. «Сарыарқа», «Қазақ», «Абай» сынды қа­зақ газет-журналдарының өркендеп да­муына, оның ұшқынының жан-жаққа тара­луына көп атсалысты. Қазақтың өз ішін­дегі тартыстарды да тоқтатуға күш салды.

Ж.Аймауытұлы саясаттанушы да­ болған. Саяси бағытта жазылған баян­да­малары ұлтына қызмет ету, ұлтты сүю, қазақтың мемлекеттілігін сақтау бағы­тында жазылған. Қазақтың мемле­кет­тілігі үшін әрбір қазақ іс басында та­былуы қажет деген керемет ойлар айтқан. Аймауытұлының осы баяндамалары күні бүгінге дейін жеке мұрасы болып, зерттелмей қалып отыр. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы қазақтың мемлекеттілігін Ресей империясы да, одан кейін құрылған совет үкіметі де қолдамағанына, мойын­да­мағанына қарсы шықты. Бұлар өз баяндамаларын: «Қазақ – текті халық, шекарасы, жері бар, ұлттық тілі, ұлттық мүддесі, тарихы бар, мәдениетті, сауатты, парасатты елміз» деген бағытта жазды.

1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында Орынборда екінші жал­пы қазақ съезі өтті. Оған бүкіл қазақ зиялылары қатысты. 12-сі күні сағат үште азан шақырылып Алаш автономиясы құрылды. Осы Алаш съезі туралы «Қазақстан», «Сарыарқа» газеттерінде Аймауытұлының саяси мақалалары шықты. Оның басты көтерген мәселесі – ата-бабаларымыздың қанымен қорғалған ежелден келе жатқан өз шекарамыз, өз жеріміздің бар екендігі жайлы болды. Бұл мақалаларды оқыған қазақтардың әрине, рухы көтерілді: «Біз орыстың боданында отырған ел емес екенбіз. Біздің өз тарихымыз бар екен» деген пікір қалыптастырып, елдің еңсесін көтерді.

Ж.Аймауытұлы жайлы анықтап, ба­сып айтатын тағы бір күрделі мәселе 1918 жылы Семей қаласынан «Абай» жур­налын шығаруы. «Абай» журналында ақынның шығармашылығы мен әдебиетке қатысты жазылған материалдарымен қоса көтерілген тағы бір жайт – қазақ жастарының орысша білім алып, сол елдің мәдениетіне еліктеп «кекіреніп», өз қазағын менсінбей кетуі. Бұндай жағдай қазір бізде де ушығып тұр. Жүсіпбек дәл қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан кейбір келеңсіз мәселелерді сол кезде болжап жазып кеткендей. Болыстарға аудармашы болып жүрген қазақ жігіттері мен аздап сауаты бар оқығандарының кейбіреуі қарапайым елді менсінбей, жылтыраған түймеге қызығып, шенеуніктік психология қалыптастыра бастағанын айтқан. Қарап отырсаңыз, жақсы қызмет, ақша қуған қазіргі біздің кейбір атқамінерлерімізді жазғандай әсерде қаласың. Халықтың хал-ахуалымен көбінің ісі жоқ. «Елін менсінбейтін, өзім ішсем-жесем дейтін шенеуніктер қазаққа керегі жоқ», – деп көсемсөзші ерекше тоқталып айтқан.

Осы журналда жарияланған «Ұлтты сүю» атты мақаласына қысқаша тоқталсақ, «Басшы дүзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық жоқ. Қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығандары. Халыққа қызмет қылуға жарамаған, үлгі, шырақ бола алмаған оқығандардан пайда жоқ», – дейді. Көсемсөзші Ж.Аймауытұлы тағы былай дейді: «Жанды тәрбиелейтін үш түрлі сипат бар – ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылысында осы үш сипатты бірдей тәрбиелейтін болса, ол кісі данышпан болады.

Әрбір қазақ баласына ерте бастан ұлт рухын сіңіруі керек. Орыс тәрбиесін алған бала ешқашан ұлт қызметкері бола алмайды. Біз орыстардың арақ ішу, темекі тарту, құмар ойнау сияқты жаман әдеттерінен қашуымыз керек». Ата-бабамызда болмаған осы жаман әдеттерден біз күні бүгін де арыла алмай келеміз.

Көсемсөз туралы тағы да айтып кет­сек, «Тәрбие» деген мақаласында: «Дәрігер адамның тәнін сауықтырса, тәрбиеші адамның жанын, ақылын, мінезін сауықтырады. Мектепте білім беру домбыраның қос ішегіндей тәрбиемен қатар жүру керек. Ақылақты, ақылды адам көбейсе, олар – отанының күзетшісі, қорғаны» деген екен. Біз айырылып қалған білім беру жүйесінің әттеген-айы осы.

Ж.Аймауытұлы мектепке де арнап оқу­лық жазған. «Тәрбиеге жетекші» еңбегінде: «Мектептің жаны – мұғалім. Баланың санасына ең бірінші ұлттық құндылықтарымызды сіңіру қажет, мектепке арналып жазылған оқулықтар дұрыс жазылуы керек» деген құнды ойлар айтқан.

Нұржан Қуантайұлы деген заманда­сы­мыз Ж.Аймауытұлының журналистік қыз­меті туралы ғылыми зерттеу жүр­гізіп, талдаулар жасады. Ғалымның зер­де­леуіне сүйенсек, 1921 жылы 21 ақпан­да партбюроның шешімімен С.Сәдуақасұлының орнына «Еңбек туы» газетінің редакторы болып Ж.Аймауытұлы бекітіледі. Олай болса, ұлы қаламгер бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің ең алғашқы редакторларының бірі. Бұл – күні бүгінге дейін көп айтылмай келе жатқан дерек. Ату жазасына ұшырауына байла­нысты Ж.Аймауытұлының редак­тор­лығымен 7-8 ай шыққан «Еңбек туы» газетінің тігінділері қорда сақтал­ма­ғандығы өкінішті.

Қазақтың тұңғыш газеттерін шыға­руда ғана емес, архив материалдары дә­лел­дегендей, журналдар шығаруда да Жүсіп­бектің еңбегі ересен. Мысалы, 1931 жылы 6 ай бойы шыққан «Сәуле» журналында Әлихан мен Мағжан бастаған ұлт әдебиетшілерінің шығармаларын жариялаған. Өзінің «Елеусіз ерлер», «Су жүзінде» сияқты алты әңгімесі де «Сәуледе» шыққан. Журнал Ташкенттегі баспаханада басылған, таралымы 2000 дана.

Енді бір өкінішпен айтатын нәрсе – Ж.Аймауы­тұлының еңбектерінің көбі­нің жоғалғаны. Мысалы, Смағұл Сәдуақас­ұлының 1926 жылы жазған анкетасы бар. Соған берген жауаптарында көптеген туындыларының атын атап жазған, соның үштен бірі жоқ. Біз жүсіпбектанушылар соны анықтай алмай келеміз.

Шымкент оқу комиссариатының ғы­лыми қызметкері Т.Шонанов, Сәкен Сейфуллин мен «Ауыл тілі» газетін­де істейтін Бейімбет Майлинге: «Ж.Аймауытұлының «Қолдорба», «Оянған Асан», «Түлкі, қасқыр, түйе», «Екі еріншек» атты қолжазбаларына пікір біл­дір­сеңіздер екен», – деп өтініш хат жол­даған. Міне, осы аталған қолжазбалар еш жерде жинақ болып шықпады. Кейінгі тағдыры да белгісіз. Осындай жоғалған қолжазбаларының ең көлемдісі – «Мәскеу және Қырымға жолаушылық».

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында істеген библиограф-ғалым Үшкөлтай Субханбердина Совет үкіметі кезінде Санкт-Петербург, Мәскеу кітапханаларында отырып, қазақ даласында шыққан газет-журналдар мен Алаш зиялыларының жазған мақалаларын түгендеп, библиографиясын түзді. Ол кезде Алаш азаматтарының аттарын атауға тыйым салынғандықтан, тек қана мақалалардың библиографиясын жасады. Бұл тақырыпта докторлығын да қорғай алмады. Осы кісінің айтуы бойынша, Ж.Аймауытұлының 16 бүркеншік есімі болған. Үшкөлтай Субханбердина – қазақтың «Дала уалаяты» болсын, қай газет-журналы болса да ондағы мақалалардың жоғары деңгейде жазылғандығын, XIX ғасырдан бастап қазақ көсемсөзінің кәсіби деңгейге көтерілгендігін дәлелдеп кеткен ғалым.

Ж.Аймауытұлының күні бүгінге дейін айтылмай келе жатқан қыры – оның фельетондары. Бұл туралы кезінде профессор Т.Қожекеев жазған, бірақ Қожекеевтің зерттеулерінен кейін Аймауытұлының сатирасы мен сыны айтылмай келеді.

 «Сауатсыздықты жою», «Мал бас садақасы ма, бас мал садақасы ма?», «Мысыққа ойын, тышқанға өлім», тағы басқа фельетондарында елдің жағымсыз мінез-құлқын, іс-әрекетін сынай отырып, халықты жаман әдеттерден арылуға шақырған. Жай бір күлдіргі әңгіме айтып отырғандай болып, қазақтың мінін тайға таңба басқандай көрсеткен. Қазақтың ақсақалдары балаларының қателіктерін өйтпе-бүйтпе деп түзетпеген. Басқа біреуді тұспалдап, сырттан мысалдар ала отырып, жаман әдеттерге тыйым салып отырған. Тыйым салу біздің ежелден келе жатқан дәстүрімізде осылай іске асқан. Жүсіпбек өз фельетондарында осыны жақсы пайдаланған. Фельетонды оқыған кез келген адам бірден өз мінін тауып алады. Бұл – жазудағы асқан шеберліктің белгісі.

 Қазіргі біздің ғылымның міндеті – Ж.Аймауытұлының қалған мұрасын игеріп, шығармашылығын жоғары деңгейде зерттеумен шектелмей, оны насихаттай білу.

– Республикалық кітап мұражайында 1926 жылы шыққан «Қартқожа» романының төте жазумен (араб әрпімен) жарық көрген нұсқасы көрмеде тұр. «Ақбілек», «Қартқожа» романдары жұртшылыққа біршама белгілі. Ал хаттары туралы айтыла бермейді.

– Осы екі роман туралы «Қазақтың клас­­си­калық романдары» деген тақы­рып­пен докторлық диссертация жаз­дым. Ғылыми жұмысым Мәскеуде тал­қыланып, жоғары баға алды. 1998 жылы Алматыда диссертация қорғадым, содан бері Мәскеуде «Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар және репрессияланған ғы­лым» атты лекция оқып келе жатырмын.

Жазушының көзі тірісінде «Қартқожа» роман болып шықты, ал «Ақбілектің» бірінші бөлімі 1928-жылы «Әйел теңдігі» журналында жарық көрді. Екі романда да, совет өкіметі орнап жатқан қазақ даласындағы қиыншылықтар, қазақ белсенділерінің сатқындығы суреттелген. Совет үкіметі қазақ қоғамына айбалтаның күшімен, ақ найзаның ұшымен келді. Осы кезеңде Ресей төңкерісшілері, кедейшілікті ұтымды сипат қылып ұстанып, қазақты ата-баба дәстүрінен қол үзгендігі романда бейнеленген.

Ж.Аймауытұлы өзі туралы айтқанда: «Қартқожадағы» підие алатын бала молданы оқысаң, ол – өзім. Қартқожаның әкесін көрсек, ол – өз әке-шешем» деген екен. Жазушы өз шығармасындағы оқиғаларды басынан кешпесе, кейіпкер ғып алған баланың психологиясын, ойын жеткізе алмас еді. Жалпы, бұл романда аласапыран кездің өзінде де, қазақ баласының өз басына ие болып, тектілік танытуы бейнеленген.

Әлем әдебиетінде «роман воспитание» деген жанр бар, қазақшаласақ роман-тәрбие болып аударылады ғой. Жан-Жак Руссо, Дидро шығармалары осы жанрға жатады. Бұл жанрды қазақ тілінде іске асырған – Ж.Аймауытұлы. Әлемдік әдебиеттану анықтағандай, әдебиет өзі үшін жазылмайды, әр халықтың тарихы, кейіпкердің тарихы ретінде жазылады. Ол кейіпкердің тарихы нанымды болу үшін міндетті түрде бала кезінен басталуы керек. Қазақ әдебиетінде Қартқожадан басқа баланың тарихы әлемдік психологиялық роман негізінде әлі жазылған жоқ.

«Қартқожа» – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазылған тұңғыш роман. 1916 жылы патша жарлығымен, қазақ жастарын қара жұмысқа алу басталды. Қарап отырсаңыз, қазақтарды кемсітіп «бұлардың қолынан тек қара жұмыс келеді, мылтық ұстатуға болмайды» деген түсініктегі төмендету. Осыған намыстанған Жетісу қазақтары көтеріліске шықты. Романда Қартқожаның образы арқылы көтерілістің себеп-салдары, қазақтардың өзара ішкі түсінбеушіліктері толық ашылған.

Ж.Аймауытұлы 1926-1928 жылдар аралығында Шымкенттегі педтех­ни­кумның директоры болған. «Ақбілек» ро­манын осы жылдары жазған. М.Ж.Кө­пейге жазған екінші хатында: «Екі жарым ай болды үйден түзге шықпағаныма. Бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қарт­қожадан» үлкендігі екі есе болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын. Досты, жолдасты, құрметті, қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын», – деп жазыпты. Жүсіпбектің бұл хатындағы сөздерінен жазушының шалқар шабытын, шығармашылықтың рахатын сезінген, талантты қаламгердің қаламының қарымын сезінеміз.

«Ақбілек» романынан бұрын 1924 жылы «Елес» әңгімесін жазған. Осы әңгімеде жазушы келешек «Ақбілек» романының сюжетін айта кетеді. Романды жазу идеясы жазушыға осы әңгімеден кейін келген. Әңгімедегі мына бір сөйлемге қарайықшы: «Қазақ даласын көмірдей басып, ақтар өтті». Жазушы бір-ақ сөйлемге сол кезеңнің қасіретін сыйғызған. Ресей жерінен қашып Алтай арқылы Қытайға бара жатқан ақ гвардияшылары мамыражай жатқан қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Әйел-қыздарын қорлады, ауылдарды өртеді.

Жазушы «Ақбілекте» тектілік пен тексіздікті, адамдардың мінезіндегі ұсақтықты, ру арасындағы талас-тартысты Мұқаш образы арқылы ашқан. Бұл романда шілдехана, сүндетке отырғызу, қыз ұзату сияқты қазақтың салт-дәстүрі керемет суреттелген. Ақбілектің жеңгелерінің ақылмен жасаған іс-әрекеттері – өзінше бір жатқан институт. Автор қазақтың абыройын сақтаған жеңгелердің қасиетін даралап жазған. Романның өн бойынан, қазақ халқының ақылдылығы, парасаттылығы, қандай сән-салтанатпен өмір сүргендігіне көз жеткізесіз.

Жүсіпбектің мықты психолог ма­ман екені осы романда ерекшеленеді. Ақбіл­ектің көрген азабын, толғақ қысқан кездегі жан қиналысын, ер адам бола тұра өз жүрегімен сезініп жазғанына таң қалмасқа шараң жоқ. Мен осы роман жайлы Москвада лекция оқығанда дәл осы сюжеттерді қалай жеткізерімді білмедім. Ресей жазушылары өте жоғары баға берді.

Жүсіпбектің аштық жылдарындағы қызметі де тарихта белгілі. Ауқаттылардан жылу жинап, оны қарайған елге тарату деген бір абыройсыз жұмыс болды. Елі, жұрты үшін Жүсіпбек осындай қиын жұмыстың да басынан табыла білді. Жазушыны қаралау мақсатында «Елге таратқан дүниелеріңнің есебін бер, кімге не бергенің туралы қолхатың қайда?», – деп тергеудің астына алды. Өзіңіз ойлаңызшы, аштан қырылып, мүшкіл халде жүрген қай адам сізге қолхат жазып берсін. Сонда Жүсіпбек: «Төбеде Алла көріп тұр», – деп жауап берген екен. Жалпы Жүсіпбек, Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың басты бір ерекшелігі – бұлар Құран жолымен жүрген адамдар. Аштан қынадай қырылып жатқан халыққа жиналған дүниені талан-таражға салды деп жала жабу – Жүсіпбекке жасалған үлкен қиянат болатын.

Ж.Аймауытұлы әлем әдебиетінен біраз аудармалар жасаған аудармашы. Мос­квада жүргенде Толстойдың алдына барып, сол кездегі Андрей Белый болсын, Ресейдің жетекші жазушылармен пікір алысып жүрген әдебиетші. Сондықтан болар Конрад Беркович, Рабиндранат Тагор, Джек Лондон, Гогольді керемет аударған. Чеховты аударып жатырмын деген хаты бар. Аудармасы жоқ, жоғалған. Бұл да біздің жүсіпбектанудағы бір өкінішіміз. Чеховты ХХ ғасыр басында ешкім аударған жоқ. А.Байтұрсынұлы – ғалым, Ә.Бөкейхан – саясаттанушы, Мағжан – ақын. Мен ойлаймын, Жүсіпбек қана аударған болуы керек. Неге десеңіз, екеуінің көркемдік шығармашылықтары деңгейлес деп санаймын.

«Жүсіпбек Аймауытұлын әңгіме, драма, роман, мақала, пьеса, повестері, тіпті психология кітабындағы әр сөзіне қарап, қазақтың мемлекеттілігін, қазақ деген ұлт бар екенін мойындатқан, ұлттық мүддені қорғаудағы шығармашылықтың басында тұрған ұлт қайраткері» ретінде қадірін білуіміз керек.

– Біздің өнертанушыларымыздың ара­сында әлі күнге дейін «Қазақ театры қашаннан басталды?» деген даулы пікір бар. Осы жайлы ойларыңызды айтсаңыз.

– Совет кезінде қазақ театрын Алаш­ордашылар ашты деген пікір әрине, айтылмады. Бірақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазақ драматургиясын профессор Бағыбек Құндақбаев зерттеді. Оны институтта аспирант болып жүрген кезінде Мұхтар Әуезов шақырып алып: «Бағыбек, сен театрды зерттеймін десең, әуелі Семейге бар. 1915 жылы Ж.Аймауытов бастаған қазақ жігіттері «Біржан – Сара» айтысын алғаш сахналаған. Бұл қойылым – қазақ театрының басында тұрған оқиға. Мен саған сол мәтіндерді табуға көмектесейін», – деп, аспирантқа тапсырма береді. Б.Құндақбайұлының театр жайлы жазылған еңбектеріне сүйенсек, 1915 жылы 13 ақпанда Семейдегі саудагерлер клубында қазақтың сауатты жігіттері бірігіп, әдеби кеш өткізеді. Кешті сағат сегізде Райымжан Мәрсеков қазақ әдебиеті турасында баяндамамен ашады. Баяндамадан кейін «Біржан – Сара» спектаклі қойылды. Осы спектакльде Біржан рөлін Жүсіпбек өзінің керемет дарындылығының арқасында ерекше сипатта ойнап шығады. Бұдан көретініміз – Ж.Аймауытұлының тек қана әдебиеттанушы емес, мықты актер, әнші, домбырашы болғандығы. Жүсіпбектің рөл ойнаудағы шеберлігін, әдемі қоңыр дауысымен Біржан өлеңдерін «мәніне келтіріп орындағаны, өзі бас болып, сахнаны кереметтей құлпыртып безендіргені» туралы Міржақып Дулатұлы көлемді мақала жазады. Мақаланың қысқаша мазмұнына тоқталсақ, «Сараның рөлін Тұрар ханым Қозыбағарова ойнады. Спектакльдің соңынан керемет әндер орындалды. Әншілер қатарында Ж.Аймауытов та болды. Кештің үшінші бөлімінде «Жанақ пен баланың» айтысынан үзінді көрініс көрсетті. Сол жердегі көріп отырған жұртқа Жанақ пен баланың өздері айтысып отырғандай әсерін қалдырды. Төртінші бөлімде жас қыз-келіншектер шығып Орал, Семей, Торғай, Жетісу өңірлерінің өзіндік ерекше киім кию үлгілерін көрсетті. Кеш сондай керемет әсерлі болды. Түнгі сағат 12 жарым болса да, жұрт үйіне қайтпай, қол соғып тұрып алды. Бұл әдеби кешті ұйымдастырушы Нәзипа ханым мен Нұрғали Құлжановтар болатын».

Бұл қойылымды мәдени құбылыс деп бағалағанымыз дұрыс. Бұл қазақ театрының тұңғыш спектаклі болып саналады. Ж.Аймауытұлының қазақ театрының дамуына қосқан үлкен үлесі бар екенін, біз айтып жүруге міндеттіміз.

Б.Құндақбайұлының Аймауытұлы­ның пьесалары мен аудармаларын тал­даған­дарын естігенде біз, әдебиеттану­шы­лыр таңғалатынбыз. Себебі ол кісі архивте отырып, жазушының отбасылық деректерін, ағайындарымен ара қатынасын, шығармаларын ыждаһаттықпен қараған екен.

Ж. Аймауытұлының Смағұл Сәдуа­қас­ұлының хатына берген жауабы мен «Ақбілек» романының қолжазбасы Мұхтар Әуезов мұражайында сақтаулы. Бұл қолжазбаларды С.Сәдуақасұлының жұбайы Елизавета Әлиханқызы сақтап, 1950 жылдары Мұхтар Әуезовке табыс еткен деген дерек бар. С.Сәдуақасұлының хатына берген жауабында ата-бабасының шежіресі, өмірбаяны, жазған еңбектері туралы мәліметтер берген. Сіз Аймауытұлының қолжазбасын көр­сеңіз таңғаласыз, маржандай тізіл­ген, сондай сұлу жазылған. Қазақ бала­сының каллиграфияны қалай керемет мең­гер­геніне куә боласыз. Әкелері ағасы Ахат екеуін қолөнер бұйымдарын жасап үйретумен қатар, әдемі жазуға (шимайшылыққа) баулитын оқуға берген. Бұл – Қазан төңкерісіне дейін қазақтың екі-ақ пайызы сауатты болған дегендердің аузына құм құятын дерек. Жүсіпбек былай деген екен: «Адамның жазуының әдемі болуы, оның ойлау қабілетіне тікелей байланысты».

Мен осы сұхбатты пайдаланып, мұражай директоры Жүрсін Ерманға бір өтініш айтқым келеді. Бұл қолжазбалар М.О.Әуезов мұражайында папкалардың ішінде жатыр. Осылардың көшірмесін алып, кітап мұражайына көрмеге қойса, орынды болар еді. Мұражайға келушілердің қызығушылығын арттыратын құнды дүние болары сөзсіз.

Ж.Аймауытұлының жазған қай хатын алып қарасаңыз да, ең бірінші, биік өре мен кісілік көрінеді. Екіншіден, қай мәселе болсын қазақтың әдебиеті, мәдениеті сөз болады.

Қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинауға тікелей атсалысқан, сауатты ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен хат алысып тұрған. Екеуі парасаттың биік үлгісінде жазылған хаттар арқылы сырласқан. Жүсіпбек Мәшһүр Жүсіпке: «Сіз қазақтың гаухарысыз, бар білгені­ңізді жазып қалдырсаңыз екен» деген тілек-тапсырма хаттар жолдаған. Мәшһүр Жүсіп Көпейдің бүгінгі шыққан 22 томдық әдеби мұрасы әдебиетші Ж.Аймауытұлы берген тапсырманың толық орындалғанын дәлелдеп тұр. Әр томның жүйесі, аталған хаттағы әдеби мақсатқа сай жүйеленген. Профессор Сәрсенбі Дәуітұлы төте жазумен жазыл­ған Мәшһүр Жүсіп еңбектерін, қазіргі біз пайдаланып отырған әріп үлгісіне түсіріп, барлық еңбектерінің жариялануына атсалысқаны белгілі.

– Республикалық кітап мұражайын­да Абай, Шәкәрім, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, олармен қоса, Алаш арыстарына арналған зал бар. Осы залдарға Ж.Аймауытовтың көзқарсымен саяхат жасап көрсек...

– Жазушы Абай өлеңдері туралы былай дейді: «Абай өлеңдерімен бала күнімнен таныспын. Кітабы басылмай тұрғанда, ел қыдырған өлеңшілердің аузынан бірталай өлеңдерін көшіріп алып, жаттаған едім. Ең алғаш басылып шыққан жылғы кітабын қолыма түсіріп, түгел көшіріп алдым».

Ж.Аймауытұлының абайтанудағы тұңғыш өмірбаяндық шығармашылық зерттеуі «Абайдың өнері һәм қызметі» деген атпен 1918 жылы «Абай» журналында (№ 2) жарияланды. Мақала соңында «Екеу» деп қол қойылған (Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов). Абай туралы мақала былай басталған: «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық – аждаһаны өртеуге Құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды». Әдеби талдау келесі сөздермен басталады: «Енді Абай сөзінің бағасына келейік». Абай әдебиетке қалай қараған дегенге келесі сөйлемде жауап берілген: «Абайдың ең бір артық өзгешелігі – заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықтап ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұжырарлық кемшілік, міннің ортасында тұрып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі – жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы».

Абай мұрасының, ақындық өнерінің мазмұндылығын көрсету мақсатында Ж.Аймауытұлы: «Абайдың ақындық өнері тар жолды бірбеткей емес. Әр тараулы сегіз қырлы», – деп жазады. Мақала авторлары Абай шығармаларын осы сегіз қырынан таратып, талдап берген. Қарасөздерін бөлек қарастырған: «Сол сөздердің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі, неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері – Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел». Осыған байланысты әдебиетшілер Абай шығарған 16 мақалын сөз еткен: «Абайдың данышпандық белгісі – өзі шығарған 16 мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың». Совет кезінде де, қазір де абайтанушылар әлі арнайы айқындамаған тақырып осы. Бұл күні бүгінге дейін абайтануда әлі арнайы зерттелмей келе жатқан ғылыми мәселе.

Зерттеуде Абайдың аудармашылық қасиеті ерекше сөз етілген: «Кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің төл өлеңдерінен артық деуге болады. Кейбір өлеңдер мағынасынан айырылмай аударылған: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым-жырт». «Кей жерлерде сөздің мағынасын ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол – кейбір аударманы өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы, «Теректің сыйы», «Онегиннің хаты» Пушкиннің геройын өзгертіп, тілін сұлулап аударма қылған».

«Абайдың басты шығармашылық жаңалығы – Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Абай ешкімнен үлгі алмай, қазақ әдебиетінің бетін бұрып, мүйіс шығарды». «Қазір бізде өлең жазушылар көбейюіне себеп болып отырған нәрсе – бір «оянудың» барлығы. Бұл оянуға бірінші – Абай, екінші – «Қазақ» газетасы, үшінші – жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды».

Осы орайда «Қазақ» газетінің қазақ әдебиетінің дамуына тигізген әсері туралы былай делінген: «Абайдың қай өлеңі болсын, кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оятты, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған – «Қазақ» газеті. Бұл газет халықтың саяси көзінің ашылуына, «жұрттық» деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп қатарға кіретін болса, «Қазақ» газетасына борышы үлкен. Бұл газеттің әдебиетке істеген аталық қызметі мәңгілікке атағын шығарып, қадірін күшейтеді».

Бұл ретте былай ескертілген: «Ұлтшылдық қазақ газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керекті көздеп, жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады».

Нағыз өлең үлгісін әдебиетшілер Абай, Мағжаннан көреді. Тек Мағжанға қатысты: «сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар» делінген. Бірақ бұл өлеңдерге де сыншыл көзқарас берілген («Жел ішін тартып осқырып»).

Замандастарының өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап, қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады – деп, әдебиетшілер оларды топқа бөліп қарастырған: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер – көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар. Жүрегінің сезімін суреттейтін, жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл(лирик) ақындар.

Екінші жіктің өлеңшілері – Ахмет Бай­тұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәһ­керім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңі сырты төгілген сұлу, тілі кестелі, анық, халық­тың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады».

«Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзіндік ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып». Ақынның азаматтық дискурсы туралы былай делінген: «Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы, Сүлеймен Бижановтың, Қазы Нұрмахаммедовтің өлімдеріне шығарылған: «Жұт», «Қайда едің?» деген өлеңдері сияқты. Жүрекке әсер беретін өлеңдері – «Сағыну», «Қиял», «Шәкірт», «Қажыған көңіл», «Айырылу», «Жамалдың зары». Осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасиетті, зарлы, салмақты әсер бар».

Екінші топтағы өлеңдердің негізгі сипаттамасы туралы былай делінген: «Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана айналған өлеңдер – Ахмет Байтұр­сыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады.

Әдебиетшілер Сәбит Дөнентаев өлеңшілігіне әділ баға берген. Совет әдебиеттануы бұл ақынды тек тақырып жағынан зерттесе, Алаш әдебиетшілері баяғыда дискурсын жіктеп берген екен: «Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағысы – Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде тақ еткізе түсетін тапқыштық, салыстырғыштық, сыншылдық, аса терең болмаса да төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы, «һәр жан һәр түрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» һәм басқалар сықылды өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адам болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне қаптап тізген өлеңі дәлел».

Осы ретте Шәкәрім поэзиясы тура­лы келесі баға берілген: «Сыртының сұ­лулығы, тақылдақтығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шәкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкеліп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шәкәрім көбінесе өлеңі халыққа ұнамды болуын көздейді және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып, жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, мағынасымен еліктеген кісі – Шәкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар». Біз күні бүгін ажырата алмай келе жатқан дискурстық ерекшелік осылай аңғарылған.

Мағжанның ақындығы қандай? Оған Алаш әдебиеттанушысы былай деген: «Мағжан – сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті. Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан өзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен шыққан жас пен қан аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса, сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қапырығы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді.

Мағжан – заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, ескіні жырлаған, жаңаны әлі мойындап болмаған ақын. Әлі де болса, оның ақындығы, еңбегі алдында».

«Қазақ әдебиетінде романтизм дәуірі аяқтануына Мағжан көмек көрсетті», – деп, Ж.Аймауытұлы осыны дәлелдеп береді. Оның еліктеуін қойып, қазақтың ескі ақындарын дәріптеуінің себебін әдебиетші осымен түсіндіріп берген. «Мағжан кімдерге еліктеген?» деген сауалға Ж.Аймауытұлы нақты жауап берген: «Мағжан – еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған. Пушкин, Лермонтов Байронға, Шекспирге еліктеген. Толстой сықылды әлемге аты шыққан жазушы да Пушкинге, Гогольге еліктеп жазған. Леонид Андреев, Чехов, Арцыбашев, Сологуб сықылды ақындар Достоевскийге еліктеген, Максим Горький Пушкиндерді жатқа білген. Абай Пушкин, Лермонтовқа еліктеп жазған. Бір ақын көп еліктесе, сол еліктеуші Мағжан деуге болады. Мағжан еліктегенде орыс, қазақ, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңіліне жақса, соған еліктеп жазады. Сондықтан Мағжанның алғашқы кездердегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар».

Ж.Аймауытұлы – қазақ әдебиеттануы­ның абайтану, мағжантану салаларымен қатар Сұлтанмахмұт туралы да тұңғыш кәсіби әдебиеттанушылық зерттеудің ба­сында тұрған әдебиеттанушы. С.Торайғырұлының туған ортасы, ата-тегі, шығармашылығының деңгейі тура­лы ғылыми құнды ақпарат Ж.Аймауы­т­ұ­лының «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» еңбе­гінде сақтаулы.

Бұл еңбек ақынның 1933 жылы жарық көрген шығармалар жинағына алғысөз ретінде берілген. Бірақ алғысөз соңында Ж.Аймауытұлының есімі көрсетілмеген, себебі ол 1931 жылы Мәскеуде атылған. Бұл мәтінді қазіргі қазақ әрпіне түсірген – профессор Құлбек Ергөбек.

Ақынның алғашқы өлеңі мен соңғы күндеріне дейінгі өмірін Ж.Аймауытұлы жан-жақты баяндап берген. Сұлтанмахмұт әуелі әкесінен, кейін молдадан алғаш білім алған. 13 жасында тұңғыш сықақ өлең жазғаны белгілі. Ақынның Баян қаласында Әбдрахман молданың қолында тұрғаны, болашақ ақынның ерекше тақуалығы туралы құнды мәліметтер осы зерттеуде ғана бар. Бұл мақалада С.Торайғырұлының өмірбаяны, кедейшіліктен көрген тауқыметі, жеке басының бақытсыздыққа ұшырағанының сырлары айқындалған. «Қайғы-шерін қаламмен ағытып, көңілі біраз сейілген соң, Махмұт тағы тіршілік қамына кіріседі. Тағы оқу іздейді»

1912 жылдан бастап Сұлтанмахмұт­тың өлеңге бет бұрғаны анықталған. «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгі­месі қалай жазылғаны туралы тарихи дерек келтірілген. Ақынның «Айқап», «Заман» журналында істеген кездегі шығармашылық көзқарастары сараланған. «Білімге жан-тәнімен сусаған» Махмұттың жолын жоқшылық байлап, өнер, білімнен алыс, Қараңғы Алтай тауының түкпірінде қалғанына назаланып шығарған өлең жолдары талданады.

Серіктес жаңалықтары